Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9311 2 пікір 14 Қыркүйек, 2017 сағат 12:37

Ел аумағын түгендеген Танашев

Халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген және қоғамның бүгінгі рухани жаңғыруы кезеңінде де жеке тұлғалардың құбылысы ерекше орын алады. Бізде көптеген оқиғаларға, тіпті адам тағдырына да өз мақсат-мүддеміз емес, өзгелердің көзімен, қоғамдық құбылыстардың барлығын еш реңксіз, «ақ» пен «қараға» бөле саралайтын идеология тұрғысынан қараушылық ызғары әлі де сезіледі.

Тарихымызда өзіндік айрықша орыны бар  тағылымды тұлғаларды тану, білу үзіліссіз процесс. Әрбір тарихи кезең қайталанбас тұлғаларын өмірге әкеледі. Сол тұлғаларға қоғамдағы тарихи орнына, атқарған еңбегі мен қызметіне орай әрқилы баға беріледі. Тарихи тұлғаны біржақты бағаламай, өмірдегі шынайы бейнесін тану күрделірек мәселе.  Бұған дейінгі тарихтың даму белестері кезінде кейбір ірі саяси тұлғалар саясаттың ықпалына орай, идеологиялық тар шеңбердің аясында бағаланды. Көптеген тарихи тұлғаларымыздың жарқын бейнелері, халыққа сіңірген өлшеусіз еңбектері жөнінде жан-жақты талданып, оларға реалистік тұрғыдан  баға берілмеді. Сондай тарихи тұлғалардың бірі – Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев.

Алаш қайраткері У.Ш.Танашев туралы «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында  қысқаша мәліметтер берілген.

Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев 1887 (кейбір деректерде 1882 ж.)  жылдың шілдесінде бұрынғы жер бөлінісі бойынша Астрахан губерниясына қарасты Ішкі Қырғыз Ордасының Екінші теңіз жағалауы округі, № 4 ауылда (қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылдық округі) балық өндірісі иесінің отбасында дүниеге келген.

У.Танашев 1917-1924 жылдар аралығында туған республикамызда жаңа социалистік қоғамды қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосты.

1920 жылдың 26-тамызында Қазақ АКСР-нің құрылуымен Ресей империясының бодандығы тұсында ыдырап кеткен Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіре бастады. Қазақстанның шекарасы алғаш рет 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР-і құрылған кезде межеленді.

Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру қазақ халқының болашақ тарихи тағдыры үшін аса маңызды рөл атқарды. Сондықтан да бұл аса қиын да күрделі мәселені шешу үстінде алаш қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, У.Танашев, А.Тұрлыбаев Ғ.Тәжібаев, М.Көкебаев т.б. ұлт мүддесі үшін, бар жан-тәндерімен жұмыс істеді. Қазақ революциялық комитеті Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезін шақырудың, болашақ республиканың шекараларын анықтаудың барлық дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл күрделі міндеттерді жүзеге асыруда Қазақ ревкомның жанында ұйымдастырылып, А.Байтұрсынов басшылық еткен Қазақ Республикасының шекараларын анықтау жөніндегі комиссия ерекше ықпал етеді. Қазақ жерін біріктіруде күрделі де қиын жұмыс алғашқы кезекте ұлыдержевалық пиғылдағы шовинистермен толассыз күрес барысында жүзеге асырылды. Үлкен талас-тартыстар ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-інің құрамына Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарының едәуір аймағын енгізу мәселесі бойынша туындады. Даулы мәселелерді шешу үшін Қазақ револоциялық комитеті өз өкілдерін Семей, Омбы, Челябі облыстарына жіберді. Тарихи әділеттілік үшін қазақ жерінің аумағын белгілеуде болашақ Қазақ республикасының шекараларын анықтауда РФКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Лениннің қазақ халқының өкілдерін қолдағанын атап өткен жөн деп білеміз.

Қазақ АКСР-інің қарамағына 1917 жылға дейінгі шекарадағы Орал (Орал, Гурьев, Ілбішін, Темір уездері), Торғай (Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Торғай уездері), Семей (Өскемен, Зайсан, Павлодар, Семей, Қарқаралы уездері), Ақмола (Ақмола, Петропавл, Атбасар, Көкшетау уездері мен Омбы уезінің бір бөлігі), сондай-ақ Маңғыстау уезі, Закаспий облысындағы Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясынан Синеморье болысы, Бөкей Ордасы, Бірінші және Екінші Приморский округінің қазақтар қоныстанған жер аумақтары енгізілді. Қазақ АКСР-інің құрамына  Орынбор губерниясы енді. Ал Орынбор қаласы 1925 жылға дейін  еліміздің тұңғыш астанасы болды. Сол кезеңдегі ресми мәліметтер бойынша 1920 жылы күзде республиканың жер аумағы 1 871 239 шаршы версті қамтыды, халқының саны – 5 046 000 адам, оның 46,6 пайызын қазақтар құрады.

