Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7907 0 пікір 30 Қараша, 2010 сағат 10:05

Асан Омаров. Абайдың әділеттілік туралы іліміне шолу

Адамның ішкі әлемінің рахаты мен тыныштығы, былайша айтқанда, жан сақтауы өте-мөте әділет сезіміне тәуелді. Соның айғағы - әділеттілікті жанындай көріп аңсамайтын адам, көксемейтін  халық болмайды.  Оның осынау шоқтығын, қастерлі биігін ғұлама Шәкәрім былайша өрнектейді:

Нысап пен мейірім, әділетті,

Жаныңдай көріп жан сақта.

Ол жолда өлсек, неміз кетті,

Мақсұтқа жетпей қалсақ та.

(«Анадан алғаш туғанымда», 1929).

Әділет - қиянаттың дұшпаны. Олардың арасында өтетін талас-тартыс күллі адамзат көшінің тағдырына, тарихы мен мәдениетіне сәулесін түсіреді және небір ғажайып шедевр, классикалық туындыны дүниеге әкеледі. Күллі көркем әдебиет классиктері шығармашылығының алтын өзегі - әділет пен қиянаттың  мәңгі айқасы, бітіспес майданы. Көркем әдебиеттегі деймін-ау, күнделікті өмірдегі шындық өзегі де осы тартыс емес пе.

Сонымен, әділет - жан сақтау құралының бірі, қастерлі категория.  Бірақ әділеттілік туралы басқадай не білеміз, ол жайлы біліміміз толық па?

Адамның ішкі әлемінің рахаты мен тыныштығы, былайша айтқанда, жан сақтауы өте-мөте әділет сезіміне тәуелді. Соның айғағы - әділеттілікті жанындай көріп аңсамайтын адам, көксемейтін  халық болмайды.  Оның осынау шоқтығын, қастерлі биігін ғұлама Шәкәрім былайша өрнектейді:

Нысап пен мейірім, әділетті,

Жаныңдай көріп жан сақта.

Ол жолда өлсек, неміз кетті,

Мақсұтқа жетпей қалсақ та.

(«Анадан алғаш туғанымда», 1929).

Әділет - қиянаттың дұшпаны. Олардың арасында өтетін талас-тартыс күллі адамзат көшінің тағдырына, тарихы мен мәдениетіне сәулесін түсіреді және небір ғажайып шедевр, классикалық туындыны дүниеге әкеледі. Күллі көркем әдебиет классиктері шығармашылығының алтын өзегі - әділет пен қиянаттың  мәңгі айқасы, бітіспес майданы. Көркем әдебиеттегі деймін-ау, күнделікті өмірдегі шындық өзегі де осы тартыс емес пе.

Сонымен, әділет - жан сақтау құралының бірі, қастерлі категория.  Бірақ әділеттілік туралы басқадай не білеміз, ол жайлы біліміміз толық па?

Сірә да жоқ, қазақ философиясы тұра тұрсын, әлемдік философия тарапынан да әділеттілік туралы пайымдар бір ізге түскен емес, яғни өз алдына дербес жүйелі ілім боп қалыптасты деуге әлі күнге ертерек. Себеп - феномен ұғымның күрделі табиғатында және түп тегі - генезисінің тереңдігінде десек қате бола қоймас. Төменде осы күрделі тақырыпты сөз етпекпіз. Ондағы мақсатымыз - жаңағы олқылықтың орнын толтырған данышпан біздің қазақтың Абайы екенін дәйектеуге саяды.

Біреу біледі, біреу білмейді, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңі және 45-ші сөзі хакім Абайдың сарқынды шығармалары. Алдыңғы туындысында данышпан:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,

Және «Хақ жолы осы» деп әділетті, -

дейді. Ал, соңғыны: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі - неше мың жылдан бері... һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» деп бастайды.

Сөйтіп, Абайдың ақтық өсиет-толғаулары қос феномен сезім: махаббат пен әділетке бағытталғанына көз жеткіземіз.  Маңызды ерекшелік - хакім Абай махаббат, ғаделетті қосақтап айтады. Мұның сыры неде?

