ЕСЕСІ КЕТКЕН ЕСІЛ ДАРЫН
1977 жылдың мамыр айы. Оралдың Пушкин атындағы педогогикалық институтының соңғы курсында жүргенмін. Аяқ астынан “Орал өңірі газетінің бөлім меңгерушісі Тихон Әліпқалиев шақырсын. Бойлы да ойлы өзім құрмет тұтып жүрген аға еді. Жеделдеп бардым. Жақында газетке редактор боп Бақтыбай Далабаев келген. Келе сала: - Ұжымға жігерлі жас күш керек. Қаламның желі, аузының ебі бар жігіттерді жинайық, - депті. Сөйтіп, облыстық теледидардан қоймай өлең оқып, радиодан жағымды сауып диктор боп қосымша қаражат тауып жүрген маған алғашқы таңдау түсіпті.
Сол күні олжаға кенелдім де қалдым. Жұмысқа да кірейін, газеттегі белгілі ақын Жанғали Нәбиуллинмен де танысайын. Жәкеңнің кабинетінде ұзын бойлы, аққұба өңді, ашаң жігіт отырды.
«Танысыңдар. Бұл – Сағат Әбдіғалиев деген ақын ағаң, - деді Жанғлаи жанындағы жігітті нұсқап. – Қазірде ауруханада жатыр. Кешікпей шығады».
Міне, Сағат екеуміздің бір жыл бойы жұп жазбаған ағалы-інілігіміз, достығымыз сол сәттен басталып еді.
Жиырма бірге әлі толмаған менің өзім де, өлеңім де піспеген шикі еді. Ал, ол болса… Ол өлеңді жазбайтын, құятын. Түрлі-түрлі мүсінде. Оның жазғанында бір сабақ жіп артық болмайтын. Кестелеп төгетін. Сөз сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады.
Тана Жиембет жырау Бортоғашұлының жетінші ұрпағымын, - дейтін өзі. Сүйегіне сөз тек қуалап бітсе керек. Әттең Жасаған ием таңдайына қиғанмен, маңдайына қимады.
Әйтпесе: Әрқашанда кем болды-ау, несіп кесең
Қайран жұртым қайғымен бесіктес ең
Төрге шығар басыңды төмендетіп,
Телміртіпсің талай жыл есікте сен, - деп тебірену Сағат сынды саңлақтың ғана қолынан келер іс. Немесе:
Қазағамның намысы едің жанитын,
Жау күтумен бұзылыпты сан ұйқың.
Басың кетті мынау марғау даланың,
Адамдыққа жеткізем деп әр итін.
Әй, Махамбет! – деп жалаң қылыштай жалтыл қағу саған ғана жарасар-ды.
Тағдыр шіркін адаммен ойнай ма, әлде адамы түскір тағдырмен ойнай ма, білмедім. Әйтеуір, Сағаттың өмір сапары соқпақты да, соқтықпалы болды. Марат Отаралиев, Жұматай Жақыпбаев сынды бұл да бітірмей КазМу-ды тастап шыққан. Қалай тастамасын, жастықтың қызуы бар, тағы да қосымша қыздырма күштер қосылып деканына сабақ өткіздірмей, екі сағат бойы партаның үстіне шығып алып өлең оқыса… Ақын біткеннің арманы болған Алматымен осылай қоштасқан.
Тастақтың тас көшесіне тасырлатып,
Іздедім тырна тізбек трамвайдан, - деп ұмсынғанын таппай, ұзын дәме, қысқа қолмен ауылына оралған.
