Әшiрбек АМАНГЕЛДI. Ондай ұлтжанды қазақ некен-саяқ…
Инженер, әдебиетшi, тапқыр Сейiлбек ҚЫШҚАШҰЛЫ туралы ой
Бүкiл әлемдi бағындырмақ болып жорыққа аттанған Александр Македонскийдiң өзiн данышпан Абайдың атақты Ескендiр поэмасында «Осы жұрт Ескендiрдi бiле ме екен?» деп сұрау сала жазғаны бар. Соған қарап кейде танымалдылықтың өзi шартты, салыстырмалы ма деген ой келедi. Ал атақты қытай ойшылы Конфуций: «Ақылсыз адам жұрт менi бiлмейдi деп ызаланады. Ал ақылды адам мен жұртты бiлмеймiн деп қиналады», - дейдi. Сол айтпақшы, Сейiлбек Қышқашұлы дейтiн азаматты екiнiң бiрi бiлмеуi мүмкiн. Әйтсе де осындай бiр ұлтжанды, жан-жақты талантты да дарынды жанның болғаны және хал-қадiрiнше халқына қызмет етiп, өмiрден өткенi хақ....
Басқаны қайдам мен өзiм ол кiсiмен былай таныстым. «Ер шекiспей бекiспейдi» демекшi, екеумiздiң таныстығымыз тiптi, кiшкене кикiлжiңмен басталды.
...Кешегi сексенiншi жылдардың орта тұсында редакцияда отырсам (ол кезде мен «Бiлiм және еңбекте» iстеймiн, ғылым және техника бөлiмiн басқарамын) кабинетке жасы елулерге таяп қалған, қоңырқай өңдi бiр кiсi кiрiп келдi. Сыртқы тұрпатына, өсiңкiреген шашына қарап: «дәу де болса бiр суретшi ағамыздың бiрi шығар» деп ойладым. Өйткенi суретшiлер ғана сондай алабөтен сықпытпен жүретiн. Келе:
- Мен осында бiр мақала жiберiп едiм... - дедi.
- Аты қалай едi?
- «Бидайды қалай орған жөн?».
Инженер, әдебиетшi, тапқыр Сейiлбек ҚЫШҚАШҰЛЫ туралы ой
Бүкiл әлемдi бағындырмақ болып жорыққа аттанған Александр Македонскийдiң өзiн данышпан Абайдың атақты Ескендiр поэмасында «Осы жұрт Ескендiрдi бiле ме екен?» деп сұрау сала жазғаны бар. Соған қарап кейде танымалдылықтың өзi шартты, салыстырмалы ма деген ой келедi. Ал атақты қытай ойшылы Конфуций: «Ақылсыз адам жұрт менi бiлмейдi деп ызаланады. Ал ақылды адам мен жұртты бiлмеймiн деп қиналады», - дейдi. Сол айтпақшы, Сейiлбек Қышқашұлы дейтiн азаматты екiнiң бiрi бiлмеуi мүмкiн. Әйтсе де осындай бiр ұлтжанды, жан-жақты талантты да дарынды жанның болғаны және хал-қадiрiнше халқына қызмет етiп, өмiрден өткенi хақ....
Басқаны қайдам мен өзiм ол кiсiмен былай таныстым. «Ер шекiспей бекiспейдi» демекшi, екеумiздiң таныстығымыз тiптi, кiшкене кикiлжiңмен басталды.
...Кешегi сексенiншi жылдардың орта тұсында редакцияда отырсам (ол кезде мен «Бiлiм және еңбекте» iстеймiн, ғылым және техника бөлiмiн басқарамын) кабинетке жасы елулерге таяп қалған, қоңырқай өңдi бiр кiсi кiрiп келдi. Сыртқы тұрпатына, өсiңкiреген шашына қарап: «дәу де болса бiр суретшi ағамыздың бiрi шығар» деп ойладым. Өйткенi суретшiлер ғана сондай алабөтен сықпытпен жүретiн. Келе:
- Мен осында бiр мақала жiберiп едiм... - дедi.
- Аты қалай едi?
- «Бидайды қалай орған жөн?».
