Әнес Сарай. Ноғайлы
Көшпенді не жартылай отырықшылы қауымдардың қоныстарын анықтауда отырықшы мемлекеттердің өлшемімен келуге әсте болмайды. Орыс ғалымдарының бұл орайдағы еңбектерінен ештеңе түсініп болмайды, өздері де шатысып, оқырманды шатыстырғаннан басқа берері шамалы. Өйткені жағырафиялық жағынан көшпелі - бір күн ойда, бір күн қырда, үнемі қозғалыс, тербеліс үстіндегі қауым. Оның үстіне Ноғайлы Қырым, Астрахань, Қазан, Сібір, Қазақ хандықтарының нақ ортасында орналасқандықтан, төрт тараппен тығыз қарым-қатынаста болды. Кейбір жылдары Ноғайлы жұртының Қазан хандығы жерінде немесе қазақ арасында отырғанын көру - көшпелілер үшін дағдылы жағдай. Соған қарап Ноғайлының шекарасы туралы пікір тұжырымдау асығыстық болмақ.
Ноғайлының жері мен елі
Көшпенді не жартылай отырықшылы қауымдардың қоныстарын анықтауда отырықшы мемлекеттердің өлшемімен келуге әсте болмайды. Орыс ғалымдарының бұл орайдағы еңбектерінен ештеңе түсініп болмайды, өздері де шатысып, оқырманды шатыстырғаннан басқа берері шамалы. Өйткені жағырафиялық жағынан көшпелі - бір күн ойда, бір күн қырда, үнемі қозғалыс, тербеліс үстіндегі қауым. Оның үстіне Ноғайлы Қырым, Астрахань, Қазан, Сібір, Қазақ хандықтарының нақ ортасында орналасқандықтан, төрт тараппен тығыз қарым-қатынаста болды. Кейбір жылдары Ноғайлы жұртының Қазан хандығы жерінде немесе қазақ арасында отырғанын көру - көшпелілер үшін дағдылы жағдай. Соған қарап Ноғайлының шекарасы туралы пікір тұжырымдау асығыстық болмақ.
Ноғайлының жері мен елі
Мәселен, А.И-М.Сикалиевтің XIV-XVI ғасырларда ноғайлардың жайлаған жері Мананнан (Дунайдан) Ертіске дейінгі деп көрсетуі сын көтермейді (Сикалиев А.И-М. Ногайский героический эпос. Черкесск, 1994, 78-б.). Иә, Ноғайлы ыдырап, бет-бетіне бытыраған кезде қайсыбір жекеленген топтары аталған өлкелерде болғаны рас. Бірақ ол Ноғайлының шекара межесі бола алмайды. Ал Шоқан Уәлихановтың: «Ноғайлар осы шамада (Моғол ханы Тұғлық Темір кезінде) Сырдария мен Шуда, Ыстықкөл мен Жетісуда болды» деп (Валиханов Ч. Собр. сочинения. І том. Алма-Ата, 1961, 358-359-бб.), ешбір дереккөзге иек артпай, халық жадына сүйеніп жазғанындағы «Ыстықкөл» бір қарағанда күдікті көрінгенмен, Ноғай шежірелеріндегі «Қырғыз Алатауында» болғандары туралы мәліметпен қабысады. Муин ад-дин Натанзи олардың қонысын «Ұлытау, Сеңгірағаш, Қаратал, Жент, Баршын кент» деп, ноғайлының осы тарапта жасаған бір кезеңінен хабар береді (Трепавлов В.В., 56-б.).
Бұл орайда сан-саққа салған әңгіме жеткілікті. Ноғайлы шекарасы әр кезде әртүрлі болған: бірде кеңіп, бірде тарылып отырған. Олардың өзгермеген тиянақты аш өзек, алтын діңгегі - Жайық өзенінің ұзына бойы. Жан-жақтан жау тықсырған қиын-қыстауда осында топталып, күш жиып, сап түзеп, қайтадан аттаныстарға шығып отырған.
Сондықтан Ноғайлының шекарасы мен қоныстарын Жайықтан бастап сыртқары тараптарға кеңейтіп отырсақ, қателеспейміз. Орданың іргесі қаланған Едіге заманында батыс шекара Еділге, шығыс шекара Жемге тірелді. Ал оңтүстік Каспий теңізінің түстік жағалауымен көмкеріліп, терістік Бұлғар мен Камаға дейін жетті. Татардың «Идегей» жырында Нұрадын өкпелеп Хорезмге кетіп қалған әкесіне сәлем айтқанда, Ноғайлының кіндік қаны тамған топырақтарды атап-атап көрсетеді: «Еділ, Жайық, Бұлғар, Сарай, Нұраның Қара құмы, Ойыл, Қыйыл, Елек, Қарғалы» (Идигей. Татарский народный эпос. Казан, 1990, 121-б.). Азды-кемді таласты тұстар болғанымен, алғашқы жылдардағы Ноғайлының жер аумағы осы шамада.