Ол кезде оқудан шығып кеткен тенткке, әйелімен ажырасқан еркекке қоғамның да, өмір сүрген ортаңның да қабағы қатулау еді ғой. Кел десе қарап, іш десе жалап тұратын мүттәйімдердің аты озған заман еді. Өз оты өзін өртеп айқара құшақ Алматыға симаған адам алақандай ауылға сия ма? Болмашы асаулығы сеп болып, оның үстіне әлдебір прокурормен шатақтасып 2-3 жыл түрменің де былмығынан ауыз тиіп қайтады. Өлеңді одан сайын өндірте жазады. Ішкі ыза сыртқа теуіп, өлеңдегі ойлар одан әрмен өткірлене түседі. Өйткені, оның шығармашылықтан өзге ғұмыры болмайтын.
Бірде өзі сүйеніш көретін Жұбан ағасы (Молдағалиев) туған жері Тайпаққа келеді. Басшысы-қосшысы қарсы алысып отырған шырайлы сұхбат үстінде атақты ақын:
- Осында Сағат бар ма? Талантты ақын. Қайда жүр өзі, алдырыңдаршы, - демей ме?
Ел ағалары сасып бір-біріне қарасады. Бақса, Жұбағаң келерден бірер күн асқақтап жүрген асау Сағатты ұятты кісінің көзінше бірдемені бүлдірер деп аудандық ішкі істер бөліміне қамап тастаған екен. Сағат қарап жата ма:
Тайпағым айналайын бұла мекен,
КПЗ-ң төрт бөлмеден тұрады екен.
Тайпақтың түрмесінде шіріп жатыр,
Европаны шарлап келген мына көкең деп өлеңмен құлаш-құлаш хат жазып жолдайды дейді.
Жаны қысылған басшылар әбжіл қимылдап, Сағатты әспеттеп алып шығып, ақ көбік ғып шомылдырып, жаңа костьюм кигізіп, мойнына шоқпардай галстук байлатып алып келіседі.
Со жолы Жұбан аға інісін аудандық автостансияның бастығы етіп жұмысқа тұрғызып кеткен.
Атың өшкір арақ шырмады ғой, жалғыз Сағатты ғана емес… Жарасқанның жыры бар-ды.
Жетеді, жетеді енді жетер, жетер,
Қызық та, қыздыр ма өтер, кетер,
Құл болған қу араққа қайран ақыл,
Басыңды бұға бермей көтер-көтер! – деген.
Қазақ боп туып, осы халықтың арасында өмір сүруге болғанмен өлуге келгенде біртүрлі ойлансың. Ұмытшақтығынан қорқа соғасың ба, әлде тірінің өкпесі өлгенге де тарамайтынынан қаймығасың ба…
1981 жылы Алматыға қызметке келгенімде Мұқадес Есламғалиевтен Сағаттың тағы да істі боп Жаңа Өзеннің түрмесінде жатқанын есіттім. Адресін алып, дереу хат жаздым. Жауап та көп тостырмады. Оқушы дәптерінің төрт бетін толтырған жасыл-көк сиямен түскен тайға салған таңбадай жазу көзіме оттай басылды.
“Рахымжан, тентектігіңді қойдың ба? Араққа жола ма, тез жаз, жаз! Менің көк соққан тағдырымды қайталама… Жұбан ағам алып берген қызметімді оқсатпадым…” дейді Сағаттың хаты.
Жас едік, арман көп те, ақыл аз еді. Қазір ғой ақылдың көбейіп, арманның азайғаны. Әйтеуір, бүгін, ертең деп жүргенде Сағаттың сол өтінішін орындай алмадым.
Кейін еліне аман-сау оралып, қысты күні өзі жанындай сүйген Жайық өзені жағасында жан тапсырыпты… Алладан пәрмен келіпті деген ішкі өкінішім көтеріліп, көпке дейін басылмай қойды.
…Іздейді екен ғой Жайығым,
Сағаттың даусы қайда деп.
Ең соңғы аманат жыры осы болса керек!
Қазірде өлеңмен ойламай, ойнайтын бәз біреулерді көргенде сол Сағат есімі түседі ойыма. Оның төрт аяғын тең басқан жыры санамда сәулеленеді. Есесі кеткен есіл дарын, деймін қамығып.
Рахымжан Отарбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.