Атын айтқаннан-ақ мақала ойыма сап ете түстi. Шынымды айтсам, мен ол мақаланы iшiндегi кесiп айтқан кейбiр пiкiрлерiмен келiспей былай ысырып қойғанмын. Өйткенi, ол тұстағы тәртiп бойынша кез келген мақала ибалы бойжеткендей сызылып тұруы, мейлiнше сыпайы, әдептi жазылуы керек. Жоғарыдан берiлетiн нұсқау да, тәртiп те солай. Ал мына материалдың авторы: «олай емес, былай болуы керек!» деп бәрiн кесiп айтады. Оның үстiне осы күнге дейiн елiмiзде егiн орып, бастыру жұмысына пайдаланылып келген комбайндардың бәрiн оңдырмай сынайды. «Бұлардан келер ысырап, көл-көсiр, сондықтан оларды басқа жетiлген түрлерiмен ауыстыру керек», - дейдi. Осы орайда өзiнiң авторлық куәлiк алып тiркелген, жаңа комбайнының жобасын ұсынады. Оқыған бойда «бұл өзi қайдан шыққан данышпан?» деп ойлағам. Алдыма келiп отырған сондай «қыңыр мақаланың» авторы.
Әлгi жерде екеумiз әй-шәй жоқ отыра қалып айтыса кеттiк.
- Сiз неге бәрiн кесiп айтасыз, тым болмаса авторлық сыпайылықты сақтап «былай болса қайтедi?» демейсiз бе? - деймiн.
- Сендер, ол журналистер, сөйтiп мәймеңкөлетiп жазатын, - дейдi Секең берiспей сiресiп. - Ал бiз, техниканың адамдары төтесiнен айтып, нақтысын, турасын жазамыз. Болады я болмайды деп.
Не керек, екеумiз қызылкеңiрдек болып айтысып, бiраз жерге дейiн бардық. Ақырында ол басын шайқап:
- Мен сенiң ой-пиғылыңды түсiндiм. Байқаймын, мақаланы жарияламайтын түрiң бар, - деп орнынан тұра бердi.
- Жоқ, тоқтаңыз, - дедiм мен оған. - Журнал менiң жекеменшiк журналым емес. Бәрiмiзге ортақ басылым, ортақ мiнбер. Айтып отырғандарым менiң жеке пiкiрiм мен жеке көзқарасым. Соған қарамастан мақалаңызды жариялауға ұсынамын. Оны жариялау-жарияламау жағын редакцияның басшылығы немесе алқасы шешедi.
"Шын айтып тұрсың ба?" дегендей ол кiсi бетiме барлай қарады. Сонан соң көңiлденiп сала бердi.
- Ендеше, әкел қолды! Мына сөзден кейiн мен тiптi жарияламасаңдар да ризамын, - дедi.
"Жақсының ашуы шәйi орамал кепкенше, жаманның ашуы басы жерге жеткенше" демекшi, оның жүзiнде жаңағы ашудан титiмдей де белгi қалған жоқ. Сол мезетте мен өзiмнiң алдымда көңiлiнде ешбiр кiрбiң жоқ, жайсаң жанның тұрғанын сезгендей болдым.
Расында да, мен әлгi мақаланы тездетiп дайындап, журналдың кезектi санына ұсындым. Тiптi, жариялануы үшiн жанымды сала қорғадым. Көп өтпей-ақ Секеңнiң әлгi мақаласы журналда жарияланды. Оның артынан: "Жаңа тұқым сепкiш", " Жаңа кен қазғыш", "Ұшып жүрiп егiн оратын комбайн", "Мақта тергiш машина" деп аталатын мақалалары бiрiнен соң бiрi жарық көрдi. Жылдың қорытындысы бойынша тiптi журналдың лауреаты да атанды. Соған өзi кәдiмгiдей қуанып жүрдi.
Жалпы, бiздiң қазақта бұлай өнертапқыштық және рационализаторлық шығармашылықпен шұғылданатындар өте сирек және түсiнетiндер де аз. Соған қарамастан әлгi жазған мақалалары, онда айтылған, арнайы куәлiкпен тiркелген өнертабыстық жаңалықтары оқырмандар арасында кәдiмгiдей қозғалыс пен қызығушылық тудырды. Бiрақ, жоғарыдағы ресми орындар, атқамiнер-шенеунiктер жағы селт етпедi.
Кейiнен жақынырақ танысқанда бiлдiк қой. Секең мамандығы бойынша тау-кен инженерi екен. Өзiмiздегi Қазақ политехникалық (бiр кездегi тау-кен металлургия) институтының сондай факультетiн бiтiрiптi. Мамандығы бойынша бiрнеше жыл жұмыс iстеген. Темiр-терсектiң жаңа түрлерiн жасау, яғни өнертапқыштықпен қосымша айналысады. (Изобретатель деген терминнiң қазақша аудармасы болып енiп кеткен "өнертапқыш" дегенге өзi мүлде қарсы. Оны "тапқыр" деу керек деп отыратын).
Идеяға берiлген адам дегендi қойсаңызшы. Бiр кезде Сейiлбек ағамыз жоғарыда айтылған жаңа кен қазғышын жасап, тiкелей өндiрiсте сынап көз жеткiзу мақсатында Екiбастұзға барып жұмыс iстеп қайтыпты. Мұның өзiне кезiндегi КСРО Көмiр өнеркәсiбi министрлiгiнiң табалдырығын тоздырып жүрiп әрең қол жеткiзiп, рұқсат алған. Ол кiсiнiң айтуынша, Екiбастұздың көмiрi тұтастай емес, көлбеуiнен жал-жал болып орналасқан. Қазiргi қолданылып жүрген роторлы ЭРШРД-5000 деген адымдағыш экскаваторы көмiрдi айналасындағы топырақ және басқа да жыныстармен қопара бiрге қазып алады. Сөйтiп, өнiмнiң сапасы төмендейдi. Отқа жақсы жанбайды. Сол себептi көптеген тұтынушы кәсiпорындар және басқалар Екiбастұздың көмiрiн сатып алуға онша ықылас бiлдiрмейдi. Аталған адымдағыш экскаватор әу баста құм, тас секiлдi бiрыңғай жынысты заттар қазып, өндiруге лайықталып немiстерде - Германияда шығарылған. Оны бiр «пысықайлар» үлкен жаңалық ашқандай бiзге әкелiп енгiзiп, тiптi республиканың мемлекеттiк сыйлығына ие болған. Сондықтан, оның ойынша, Екiбастұздың көмiрiн қазып алудың басқаша әдiс-технологиясын қолдану керек. Мұның ұсынып жүрген кен қазғышы соған қолайлы да ыңғайлы құрылғы бола алады
Қай жерде де бюрократтар, қызғаныш пен iштарлық жасайтындар табылады ғой. Сондайлар Сейiлбек Қышқашұлына жаңа кен қазғыш машинасын жасап шығуына мүмкiндiк бермедi. Бiтуге жақын қалған комбайнын күресiнге лақтыртып, өзiн жұмыстан қуып шыққан. Бұл оқиға туралы бертiнiректе "Ищу секунданта!" деп аталатын телефильм түсiрiлiп көрсетiлдi. Жаңылмасам, оның авторы Сағатбек Махмұтов болуы керек. Ол фильмдегi әсiресе, бiр эпизод Секеңнiң кiр-қоқыс тастайтын жерде жатқан комбайнының қаңқасының жанында жылап тұрған сәтi жан дүниеңдi қатты толқытып тебiрентедi. Өмiрде осындай да фанат адамдардың барына таңғаласың!
Қазақтың бiр азаматы өнертапқыштықпен айналысып, жаңа техникалық құрылғылар жасауға әрекеттенiп жүрсе, оны неге қолдамасқа! Шама-шарқымыз келгенше бiз өз тарапымыздан Сейiлбек Қышқашұлына қолдан келер көмегiмiздi жасадық. Оның өнертабыстық жұмыстары туралы сөзiмiз естiлер жердiң бәрiне айтып, аяғымыз жетер жердiң бәрiне бардық.
Елiмiз егемендiк алғаннан кейiн бiраз жыл үкiметте Мәскеуден келген танымал ғалым-физик Ғалым Әбiлсейiтов дейтiн азамат жұмыс iстедi. Әуелi ғылым мен жаңа технологиялар министрi, артынан әрi вице-премьер болып қызмет атқарды. Әркiмдерден ол жайында: «iстiң көзiн бiлетiн, ғылымға жаны ашитын, жаңаша көзқарастағы адам» дегендей жылы пiкiрлер естiп жүрдiк. Бiзге соған Секеңдi кiргiзсек бiр көмегi тиер ме едi деген ой келдi. Сөйтiп, қалайда Ғалым Әбiлсейiтовке кiрiп сөйлесудiң амалын қарастыра бастадық. Журналдың атынан хабарласып жүрiп, ақырында онымен кездесiп, бүгiнгi ғылымның хал-ахуалы жайында сұхбат алудың сәтi түстi. Ол сұхбат «Зерде» журналында көркем фотосуретiмен, «Ақырын жүрiп, анық бас» деген тақырыппен жарияланды. Ғалекең бұған кәдiмгiдей балаша қуанды. Журналдың өзi шыққан санын қолына алып, әрi-берi парақтап қарап:
- Бұл бiр жақсы дүние болған екен. Ғылымды игермей бiз алысқа бара аламаймыз, - дедi. Сонан соң Қазақстанның ғылым мен техникасын дамыту жөнiнде өзiнiң бiраз ойын айтты. Сөзiнiң аяғында жөн бiлетiн, жол бiлетiн кiсiнiң ретiмен:
- Иә, жiгiтiм, маған айтар қандай өтiнiшiң не бұйымтайың бар? - дедi.
- Ғалеке, сiзге бiр ғана өтiнiш, - дедiм өзiм де соны күтiп отырғандай. - Осылай да осылай, көп жылдан берi темiр-терсекпен айналысып, бiрнеше өнертабыстық жаңалықтар ашқан Сейiлбек Қышқашұлы дейтiн ағамыз бар. Сол кiсiнi қабылдап, сөйлессеңiз, орайы келсе қолдап, көмектессеңiз...
- Несi бар? Келсiн көрейiк, әңгiмелесейiк, - дедi. Мен қуанып кеттiм.
Айтқандай-ақ, көп ұзатпай Ғалекең Сейiлбек ағамызды қабылдады. «Талантты талант таниды» демекшi, екеуi тiптi жақсы тiл табысып кеттi. Ғалым ағамыз Секеңнiң өнертабыстық жаңалықтарын арнайы бағдарламаға енгiзiп, жұмысты бастау үшiн азын-аулақ қаражат та бөлдiрдi. Бұған Сейiлбек ағамыз кәдiмгiдей қуанып: "Құдай бiр сәтiн салайын деп жатқан шығар!" деп қанаттанып, құлшына әрекеттенiп жүрдi. Бiрақ, жап-жақсы басталған iс Ғалым Әбiлсейiтов кеткен соң қайраңдап тоқтап қалды.
Ұмытпасам, 1998 жылдың желтоқсанында президент Н.Назарбаев Алматыдағы резинденциясына бiраз газет-журналдардың басшыларын жинап баспасөз конференциясын өткiздi. Мен сол жиында сөз алып:
- Сiз «өз техникамызды шығарып, өз технологиямызды қолданбай алысқа бара алмаймыз» деп жиi айтасыз. Ал бiзде техниканың да технологияның да жаңа түрлерiн жасап жүрген азаматтар бар. Бiрақ, оларды қолдап-қуаттау жағы нашар. Мәселен, Сейiлбек Қышқашұлы дейтiн инженер өнертапқыш егiн оратын комбайнның жаңа түрiн жасаған, ал соны өндiрiске енгiзе алмай әуре-сарсаңға түсiп жүр, - дедiм.
- Ол азаматқа не керек екен? - дедi президент көңiлдi кейiппен.
- Үкiмет тарапынан қаржылай да, басқадай да жан-жақты қолдау мен көмек керек!
- Алдағы дүйсенбi күнi мына Қырымбекке келiп жолықсын. Қабылдап сөйлесемiз, - дедi. Ол кезде Қырымбек Көшербаев президенттiң баспасөз хатшысы-тын.
Бұл жаңалық хабарды мен жүрегiм жарыла жаздардай қуанып Сейiлбек ағама жеткiздiм. Обалына не керек, Қырымбек айтылған уақытында қабылдап, жақсы сөйлесiп, Секеңнiң өтiнiш-хатына президенттiң тиiстi адамдарға нұсқауын жаздырып, қол қойдырып әкелiп бердi. Ол қағазды Сейiлбек ағамыз төбесi көкке жеткендей қуанып, бiзге редакцияға әкелiп көрсеттi. Өтiнiш-хаттың бұрышына президенттiң: «вице-премьер Ж.Кәрiпжановқа және ауыл шаруашылығы министрi С.Ахымбековке! Мына кiсiнi қабылдап, мәселесiн шешiңiздер!» деп жазған нұсқауын көзiмiз көрдi. Әйтсе де, әртүрлi себеп-сылтаулармен шаруа аяғына дейiн жетпедi. Мұндай өтiнiштiң талайының бетiн қайтарып үйренген әккi шенеунiктiк орта былду-сылду деп, сиырқұйымшақтатып, ақырында iстi болдырмау жағына шығарды. Бұдан кейiн бiздiң үмiтiмiз бiржолата үзiлгендей болды.
Кейiнгi бiр келгенiнде осы Алматыдағы "Массагет" зауытының жiгiттерi төрт жасалымыңызды да жасаймыз, тек оған тапсырыс берушi керек дейдi деп келдi. Естуiмiзше, олар алты салалық министрге "осылай да осылай бiзде жаңа үлгiдегi жарақтар бар, соларға тапсырыс болса, бiрлесiп жұмыс iстесек" деп хат жазған екен. Бiреуi де жауап бермептi.
Былай қарасаң Сейiлбек Қышқашұлы техниканың, темiр-терсектiң айналасында жүрген, бiрыңғай сонымен айналысып жүрген сияқты көрiнетiн. Бiрақ, жақын әңгiмелесiп, сырласқан кiсi оның iшкi жан дүниесiнiң бай, нәзiк те әсершiл әдебиет пен өнерге, жалпы рухани әлемге де жақын екенiн бiлетiн. Орайы келсе ол сiзбен Абайдың, Толстойдың немесе Джек Лондон, Теодор Драйзер, Марк Твеннiң шығармалары жөнiнде емiн-еркiн ой бөлiсiп, таңды-таңға ұруға бар едi. Марк Твеннiң жас шағындағы қылықтарын айтып, Лев Толстойдың «Қажымұратты» жазғандағы әдiлдiгiне сүйсiнiп отыратын. Дей тұрғанмен, Сейiлбек Қышқашұлының көркем шығармалар да жазғанын, бiр кезде "Жалын" журналы жариялаған жабық бәйгеде "Паңзада" дейтiн повесiнiң бiрiншi жүлдеге ие болғанын екiнiң бiрi бiле бермеуi мүмкiн. Кейбiр шығармаларға ептеп сын жазатыны да бар-тын.
Сын жазады демекшi, бiр жолы Секең мынадай қызық жайтты бастан кешiрiптi. ...Ол кезде Жамбыл жерiндегi Ақбақай кенiшiнде жұмыс iстеушi едiм дейдi. Күнделiктi газет-журналдарды үзбей оқимын. Жаңадан шыққан кiтаптарды да назардан тыс қалдырмаймын. Әсiресе, өзiмiздiң қазақ қаламгерлерiнiң шығармаларын. Бiр жолы осы атақты жазушымыз Iлияс Есенберлиннiң «Айқас» дейтiн романы қолыма түстi. Өзiм тау кен инженерiмiн. Жазып отырған тақырыбы жаныма жақын болғандықтан кiтапты бас алмай оқып шықтым. Оның үстiне соның алдында ғана «Көшпендiлер» дейтiн тарихи трилогияны жазып атағы елге дүркiреп жайылып тұрған жазушының ендi қандай тақырыпқа қалам тартқаны қызықтырды. Ойымда ештеңе жоқ. Романды оқып шыққаннан кейiн өзiм байқаған кемшiлiктердi қағазға түсiрiп, «Жұлдыз» журналына сын мақала жазып жiбердiм. Ол жазғаным редакцияның назарына iлiгiп, дереу жарияланады деп ойлаған жоқпын. Бiр күнi қарасам, жазған сыным журналда шығып тұр. Қуанып кеттiм. Әрi «Жұлдыз» сияқты атақты журнал бiздей шетте жүрген оқырманның да жазғандарын жариялайды екен-ау деп таң қалдым. Өзiмше мақтанып, айналадағы жiгiттерге көрсеттiм. Олар «е, дұрыс болған екен!» дедi де қойды.Содан оны ұмытып та кеттiм. Бiр жолы Алматыға келiп, түс мезгiлiнде тамақтанып алайын деп Комсомол мен Мир көшелерiнiң қиылысындағы дәмханаға кiрдiм. Сол жерде өзiм тәуiр көретiн, маңдайым терлеп-тепшiп iшетiн сорпа болушы едi. Кiрсем, анадай бұрышта қасында бiр-екi кiсi бар Сырбай Мәуленов ағамыз сорпалатып, әрi сыралатып отыр екен. Мен де тамағымды алып, жандарына жақындап, үлкен кiсiлер болған соң кiшiлiк iзет көрсетiп сәлем бердiм.
- Әй, Қышқашев. Қалың қалай? - дедi Сырбай аға салған жерден өзiнiң гүрiлдеген даусымен.
- Жақсы аға. Менi қайдан танисыз? - деппiн сасқанымнан.
- Е-е, танымағанда ше? - дедi ол кiсi кеңк-кеңк етiп күлiп, - Сенiң «арқаңда» екi жыл бойына «Жазушы» баспасынан кiтаптарымды шығара алмай қалдым емес пе?!
Басында ол кiсiнiң ненi айтып, ненi меңзеп отырғанын түсiнбедiм.
Сөйтсем, ол кезде Сырбай ағам «Жұлдыз» журналының бас редакторы да, ал Iлияс Есенберлин «Жазушы» баспасының директоры болып жұмыс iстептi. Баспаның директоры Сырбай Мәуленовке «менiң кiтабым туралы сынды журналыңа әдейi бастырдың» деп ренiш бiлдiрiп, өлеңдер жинағының шығуын кейiнге ысырып, кешеуiлдете берген көрiнедi.
