«Игілік» - игілікті істерді насихаттауға жолдама алған журнал
МЕРУЕРТ ӘБДІРАЙЫМҚЫЗЫ - Республикалық жанұялық "Игілік" журналының Бас редакторы:
- Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2005 жылдың 20 желтоқсанында алғаш рет 24 беттік қара түсті "Игілік" журналын қолымызға алғанда балаша қалай қуансақ дәл сондай күйде жабырқап, қорықтық та. Өйткені біз енді жеке басымыздың ғана емес, еліміздің игілікті ісін насихаттауға жолдама алған қазақ баспасөзінің бірі ретінде үлкен көшке ілескен едік. Бір қарағанда 5 жыл аз ғана уақыт секілді. Ал біз үшін бұл үлкен де ауыр жол болды. Өз бетінше қаражат тауып, өз бетінше басылымды аяғынан тік тұрғызу әрбір баспагердің маңдай тері, ұйқысыз өткен түндері, жетіспеушілікпен алыса жүріп, бірде мұңайып, енді бірде қуанышқа бөленетін күндері...
Иә, қандай тіршілік жасасаң да пенде болған соң қызметіңнің жемісін, жеңісін көріп, рухани ләззат алғың келеді. Бұл талассыз тілек. Ал біздің тілегіміз - еліміздің игілігіне айналу еді, сол тілегімізге жетіп қалғандаймыз. Осы жылдар ішінде қазақ баспасөзінің қатарынан қалмай, тізерлесе қызмет жасап келеміз. Шамамыз жеткеше Республикалық және Алматы қаласының ішінде ұйымдастырылып тұратын түрлі қайырымдылық шараларға да үлесімізді қосудамыз. Және Отанымызды сүйетін жастарымыздың рухын шыңдау үшін қазақ отбасының мәнін, мағынасын шыңына жеткізе насихаттау үшін бар білімімізбен біліктілігімізді ортаға салудан біз де керемет ләззат алудамыз.

Қазір "Игілік" журналы ҚР Білім және Ғылым министрлігімен, Алматы қаласы әкімдігімен, Алматы қаласы Білім департаменті, Алматы қаласы, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Балалардың құқықтарын қорғау департаменттері, Қазақстандағы Дағдарыстық орталықтар одағы заңды тұлғалар бірлестігімен және түрлі үкіметтік және үкіметтік емес мекемелермен, сондай-ақ, Республикамыздағы білім шаңырақтарымен тұрақты әріптестікте жұмыс жасауда. Ал ең бастысы осы 5 жылдың ішінде "Игілік" журналының тұрақты оқырмандары қалыптасты.
Халқымыздың игілігі үшін атқарып жатқан еңбегімізді бағалап, саралап отырған оқырмандарымызға және жақсының бағасын білер көзі қарақты әрі рухы мықты халқымызға шексіз алғысымызды білдіреміз!
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ, КСРО Халық әртісі:
- "Игіліктің" ісі әрдайым игілікті болсын. Журнал қазір жақсы қарқында келе жатыр. Дегенмен қозғалыс болуы керек. Жаймашуақ болғаны жақсы, әрине. Бірақ та уақыт өткен сайын жаңалық қосып, оқырмандарын көбейтетін алымды дүниелер жазыла берсін. Бізде басылымның түр-түрі шығып жатыр. Олардың көптігі жақсы, дегенмен сапа жағын да ойлау керек. Ел-жұрт шет елдің басылымдарын іздеп оқиды, осының себебін ұққан қазақ басылымдары шындықты шырылдатып жазуды үйренулері керек. Баспасөз деген елдің көзі, құлағы, үні, сондықтан да баспаны жеке байлық деп қарамай, елдің байлығы, рухани азығы деп санаулары керек. Сонда ғана қозғалыс болады. Ел жаппай қазақ газет-журналдарын іздеп оқитын болса, міне жетістік деген осы болады!
"Игілік" журналына деген тілегіміз дұрыс, ұнатып оқимыз. "Игілік" журналының 5 жылдығы 10 жылға, 20 жылға, 100 жылға ұлассын!
ӘДІБАЙ ТАБЫЛДЫ, Ақын, жазушы:
- "Игілік" журналының игілікті жұмыстары өте көп: журнал ұлттық тәрбие жүйесін негіздеді. "Әдеп әліппесі", "Ұлттық болмыс", "Адам және қоғам", "Отбасы мәселесі", "Иман әлемі", "Ақ тілекті аналар әлемі" т.б.с.с. айдарларының көкейге қонымды әсерлі, ойға оралымды дүниелері қазақ ұлтының халықтық педагогикасының асылдарын теріп оқырманды ойландырады, тәрбиелейді.
Айшықты айдарларымен берілген мазмұны мәнді шығармаларды оқу орындарында тәрбие жүйесіне жан-жақты пайдалануға әбден болады.
Оқу-ағарту жүйесіндегі өзекті мәселелерді сөз етіп, түрлі пікір қозғайды. Жалпы журналды оқушылардың басы - билікте болуы қажет. Ол қажеттіліктер өтелсе, оқу-ағарту ісіне журналдың қосар үлесі мол.
