Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтіп жатыр
Астанада 10 қыркүйекте әлемнің 14 елінің лидері мен 80 мемлекет өкілдерінің басын қосқан Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) саммиті өтіп жатыр. «Ислам әлеміндегі ғылым, технология, инновация мен модернизация» деп аталатын саммитте саяси мәлімдемелер де жасалды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ислам әлемінде ғылым, экономиканы дамыту үшін "Үлкен жиырмалық" (G20) секілді ИЫҰ-ға мүше 15 елдің басын қосатын биресми топ құруды ұсынды. Ол сонымен бірге ислам әлемі мен батыстың ашық диалогына жол ашатын басқосуларды жиі өткізіп, "ғасырлар бойы қалыптасқан түсінбестік тудыратын стереотиптік көзқарастардан бас тартқан жөн" деп атап өтті.
Президент Назарбаев Мьянмадағы жанжалға қатысушы тараптарды зорлық-зомбылықты тоқтатып, БҰҰ аясында диалогты жалғастыруға шақырды.
Мьянмада зорлық-зомбылық өршігеннен кейін ол елден мыңдаған рохинджа мұсылмандары бас сауғалап көрші Бангладешке қашып барған еді. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Мьянмадағы зорлық-зомбылықты тоқтату шараларын жасауды ұсынған.
1969 жылы қыркүйекте негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымына қазіргі кезде 1,5 миллиардқа жуық адамды қамтитын 57 ел еніп отыр. Қазақстан 1995 жылдан бері халықаралық ұйымның толық құқылы мүшесі.
Abai.kz