Б.-А.Б.Кочекаев Ноғай Ордасының Қазан хандығында, Башқұртта, Сібір хандығында «ноғай жұрты» деп аталатын қоныстары болып, олардан салық жиналып тұрғанынан хабар береді (Кочекаев Б.-А.Б. Ногайско-русские отношения в XV-XVIII вв. М., 1981, 98-б.). Ғалым Башқұрттағы «ноғай жұртын» Үфә өзенінің бойындағы естектер, ал Сібір хандығындағы қонысы Төмен төңірегі екеніне деректер келтіреді.
Шамалауымызша, Қазан хандығындағы «ноғай жұрты» - Бұлғар-Самар аралығы. Сондай-ақ өзге дереккөздерден білетініміз - Дағыстандағы Терек өзені бойындағы «қара ноғайлар». Ол Нұрадынның әу бастан-ақ енші жұрты болған. Жоғарыда Нұрадынның әкесіне жолдаған сәлеміндегі «Нұраның қара құмы» дегенге көңіл аудармай және болмай-
ды. Ілгеріде Муин ад-дин Натанзидің ноғайлардың алғашқы қоныс-
тары қатарында Ұлытауды атағанына дерек келтіргенбіз. Ұлытаудың бір сеңгірі Едігетау атанып, Едігенің осында жерленуі жайдан-жай емес, асылында. Левшин Нұра бойындағы Татағайды Ноғайлының қаласы деп бағалағанын ескерсек, ендеше, Нұра өңірі Ноғайлының қазақ арасындағы бір иелігі болғанын аңғарғандаймыз.
Мұса, Жаңбыршы бидің кезінде Ноғайлының шығыс шекарасы төменгі Сыр, Қаратауға жеткені белгілі. Мұса Сыр бойын жайлап, қыстап, Орта Азиядағы әулеттік тартыстардың бел ортасында болды. Осы шамада Ноғайлының шеті Тобыл мен төменгі Есілге жетіп, Сібір хандығымен қоян-қолтық астасты.
Шоқан Ноғайлының шығу тегі мен қоныстарына ерекше мән берген. Бірде: «Қазақтар Есіл даласында адасып қалған ноғайлардан шыққан деген әңгіме бар. Олар мұсылман дінінде жоқ чеген деген халықтан әйел алып, сол аралас қаннан қазақ пайда болған» (Уәлиханов Ш., І том,107-б.) десе, еңбегінің екінші бір тұсында қазақ даласында ескі қала мен мешіттердің орны көп екенін, олардың ноғайлардан қалғанын еске салады (Сонда, 212-б.). Миллердің деректеріне сүйеніп, Мерзлый городок, Тұраш, Малогород, Бузюков болыстары (Чан көлінің төңірегі), Тунус қаласы (Көшімнің шекаралық бекеті), Барабыдағы, Оба көліндегі болыстар: Шаңғұл, Лугуй, Келема және басқалар 1594 жылы ноғайлы Әлей мырзаға салық төлеп тұрды деп (Сонда, 209-б.) Ноғайлының солтүстік-шығыс шекараларынан хабар береді.
Ал Ноғайлы елі дегенде оның құрамына енген ұлыстар мен тайпаларды және Ноғайлы халқының саны сияқты мәселелерді аттап өте алмаймыз.
Ноғайлы жұртына алғашқы тиянақты ғылыми барлау жасаған
М.Г.Сафаргалиев оның ұйытқы тобы деп 18 тайпаны атаған. Олар: алшын, ас, байғұр, борган, борлақ, гублақ, канглы, кенегес, керей, қыпшақ, қытай, қият, колгин, қоңырат, маңғыт, найман, тайджут, тангучин, түрікмен (Сафаргалиев, 1960, 230-б.). Ноғайлы тарихшысы Кочекаев та осы тұжырымға иек артады. Р.Х.Керейтов Ноғайлының ұйытқы тобына бай, қаңлы, қатаған, керейт, қыпшақ, қоңырат, мажар, маңғыт, найман, тама, сильжджгут, үйсін тайпаларын жатқызады (Керейтов Р.Х. Ногайская Орда и вопросы ее этнического состава// ИГАРНО, 19-28-бб.).
Ірге көтеріп, дәуірлеген XV ғасырда Ноғайлы 64 тайпадан құралып, ал XVI-XVII ғасырларда олар өздерін «140 таңбалы ноғай» атаған (Трепавлов В.В., 440-б.). Түрік саяхатшысы Эвил Челеби де «140 рулы ноғай жұрты» деп көрсетеді.
Біртұтас Ноғайлыда ыдыраушылықтың алғашқы нышандары шаң бергенде-ақ Ұлы Ноғай, Кіші Ноғай, Едисан, Едишкөл, Тоғыз, Жембойлық, Буджак ұлыстары көрініс тапты. Бұл қыс қыстау, жаз жайлауларына қарай, қандастық жағынан жақын, тарих бел-белестерінде бір-бірінен көз жазбай, қатарлас, қанаттас жүрген тайпалық қауымдастықтар еді. Алғашқы кезеңде етекті кеңге жайып, далиып бара жатқан Ноғайлыны басқаруға септігі тиді, көші-қон, жер-су, ұлыс ішіндегі дау-дамайлар жергілікті жерде шешілді, оның ләшкер құрамаларын жасақтарға, соғыс жағдайында тез әрекеттеуге көмегі аз болмады, алайда келе-тұра ұлыстық құрылымдар күш алып, өзара қырқыс басталғанда Ноғайлының бөлшектеніп, бытырауына әкеп соқтырды.