Гәп мынада: махаббат - күллі әлемге нұрын, шуағын төккен қуат, ал әділет - тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет. Қос феномен қосылғанда ғарыштық күрделі қатынастар ғажайып үйлесімін табады.

Міне, хакім Абай махаббат, ғаделетке осы тұрғыдан келіп, жаңа аталған  45-ші қарасөзінде мынадай даналық тұжырымын жасайды: «Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан Тәңірінің ісі».

«Ол - жаратқан Тәңірінің ісі» деген бір-ақ ауыз тезис бүгінгі біздер үшін аса салмақты. Осылайша Абай бізге он сегіз мың ғаламның махаббат-әділет заңымен басқарылып, реттелетінін ашықтап беріп отыр. Бұл, сөз жоқ, тек әлем ойы алыбының ғана сыбағасы.

Махаббат - Жаратушының бір аспектісі екендігі, әрине, әлімсақтан мәлім. Барлық әлемдік діндер осыны діттейді, айталық, исламдық сопылық ағым «махаббат діні» делінеді.  Ал, әділеттілік ше? Ол махаббатқа тете, теңдес ұғым ба?   Ең бастысы, Абай екі ұғымды неге қосақтаған? Жаңағы тезис міне осының жауабын беруімен құнды.

Біле білсек, Абайдың: «Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты деген» деп тұжыруы өз алдына жаңалық. Сахара  ойшылы бұл арада хақиқат заңды күллі қасиетті кітаптардан сүзіп алғанын сездіртіп отыр. Абайдың жаңағы әділет, махаббат түсініктерін бөлмей-жармай қолдану сыры  киелі кітаптар мазмұнында екенін көреміз.

Қорыта айтқанда, махаббат, ғадалет категорияларын, бір жағынан, «Тәңірінің ісі» (Тәңірінің хикметі, заңы деген мағынаны да білдіреді) деп ғаламдық деңгейде бағамдау, екіншіден, олардың түп генезисі мен ортақ трансценденттік мәнін ашып беру - Абайдың керемет жаңалықтары.

Бұл пайым артық айтқандық боп көрінбеуі үшін мысалдармен бекіте кетелік. Сөз басында әділет-жан тыныштығының кепілі, оны аңсау адам баласына Тәңіріден дарыған қасиет дегенбіз.  Қазіргі орасан қаржылық дағдарысқа да әділеттілік заңының бұзылуы «кінәлі» екендігі шүбәсіз.  Сол сияқты планета жұртшылығын алаң еткен Батыс және Шығыс делінетін осы заманғы орасан үлкен өркениеттілік қарым-қатынас пен өзара ұғысу проблемалары да әділеттілік заңына тіреледі. Ол ол ма, күллі материалдық әлем Ньютон ашқан заңдармен реттелетіні сияқты күллі ғаламның тыныс-тіршілігі Абай ашқан әділет-махаббат заңымен реттеледі.

Ендігі кезекте Абайдың әділеттілік ілімін барлауға ойысалық.  Бізше бұл ілімнің қалыптасуы кемеңгердің ойшылдық эволюциясымен қабыса табысады. Осы тұрғыдан келгенде мынадай екі айшықты кезең бар: бірі - 1891-1897, бірі - 1898-1902 жылдар аралығы.

1891 жыл Абай өмірінде бұрылысты жыл болды. Осыған дейін Чернышевский, Добролюбов бастатқан орыс ойшылдарының қоғамдық ортаны және заманды түзету қажет деген әлеуметтік идеяларына  құлай беріле отырып, мәдени-ағартушылықпен қатты айналысқан ақын, енді бұл бағыттың дұрыстығына күмәнді болады. Расында да пенденің кінәні өзінің мінезі мен болмысынан емес, тек қоршаған ортадан ғана іздестіретіні несі? Бұл дұрыстық па? 90-шы жылдардың басында ақылына білімі сай болып толысқан кемел Абайды, исі алаштың ұстазы, ақылшысына айналған Абайды осы мәселенің толғандырғаны хақ.  Бірінші қарасөзінде: «Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деуі сөзіміздің кішкене дәлелі.

