Сенбі, 23 Қараша 2024
Туған жерге туың тік! 3286 0 пікір 10 Қыркүйек, 2017 сағат 08:06

Байқоңырды өзіміз дамытуға жауаптымыз

Байқоңыр қаласы – Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі екендігі мәлім. Ресеймен бірлесіп, қаланың тіршілігін қамтамасыз етіп, ортақ жобалар мен бағдарламаларды іске асырып, жалға беру шартында  жұмыс жасайды. Байқоңыр қаласы мен Байқоңыр ғарыш айлағы Ресей мемлекетінің Қазақстаннан 2050 жылға дейінгі жалға алған «Байқоңыр» кешенін құрайды.
Облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Серік Қожаниязов атап өткеніндей, соңғы жылдары екі мемлекеттің басшылары мен Үкіметі тарапынан «Байқоңыр» кешеніне «екінші өмір»  беруге бағытталған  бірқатар шаралар қабылданған. Халықаралық келісім-құқықтық базасына қажетті өзгерістер мен қосымшалар енгізілді.
Өткен жылдың аяғында Санкт-Петербургте өткен Қазақстан және Ресей Президенттерінің кездесуінде «Байқоңыр» кешенінде ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға бағытталған жаңа стратегиялық құжатқа қол қойылды. Бұл құжат Байқоңырдағы бірлескен іс-қимылдардың негізгі кезеңдері мен формаларын айқындап берді. Қазір осы келісім аясында жұлдызды қалашыққа жаңа дем беретін, Байқоңыр қаласын дамыту бойынша ұзақ мерзімді бағдарламалар дайындалуда.
«Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану  ынтымақтастығында Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының бесінші отырысын өте нәтижелі деп сенім-мен айтуға болады. Онда екі жақ Байқоңыр ғарыш айлағын ұстап тұруға және оның инфрақұлымын дамытуға, сондай-ақ «Бәйтерек» зымыран кешені базасында бірлескен ұшырылымдар жасауға бағытталған  шаралар қабылдауға келісті. Сонымен қатар, «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыру мерзімін 2025 жылдан 2022 жылға, яғни үш жыл ерте мерзімге ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Осыған байланысты тараптар жұмысты жеделдету үшін қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті барлық құжаттарды бірлесіп дайындап шығуы тиіс.
Қазақстан тарапы «Бәйтерек» жобасын жеделдету және ғарыш-зымыран кешенін болашақта жүк кемелерін ұшыруға пайдалану үшін қызығушылық білдіргенін айта кету керек.  Одан бөлек, «Зенит-М» ғарыш  кешенінің жер бетіндегі ғарыштық инфрақұрылымы нысандарын РФ-ның жалға алуынан босатып, оларды ҚР-ға өткізу туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге, бүгіннің өзінде қазақстандық мамандардың «Байқоңыр» кешеніндегі жүзеге асырылып жатқан ғарыштық бағдарламаларға тікелей қатысу мәселесі шешілуде. Өткен жылдан бастап, Қазақстан мен Ресейдің ғарыштық ынтымақтастығы шеңберінде бірінші рет тоқсаннан астам қазақстандық мамандар жұмыс істеп тұрған «Протон-М» ҒЗК пайдалануға қатысуда.
«Бәйтерек» жобасы екі мемлекет арасындағы жүйелі қарым-қатынасқа айналып келеді. Оның аясында көптеген жұмыстар жүзеге асырылуы тиіс. Ол ең бірінші «Байқоңыр» кешенінің экономикасын әртараптандыруға қатысты,
Энергетика саласы мен халық шаруашылығы қажет¬тілігіне арналған газтурбиналық двигательдер шығару жобасы, Ынтымақтастық бағытында «Юбилейный» аэродромы аумағында ұшақтар мен тікұшақтардың ірі бөлшектерін жинайтын орталық құру, тараптардың ғарыш мекемелері бөлімшелері мен қарулы күштері үшін арнаулы киім тігетін бірлескен кәсіпорын құру секілді жобалар ұсынылуда.
С.Қожаниязов Қазақстан делегациясы»МАКС-2017» авиағарыш салонына сапары кезінде Новосибирск Федералдық мемлекеттік біртекті кәсіпорын басқаруын¬дағы  «С.Чаплыгин атындағы Сібірлік Авиация ғылыми-зерттеу институты» басшылығымен ірі бөлшектерді жинастыру және жетілдірілген АН-2 ұшақтарын кіші авиация ретінде өңірлік маршруттарда қолдану, сонымен қатар авиахимиялық жұмыстарға пайдалануды ұйымдастыруға байланысты  ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүр¬гізілгенін жеткізді.
Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының отырысы тақырыбын жалғастырғанда мұнан бөлек Байқоңырды дамытудың бірлескен жобасы туралы келісімге келгенін етеп өту керек. Жобаның жүзеге асуымен жалға беру жағдайында қала инженерлік нысандарды және әлеуметтік инфрақұрылымдарды  дамыту көзделіп отыр.
ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің айтуы бойынша, «Байқоңыр» кешеніндегі жаңалауға жататын қондырғылар мен инженерлік инфрақұрылымдар Ресей Федерациясының жалға ¬алуынан шығарылып, облыстық әкімдіктің иелігіне жеті жылға, оны әрі қарай ұзарту құқығымен берілетін болады. Жұмыстарды қаржыландыру ҚР-ның бюджет туралы  қазіргі заңына сәйкес, облыстық әкімдікке мақсатты трансферттер бөлу жолымен жүргізілетін болады.
Барлық жұмыстар атқарылып болғаннан кейін РФ-дан жалға алудан шығарылған мүліктер оларға қайтадан беріледі. Жаңа тұрғын үйлер құрылысына қатысты да жағымды жаңалық бар. Соңғы отыз жыл көлемінде қалада жаңа құрылыстар басталатын болады. Қазақстан жағы бұл жерде жаңа микроаудан тұрғызады, ондағы бес үйде 250 байқоңырлық  отбасы қоныстанады.
Байқоңырды газдандырудың сызбасы бекітілген. Үйлерге газ кіргізу мен сынақтан өткізудің техникалық дайындығы қамтамасыз етілді. Бірінші кезекте газдандырылатын үйлерде газ плиталары өзгертіліп қойылды. Биылғы жылдың өзінде газдандырудың алғашқы кезеңінде алты үйге газ кіргізу жоспарланған, ал одан кейін көгілдір отын тағы он төрт үйге жеткізіледі. Мұнан бөлек, қаланың балабақшалары мен мектептерін табиғи газға көшірудің дайындығы толығымен жүргізілді. Облыстық медициналық орталық филиалы қазандығын табиғи газға ауыстыру жөніндегі құжаттарды дайындау аяқталып келеді. Келесі жылы осы әлеуметтік нысандар толығымен газдандырылып бітеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қаланың ЖЭО газға көшіру механизмдері ойластырылуда.
«Байқоңыр» кешенінің экономикасын туризмсіз елестету қиын, әлемде «алғашқы ғарыш бесігіне» деген қызығушылық үлкен екені белгілі. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары «Байқоңыр» кешенінде туризм инфрақұрылымын дамытудың бағдарламасы бекі¬тілгенін жеткізді. Байқоңырға жақын жерден құрылатын аумағы 50 гектарлық туристік ойын-сауық аймағының концепциясының тұсаукесері өткізілген.
«Байқоңыр» кешенінің географиялық және тарихи маңыздылығы Ұлы Жібек жолын алмастырып отырған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасуы деп айтуға болады. Облыс аумағында бұл жолдың бойында көптеген ескерткіштерді кездестіруге болады, соның бірі – Байқоңырға жақын орналасқан «Қорқыт ата» мемориалдық кешені.
Ең маңызды атап өтетін нәрсе, бір кездері толығымен жабық болған қала бүгінде барлық қызығушылық білдіргендер үшін: инвесторларға, туристерге, маман¬дарға, бизнесмендерге барынша ашық және тартымды болуға тырысуда. С.Қожаниязов Байқоңырды дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы келісілгеніне басты назар аударды. Бағдарламаға сәйкес, ресейліктер қаланы ұстап тұруға, ал қазақстандықтар оны дамытуға жауапты. Дәлірек айтқанда, ресейлік не қазақстандық бөлек Байқоңыр жоқ. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері екі мемлекет өкілдері бірлесіп өмір сүріп, еңбек етіп жатқан ортақ үй бар.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ
Abai.kz
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387