Журналдың көркемдігі, безендірілуі, тілі оқырмандардың ойынан шығып, басылымның бағасын арттырып тұр. Осындай игілікті тірлікті шыңына жеткізе орындап, көпшілікке толассыз рухани сыйлық ұсынып отырған "Игілік" журналының басшысы, біздің сүйікті қызымыз - Меруерт Әбдірайымқызы басқарып отырған редакция ұжымына аталық ақ батамды беремін. Істерің сәтті болсын, балаларым!
ЕСКЕНДІР ХАСАНҒАЛИЕВ, ҚР Халық әртісі:
- Біз отбасымызбен 5 жылдан бері "Игілік" журналының тұрақты оқырманымыз. Үйімізге ай сайын келіп тұратын басылымды сүйіп оқимыз және әрбір санын жинап қоямыз. Үймізге келген қонақтар да ұнатып қолдарына қыстыра кетеді. Өйткені журналдың іші мәнді-мағыналы, сапасы да өзгеше. Журналдағы әрбір мақаланы жалықпай оқып шығасың. Әсіресе, жеке тұлғалар туралы очерктері өте жақсы жазылады. Осы журналды оқып отырып әртүрі танымал адамдардың өзгеше бір қасиеттерін байқап, танып жатамыз. Мұның өзі тілшілердің тәжірибесін, редактордың іскерлігі мен біліктілігін бірден байқатады. 5 жыл деген бір басылым үшін үлкен жол, кішкентай мерей той болғанымен атқарған еңбектері үлкен. Ылғи да қадамы жақсы болсын және жылдан-жылға жетістіктерге жете берсін. Барлық жақсылық пен сәттіліктерді тілейміз. Оқырмандар мен редакция арасында рухани махаббат орнасын. "Игілік" журналын оқитын әрбір шаңырақта махаббат пен татулықтың тұрақтары даусыз. Дәйім солай болғай!
СҰЛУШАШ ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры:
- "Игілік" журналының ұжымын 5 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Асқақ адамгершілік пен ізгі ниетке, ғылым мен білімге, мәдениет пен өнерге жетелейтін "Игілік" журналы Республикамыздың оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп, тәлім-тәрбиесі мол істердің басы-қасында болып, ұлттық болмысымыздың қайнар көзі, парасаттылық пен тектіліктің бастауы - отбасынан басталатындығын жаңғырта насихаттап, ел үшін қызмет ететін азаматтардың игілікке толы істері мен игі жетістіктерінен ұзақ жылдар бойы хабардар ете беретініне сеніміміз мол.
Қол жеткен жетістіктер, әсте, межелі белес болмаса керек. Алдағы уақыттарда да талай-талай мақсаттарыңыз орындалып, талап биіктерінен көріне берулеріңізге тілектеспін
БИБІГҮЛ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, теле-жүргізуші, продюсер:
- Жалпы "Игілік" журналын сонау 2005 жылдан бері жақсы білемін. Басылымның қандай белестерден өтіп келе жатқандығы да оқырман ретінде көз алдымызда келеді. Негізінде жекеменшік басылымдар көптеп ашылып жатқандарымен олардың нарық көшіне ілесе алмай жабылып жатқандары да жетерлік. Осындай кезде еліміздегі қазақ баспасөзінің жағдайы жүрегіңе қаяу салады. Дегенмен нарықтың заңдылығын бағындырып, талапшыл заманнан сүрінбей, жыл сайын жаңаша қырымен тынылып, өз оқырманын жинап, халықтың көңілінен шығып жатқан қазақ баспасөзіне разы боламын.
"Игілік" журналының құрылтайшысы әрі Бас редакторы - Меруерт Әбдірайымқызын қаламы қарымды әрі өте іскер де білікті басшы ретінде қатты құрметтеймін. "Аялы алақан" бағдарламасының қайырымдылық шараларына бірнеше рет көмек қолын ұсынған "Игілік" журналының ұжымына да айтар алғысым шексіз.
Елдің алғысына лайықты "Игілік" журналының әлі де жаңарып, жандана түсетіндігіне де толықтай сенімдімін әрі қазақ баспасөзінің тарихына қосар үлесінің салмақты болуына тілектеспін.
БАЙСАҚОВА ЗУЛЬФИЯ, Қазақстандағы Дағдарыстық орталықтар одағының заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы:
- Қадірлі Меруерт Әбдірайымқызы және редакция ұжымы!
Сіздердің ұйымдастыруларыңызбен жарыққа шығып келе жатқан "Игілік" журналының шығармашылық жетістігіне бәріміз де куә болып келеміз. "Игілік" журналының әрбір жетістігін еліміздегі журналистика саласына қосылған жетістік деуге әбден болады. 5 жылдың ішінде редакция ұжымының көптеген игілікті шаралары елдің назарында болды. Халықтың игілігі үшін тынбай ізденіп, шығармашылықтарын шыңдап келе жатқан ұжымға табыс тілеймін.
«Абай-ақпарат»