Дүйсенбі, 30 Қыркүйек 2024
46 - сөз 5596 5 пікір 25 Қыркүйек, 2017 сағат 08:36

"Палаткадағы той" немесе "понтсыз пати"

1999 жылы Елтай ауылындағы тойға бардық. Ол кезде алтыдамын. Еміс-еміс тойдың фрагменттері есімде қалыпты. Тоқырау жылдары тойдың тоқсан пайызы көк палаткада өтетін еді ғой. Шақыру билеті бір дизайнмен шығады.

Ақ-қара түстің үйлесімдігімен, төменгі жағында аққу жүзген бір типті шақыру билеттері. Билетте қазіргідей ресторанның мекен-жайы емес, көше және үйдің нөмірі жазылады. Елтай ауылы, Абай көшесі, 43 үй дегендей.

Ондағы жас жұбайлардың суретін сіз сұрамаңыз, мен айтпайын. Көбісі мэйкапқа сұранып тұрған түрлер. Ондай шақыру билеті менің ата-анамда да, сіздің де ата-анаңызда барына кепілмін. Тойда орын жетпеу деген жоқ. Көңіл сыйғандықтан, бәрі сиятын. Жеке орындықтар емес, ұзын орындықтар. Төрде жас жұбайдың аты мақтамен жазылған кілем жарықтыққа жарықты ерекше түсіріп қояды. Алдында жас жұбайлар, сосын әркім өз статусымен жайғасатын.

Ойын баласы біз әйтеуір кіріп-шығып тәтті, алма, кәмпит алып, ойнап жүретінбіз. Тым қарапайым той. Бәлкім біреуге күлкілі шығар. Есесіне - несиесіз. Ол уақытта кит дегенге не салатынын білмеймін, бірақ бүгін китке салатын заттың өзі сол тойды он орайтын шығар.

ПыСы: Біреу тойға 3,5 млн несие алдым дегенде еске түскен естелік қой. Соны ойласам тоқсанның "Понтсыз патиі" дұрыс екен деп қаламын. 

Асхат Қасенғали

Facebook-тегі парақшасынан

5 пікір