Қажылыққа барғандар күнәсінен арылып орала ма?
Қажылық исламдағы басты 5 парыздың біріне жатады. Қажылық сөзі араб тілінен алғанда, «құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету» мағынасын береді. Қажылық парызды Алла Тағала барлық мұсылманға соның ішінде қаражаты жететін адамдарға ғана міндет еткен.
Алла Тағала Құран Кәрімде «Хажы» сүресінің 26-аят : «Ибраһимді (ғ.с.) Қағбаның орнына орналастырдық» деп, Қағбаның маңыздылығын айтқан.
Ұлы Абай атамыз өз өлеңінде: «...Ораза, қажы, зекет, талассыз іс...» деп қажылықтың басты бұлжымас парыз екендігіне тоқталған. Абай атамыз өзі қасиетті Меккеге баруға кезінде уақыты мен денсаулығына байланысты мүмкіндігі болмағандықтан барып тәу етіп қайтуды інісі Шәкәрімге жүктегені белгілі. Шәкірім ғұлама қажылықтан мол білім жинап оралғандығын өз еңбектерінде жазып кеткен.
Қазақ халқы қажылықты ерекше бағалап, қажыға барған адамға құрмет көрсетіп, атын атамай «қажы» деп сыйлайды. Тарихтан белгілі Құнанбай қажы, Ақыт қажы, Зуқа қажылар жол азабын тартып, Меккеге көп қиындық шегіп барып қайтқандығы айтылады.
Қажылық жайлы ислам ғұламалары да көптеген тың ойлар айтқан.
«Қажылық – судың ластықтарды тазалағанындай күнәларды тазалайды» (Табарани) деген. Және де «Арафатта уақфаға тұрып күнәларының кешірілмегенін ойлаған адам үлкен күнәға кірген болады» деп бұйырылды (Хатиб) делініп, қажылық құлшылықтың маңыздылығын зерделеді.
«Қабыл болған қажылық өткен күнәларды жояды» (Байхаки). «Қажылығын орындап жаман сөз айтпаған және дұрыстықтан айрылмаған адам анасынан туған күнгідей күнәсіз болады» (Бұхари) деп, бұл амалдың өзектілігін айтқан.
Қажылық парызын өтеуді ниет еткен мұсылман мына 5 шартты толық орындау қажет:
- Қажылық парызын өтеуді ниет еткен мұсылман Ислам дінінде болуы керек, яғни Алла Тағала тыйған істерден сақтанушы және бұйырған нәрселерін орындаушы – намазхан, салауатты мұсылман болмағы ләзім.
- Балиғат жасына жетуі қажет;
- Ақыл-есі дұрыс болуы керек;
- Еркіндікте, бас бостандығы болуы тиіс;
- Қажылыққа баруға күші келетін, қажылыққа барып келгенше жетерлік қаржысы және ол ақшасы адал кәсібімен табылған болуы керек.
Міне, осы шарттар қажылықтың негізгі шарттары болып табылады.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қажылықтың парызының жауапты, сауабы мол екендігін өз хадистерінде айтып өткен. Адамды анадан жаңа туғандай пәк, күнәсіз кейіпке әкелетін қажылықтың ғаламаты осында болса керек.
Қажылықтың мынандай парыздары бар.
Ихрамға кіру;
Арафатта тұру;
Тауап ету.
Осылайша барша мұсылманның араманы қажылыққа барудың сауабы мен артықшылығы шексіз екендігін осындай тағылымдардан білеміз.
Қажылық туристік сапар емес, құлшылық парыз екендігін естен шығармайық.
Мирас Көкебаев,
Шығыс Қазақстан облысы,
Зырян ауданының бас имамы
Abai.kz