- Нишауа,Қышқашев! - дедi Сыр-ағам қоштасарда күректей қолымен арқамнан қағып, - Өмiрде ондай-ондай бола бередi. Алған бетiңнен қайтпа, жаз бер.
Кейде оңаша бiр сәттерде әзiлдеп:
- Секе, осынша қабiлет-талантты қайдан игерiп жүрсiз? - десек.
- Құдайдың, жаратылыстың бергенi ғой. Әйтпесе, қанша тыраштанғаныңмен бола алмайсың, - дейтiн күлiп.
Расында да, жаратқан ие бiр адамның басына соншама талант-қабiлеттi үйiп бере салған.
Соңғы кезде елiмiзде дәлiрек айтқанда Балқаш көлiнiң маңынан АЭС (Атом электр стансасын) салу керек. Ол келешекте Қазақстан үшiн мол қуат көзi болады, оған қол жеткiзсек, энергия тапшылығынан құтылып, тiптi оны жақын шетелге де экспортқа шығарамыз деген мәселе жиi-жиi қозғалып жүрдi. Әрине, бұл жобаны қолдайтындар да қолдамайтындар да бар. Елдiң қауiпсiздiгiне, табиғаты мен экологиясына, түптеп келгенде адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатысты осындай аса кiнәратты мәселеден шет қалмай Секең өзiнiң қарсылығын бiлдiрiп, шырылдап газет-журналдарға мақалалар жазды. Әлемдiк тәжiрибе бойынша АЭС-тiң апатсыз жұмыс iстеуiне әлi де ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Ол үшiн өзiмiз салуымыз керек. Өз мамандарымыз болуы қажет. Бұған дейiн де бiзде энергияның басқа да мүмкiншiлiктерi мен көздерi жеткiлiктi. Және мұны салу бiздiң қаржы-қаражаттық қоржынымызға ауыр тиедi деген секiлдi бiрнеше уәж-аргументтердi көлденең тартты.
Ол кiсiнiң өзiнiң айтуынша ғылымдағы жолы да жап-жақсы басталған. Тiптi, атақты академик ғалым Өмiрхан Байқоңыров оның ғылыми жетекшiсi болған. Сондықтан Сейiлбек Қышқашұлының тау-кен саласынан жазған кандидаттық жұмысының ойдағыдай қорғалатынан ешкiмнiң де титтей күмәнi болмаған. Айтқандай-ақ, бәрiн бiтiрiп, қорғап, Мәскеуге Жоғары аттестациялық комиссияға жiбергенде кедергiге тап болған. Артынан бiреулер «домалақ арыз» жазып жiберген.
- Менiң кандидаттық диссертациямда жетi бiрдей жаңалық ұсынылып едi, - деген Секең сол бiр күндерiн мұңая еске алып. - Соған қарамастан оны ғылыми жұмыс ретiнде бағаламады. Менiңше, жұмысымның бекiтiлмеуiне басқа-басқа емес, өзiмнiң турашылдығым, бiрбеткейлiгiм, кемшiлiкке шыдамай бетке айтатыным себеп болды-ау, - дейтiн.
- Жұмысыңыз бекiтiлiп, қолыңызға қағазын алып алғанша кiшкене кiшiрейiп, үндемей жүре тұрмадыңыз ба? - дегенiмiзде.
- Қайтесiң, Құдай берген мiнез ғой. Мұнымнан өмiрде аз таяқ жеген жоқпын, - деген-тiн.
Мiнез демекшi, Секең кейде болмашы нәрсеге бұлқан-талқан болып ашуланып, есiктi тарс жауып кетiп қалатын. Содан он-он бес күнге дейiн бiзге ат iзiн салмай жүредi. Шыдамай өзiмiз телефон соғамыз.
- Бiзге келмей кеттiңiз? - деймiз түк бiлмегенсiп.
- Сендермен ұрсысып қалғанмын, - дейдi телефонның ар жағынан бәсең үнмен.
- Бiзбен ұрысқанмен, «Зердемен» ұрысқан жоқсыз ғой. Журналға келiп тұрыңыз...
- Әй, тауып кеттiңдер! Мен жеңiлдiм! - деп со бойда арсалаңдап жетiп келетiн.
Сейiлбек ағамыздың екiжүздiлiкке, жарамсақтыққа, жағымпаздыққа жаны қас болатын. Кiсiлiк пен адамгершiлiктi және ұлттық ар-намысты бәрiнен жоғары қоятын.