Әңгіме барысында аталмыш қауымдардың пайда болуы мен жоғалуына арнайы тоқталатындықтан, қазір олардың тірлік-тыныс, ішкі құрылымдары мен Ноғайлы ішіндегі оң-теріс әрекеттеріне кідіріп жатпаймыз.
Қандай мемлекеттік құрылым болмасын оның айбар-қуаты халқының санымен өлшенеді. Еуропа саяхатшылары Еуразия кеңістігіндегі жері кең, халқы көп бірден-бір құрылым Ноғайлы жұрты деп білді. Бірақ саны қанша екенін кесіп-пішіп атамайды. Бұл орайда Ноғайлы жырларында «теңіздей толқыған Ноғайлы», «теңіздің құмындай сансыз Ноғайлы», «он сан», «отыз сан», «қырық сан» тіркестері жиі кезігеді. Бірақ бұл меңзеулерден халық мөлшерін шамалағанмен, анықтау мүмкін емес. Ноғай зерттеушісі А.И-М.Сикалиев Ноғайлының санын 2 миллионға жеткізеді. Ал А.А.Тортика, В.К.Михеев, Р.Н.Кортиевтер Еділ мен Есіл, Кама мен Сырдария аралығында 1 млн. 700 мың халық тұрды, ал Ноғайлының атақонысы Еділ, Жем, төменгі Сырдарияда 750 мың деп көрсетіп, Ноғайлының санын осы мөлшермен шектейді. Бұл орайда пікір білдіргендер көп. Оның дені қисындау болғандықтан, тоқталып, босқа уақыт алудың қажеті шамалы.
Ноғайлы жеке шаңырақ көтерерде Дешті-Қыпшақта болып, Едіге туралы құнды деректер қалдырған Клавихо Едігенің ләшкері 200 мың деп көрсеткен. Ал «Қазан жылнамасы» Едігенің ұлдарының әрқайсысында 10 мың жасақ барын атаған. Ендеше, Ибн Арабшахтың Едігенің 20 ұлы туралы мәліметі шындық десек, Ноғайлы ләшкерінің саны 400 мыңнан кем болмаған. Ал ләшкерді жалпы халықтың төрттен бірі деп есептесек, Ноғайлы өтеніндегі халық саны 1 млн. 600 мың боп шығады.
1551 жылы Жүсіп бидің IV Иванға жолдаған хаты да бұл тақырыптағы әңгімеге дәйек бола алады. «Менің тізімдегі ләшкерімнің саны - 300 мың. Ал сегіз ұлымның әрқайсысында 10 мыңнан жасақ бар» (Трепавлов В.В., 497-б.). Бұл Ноғайлы мен Русь арасы шиеленіскенде IV Иванды ықтырмақ болған қоқан-лоқы хат еді. Асылы, Жүсіп ләшкерінің санын асырып көрсетсе керек. Өйткені ол 1552 жылы орысқа қарсы жасақ жиғанда ләшкері 120 мыңнан аспай қалды. Соңғы дерек - Ноғайлыдағы орыс елшісінің нақты мәліметі. Олай болу себебі: Ноғайлының 480 мыңға жуық халқы бар Ысмайыл, Арслан мырзалар бастаған оң қанат жорықтан үзілді-кесілді бас тартты. Оған қоса Сейідахмет ұлысы Мауреннахрға ұзап, Алшағыр ұрығы да Ноғайлыдан тысқа кеткенін қосыңыз. Сонда Ноғайлының халқы 1200-1400 мың шамасынан аспаған сыңайда.
Соңғы өлшем келеге келетін сияқты. Қасым хан тұсында Қазақ хандығының ләшкері 300 мыңға (Бабыр мәліметінше), халқының саны 1 млн.-ға (Мұхаммед Хайдар мәліметінше) жеткенде, Еуропа жиһанкездерінің «аталмыш кеңістіктегі ең іргелі мемлекет» деп Ноғайлыны атауы - осындай тиянаққа иек артуға итермелейді.
Ноғайлының басқару жүйесі
Ноғайлы өзінің ішкі құрылым, басқару жүйесі тұрғысынан көшпелі мемлекеттердің классикалық үлгісіндегі орта, оң, сол болып түзілді. Шындығында, осы тәртіппен қоныстану - ләшкери шеппен бара-бар еді. Жау бір қанаттан киліксе, алдынан екі лек тосқауыл кезігетін. Ал ортадан киліксе, екі қанатпен қаусырып қоршап алуға өте қолайлы еді. Орналасу тәртібімен көшпелі өмірде әбден сыналған тәжірибеге иек артса, ал өздерінің ішкі құрылымдары мен басқару жүйелерін қалыптауда бұрын бол-
маған сонылық танытты. Мәселен, би, нұрадын, кейқуат, тайбұға, қа-ра-дуан, тоқа-дуан - мұндай атаулар ғұнда да, түркіде де, моңғолда да, тіпті өздері аралас-құралас, ірге сыбай көрші отырған Алтын Ордада да болған емес. Бұл орайда Ноғайлы тың, төлтума үрдіспен ерекшелене білді.
Ноғайлы Ордасының басшысы - би деп аталды. Оған халық құрылтайында сайлану арқылы қол жеткізді. Бидің билік жүргізу мерзімі уақыт жағынан шектелмеген сияқты. Билер тақтан өліп не қуылып қана кеткен. Әдетте, би сайлаушылар рулар мен ұлыс басшылары деп түсініп келдік. Ноғайлы Ордасының кейінгі кезеңін қамтитын дереккөздер басқа аужай аңғартады. Дінахмет би өліп, орнына 1578 жылы Орыс сайланарда «барлық ұлыстың мырзалары және қосбасылары мен қара халық жиналды» деп жазған (Российский государственный архив древних веков. ННКС, д. 8., 211 //Трепавлов В.В., 545-б.). Демек, құрылтайға бүкіл халық жиналғаны - шынайы демократиялық үрдістің көрініс бергені. Әлбетте, ұлысбасы мырзалардың халыққа ықпалы күшті болғаны, сайып келгенде, солардың дегендері жүзеге асқаны белгілі.
Би Сарайшық қаласында тұрып, тек жазғы күндері жайлауға шықты. Бидің құқы күшті болғанмен, шектеусіз болған жоқ. Маңызды мәселелер туралы мырзалармен кеңесіп барып шешім қабылдады. «Биге кәрі мырзалар ағасындай, жас мырзалар әкесіндей бағынды» (Кочекаев Б.-А.Б., 39-б.).
Орданың лауазым жөнінен екінші тұлғасы - нұрадын, нұрадын мырза деп аталды. Бұл атаудың шығу тегі Едігенің ұлы Нұрадынмен байланысты екені даусыз. Оның міндеті оң қанатты, яки Қырым бетті жаудан қорғау болды. Нұрадын жасағымен Еділдің жайылма сулы, оты шүйгін әрі жайпақ сол қанатын ұзына бойына жайлап жатты. Ноғайлы Қырыммен бәсеке боп, үргін-сүргінді ғұмыр кешті.
«Би өлген жағдайда үлкен ұлы әке орнына би сайланып, екінші ұл - нұрадын лауазымын иеленді» (Перетяткович Г. Поволжье в XV и XVI вв., 140-б.). Ноғайлы билеушілерінің алғашқы бунағы - Едіге мен оның ұлдарына қатыстыра айтылған бұл пікір біршама нақтылауды қажет етеді. Ноғайлының алғашқы билеушілері кезінде билік жоралары әлі бір ізге түсіп жүйелене қойған жоқ-ты. Ноғайлы тізгіні Нұрадын ұлы Уақас қолына көшкеннен бастап, бұл іске анықтық енді. Уақас өлгенде билік оның інісі Аббасқа тиді, Аббас үлкейген соң, тізгінді ағасы Уақастың баласы Мұсаға, Мұса інісі Жаңбыршыға берді. Бұдан кейін Мұса ұлдары ағалық-інілік жолмен кезегімен биледі. Ноғайлының билік жүйесінде тәжірибе қалыптастырған жол-жоралғы негізінде: билік ағадан ініге ауысты, ол жүйе сарқылып біткенде келесі буынның үлкеніне, яки үлкен ағаның үлкен ұлына ауысты деп тұжырымдауға дәлел жеткілікті. Жол-жоралғы осылай болғанмен, құрылтайда бас қосқан халық таңдауы бұл жоралғыны өзгертіп жіберген кездері аз болмаған. Ноғайлының айнала төңіректегі мемлекеттік құрылымдардан басты айырмашылығы - билік жүйесінде Шыңғыс тұқымы қатыспаған, жергілікті халықтың өзі құрып, өзі билеген саяси жаралым болғандығында және оның тыныс-тірлігінде дала демократиясының озық үлгілері көрініс тапты.
Ордадағы үшінші лауазым иесі - кейқуат. Оның міндеті сол қанатты жаудан қорғау болды, геосаяси нақты жағдайда Ноғайлы иеліктерін Қазақ хандығынан қалқалап тұрды.
Төртінші лауазым иесі - тайбұға. Орыс құжаттарында осы лауазым иесі үнемі төртінші болып аталады. 1626 жылы ақ патша Михаил Федорович Ноғайлыға атаулы сыйлық жібергенде, биге - 54 рубль, нұрадынға - 36, кейқуатқа - 34, тайбұғаға - 28 рубль деп көрсеткен (ЦГАДА, 127. Ногайские дела за 1626 г. Кн. I., л. 440). Орыс мұрағатында жинақталған қатынас қағаздары да, оны сараптап, ғылыми айналымға енгізген тарихшылар да бұл лауазымды атағандары болмаса, анық-қанық пікір айтпайды. «Тайбұға» - Сібір хандығына шайбандар үстемдік еткенге дейінгі Керей хандарының әулеттік есімі. Демек, тайбұға Сібір хандығымен байланысқа жауапты лауазым болған.
Бидің жанындағы үзбей қызмет істейтін кеңсе басшысы - қара-дуан деп аталды. Елшілік қарым-қатынас, қаражат, келім-кетімді шет жұрттықтарды қарсы алып, шығарып салу, елшілік қарым-қатынас хаттарын жазу, би кеңесінің жадтамасын жүргізу, кеден салығын жинау, ішкі салықтың төленуін қадағалау, дауларға қазылық ету сияқты аса маңызды істер осы кеңсе арқылы жүзеге асырылды.
Қара-дуан бидің бірінші уәзіріне ұқсас міндет атқарды. Мәселен, би орыс елшісін қабылдағанда өте күрделі халықаралық мәселе «Барақ қарақшылығы» туралы егжей-тегжейлі түсінік беріп, орыс тұтқындарын қайтару мәселесінің қыр-сырын ұқтырған. Орыс дереккөздерінің хабарлауынша, қара-дуан бірде Мәскеуге құн даулаған елшілікті бастап келіп, 200 мың алтын төлем алып қайтқан.
Осы кеңсенің тағы бір жауапты қызметшісі - тоқа-дуан. Ол би сарайының шаруасымен шұғылданып қана қоймай, бидің қабылдауына баратын елшілерге қабылдау кезіндегі рәсімдерді де түсіндірген. 24 қазан 1536 жылы Сейідахметке берілген куәлікке сол тұста тоқа-дуан міндетін атқарған Мамай мырза «Ұлы тоқа-дуан» деп белгі соғып, қол қойған. Кеңсе мүшелеріне берілетін би жарлықтары да осы тоқа-дуан арқылы жүзеге асқан. Оның билік дәрежесінің молдығы соншалық - Сарайшықтағы орыс елшілігіне келген байланысшыны өз еркімен қоя берген.
Орда жерін басып өтетін сауда керуендерінен салық жинау ісін қара-дуанға бағынышты тоқа-дуан басқарған. Ал қаржы айналымына қазынашы жауап берген. Соңғы лауазым иелеріне абыздар, бақсылар, моллалар және елден салық жинайтын даруғалар бағынышты болды.
Сарай жанында Би кеңесі жұмыс істеді. Оның құрамында қарашылар, орындарынан кеткен бұрынғы ұлыс басшылары және рубасылары болды. Ордада ұзақ уақыт болған орыс елшісі Данило Губиннің Мәскеуге хат арқылы: «Ірі рулардың қарашылары биді тастап кетті» (Әңгіме Сейідахмет би туралы) деген хабарынан қарашы - жергілікті тайпа көсемдерінің билік жүйесінің салмақты бір тақтасы болғанын аңғару қиын емес.
Қайсыбір тарихшылардың әр тайпаның басында маңғыт руынан шыққан мырза отырды деулері шындыққа жанаса бермейді.
Ішкі-сыртқы маңызды мәселелер жөнінде не салтанат жағдайларында, болмаса жолы ерекше шетел елшілерін қабылдағанда ұлы кеңес шақырылды. Оны «көрініс» деп атады. Биді төңіректеп жайғасуда үлкендік-кішілік жора қатаң сақталды. Жарты шеңбер тәрізді бірінші қатарда кеңес мүшелері, мемлекет тетігі қолдарындағы жоғары мансап иелері отырды. Екінші шеңберді бидің қызметшілері, сарай төңірегіндегі шонжарлар және іргелі қауымдардың рубасылары - қарашылар құрады. Көкейлі мәселе туралы сөз сөйленді, би бәрін де мұқият тыңдап, ұсыныстарды дауысқа қоятын болды. Шешім дауыстау арқылы мақұлданды. Ал келісім бермей, қарсы болғандар орындарынан тұрып, оңашаланып бөлек отырды (Акты времени междуцарствия... (1610-1613 гг.). Под редакцией С.К. Богоявленского и И.С.Рябинина. М., 1915, 13, 26-27-бб.).
Кәсібі, тұрмысы
Ноғайлының негізгі кәсібі, тұрмысы - мал шаруашылығы екені айтпаса да түсінікті. Төрт түлікті: жылқы, түйе, қой, сиырды түгелімен өсірді. Әсіресе, асыл сойлы шаңырақ мүйіз өгіздер ауыл маңында қаптап жүрді. Олар, негізінен, өгізбен көшетін. Киіз үйлер қазіргідей қара жерге емес, төрт, алты, сегіз тегершікті «телеген» арбалардың үстіне тігілді. Оны бұзып жинау, қайта құру деген болмады, тозса, арба арқасында тозды. Ақсүйектер, ірі байлар телегенге он екі өгізге дейін жекті. Ал Ноғайлы қойлары шетел жиһанкездерін таңғалдырмай қоймады. Біраз жылдар Тана (Азақ) кентінде тұрып, Ноғайлыны жиі аралап сауда жасаған венециан көпесі (XV ғ.) былай деп жазады: «Аталмыш халықтың өсіретін төртінші түлігі - жүні ұзын, аяғы серейген, құйрықтары кем дегенде 12 фунт тартатын қойлар. Жатса тұра алмайтын болғандықтан, олардың құйрығына доңғалақ байлап қойғандарын көрдім. Ауызға қатпайтын осы құйрық майды асқа пайдаланады» (Барбаро и Контарини, 149-б. // Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трех тысячилетий. Алматы, 1992, 352-б.). XVI ғасырда Арал өңірінен жүріп өткен ағылшын А.Дженкинсон да құйрығы өте үлкен Ноғайлы қойларын атап өтіп, олардың салмағы 60-80 фунт деп көрсеткен. Әңгіме, шамасы, Еділбай қойлары туралы болып отыр. XIX ғ. бас кезінде қазақ даласында бірнеше жыл болған А. Левшин де аталмыш қой тұқымын айрықша атап өткен: «Олардың салмағы - 4-5 пұт, 2 пұт шамасында май түседі, әлгілердің биіктігі, күштілігі соншалық, 10-12 жасар балалар қызық үшін қойға мініп ойнайды» (Сонда, 32-б.).
Төрт түліктен, қойдан кейінгі көп өсіргендері - жылқы. Маңдайындағы кекілден сирағындағы тұяғына дейін бірде-бір қыл-қыбыры шашау шықпай пайдаға асатын, ішсе - асы, кисе - киімі осы жылқы еді. Жабымен қатар неше түрлі асыл тұқымды сәйгүліктер, жортуылға жарамды қазанаттар өсірді. Әсіресе, қазанаттарға сұраныс көп еді: батыста Орыс, Құрал (Король), Болгар, шығыста Бұхар, Хорезм, тіпті Үндістанға дейін қанын жерге тамызбай, пышақ үсті бөлісіп алып жатты. Ноғайлының халықаралық сауда тауары осы жау-жараққа жарамды қазанаттар болды. IX ғасыр жиһанкезі әл-Джахиздің жылқы мен түркі туралы келтірген әдемі дерегі Ноғайлы кезінде де баз баяғы қалпы өзгермеген еді: «Егер сен түркінің өмірінің ұзақ-қысқалығын есептер болсаң - оның жер басқанынан гөрі, ат арқасында көбірек отырғанына көз жеткізер едің». Қасым ханның да жылқы туралы айтқан ғажап сөзін еске түсіргеннің артықшылығы жоқ: «Біздің басты байлығымыз - жылқы: оның еті мен терісі біз үшін ең қымбат тағам мен киім, ал оның сүті - ең сүйкімді тағамымыз. Біздің жерімізде бақ та, көз тартар ғимараттар да жоқ, біздің көз сусынымызды қандыратын - даладағы жылқы табыны, соның қызығын қызықтаудан артық қуаныш жоқ» (Мұхаммед Хайдар, 22-б.).
Моғол ханы Саид 1513 жылы қазақ еліне келіп, Қасым ханда қонақ болғанын еске алып, жиі әңгімелейді екен. Соның аузынан жазылып алынған мына бір деректің тарихи мәні зор: «Менің екі атым бар, - дейді Қасым хан Саид ханға, - оның құны тұтас бір табынға татырлық. Түз тұрғынына атсыз өмір - өмір емес, менің екі атым - ең қымбат байлығым. Екеуін бірдей ұстатып жібере алмаймын, көңілің қалаған біреуін ал». Қасым ханның сыйлаған ол ғажап сәйгүлігінің есімі - «Оғлан-Торы» еді.
Доминикан жиһанкезі д'Асколи деген (XVII ғ.) былай деп жазады: «Ноғайлар тұқым сеуіп, егін ормайды». Оның айтуынша, ноғайлар арасында нан шайнап көрмегендер бар, Орданың шет-қиырларында тұратындар нан деген сөзді білмейді (Описание Черного моря и Татарии составленные доминиканцем Дортелли д'Асколи протектором Кафы, Татарии и пр. 1637 г.// Записки Одесского общества истории и древностей России. Одесса, 1902, Т. 24, 130-131-бб.).
Мұндай ауа жайылған үстірттікке Ноғайлы кезінің көне деректерімен жауап беруге тура келеді: «Сарайшықтың жыртылатын жерлерін су басып кетті. Бізге бір кеме тұқымдық дән жібер» (ПДРВ. Ч. 9, 284-б.; Ч. 10, 195-б.). Ноғайлы биі бір хатында орыс патшасына осылай деп жазған. Демек, Ноғайлы егіншілікті атымен білмеді деген жай сөз. Ноғайлының жер өңдеумен айналысқанын Н.М.Карамзин де мақұлдайды: «Ысмайыл би Жайық жағасында, Сарайшықта тұрды, ал қарамағындағы ел жер жыртып, егін егумен шұғылданады» (Карамзин Н.М. История государства Российского. СПб., 1821, Т. 9, прим.78). А.А.Гераклитов болса: «Барбароның мәліметтеріне қарағанда, Қази ұлысының ноғайлары XV ғасырда-ақ егін еккен» деп жазады (Гераклитов А.А. История Саратовского края в XVI-XVIII вв. Саратов, 1923, 105-б.). XIV ғасыр қаламгері әл-Омари Дешті Қыпшақ жұртының тары егетінін айтқан. И.Барбаро осы ойды дамыта түсіп, былай деп нақтылайды: «Осы сынды және өзге де тарихи деректерден Сарайшық жұрты өздерін бірыңғай ат арқасындағы жұрт қатарына қоспағанын», яки отырықшы болып, егіншілікпен де айналысқанына көз жеткіземіз.
Аңшылық түздіктердің әрі сауығы, әрі кәсібі еді. Қаршыға, лашын, қыран баптап, ит жүгіртіп, құс салу - машықты тірлік. Аяқ ізі сирек сары бел, кең далада ақбөкен, киік, қарақұйрық жыртылып айырылады. Құлан, тарпаң, таутайлақ аулау да - батылдықты қажетсінетін кәсіптің бір парасы. Құланның домбай деген бір түрі дереккөздерде ауызға алынады. Шырша мүйіз бұландар да жосып жүрді. «Алғидың құба жонында арыстан ойнар шарқ ұрып» деген өлең жолдарына қарағанда, аң атасы арыстанмен алысып, айла асыру таң болмаған сияқты. Сырдың түлейінен «тұран жолбарысын» кезіктіру дағдылы жағдай-ды. Түлкі, қарсақ, қоян, қасқыр терісі ішкі қажеттілікті өтеумен қатар сыртқа да шығарылды. Әсіресе, Қама, Башқұрт, Төмен ормандарынан аулайтын тиын, бұлғын, қама, құндыз терілері айырбас сауданың ең өтімді тауарлары қатарына жатты. Тон, ішік, тайжақыны орыстар қажетсінсе, қамзол, үкі, қайың жақ пен садаққа Бесқала базарының сұранысы мол болды. Енді әңгімеленіп отырған кез тарихи жазбаларына сөз берелік. Ибн Рузбихан Дешті Қыпшақтағы аңшылық тақырыбын былай суреттейді: «Қыдыр қонған бұл елдің шөлді далалары құсқа толы. Шүйгін жайылымдарда быр боп семірген киіктер майға жатқан сиыр сияқты маймаңдап жүгіре алмайды. Қонақ күту деген олар үшін жазылмаған заң, үй иесі қонақ алдында жайылып төсек, иіліп жастық. Алда-жалда ет керек болып қалса, отағасы жақ, садағын асынып, аңға шығады. Бел асысымен құлан атып алып, қонағын кешкі тамаққа қарық қылады».
Дінінде, тілінде, тұрмысында, өнері мен әдебиетінде, тайпалық-рулық құрамында бөтендік жоқ Алтын Орда төңірегінде қалыптасқан тарихи жағдайларға байланысты өмірге келген Ноғайлының Қазақ хандығынан айырмашылығы шамалы еді. Кәсіп, өнер, тұрмыс-салт жөнінен бірі туралы айтылған көне дерек, екіншісіне де айна-қатесіз келе береді. Осы орайда Ұлытау даласындағы Ақсақ Темірдің аң аулау тәсілін еске салу түз тірлігін тереңірек түсінуге септеседі. «Солтүстікке бет алған ләшкер төрт ай бойы жолда кезіккен жабайы ешкі (қарақұйрық), киік, құс және даланың шөптерімен қоректенеді. Бұл далада аң аулау - соғыс көріністерінен бір кем емес. Қалың ләшкер айлапат даланы ау ғып қоршап алып, мылтық гүрсілі, керней дабылымен аң біткенді билеушінің шатырына қарай қуды. Ат арқасына қонған Ақсақ Темір қарсы шығып, көзіне көрінген аң, жануарды оңды-солды атты. Ақыры қажып, шатырына оралды. Бұдан соң ерік өздеріне тиген жауынгерлер аң-жануарларға тап беріп, жамсатып салды да, түннің бір мезгіліне дейін от жағып, той тойлады» (Карамзин Н.М., книга II, том V, гл. II, 83-б.).
Дешті Қыпшақта аң аулаудың бұл бір түрі десек, екіншісін А.Левшин жазып қалдырды. Киіктер су ішетін суаттардың іргесіне қамыстан шарбақ тұрғызған. Шарбақтың ішкі жағынан ұшталған ши қадап қоятын болған. Суға келген киіктерді үркіткенде олар шарбақтан қарғимын дегенде өткір шилер киіктің қарнына, шаптарына қадалады. Жаралы жануарларды ұрып алады. Киіктерді аранға жығу әдісінің тағы бір түрі Ә.Кекілбайдың «Үркер» романында есте қалатындай ғып суреттелген. Таулы-қырлы даланың биік жарлы жеріне киіктерді қуып әкеліп қамайтын болған. Ал жардың төменгі етегі қаптаған аран, яки жерге қадалған ши. Киіктер жардан қарғығанда осы аранға ұрынып, жайрап қалады.
