Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4995 0 пікір 15 Қыркүйек, 2017 сағат 17:52

"БАҚ және тіл мәдениеті" семинар-тренингі өтті

Бүгін Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен «Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен «Бұқаралық ақпарат құралдарын және тіл мәдениеті» тақырыбында республикалық семинар-тренинг өтті. Бұл туралы "tilalemi.kz" сайты хабарлайды.

Астана, Алматы қалалары мен 9 облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналған басқосуда қазақ тілді баспа және медиа БАҚ-тағы сөз қолданысындағы қателіктер мен тіл тазалығы, мәдениеті және терминдердің ретті қолданылуы сөз болды.

Жиынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Сәрсенбайұлы жүргізіп, сөз басында "Сын - садақ емес, барлығымызға сабақ" екендігін қатысушыларға ескерте кетті.

Семинар-тренингте кəсіби мамандар дəріс оқып, шеберлік сабақтарын көрсетті. Ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы “Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз қолданысы” тақырыбында ой қозғап, журналистер жиі жіберетін қателіктерге тоқталды.

Ал Ұлттық аударма бюросының үйлестірушісі, "Жас Алаш" газетінің Бас редакторының орынбасары Есей Жеңісұлы "Ақпарат айдынындағы қазақ тілі: қандай қателіктер жіберіп жүрміз?" деген тақырыпта өз ойымен бөлісті. Телеарна тіліндегі қателіктерге айрықша тоқтылып, басылым беттерінде де ұшырататын тілдік нормаға сай келмейтін бірқатар сөздердің мағынасын ашып түсіндірді. Жүргізушілер мен комментаторларға тілікелей эфир барысында өрескел қателікке жол бермеудің жолдарын айтып өтті.

Сұқбат барысында журналистің "жұлдызын жағатын" сұрағы мен қонағы екені анық. Сондықтан журналист сұқбаттаспас бұрын кейіпкерін жіті зерттейді. Оның ойы мен сөзіне салмақпен қарауы шарт. Семинар барысында қонақ таңдау, талдау мәселесіне “Республикалық радио” ЖШС Бас директорының орынбасары, "Қазақ радиосының" жетекшісі Серік Сейітман тоқталды. Эфирге қонақ таңдауда теле-радио журналистері ескеруге тиіс маңызды жайттарды жіктеп берді. Сонымен қатар, радио саласында көркемдік кеңестен өтпей, сәтсіз шыққан өлеңдерді талдап, ұйқас қуудың соңы тек қана қателік екенін қадап айтты.

Шара барысында “Til-audit.kz” сайтының редакторы Жасұлан Наурызалиев орталық және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурсындағы мемлекеттік тілдің ахуалына тоқталды. Ол нақты дәлелдемелермен қазақ тілді интернет ресурстардың кемшіліктері мен қателіктерін тізіп өтті.

Семинар-тренинг соңында журналистер ғалымдарға, сала мамандарына сұрақтарын жолдап, тұшымды жауап алды. Ғалымжан Сәрсенбайұлы салтанатты түрде қатысушыларға сертификат табыстып, аталмыш шара алдағы уақытта жылына екі рет өткізілетіндігін тілге тиек етті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478