Әйгiлi «Желтоқсан оқиғасынан» кейiн бұл кiсiге Мәскеуде шығатын газеттердiң бiрiнiң тiлшiсi келiп жолығып:
- Сiздiң бұрыңғы билiкке деген өкпеңiз қара қазандай көрiнедi. Ашқан жаңалықтарыңыз еш жерден қолдау таппапты. Бiраз жыл сенделiп, жұмыссыз да жүрiпсiз. Сондықтан сiз жайында мақала жазсақ? - дептi. Бұл келiсiм берiп әрiптiң артын бағып қараса, әлгiлердiң мынадай шарты бар болып шығады. Материалдың мазмұнын ашу үшiн Секең жерде жатқан Қонаевтың үлкен портретiн табанымен таптап тұрып суретке түсуi керек екен.
- Жоқ!!! - дейдi әлгi жерде Секең бұлқан-талқан болып ашуланып. - Мен ондайға бара алмаймын. Жаным - арымның садағасы. Менiң өйткенше өлгенiм жақсы! - деп шарт бұрылып кетiп қалады.
Осы оқиғаны еске алғанда ол кiсi:
- Әй, мынаны ұмытпаңдар! Бiздiң қазақ бiрiн-бiрi дауға қиғанмен, жауға қимаған. Өкпеге қиғанмен, өлiмге қимаған! - деп отыратын.
Көп iзденiп, көп оқитындықтан ағамыз заманның ағымын, өмiрдiң талабын да дөп басып бiлiп отыратын. Сырттай естiгенiмiз болмаса, бұрын-соңды көрiп, бастан кешпеген "капитализм" - базарлы экономика келiп, бәрiмiз абдырап, дағдарып қалдық емес пе? Мiне, сол кезде Секең Генри Фордтың (әйгiлi американдық кәсiпкер, Форд автокөлiктерiн шығаратын өндiрiстiң негiзiн салушы) "Менiң өмiрiм - менiң табыстарым" деген кiтабын қазақшалап, журналдың бiрнеше нөмiрiне жариялатты.
- Секе, қайдағы американдықтың жыртысын жыртып қайтесiз? - дегенiмiзде:
- Ей, Фордқа менiң емешегiм езiлiп тұр дейсiңдер ме? Оның iс-тәжiрибесiмен танысып, қазақ баласы кәсiпкерлiктi үйренсiн деп ем, - дедi.
Артынан оны кiтап етiп шығарсақ, жұртты оқытсақ деп бiраз жерге жүгiрдi. Тiптi АҚШ-тың Қазақстандағы елшiлiгiне де барып жолықты. Өкiнiшке қарай, онысынан бiр нәтиже шыға қоймады. Содан болар бiр жолы: " бiзде ешкiмге ештеңе керек емес екен-ау!" деп күйiнiп келiп едi.
Мен өзiм осы күнге дейiн ол кiсiдей керемет ұлтжанды, қазақ үшiн жанын беруге даяр, болмысы бөлек пiрадар адамды кездестiрген емеспiн. Қазақтың тiлiне, дiлiне, жерiне, салт-дәстүрiне қатысты бiреу бiр қиғаш, не оғаш пiкiр айтып қалады ма, оған газет-журналдың бетiнде, я болмаса радио-теледидар арқылы үн қатып тойтарыс бермей жаны тынбайтын. Ол кiсi тiлiмiздi, ұлттық болмысымызды, тәуелсiздiгiмiздi сақтап қалуға қатысты талай-талай өзектi мақалалар жазды. Секең кейде тiптi қатты да ащы, бетiң бар, жүзiң бар демей төтесiнен жазатын. Сондықтан да оның жазғандарын көп газет-журналдардың басуға батылы мен тәуекелi жете бермейтiн.
Әлi күнге есiмде, бiр жолы ол қазақтың елi мен жерiне қазақтан басқаның жаны ашымайды деген терең ойды меңзеп: «Диверсанты всех стран, добро пожаловать в Казахстан!» деген мақала жазды. Былай қарағанда атынан да адам шошып, үрiккендей ғой. Бiрақ айтып отырғаны дұрыс. Шетелдiктердiң бәрi бiзге, Қазақстанның көсегесiн көгертейiн деп емес, өз пайдасын ойлап келедi. Iшiмiзде жүрген кейбiреулердiң де емешегiнiң езiлуi неғайбыл. Сол себептi Қазақстанды дамытып, өркендету үшiн ең алдымен қазақтың өзi тырбануы керек.
Әдеттегiдей бiзге «мақаламды еш жер баспай жатыр» деп мұңын шаға келдi. Мен бiр сәт ойланып отырдым да:
- Мұны сiз Ерiк Нұршинге апарыңыз, - деген ақыл айттым. Ақыл емес, дұрысы жөн сiлтедiм.
- Қалайша? - деп Секең бетiме таңырқай қарады.
