Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2789 0 пікір 10 Желтоқсан, 2010 сағат 08:52

Аманкелдi Сейiтханов. Ыстық қой ықыласым сiзге деген...

Ұстаз деген ұғым бар, мына дүниеде. Iлмейтiндi iлдiретiн, бiлмейтiндi бiлдiретiн. Санаға ақыл ұялататын, арманды алдан қиялататын. Өмiрдi ұғынуыңа себеп болатын, тiрлiкке кiрiгуiңе көмек болатын. Әр кезде аялайтын, дәрiстi аямайтын. Бықсытпайтын, жандыратын. Тұлғалық табиғатын мәңгiлiк қалдыратын. Ұғымы ұшар биiкпен пара-пар ұстаздың бiрiнен бiздер де тәлiм алдық. Тағдыр-талайымыз солай болды. Алланың рахымы түскен шығар. Бағымыз жанған болар. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы", - дейдi бiздiң жұрт. Жақсылыққа ұмтылсақ, шығатын шыңымызды анықтап, шыңыраудан жол сiлтеген ғазиз жанның тапсырмасына тас-түйiн қарағанымыз бұл. Шәкiртiнен жерiнбейтiн ақиық ағаның сенiмiн ақтауға тырысқанымыз.

Ұстаздың даңқы естiлдi алдымен. Кешегi "Лениншiл жастың" дәлiзiнде үстел теннисi тұрады екен. Есесiн ешкiмге жiбермейтiн Нес-аға чемпиондар ауылының тұрғыны көрiнедi. Қалағын қолына алса болды, қапталында қалып қойғысы келмейтiндер намыстарын қамшылайды екен. Алайда алымдылар аз кездеседi. Тiлшiлiк жолға түсуге талпынып, журфак жағалағанда естiген ақпар осы. Тұра, тұрыңыз. Жүнiсбаев әлемiне одан ертеректе бойлаппыз.

Ұстаз деген ұғым бар, мына дүниеде. Iлмейтiндi iлдiретiн, бiлмейтiндi бiлдiретiн. Санаға ақыл ұялататын, арманды алдан қиялататын. Өмiрдi ұғынуыңа себеп болатын, тiрлiкке кiрiгуiңе көмек болатын. Әр кезде аялайтын, дәрiстi аямайтын. Бықсытпайтын, жандыратын. