"Заманауи көпэтносты Қазақстан" форумы өтті
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Заманауи көпэтносты мемлекет: ұлттық модельдер мен даму стратегиялары» ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумы болып өтті. Бұл туралы "Абай ақпарат" порталы хабарлайды.
Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Форумға ҚХР, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь елдерінен келген сарапшылар, сондай-ақ, халықаралық қатынастар саласындағы отандық танымал сарапшылар қатысып, сөз сөйледі.
Дархан Мыңбай алғы сөзінде, биылғы жылдың еліміз үшін ерекше жыл екенін айта келе, «Бірлігі бекем ел озады» деген халық даналығын ұстанған Тәуелсіз мемлекетіміз экономикалық жаңғыруды қолға алып, саяси жаңғыруды бастап, рухани жаңғыруға қадам басты. Күні кеше ғана жер жаһанды дүбірлетіп «EXPO-2017» Халықаралық көрмесін абыроймен өткіздік. Бүгінгі өткізіліп отырған Форум да сол маңызды шаралардың заңды жалғасы деп білемін» деді.
Сондай-ақ, Елбасымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» фестиваліндегі: «Тәуелсіздіктің ең басты тірегі – бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық. Осының арқасында біз 25 жылда мемлекет құрдық, деңгейін көтердік, xалықтың әл-ауқатын жоғарылаттық. Ал Ассамблея – осы қасиетті тірегіміздің мызғымас тұғыры» деп атап өткен болатын. Расында да, біз егемен ел ретінде өмір сүріп отырған жылдарда төрткүл дүниеге бірлігі жарасқан көпэтносты елді даудың да, жаудың да алмайтындығын паш етіп келеміз» деген сөзін тілге тиек етті.
Философия ғылымдарының докторы, Беларусь Республикасынан келген профессор М.А.Можейко аталған тақырып төңірегінде өзекті ой қозғап, мәдениеттің жаһандану заманындағы даму процестері жөнінде пікірін білдірді.
Форумның күн тәртібінде – заманауи жағдайда азаматтық бірегейлікті қалыптастыру тәжірибесін мәдени-философиялық түсіну, Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің орнын және оның қазіргі заманғы ұлғайып келе жатқан сын-қатерлер жағдайындағы рөлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлін ашық көрсету секілді бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстанда да, әлемде де мәдени әртүрлілік пен мәдениетаралық диалогты сақтау және кеңейту бойынша практикалық ұсыныстар тұжырымдалды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңірінде этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің ұйымдастыруымен өтті.
Ерғали Берікұлы
Abai.kz