Сонымен жоғары да есімдері аталған Алаш арыстарының ішінде У.Ш.Танашевқа тоқталсақ.

Ол 1919 жылдың аяғынан бастап Орынбор қаласында «Қырғыз» (Қазақ) әскери-революциялық комитетінің аппаратында болып, негізінен Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік республикасын ұйымдастыру істерімен айналысады.

1921-1924 жылдар аралығында У.Танашев Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінде (Қырғыз (Қазақ)  АКСР-ның Мәскеудегі өкілдік алқа төрағасының орынбасары), Ұлттар Істері Халық комиссариатындағы, сондай-ақ, басқа да жалпыодақтық мекемелердегі Қырғыз (Қазақ) АКСР-ның өкілетті өкілі қызметін атқарды.

Қазақ АКСР-ының екі бірдей шақырылымында Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланды, төрт жыл қатарынан сол кезде И.В.Сталин басқарған Ұлттар Істері Халық Комиссариаты Үлкен алқасының мүшесі, сондай-ақ Федеральдық комитеттің және Жер істері жөніндегі Жоғары Бақылау ерекше алқасының мүшесі болды.

Уәлитхан Танашевтың тағы бір есте қалар ісі оның Мәскеуде Ұлттар Істері Халық Комиссариатында қызметте болған жылдары. У.Ш.Танашевтың Мәскеуде Қырғыз (Қазақ) АССР-нің өкілетті өкілі болып жүргенде берілген Мәскеу қалалық милициясы №9 бөлімінің Қырғыз Республикасы Орынбор губерниясы берген №61182 еңбек куәлігі негізінде толтырылған еңбек кітапшасында айқын көрінеді. 1921 жылдың 26 қыркүйегінде берілген №17260 санды бұл құжатта Қырғыз Республикасының Бөкей губерниясындағы 2-округтің 3-болысында 1882 жылы туған, Қазан университетінің заң факультетін бітірген жоғары білімді заңгер, бұл күнде 37 жастағы Хадиша Зарифқызы Танашевамен отбасылық ғұмыр кешетін Уәлитхан Шарафитденұлы Танашев Мәскеудің Москва көшесіндегі 60-үй, 22 пәтерінде тұрады. Өзі Трубников бұрылысының 19 үйінде орналасқан Ұлттар Істері Халық Комиссариатында 1920 жылдың 20 желтоқсанынан бері алқа мүшесі, Қырғыз (Қазақ А.А.) елінің өкілі» деп жазылған.

Жалпы, Уәлитхан Танашев араласқан қызметтердің қай-қайсысы да сол кезде әлі қандай ма бір істе тәжірибесі жоқ жас республикамыз үшін аса қажетті жұмыстар болатын. Соның бірі – 1920 жылдың 17 тамызында В.И.Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық Комиссарлары кеңесінің мәжілісі. Онда Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралып, оның соңы айта қаларлықтай қызыл өңеш тартысқа айналды. Мәселенің мәні, жаңадан Кеңестік Ресей құрамында Қазақ автономиялық республикасы құрылмақ. Осы кезде бұрынғы Бөкей Ордасының жері енді кімнің иелігінде болмақ?

Бұл өзекті мәселе жөнінде Алашорда үкіметінің мүшесі Ә. Ермековтің «Мен Ленинмен неге сөз жарыстырдым» атты естелігінде: «Қырғыз» (Қазақ) әскери-революциялық комитетінің 1920 жылғы 18 мамырдағы қаулысы бойынша жаңадан құрылмақшы Қазақ автономиялы республикасы Қызғыз (Қазақ) өлкесінің жалпы жағдайы және оның шекара мәселесі жөнінде баяндама жасау үшін №2043 санды мандатпен мені Мәскеуге жіберді. Қырғыз (Қазақ) әскери ревкомның Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті жанындағы өкілдігі алқасының төрағасы болып бекітіліп, одан кейін БОАК Президиумның қаулысымен Қырғыз (Қазақ) әскери ревкомы мүшелігінің құрамына енгізілдім.