- Өйткенi ол батылдау және жаңа көзқарастағы журналист. Жақынан берi «Доживем до понедельника» деген газет шығарып жатыр. Оған әлi ешкiм сiздi «жамандап» үлгерген жоқ...
- Мейлi оны да көрейiк, - деген сыңайда Сейiлбек ағам сөмкесiн сүйретiп, үмiтсiздеу құлықсыздау кейiппен, солай қарай кеттi. Түс қайта:
- Әй, сен дөп басыпсың! - деп қуанып келдi. - Газеттiң алдағы аптадағы нөмiрiне басатын болды. Тiптi мақаланың әр бетiне қол қойдырып алды.
- Мұны ендi ешкiмге айта көрмеңiз, - дедiм жанашырлық танытып.
- Оның рас. Ондайдан талай аузым күйген...
Расында да, сөзiнде тұрып Ерiк Нұршин Сейiлбек Қышқашұлының әлгi мақаласын жариялады. Онысы елдiң арасында бiраз әңгiме, қозғалыс тудырды. «Ықпалды» адамдардың қысымы болды ма, одан кейiн Нұршин Секеңнiң жазғандарын баспай қойды.
Тағы бiрде «бұл мақалаңызды «Заман-Қазақстан» газетiне апарып көрiңiз» дедiм. Ойлағандай-ақ, олар да басында бiр-екi материалын басты да, артынан ат тондарын ала қашатын болды.
Араласқанда ептеп бiлгенiмiз, Сейiлбек ағамыздың құдай қосқан қосағы Нағима жеңгемiзге деген махаббаты ерекше болатын. Кейбiреулердiң айтуынша жоғарыда аталған, «Жалын» журналының жабық бәйгесiнде бiрiншi орын алып жүрген «Паңзада» повесi сол кiсiге арналған. Оның аламан бәйгеден оза шауып шыққаны сiрә, шынайы махаббаттан, сүйiспеншiлiктен туған шығарма болғандығынан болса керек.
Тағдыр кейде қылышын қатал сермеп, аяусыз кесiп түседi. Алдымен Нағима жеңгемiз дүниеден озды. Бұл қаза Секеңдi қатты күйзелттi. Жанталаса қандай да бiр шығарма жазып жүрдi. «Осы кiтапты бiтiрiп шығарсам, Нағимаға орнатқан мәңгiлiк ескерткiшiм болар едi» деп едi. Артынан көп ұзамай өзi де бақилық болды. Ендi ойлап қарасақ, Сейiлбек ағамыз сол бiр күндерi сыңарынан айырылған аққудай күй кешiп жүрген екен.
Сейiлбек ағамыздың ең бiрiншi арманы өзi ойлап тапқан техникалық жаңалықтарды жасап, жүзеге асырып, Қазақстан дейтiн елдiң игiлiгiне жұмыс iстеп жатқанын көру болатын. Әттең тағдыр оған жазбады. Кей-кейде өзi де мұңайып:
- Әй, жiгiттер, ондай бақытты күндi көре алмайтын шығармын? - дейтiн.
- Неге? - деймiз ғой.
- Себебi жаңалықтың жолы қай кезде де ауыр, тапқырлардың тағдыры қиын болған. Өйткенi ол бұрын-соңды болмаған жаңа дүние, сондықтан оны жұрттың оп-оңай қабылдауы қиын, - деп үнсiз отырып қалатын.
Сонан соң әлемдегi әр қилы жаңалықтардың ашылу тарихы жайында қызық әңгiмелер айтып кететiн. Мәселен, ең алғаш темiр жолды ұсынғанда жұрттың көбi ол жүрмейдi деп күдiк келтiрiптi. Себебi, релстiң үстi жылтыр, дөңгелек жылтыр тайғанайды деген. Ал жүргiзiп көрсеткенде ендi тоқтата аламайсыңдар дептi. Сол сияқты адамдар о баста самолеттiң де құстар тәрiздi көкте қалықтап ұшатынына күмән келтiрген. Өйткенi ол ауадан ауыр деп, сондықтан ұшпайды, ұша алмайды деп ойлаған.
Жалпы, бiз бойкүйездiк пен немқұрайдылықтан әлi арыла қоймаған халықпыз. Оның зардабы мен залалын аз тартып келе жатқан жоқпыз."Қолда барда алтынның қадiрi жоқ" деймiз де одан қорытынды шығармаймыз. Өстiп отырып, ел үшiн керек бiр азаматтан көз жазып қалдық. Оның бағасын көзi тiрiсiнде бiле алмадық. Әлi де бiлуiмiз неғайбыл-ау.
Өкiнiштi-ақ!
«Жас Алаш» газеті