СІМ. Қытайда қысым көрген қазақтардың мәселесін зерттеп жатырмыз
Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайда қиындыққа тап болған қазақтардың мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
23 маусымда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ Елбасыға Қытай үкіметінің ондағы қазақтарға қысым көрсетіп, қандастарымыздың құқықтарын таптап жатқанын жеткізген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтып, Сыртқы істер министрлігіне мәселенің анық-қанығын анықтауды тапсырған еді.
"Жуырда өткен қазақтардың құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомстволарға мәселе көтерілсе, оны егжей-тегжейлі қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау барысында бізге ресми түрде мәлімет түссе, міндетті түрде Қытай тарапымен, олардың сыртқы істер министрлігі, басқа да мекемелердегі әріптестерімізбен мәселені көтереміз. Қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделері мен құқықтарын қорғау — бұл біздің тікелей міндетіміз", — деді бүгін сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов тілшілердің сұрағына берген жауабында.
Ол Қытаймен ресми үкіметаралық деңгейде қарқынды диалог орнағанын атап өтті. Министрдің айтуынша, екі жақты келіссөздер барысында барлық мәселелер талқыланады.
"Құрылтай қорытындысы бойынша Қытайдағы қазақтар, оның ішінде Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданында ресми құжаттар алу, шекараны кесіп өту үшін қолға төлқұжат алу бойынша қиындықтар көріп отырғанын анықтадық. Қытайда мемлекеттік қызметтегі қазақтар төлқұжат ала алмай қиналып жүр. Осы мәселелердің бәрін егжей-тегжей зерделеп, саралап, қытайлық әріптестерімізбен талқылап жатырмыз", — деп мәлім етті министр.
Abai.kz