Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаш арысы 7384 12 пікір 22 Қыркүйек, 2017 сағат 13:27

Алаш арысы Әлиханға ескерткіш орнатылды

Ескерткішті ашуға облыс әкімдігінің басшылығы мен Семей қаласы әкімдігінің өкілдері, зиялы қауым мен ғалымдар, республикалық «Ақ жол» партиясының мүшелері жиналды, деп хабарлайды "e-history.kz" порталы.

Алаш партиясының құрылып, Алаш Орда үкіметінің жасақталғанына 100 жыл толған айтулы дата қарсаңында ұлттық үкіметтің орталығы болған Семей қаласында Алаш ардақтысы, ұлттың ұлы қайраткері Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатылды.

Ескерткішті ашуға облыс  әкімдігінің басшылығы мен Семей қаласы әкімдігінің өкілдері, зиялы қауым мен ғалымдар, республикалық «Ақ жол» партиясының мүшелері жиналды.

Алаш жетекшісі Әлихан Бөкейханның саналы ғұмыры сол заманда Алаш деп аталған Семей шаһарымен тікелей байланысты.

151 жыл бұрын Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінде дүние есігін ашқан Бөкейхан баласы Әлихан  барлық ғұмырын ұлтқа қызмет ету жолына арнады. Қазақ зиялыларын бір мақсат пен мүддеге топтастырып, елдің азаттығы үшін отаршыл империя жандайшаптары мен советтік үкіметтің белсенділерімен күресе білді. Щербина экспедициясының құрамында жүріп, қазақ жерінің болашағы үшін қажетті деректерді жинап, жер тұтастығын сақтауда үлкен еңбек сіңірді.

1905 жылы Қарқаралы петициясынан басталған Алаш жалпыұлттық қозғалысына қатысып, Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Ал 1917 жылдардағы қым-қуыт аласапыранда Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастырды. 1917 жылғы желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезі Алаш аутономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады және орталық ретінде Семей қаласы таңдалып алынды да, қаланың бір аумағына Алаш атауын берді.

ХХ ғасырдың басында демократ ақын Сұлтан Махмұт Торайғыров Әлиханның Алаш қаласына келуін тарихи оқиға деп бағаласа, тура бір ғасырдай уақытта Семей төрінде Әлихан ескерткіші бой көтерді.

Ескерткіштің биіктігі 5 м, авторы – Бақытбек Мұхамеджанов. Онда Әлиханның еркін бейнесі қалыптастырылған, сол қолы қалтасында, оң қолының ұшымен асық иіріп тұрған көркем образы жасалған. Артқы жағында үстел қойылып, онда кітаптар мен киімдер орналастырылған. Ескерткішті жасауда авторлар белгілі алаштанушылардың еңбектеріне сүйенген және сәтті шыққан деп айтуға болады. Орналасқан жері Ленин көшесі Жеңіс саябағының жанында.

Естеріңізде болса, 2012 жылы Парламент тарихында Алаш арыстарын алғаш атап, депутаттық сауал жасаған «Ақ жол» партиясы 2015 жылы тағы да Үкіметке осы мəселеге байланысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Оны партия төрағасы Азат Перуашев жариялаған. Онда Алашорданың астанасы болған Семейді Алаш қаласы деп атау, сол қалада Алаш Үкіметінің басшысы Əлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш орнату жөнінде ұсыныстар айтылған еді. Бұл еңселі ескерткіш – аталған бастаманың нақты нәтижесі!

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5372