Экс-премьер-министр бостандыққа шығады
Серік Ахметов бостандыққа шығады. Елдің экс-премьер-министрі Серік Нығметұлы Ахметов 21-қыркүйекте абақтыдан шығарылады, деп жазды "Today.kz" сайты.
Шешім 21-қыркүйек күні күшіне енеді екен. Осыдан кейін экс-премьер абақтыдан босайды. Босайды дегенмен, жазасын Қарағанды облысында өтейтін болады. Себебі, Серік Ахметовке кесілген жазаның толық мерзімі аяқталмаған. Әлі 4 жыл 26 күн бар. Міне, сол 4 жыл, жарты айды Секең елінде, үйінде жатып өтейтін болады.
Секең түрмеде тәртіпті болыпты. Төрт бірдей мақтау қағаз алыпты. Сөйтіп, өзі жазасын өтеген 159/18 колониясында өзін жақсы қырынан көрсетіп, көзге түскен. Рақымшылықа ілінген. Оның үстіне Серік Нығметұлы Мемлекетке келтірген шығынды толық өтеген екен.
Айта кетейік, 1 сәуір күні аудандық сот Қарағанды әкімінің арызы бойынша Ахметов бастаған 5 бұрынғы шенеунікке қатысты үкім шығарған. Үкім бойынша материалдық шығын есебінде 17 миллион 310 мың теңгені бюджетке қайтару міндеттелген.
Ал 2017 жылдың 29-сәуірінде Ахметов және 4 экс-шенеунік аппеляциялық шағым түсірген. Ол шағым қанағаттандырылған жоқ.
Әуелде сот Ахметовке 10 жыл жаза кескен болатын. Бұл 2015 жылы болған. 2016 жылдың наурызында Қарағанды облыстың сотының аппеляция алқасы Серік Нығметұлының жазасын 8 жылға қысқартқан еді.
Ілияс Ақбай
Abai.kz