Бір ғажабы, Абай «дүниеге көзін ашқан» Михаэлистің өзі пір тұтқан Чернышевский, Добролюбов сынды төңкерісшіл-демократтарды еш жерде атамайды, аузына да алмайды. Семей қаласына жер аударылып келген кілең оқымысты орыс зиялыларының оларды басына көтергені жақсы мәлім ғой. Осы ғылыми ортада он-он бес жылдай үлгі-өнеге көргеніне қарамастан қазақ ойшылының қоғамды күшпен өзгертуге негізделген, төңкеріс исі аңқыған идеялардан бас тартқанына таң қалмасқа лажың жоқ. Ол ол ма, Абайдың қоғамды тек тыныштық жағдайда, имандылық тәрбие негізінде ғана өзгерту қажеттігіне сенімі кәміл: «Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол» (1889) дейді.

Сөйтіп, Абай терең ой еңбегіне, қоғамда әділетті орнықтырудың жолын, яғни әділеттілік ілімін іздестіруге кіріседі.  Тың өрісте тапқаны - «Менсінбеуші ем наданды» (1891) деген өлеңінде өзі айтқандай, «адам түзелмей,  заман түзелмейді» деген парадигма (мұны ойшылдың Шығыс жағалауына қайта өтуі де де қой) болды. Ол бойынша заманның түзелуі үшін әр адамның іштегі кірден тазаруы, рухы жетілуі мен иманы нығаюы шарт. Себебі, егер жеке тұлға «іштегі кірді қашырса», яғни әр адамның жан тәрбиесі жолға қойылса, мұндай тәрбие кемелдігінен бүкіл қоғамның кемелдігі құралмақ. Адамзат тыныштығы мен рухани жетілуінің  өзгедей амалы, жолы жоқ.

Осынау алыс мақсатты көздеген ойшыл ақынның 1891 жылдан былайғы өмірінде басты шығармашылық жұмысы - екі проза кітабы болғаны, оларға күш-қуатын сарқа жұмсағаны анық: бірі - 40 ғақлиядан тұратын «Ғақлия» атты (1891-97 жылдар арасында жазылды) кітабы, бірі - «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-ші қарасөз) атты кітабы. Алдыңғысы - туған халқына жөн-жоба сілтеген арнау өсиеттері, ал 1898-1902 жылдар аралығында жазылған екіншісінің - берісі мұсылман әрісі күллі адамзатқа арналған даналық трактат екені талассыз.

 

Төменде Абайдың әділдік ілімі қалыптасуының саты-сатысына осы қолжазба кітаптары бойынша ой жүгіртелік.

Кітап «Ғақлия»-ның үшінші сөзінде ойшыл қойған кесек мәселелерден қазақ өмірі қайтсе түзеледі немесе қоғам қайтсе әділетті болады деген сұрақ жазбай танылады. Айнала дүниенің қиянатшыл болуы  - әділеттің жоқтығынан. Сондықтан Абай: «Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң менің ойыма келеді» дей отырып, бұзықты азайтып, әділді молайту хақында ой-пікірлерін ортаға салады.

Бесінші қарасөзінде: «Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен...» деп басталатын сөйлем бар. Бұл сөйлемді, әрине, «әділет үшін» деген тіркеске бола келтірдік.

90-шы жылдардың ортасы - Абайдың ақындық мектебі үшін ең жемісті кезең. Осы кездерде «Ұстаздық қылған жалықпас» деп өзі айтқандай, қасына талапты жастарды жиып, оларға өлең сөздерімен де, ауызша өсиет, ұзақ мәжілістерімен де үлгі-өнеге шашу сүйікті ісіне, дағдысына айналған болатын. Бұл туралы: «Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы, талапты жастардың бәрі шәкірт» дейді Мұхаң.

 

1894-95 жылдар шамасында жазылған  «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінен осы кездің тынысы айқын сезіледі:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет-шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,

Біте қалса қазаққа.

Алдың - жалын, артың - мұз,

Барар едің қай жаққа?

Көріп отырмыз, Абай өлеңде жай ғана әділет демеген, «әділет-шапқат» («шапағатты әділет» деген мағынада) тіркесін пайдаланған. Сөйтіп, адам рухын, жалпы болмысты басқарушы күш Тәңірінің әділет-махаббат заңы екеніне Абай алғаш рет меңзейді.

Егерде жеке адам немесе бүкіл қоғам тек қайрат пен ақылдың тапқан жолына түсер болса - «алдың - жалын, артың - мұз». Ақынның «алдың-жалын» дегені ахирет - тозақ жалыны, ал «артың-мұз» дегені сүрген өмірің мағынасыз, баянсыз дән шықпайтын, дәнеңе өнбейтін тақыр деген мағынаны білдірсе керек-ті.  Демек, адамға бақыт қонуының  басты шарты, ойшылдың білуінше,  әділет-шапқат иесі болу.

Абай осы түбегейлі идеясын бірде ғақлия сөзіне, бірде өлеңіне өзек етіп, дамыта береді.  Тағы бірер мысал алайық.

«Ауруды жаратқан - Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан - Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ» (28-сөз) дейді Абай. Бұл жерде де әділет-шапқатқа  меңзелгені сөзсіз. Осымен, данышпан Тәңірінің әділет заңын орындау я орындамау, яғни бақытқа жету-жетпеу әр пенденің өз ырқы екенін білдіреді.

Әділеттік, арлылық, махаббат пен -

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, -

дей келе:

Ғадәләт пен мархамат - көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ соған көмек, -

(«Көк тұман-алдыңдағы келер заман» 1897 жыл).

деп түйін түйеді Абай. Келер жылы тағы бір әйгілі өлеңінде:

Махаббат ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? -

(«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» 1898 жыл).

деуінде не сыр бар? Ақын жүрегі неліктен майдан алаңы, махаббат сезімі не үшін майдандасты? Әділет үшін. Мұны осы кездерде жазылған «Жүрегім менің - қырық жамау» өлеңінде:

Жүрегім менің - қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден, -

деп ойшылдың өзі паш етеді («қиянатшыл» сөзі «әділетсіз» сөзіне синоним).

Сонымен, Абайдың поэзиясында, әсіресе, кітап «Ғақлия» атты мұрасында  «қалың елі, қазағын», өзге халықтар қатарына қосу, яғни «ел қылу» идеясы бүкіл қоғамда әділдікті орнықтыру  идеясымен қабыса табысқанына көз жеткіземіз.  Бұл ерекшелікті ғұлама М.Әуезов бізге былайша білдіреді: «...Ылғи ғана таза адамшылық жолын үгіттейді. Әділдік, шыншылдық, махаббатты - бауырмалды арлылық, ойшылдық, сыншылдық сияқты адамды адам қылатын жан тәрбиесінің барлық негізін қолданады».

Енді Абайдың екінші қолжазба кітабы - «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-ші қарасөз) мазмұнына көшелік.

Алдыңғы кезеңде, яғни өлеңдері мен «Ғақлия» кітабында қадау-қадау көрінген әділет-мархамат концепциясы 1898 жылдан беріде жүйелі ілімге айналуы, жаңа сатыға көтерілуі заңдылық. Абайдың екінші кітабы - «Ғақлиат-тасдиқат» міне осының асқақ айғағы. Бұл даналық еңбек басты үш бөліктен тұрады: бірінші - Алланы тану (мұсылманша мағрифатулла), екінші - әділет, махаббат Тәңірінің ісі, хикметі екенін дәйектеу (Абайдың өз сөзімен айтқанда: «Алла тағаланың пенделеріне салған жолы қайсы?» екенін білу), үшінші - адамның кәмалатқа жету шарттары немесе «ғадалетті адам» идеалын сомдау.

Біз алдарыңыздағы мақалада қойылған міндетке орай, ойшылдың әділет-махаббат Тәңірінің заңы екенін дәйектеген ой-пайымдарын ғана шолып өтпекпіз.

«Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғаделет, һәм махаббат бар» дейді Абай трактаттың мағрифатулла бөлігін аяқтаған тұсында.

Осыдан соң, ғұлама Алла тағаланың адам баласының пайдасына жасаған несібе, нығметтерін түгелдей тізбелеп айтып: «Бұл хикметтерінің һәммасында мархамат һәм ғаделет заһир тұр екен» деп түйін түйеді. Он сегіз мың ғаламның бір тәртіпке бағынып, аса күрделі зор мәшина сияқты таңғажайып үйлесімділікпен жұмыс жасауы енді түсінікті:  Құдай ісінің бәрі мархамат-ғаделеттің көрінісі екен.

Әрі қарай Абай ғаламдық көріністерден адам баласының іс-әрекеттері қалайша мархамат-ғаделетті болмақ деген мәселеге ауысады.

«Енді белгілі, иман құр инанышпенен болмайды, ғаделет уә рафғатпенен болады, - дейді данышпан. - Ғамалус-салих (жақсы істер) ғаделетті мархаматты болмақ. Күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбір ғаделетті мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не хәлетте екендіктерін, оған дәлел керек емес». Демек, иман шын болудың  маңызды шарты -көпке пайдасы тиетін ізгілікті істер - ғамалус-салихтерді атқару, қысқасы, «мархамат-ғаделетті иманның шартынан хисап қылу».

«Алла тағаланың пендесіне салған жолы қайсы?» деген бүкіләлемдік сұраққа ұлы Абайдың берер жауабы міне осы.

Даналық трактат - «Ғақлиат-тасдиқатта» (қазіргіше 38-ші қарасөз) жүйеленген әділеттілік ілімі жайлы сөзіміз осымен тәмам.

Төрткүл дүниені төңкеріп өткен талай ұлы төңкерістерді білеміз. Олардың әділет сезімге сүйенбегені, оны желбіреген туына жазбағаны кәне. Бірақ бұл «әділет» пен Абайдың «ғаделеті» арасы жер мен көктей алшақ. Алдыңғысы бір қоғамды түбірімен қопарып тастап, келесісін орнатуға бағытталса, Абайдікі Тәңірінің ісі, заңы сапасында болғандықтан жұртшылықты тыныштыққа, береке-бірлікке ұйыстыруға қызмет етеді. Кемеңгердің жай ғана «әділет» демей, оған міндетті түрде шапағат, махаббат, мархамат ұғымдарын қосақтауының мәнісі осы арада, осылайша жаңа сападағы категорияны, кеңірек алғанда ілімді қалыптастырған деуге керек.

Абайдың әділет, махаббат іліміне Шәкәрімнің «ар ілімі» сабақтасады. Мысалға Абайдың әйгілі концепциясы «үш сүю» - дің бірі - әділет. Яғни Абай Алланы сүй, адамзаттың бәрін сүй дей келе, үшінші әділетті атайды:

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Шәкірті Шәкәрім бұл идеяны:

Тәңірі жолы - ақ жүрек,

Сайтан деген - қиянат.

Ақ жүректі ертерек,

Ескер-дағы қыл әдет, -

деуімен қуаттайды.  Абай: «Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақыл» деп түйіндесе, Шәкәрім:

Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес, -

деп шегелейді.

Соңғы айтар жай, Абай ашқан әділеттілік ілімі, заңы сияқты рухани компас бола алатын тың танымға, темірқазық идеяға адамзат көші аса зәру. Адамзаттың  тыныштығы ғаделет-мархаматпен болса, әлемдік діндерге ақиқат таным арқылы ғана жан бітеді.

Таяу күндерде елордамыз - Астана төрінде өтетін әлемдік діндердің ІІІ форумында береке, тыныштық іздеген ғұламалар игі мақсаттар үшін бас қоспақ. Олардың ой-толғауларында махаббатты, әділеттілікті орнықтыру жетекші  идеяның бірі боларына сенімдіміз.

Асан Омаров - абайтанушы ғалым,

Әділет Министрлігі жанындағы

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

және талдау орталығының жетекші маманы.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963