Кәріс пен қазаққа ортақ ұқсастық
Ұлттық музейде «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институты тарихи-мәдени мұраны зерттеу саласы бойынша халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеу институттарымен бірлесіп жұмыс жасап келеді. Нәтижесінде институт мамандары тәжірибе алмасу мақсатында өзге елдерге арнайы барып, тағылымдамадан өтіп, дәріс тыңдап, зерттеу жұмыстарымен айналысып, барынша біліктікті арттырырып жүр. Қазақстандық мамандарға жат жұрттың тарихын танып, мәдениетін біліп, түрлі кешендерімен танысып қана қоймай, археологиялық ескерткіштерін, құнды жәдігерлерін көзбен көруге үлкен мүмкіндік жасалған.
Биылғы жылы мен де Оңтүстік Корея Республикасына барып, сол елдің «Мәдени мұра» Ұлттық ғылыми-зерттеу институтында тарихи-мәдени мұраны зерттеу саласы бойынша "Asia Cooperation Program on Conservation Science (ACPCS)" бағдарламасы аясында ғылыми тағылымдамадан өттім. Бұл сапар үш айға созылды. Камбоджа, Филиппин, Моңғолия, Мьянма және Бутан секілді Азия елдерінен келген 8 ғылыми қызметкер білгендерін ортаға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Білгір мамандардан көрген-білгенім де, тоқып-түйгенім де жетерлік. Тағылымдама бағдарламасы бойынша әр қатысушыға аталған институттан арнайы жетекші тағайындалды. Жетекшімен бірге жеке зерттеу жұмыстарын жүргізуге, оның ішінде: сол елдің белгілі ғалымдарымен кездесуге, кітапханалар қорымен танысып, керегіңді тауып оқуға, зертханаларында еркін жұмыс жасауға мүмкіндік жасалды. Ізденген адам үшін одан асқан бақыт бар ма?! Көптен ойымда жүрген дүниелерді жүзеге асырып, түрлі құралдармен жан-жақты жабдықталған, қоры бай зертханада түрлі зерттеу әдістерін үйреніп, өз тақырыбымды талдай түсуге қызығушылығым артты. «Қазақстан және Кореяның элиталы қорғандарынан табылған алтын жәдігерлердің салыстырмалы талдауын жасау» тақырыбы бойынша көне экспонаттарды зерттеу, салыстыру, сақтау, қайта қалпына келтіру жөнінде тәжірибе жинақтап жүрген мен үшін аталған сапардың маңызы зор. Сараптама нәтижесінде мынадай қызыққа тап болдым. Қазақстанның қола және ерте темір дәуірі мен Кореяның ежелгі патшалықтары дәуіріне тән алтын бұйымдары бір-біріне өте ұқсас екен. Екі ел тарихы, саясаты, экономикалық дамуы жағынан бір-бірінен алшақ мемлекеттер болғанымен, мәдениеті жағынан ортақ үндестік байқадым. Қалай дерсіз? ҚР Ұлттық музейі қорындағы Есік обасы, Тақсай 1, Қарашоқы, Бесоба, Ақтасты қорымдары мен басқа да ескерткіштерден табылған жәдігерлер мен корей елінің Кымкванчон, Чонмачон, Собончон, Хваннамдачон секілді әлемге әйгілі қорғандарынан табылған алтын жәдігерлерін зерттеп, салыстырдым. Есік қаласынан табылған Алтын адамның бас киімін Кореяның Силла патшалығы дәуірімен кезеңделетін алтын тәжбен салыстырып көрдім. Екі жәдігерде де құс бейнесі таңбаланыпты. Ал сол кезеңдерге тән сырғалар мен салпыншақтар, өрме техникасымен жасалған алқалар ортақ стильмен өңделген. Тіпті қолданылған асыл тастарда айтарлықтай өзгешелік жоқ. Аталған ұқсастықтар екі елге ортақ бір дүниетанымның барлығын көрсетіп тұр.
Бұл елдің біздің елге тағы бір ұқсайтын жері – қонақжайлылығы. Алғаш барған күннен бастап тік тұрып қарсы алып, кішіпейілділікпен ерекше құрмет көрсетіп, қайта-қайта жағдайымызды сұрап, қажетімізді жеткізіп, алаңсыз жұмыс істеуімізге барынша мүмкіндік жасап, қазақстандықтарды жатырқатпады. Қонағын төрге шығарып, алдына барын тосатын өз еліміздің ыстық ықыласын ол жақтан да байқадым.
Іссапар барысында екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында ғылыми семинар ұйымдастырылып, шараға Қазақстан тарапынан ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы А. Оңғар, осы институттың аға ғылыми қызметкері Б. Хасенова және БҚО тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері Я. Лұқпанова қатысты. Семинар барысында Оңтүстік Кореяның Тэджон, Кенджу және Сеул қалаларында жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстар таныстырылып, зерттеу, салыстырмалы талдау жасау жұмыстары жөнінде ғылыми пікірлер айтылды.
Дамыған елдің даралығы мені таңдандырғаны жасырын емес. Аталған елде музейлердің барлығы халыққа тегін қызмет көрсетеді екен. Және археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген орындар белгілі бір уақыттан соң ашық аспан астындағы музей ретінде таныстырылып, көпшіліктің назарына ұсынылады. Сондықтан да болар, ол елдің халқы тарихи мұраларына, көне жәдігерлеріне, ескерткіштеріне ерекше құрметпен қарап, барынша қамқорлық жасайды екен. Асыл құндылықтарын келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуді әр кәріс азаматы өзіне парыз санайды. Ал банктері мен ауруханалары көпшілікке кезексіз қызмет көрсетеді. Үлкен мейрамханалары мен көшеде орналасқан шағын тамақтану орындары да жұртқа тек ұлттық тағам түрлерін ғана ұсынады.
Үш ай үш күндей зулап өте шықты. Мамандығыма қатысты мол мағлұматпен білгенімді бекіте түстім. Ағылшын тілінде жүргізілген дәрістердің де бергені көп. Таңдандырған таңсық нәрсені меңгеру бар да, көппен бөлісу бар. Өзге елдің өзгешелігін дәл сол қалпында көшіріп, еліктеуден аулақпын, әрине. Алайда жас маманға артықтық етпейтін, үйренуге тұрарлық үлгілі дүниелер керегіме жарайтыны анық.
Айнұр Саутбекова
ҚР Ұлттық музейі
«Халық қазынасы» ҒЗИ-ның
кіші ғылыми қызметкері