Мәскеуде жұмыс істеген төрт айдай уақыт ішінде В.И.Лениннің төрағалығымен өткен комиссияның мәжілісінде Қазақстанның жағдайы жөнінде баяндамада Каспий теңізінің солтүстік жағалауын Астрахан облысынан алып, біздің республиканың шекарасына қосу туралы ұсыныс жасадым. Менің бұл ұсынысыма мәжіліске қатысушылар үзілді-кесілді қарсы шықты.

Ленин Астрахан губерниялық атқару комитеті төрағасынан теңіз жағалауында тұратын қазақ және орыс халықтарының ара салмағы туралы сұрады. Ол статистикалық деректердің жоқтығын сылтауратып, төтесінен қойылған сұрақтардан жалтарып кетпек болып еді, Владимир Ильич: «О, не дегеніңіз, о не дегеніңіз... Статистиканың бұл араға қандай қатысы бар? Мен сізден өз жерін жақсы білетін басшы  ретінде сол жаңағы жағалауда қазақтар көп пе, орыстар көп пе, соны білгім келіп тұр» - деді қадалып...

-Қазақтар көпшілік, Владимир Ильич, қазақтар көп, - деп, ол құлақ шекесіне дейін қызарып, сасқалақтап қалды.

-Солай десеңізші... Енді мәселе айқын.

-Сонда қалай болғаны, Владимир Ильич, Ермеков жолдас Данциг дәлізін жасағалы тұр ма? – деп осы арада Орталық Комитеттің хатшысы Крестинский киліккен.

-О, не дегеніңіз, Николай Николаевич? Түсінбегеніңіз бе,  мәселенің түп төркінін... Кристинский жолдас, мәселенің байыбына бармаған екенсіз Данциг дәлізін жасағысы келіп тұрған кім десеңіз, ол біздің экономистеріміз, шаруашылық басшыларымыз, мына отырған губерниялық атқару комитетінің төрағасы ғой, қазақтардың ата мекенін ойып алып, Астраханға қосқалы отырған...

Жағалаудағы алқап Астрахан губерниясының иелігінен алынып, Қазақ автономиялы республикасының қарамағына берілетін болып, көпшілік дауыспен қабылданды» (Кейкін Ж. Заманым, өзім, замандастарым Алматы: «Жолдас және компания»,  2003 ж. 137-138 бб.).

Ал, бұл жайында осы істің басы-қасында болған Уәлитхан Танашев: «Мен, өмірдің ащы-тұщысын өзгелерге қарағанда көбірек көрген адаммын. Бірақ, соның ащылау жағы тіптен көбірек және тым артықтау болды ма деп ойлаймын. Әйтсе де, менің арым алдындағы жүрегім ақ, көңілім таза. Жападан жалғыз қалған соңғы сәттерімде өзіммен-өзім отырып, мұңға батамын. Мұң – менің сырласым. Ойлап қараңызшы, одан басқа кімім бар менің. 86 жылдық ғұмырымда бұл өмірде не істеп, не қойдым, әсіресе өзімнің туған республикама, Отаныма не жақсылық жасадым. Рас, маңдайымның терін ағызып, жанымды шүберекке түйіп жүріп, жеті жыл қызмет еттім сол еліме. Әсіресе, республика шекарасын белгілуде досым Әлімхан Ермеков екеуміздің В.И.Лениннің бір күнде екі рет қабылдауында болып, Я.Свердловпен жаға жыртыса салғыласқанымыз есімде.

Өзекке түскен өкініш көп. Өзіміздікі деп жүрген көп жер өзбек бауырларға кетті. Орман-тоғайлы Омбы мен Орынбор, терістік арқа орыстарға өтті. Енді қалғаны Еділдің төменгі сағасы. Свердлов болса, Ордаңнан Гурьевке бір-ақ тарт деп жеңістік бермейді. Тіпті өзара кесіп-пішіп қойған, біз болсақ, Әлімхан екеуміз әр сүйем жерді дәлелдеп, қазақша қойылған жер атауларын тілге тиек етеміз. Ноғайлы заманы жырауларының өлеңдерін оқимыз: ақыры Владимир Ильич «Олай болса мына жер қазақтікі» деп қызыл қарындашпен Қиғаш өзенін бойлай Каспийге төте шықты. Бұл біз үшін соңғы үміт. Ал, мен үшін осыған дейін Ресей территориясына кіріп келген Екінші Теңіз жағалауы округі – туған ауылымның Қазақстан құрамына мәңгілік енуі еді. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Екі көзім жасқа толы. «Ең болмаса, осының өзі!» мен шап беріп, Әлімханды құшақтай алдым. Ол болса «Өкініш көп қой, ағатай. Өкініш» деп жылап тұрды.