Дешті Қыпшақ жұртының киген киімдері туралы көне деректер кешегімізді танып-біліп, дұрыс бағалауға септеседі. «Ғажап өрнектері бар түрлі түсті киіздер, былғарыдан ойып істелген белдіктер әдемілігімен таңғалдырады» деп тамсанады Ибн Рузбихан. «Оларда қой, жылқы, түйе өте көп, - деп жазады XVI ғасыр түрік жиһанкезі Сейфи Челеби, - ал мекенжайлары арба арқасында. Қой терісінен істеп, неше түрлі түске бояған шекпендері атластан айырғысыз. Олардың әдемілігі соншалық, Бұхар базарына апарып сатқанда, атлас шекпенмен бағасы бірдей. Ал сол қой терісінен істелген сырттан жамылатын желбегейлерінен су өтпейді, дымқыл тарту дегенді білмейді. Ол теріні өңдейтін бояуға байланысты, бояу өздерінде өсетін шөптен алынады» (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И., 338-б.). Осман түрік саяхатшысын таңғалдырған теріні өңдеу тәсілдері 1769 жылдың көктемінде Жайық өзенінде болған П.Паллас еңбектерінде бар. А.Левшин де бұл тақырыпқа ерекше көңіл аударған: «Қой не ешкі терісінен иленіп тігілген сырт киімді «даха» деп атайды. Оның өңделу тәсілі төмендегідей: терінің жүнін қырқып, ширатып орайды да, жүннің түбі жидіп, түтіп алып тастауға келгенше жылы жерде сақтайды. Қылдан арылған теріні пышақпен қырып, тағы да тазартады. Сосын іліп кептіреді. Кепкен соң үш-төрт күн ашыған айран толы ыдыста ұстайды. Айраннан шығарып, көлеңкеде тағы да кептіреді. Сосын қолмен уқалап жұмсартып, түтінге ыстайды. Тағы илеп, әбден жұмсартады да, сары не қоңыр бояумен бояйды. Ал бояуды рауғаш, тасшай өсімдіктерінен алып, сарысу, қой майын қосып істейді. Бұл бояу ботқа сияқты қою. Теріні екі жағынан бояп, кептіреді. Кепкен соң қайта илеп, тағы да бояп тастайды. Кебу, бояу, илеуді кезектеп, бұл істі екі-үш күнде тәмамдайды. Осылай істегенде теріден дымқыл өтпейтін болады. Кірлесе, мата құсатып жуса да өңі таймайды» (Левшин А., ч. 3, 210-211-бб.).
Дешті Қыпшақ жұртының үй-күйі, көші-қоны туралы баянға кезек берер сәт те келген сияқты. Әдетте, ағаш керегелі, киіз туырлықты қазақ жұрты деп, киіз үйді тұрмыстық ен-таңба ерекшелігіміздің қатарына жатқызамыз. Алайда киіз үйлеріміз қазіргі ұғымымыздан басқаша болған. Сөзіміз дәлелді болу үшін тарих қойнауынан сыр тарталық.
XVI ғасырдағы ағылшын жиһанкезі Сарытаудағы Переволоки деген жерден Жайыққа беттегенде малдарын жайып жүрген Ноғайлы тұрғындарына кез келеді. Ол бұрын көрмеген көзге тосын көріністі былайша суреттейді: «Бір мыңға жуық түйе телеген сүйреп келеді, телегеннің үстінде күмбезді шатырлар, алыстан қарағанда қала жылжып келе жатқандай әсер қалдырады» (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И., 331-334-бб.). Шындығында да, біз әңгіме етіп отырған кезде киіз үйлер арбаға тігілген. Жылжымалы киіз үйлер ғұн-түркі жұртының тұрмыстық ерекшелігі ретінде ғұн заманынан белгілі. Қытайлар жетегіне он екі өгіз жегілген телеген үстіндегі осындай жылжымалы сарайдың суретін салып, оның істелу тәсілін де егжей-тегжейлі жазып қалдырған. Олардың айтуынша: бұл үйлер киізбен тұмшаланып, сыртынан қайыспен қапталған. Қозғалғанда былқылдамау, дауылда жел ұшырмау мақсатында әрі сәндік үшін сыртынан алтын не күміс шегелермен әдіптелген. Қытай деректемелерінен мұндай салтанатты көштерді түркі дәуірінде де жиі кезіктіреміз. Тұра-келе ғұн-түркілердің дымқылы көп, қарлы, орманды Алтайды тастап, қысы аязды, жазы аптап Еуразияның далалық алқаптарына ауысуымен киіз сыртын былғарымен қаптау дәстүрі саяқсыған. Былғары күн мен желге тілініп шыдамаған, шамасы.
(Жалғасы бар)
Дайындаған Ғарифолла ӘНЕС