Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 3586 0 пікір 22 Тамыз, 2017 сағат 16:48

Қорғаныс министрлігінің алдында қабілетті армия құру міндеті тұрды

 

Осыдан 25 жыл бұрын Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылған еді.

Ержүрек бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған ұланғайыр жеріміз бізге мұраға қалған соң, отанды қастерлеу жолында қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы болмақ. Ал перзенттік парызды орындаудың негізгі жауапкершілігі қашан да әскери қызметкерлерге артылады.

ҚР Қарулы күштері құрылғалы мемлекетіміздегі қорғаныс саласы біраз белестен өтіп, біршама қамалдарды алды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігі алдында қысқа мерзім ішінде ұтқыр, шайқасқа қабілетті армия құру міндеті тұрды. Әскери мекемелердің толыққанды жұмыс істеуіне, заңнамалық актілер пакетінің жасалуына, оның қабылдануына, жастарды әскер қатарына шақыруға, күнделікті жауынгерлік оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға, әскерлер мен штабтардың әскери-жауынгерлік қызметінің тәртібін белгілеуге зор зейін салынды. Шығыс, Оңтүстік, Батыс және Орталық әскери округтері құрылып, үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді.

Жиырма бес жыл – тәуелсіз елдің тыныштығын сақтайтын Қарулы Күштердің қалыптасуы үшін көп уақыт емес. Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жоғары жауынгерлік әзірліктегі армия құрылды деуге толық негіз бар. Бүгінде Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін жеке анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару-жарақ пен техниканың орналасу мәселесін шешеді. Өзінің толыққанды қалыптасқан кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Соның арқасында әскеріміз жылдан жылға жаңарып, оның күш-қуаты күннен күнге нығаюда.

Мемлекет Отан қорғаушыларды өз қамқорлығында ұстайды. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» қабылданған Заң – бұрыннан қолданыста бар «Әскери міндет пен әскери қызмет» және «Әскери қызметшілердің мәртебесі және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау туралы» заңнамалық актілердің негізгі ережелерін біріктірген құжат. Жаңа Заңда әскерилерге қатысты қажетті әлеуметтік аспектілер кеңінен қамтылған. Әскери қызметте болудың шекті жасының мерзімі ұлғайтылды. Соған сәйкес, жоғарғы сержанттық құрам әскери қызметшілері мен подполковниктер — 45 жастан 47 жасқа, полковниктер — 53 жастан 55 жасқа, генерал-майор мен генерал-лейтенанттар — 58 жастан 60 жасқа дейін қызмет етеді. Тұрғын үйге мұқтаж барлық санаттағы әскери қызметшілер әскери қызметін өткеру кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Жаңа заң бойынша әскери қызметте 10 және одан көп жыл болған әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріледі. Олар үйді еліміздің тұрғын үй заңнамасындағы тәртіппен жекешелендіруге құқылы. Зейнетке шыққан әскери қызметшілерге лайықты қамқорлық жасалып отырғандығын да айта кеткен жөн. Жаңа заңға байланысты әскери қызметшілердің жұмыстан шығу жәрдемақысының мөлшері артты. Енді әскери қызметте кемінде 10 жыл болғандарға 3 айлық қаражат төленеді. 10-20 жыл жұмыс істегендерге — 5 айлық, ал 20-30 жыл еңбек еткендерге — 20 айлық қаржы беріледі. 30 жылдан астам қызмет еткендер 30 айлық көлемінде ақша алады. Жәрдемақы зейнетке шығатын әскери қызметшінің баспанасының бар-жоғына қарамастан төленеді.

Бүгінде әскери гарнизондарда спорт кешендері, тұрғын үйлер мен жатақханалар салынып, әскери қалашықтарды көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын армия далалық жерлерде жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден астам іс-шара өткізеді. Дайындық шараларының шарықтау шегі – әскери шеру болып саналады. Бұл – Қазақстан армиясы әскери бөлімшелерінің кәсіби машығының, үйлесімділігі мен мүмкіндіктерінің іс жүзіндегі көрінісі.

 

Әскерилердің жауынгерлік әлеуеті едәуір артуына жоспарлы түрде жауынгерлік даярлыққа арналған оқу-жаттығулардың жыл сайын өткізілуі де түрткі болды. «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік!» ұранымен өтетін 2017 оқу жылында әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығындағы негізгі күш-жігер әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігінің жоғары деңгейін ұстап тұруға, жауынгерлік даярлық сабақтарын ұйымдастыру мен өткізу сапасын арттыруға бағытталған. Жұмылдыру даярлығы жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру бойынша жаттықтыруларды қамтитын болады. Қарулы Күштердің 25 жылдығына орай Әскери шерудің өткізілуі, сондай-ақ, шілденің 29-ы мен тамыздың 12-і аралығында жоспарланған Армия халықаралық ойындарының мақсаты – әскери қызметшілердің жауынгерлік оқуының, сайысқа түсу пішімінің тәжірибесін жалғастыру және оларды сапалы тұрғыда кеңейту болмақ.

Айбыны асқақ, байрағы биік Мемлекетіміздің басшысы Н. Ә. Назарбаев айтпақшы, «Армияның тәртібі ауыр деседі, бірақ бұл ауыртпалық – қиыншылық бейнеті емес, ел қорғау бейнеті. Армия – біздің егеменді мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру – қасиетті борыш қана емес, сондай-ақ зор мәртебе! Армия қызметі – еліміздің Тәуелсіздігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі».

Хасембаева К.М.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық

экономикалық сотының бас маманы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371