Құдайдан күштісің бе, барымыздан айрылып қала жаздадық қой. Көздегі жас тиылар емес, сонда да болса, қалтамдағы орамалға қолымды апармадым, өйткені өлгенде бір көрген қуаныш жасы еді...».

Шындығында бұл ата-бабамыздың қанын төгіп, жанын беріп қорғаған шекара мәселесінде кеткен есе, орны толмас өкініш көп еді.

...1921 жылдың 31 мамырындағы Астрахан губерниялық Жер бөлімі коллегиясы мүшелері қатынасқан мәжіліс журналына назар салсақ (Ресей Федерациясы Мемлекеттік архиві (одан әрі РФ МА), Р-3260 қор, 1-тізім, 31-іс, 8, 8 артқы п.п.).  Халықты жерге орналастыру бойынша Астрахан губерниясы мен Бөкей губерниясы арасындағы шекараны белгілеу туралы мәселе күн тәртібіне шығарылған. Даулы жер Енотаев уезінің Басқұншақ трактісімен шектесетін жер аумағы 10677 десятина және «Кезекті  қоныстағы» (көшіп келіп қонатын жер А.А.)  жер аумағы 50, 997 десятинаны құрады. Осы мәжілістің хаттамасынан байқайтынымыз 1920 жылдың 16-17 қаңтар күндері шекараны белгілеу жөніндегі Аралас комиссияның отырысы Золотухе селосында өтеді. Николаев  пен Волхун селоларының қауымы Енотаев және Ленин уездерінің қазақ жерлерімен шектесетін бөлігіне 4 верст ішкерілей еніп пайдаланған. Сонымен бірге, Жаңа Николаевка, Болхун селоларының тұрғындары да жыл сайын белгіленген шекарадан ішкерілей еніп, жер жыртып, егін егіп, оны жинау жұмыстарын жүргізген. Орыс тұрғындарының пайдалану аумағы 6. 800 десятина жер, соның ішінде 3500 жыртылған жер, қалған жерді мал жаюға пайдаланған. Орыс тұрғындары бұл жерлердің Енотаев уезіне қарасты екендігін алға тартса, Қазақ  жағының Екінші болыс аумағының өкілі Грачев бұған мүлдем келіспей 1905 жылғы 25-тамыздағы  болыстық жиынның хаттамасын көлденен тартады. Оның пікірінше бұл жерлерді орыс қауымы жалға алған емес, тек жалғыз жарымдары ғана жалға алған. Сонымен қатар, орыстармен бірге қазақтарда бұл жерлерді жыртып, егін егіп пайдаланған. Оны Жер Халық Комиссириатының 1919 жылғы 9-қазандағы №40 циркуляр хатымен нақтылайды.

Губерниялық жер өлшеушілердің аймақтағы хуторлар мен ауылдарға, қоныстарға бара алмау себебі, бұл жерлер сол уақытта ақ гвардияшылар мен бандылар иелігінде болатын.

1921 жылдың қазан айында РКФСР Федеральдық Жер комитетіне Астрахан губерниялық РКП (б) хатшысы, губерниялық Атқару комитетінің төрағасы, губерниялық  Төтенше комиссияның төрағасы және губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі қол қойған құпия хабарлама жіберілген. Құпия хабарламада атап өтілгендей, Бөкей губерниясымен арадағы жер мәселесі Астрахан губерниялық Атқару комитетінде арнайы қаралған. Біріншіден, даулы Басқұншақ трактесі мен «Кезекті  қоныс алмастыруда»  орыс ұлты өкілдерінің басымдылығын, екіншіден, төңкеріске дейін орыс шаруалары бұл жерлерді шарт арқылы жалға алған, кейін Өлкелік Кеңес съездерінің шешімдері арқылы  реттелген (бұл арада Бөкей облысы кезінде Астрахан губерниясының құрамында болған деген шовинистік көзқарастарын білдіріп кетуді де ұмытпайды), бірақ бұл шешімдер дұрыс емес, әсіресе саяси-экономикалық жағынан дей келіп, Енотаев уезіндегі орыс шаруаларының құм арасына бара алмайтындығын, аздаған заемға алған жерде тұрақтап тұра алмайтындығын атап өтеді. Шығарылған шешім екі шекаралық аумақта қалып қойған шаруалар мен олардың шаруашылығына кері әсерін тигізіп қана қоймайды, олардың қазақ даласында қалуы, жүргізіп отырған шаруашылықтарының толық күйреуіне алып келеді деген сыңаржақты пікірлерін білдіреді. Экономикалық жағымен бірге,  саяси қатерлі жағы бар екендігін, яғни губерния аумағында қарулы қақтығыстарға алып келу қаупі барлығын және бандитизмнің өрістеуіне жол ашатындығын назарға береді.  Шекарадағы даулы аймақты қайта қарауға ұсыныс білдіреді.

