Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 6061 0 пікір 6 Қыркүйек, 2017 сағат 12:42

ҚазАТУ қазақтың азық-түлік өнімдерін шығаруды қолға алып отыр

 

Елодадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 2017-2018 жылғы жаңа оқу жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дәстүрлі іс-шараға жоғары оқу орнының бұрынғы ректоры академик Кенжеғали Сағадиев пен ғарышкер-ұшқыш, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов қатысты. Жиын арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен ашылып, ел туы сахна төріне көтеріліп, мемлекеттік әнұран шырқалды.

Университет жаңа оқу жылын биыл да табысты бастады. Студенттер қатары 3000 жас түлекпен толығып, жоғары оқу орны 1156 білім грантын жеңіп алды.

Студенттер мен оқытушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаған университет ректоры Ақылбек Күрішбаев оқу орнының ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялау үрдісі басталғанын, бұл жүзеге асқан шақта ҚазАТУ еліміздегі Назарбаев университеті типтес екінші оқу орны болатынын атап өтті.

-Біз өз университетімізді шын жүректен жақсы көреміз, бір-бірімізбен ауызбіршілікте, бір үйдің баласындай өмір сүреміз,  шаңырағымыздың абыройын асқақ ұстауға тырысамыз. Осындай еңсесі биік елде тұратынымызды, осындай абыройы асқақ оқу орнында жұмыс істеп, оқитынымызды әрқашан мақтан тұтамыз. Сондықтан сіздер де осы үрдісті жалғастырып, біздің отбасының мүшелеріне айналасыздар деген сенімдемін, - деді оқу орнының басшысы.

«Біздің университет – тамырын тереңнен алатын, тарихы бай, тың өлкесін игеру шағында тұңғыш құрылған ең байырғы оқу орны. 60 жыл ішінде оқу орны қабырғасынан 65 мыңнан астам түлек ұшып шықты.  Олардың ішінде бүгінде елімізге, әлемге танымал талай қоғам қайраткерлері, ғалымдар, спортшыларымыз бар.  ҚазАТУ – Қазақстандағы ең ірі аграрлық және техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Университетіміздің ең басты құндылығы – сапалы білім беру. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. ҚазАТУ-да 9 факультет, 47 кафедра, 25 ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп, 94 ғылым докторы, 12 PhD доктор, 350 ғылым кандидаты еңбек етеді. Университетіміз әлемдегі 800 үздік университет қатарына кіреді», - Ақылбек Күрішбаев.

Университеттің бұрынғы ректоры, қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев  білім шаңырағының студенттерді әлеуметтік қолдау бағытында атқарып отырған үлкен жетістіктерін атап, ұжымды Астана қаласы бойынша әлеуметтік жобалар конкурсындағы жеңісімен құттықтады. Соңғы оқу жылында Астананың сол жағалауынан 120 отбасылық баспана мен  800 орындық жатақхана пайдалануға берілген.   Осылайша,   студенттерді жатақханамен қамту   деңгейі 75%-ға жеткізілген. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. ҚазАТУ-да көп балалы отбасынан шыққан, әлеуметтік жағдайы төмен, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер оқу орны басшылығының жіті назарында. Университет осы санаттағы жандарға тегін тамақ береді, кеңсе заттарымен қамтамасыз етеді, жазғы демалыс-сауықтыру орындарына жолдама береді, атаулы шәкіртақы тағайындайды.

Кенжеғали Сағадиев шәкірттерге оқу орнында жасалған жағдайды лайықты бағалап, өздеріне артылған ел сенімін ақтауға тіледі. Қонақтар университет жанындағы өндірістік орталықтардың, ет-сүт өнімдері цехтарының жұмысымен танысты. Оқу орнының ғалымдары студенттермен бірлесіп, мұнда отызға тарта азық-түлік өнімдерін шығаруды қолға алып отыр. Олар қазақтың ұлттық асханасындағы қазы, құрт , ірімшік сынды өнімдердің негізінде жасалған. Ғарышкер Айдын Айымбетов жастармен өзінің ғарышта өткізген «Дастархан-6» тәжірибесінің нәтижелерімен бөлісті. Сынақ  қазақтың құрт, ірімшік, айран, қымыз, жылқы еті сынды тағамдарының сапалық қасиеттерін арттыруға бағытталған болатын.

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371