Губернатор ЭКСПО-2017 көрмесі жөнінде пікір білдірді
22 тамыз, сейсенбі күні Ақтөбе облысына РФ-ның Ульяновск және Орынбор облыстарының делегациясы келді. Меймандар келген күні бірқатар өндірістік кәсіпорындарды қарап шығап, өнер академиясын, салынып жатқан Жекпе-жек және жастар сарайларына барды, - деп хабарлайды Abai.kz ақпараттық порталы.
Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг пен Ульяновск облысы үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Богданов бастап келген делегацияның тағы бір мақсаты – Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың шақыруымен сәрсенбі күні, 23 тамызда Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінде болу.
Үш өңірден келген делегация «ЭКСПО-2017» халықаралық арнайыландырылған көрмесін көруді Ресей Федерациясының павильонынан бастады.
Әрі қарай қонақтар көрменің сәулеттік нышаны, көрме кешенінің орталық элементі – «Нұр әлем» ұлттық павильонын да қарап шығып, қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, көрікті жерлерімен, сонымен қатар соңғы жетістіктерімен танысты. Айта кетейік, «Нұр Әлем» - бұл диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр болатын әлемдегі ең сфералы ғимарат.
Бұдан өзге, делегация басшылары «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма басшысы Ахметжан Есімовпен және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен кездесті.
Кездесу барысында ресейлік қонақтар «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның әрі қарайғы дамуына күшті импульс болатынына сенім білдіріп, көрменің ауқымдылығына таңданғандарын атап өтті.
«Соншалық орасан зор, ауқымды екенін тіпті бағалау да қиын. Бастысы – бұл болашаққа. Осы ұлы оқиға туралы әлі талай айтып жүретін болады,-деп сенім білдірді Юрий Берг.
Ол халықаралық көрменің қазірдің өзінде өңірлер арасындағы өзара әрекетті нығайтуға жағдай жасайтынын баса айтты. Атап айтқанда, Орынбордың дарынды балалары Ақтөбе және Орынбор облыстарының өңіраралық ынтымақтастығы аясында «ЭКСПО-2017» көрмесінде болып қайтты.
Қонақтар «ЭКСПО-2017» көрмесінің 2,5 мың шаршы метрлік аумаққа құлаш жайған бірегей мәдени-туристік және имидждік жобасы - «Этноаул» ұлттық кешенімен де танысты.
Сапардың қорытындысын жасаған Бердібек Сапарбаев еліміз арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өтті.
«Мемлекеттеріміздің басшылары қашан да Қазақстан мен Ресейдің бір-бірін қолдаулары тиіс стратегиялық серіктестер екендерін баса айтады. Өңірлеріміз өзара қарым-қатынастың барлық спектры бойынша ынтымақтастықты, соның ішінде экономика, мәдениет, спорт пен білім салаларын әрі қарай дамытуға ниетті. Сондықтан, біз ресейлік әріптестерімізге алдыңғы қатарлы технологияларды көрсету үшін, оларды ЭКСПО-ға арнайы шақырдық. Біз бүгін көрген инновацияларды біздің болашақтағы ынтымақтастығымызда міндетті түрде ескеретін боламыз»,-деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ, қонақтар Астанадағы «Ұлттық мұражайда», «Астана опера» театрында және «Барыс Арена» мұз сарайында болды.
Еске салайық, ең бірінші болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парижде сөйлеген сөзінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін жеңіп алған күнді «тарихи күн» деп атаған болатын. Міне, сол тарихи күн, тарихи ай Астанада, «ЭКСПО-2017» халықаралық арнайыландырылған көрмесі осы жылы 10 маусымда басталған болатын. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйымдар қатысуда. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды жобасына 80 мың ақтөбелік барып үлгерді.
Abai.kz