РКФСР Ұлт Істері Халық Комиссиратына қарасты Федеральдық Жер комитетінің 1923 жылдың 23-сәуірдегі  Седельников, Астрахан губерниялық Атқару комитетінің өкілі Муравьев, Қазақ АКСР Жер Халық Комиссариатының өкілі  Иванов қатынасқан мәжілісте атап көрсетілгендей астрахандықтар осы жерге байланысты мәселені дүркін-дүркін күн тәртібіне шығарғанын атап өтеді (РФ МА, Р-3260 қор, 1-тізім, 30-іс, 21 п.). Ал Федеральдық Жер комитетінің 1923 жылдың 24-сәуірдегі мәжілісіне комиссия мүшелері У.Танашев, Берзин, Стрелков, Астрахан губерниялық Атқару комитетінің өкілі Муравьев, Қазақ АКСР Жер Халық Комиссариатының өкілі  Иванов қатынасқан  (РФ МА, Р-3260 қор, 1-тізім, 30-іс, 19  п.).  Мәжілістің күн тәртібі 1923 жылғы 23-сәуірдегі Федеральдық Жер комитетінде қаралған Астрахан губерниясы мен Қазақ АКСР-інің Бөкей губерниясы арасындағы шекаралық жерге байланысты талас мәселесі.  Комиссияның шешімі бойынша Астрахан губерниялық Атқару комитетіне ауыл шаруашылығымен айналысатын губерния тұрғындарының бір бөлігінің көрші Қазақ автономиялық республикасының жерін заңсыз пайдаланудың экономикалық салдарларын және әрекеттеріне тосқауыл қою, оның салдарларын анықтау, сондай-ақ Астрахан губерниясының жерін көрші Қазақ республикасы жерлері арқылы ұлғайтпау шараларының алдын-алу тапсырылады. Аталған хаттамаға комиссия мүшелері, соның ішінде У.Танашевта қол қойған.

Мемлекеттік дәрежедегі барлық құжаттарды дайындау, оны нақтылап қағаз бетіне түсіру Мәскеудегі қазақ елінің өкілі У.Танашев сынды екі тілде бірдей жазатын сауатты адамға тірелсе керек.

Қазақстанның мемлекеттік шекарасын орнатудың өзіне тән ерекшеліктері болды. Шекараның графикалық қосымшасы бар және мәтіндік сипаттауы баяндалатын картографиялық материалдар іс жүзінде мүлдем болған жоқ. Сонымен қатар, 1920 жылы Қазақ КАСР-і құрылған кезден бастап Қазақстан – Ресей шекарасы бірнеше рет өзгеріске түсті.

Қазіргі Астрахан облысының Қызылжар, Володар аудандары, керек десе Астраханның өзі де, территориялық жағынан бір кездегі қазақтың, дәлдеп айтсақ, Дешті Қыпшақтың жері. Өкінішке орай, кейіннен орыстардың жаулап алуы нәтижесінде Ресей патшалығының қол астына өтуі, кей жерлерді қалмақтардың басып алуына байланысты ата-жұрт тізгіні қолдан шығып кетті.

Алаш қайраткері Уәлитхан Танашевтың Қазақстанның батыс шекарасының бір бөлегін нақтылауда және екі елдің шекарасын шегендеуде істеген ерен ісін, ерлікке пара-пар қаракетін бүгінгі өскелең ұрпақ жадында ұстап, үлгі-өнеге тұтуға, туған еліне емірене білуге және патриоттық тұрғыдан рухани жаңғыруға тағылымды сабақ ете білуге тиісті. Себебі, ел аумағын түгендеудегі абыройлы іс ұмтылмақ емес.

Аққали Ахмет, профессор

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5524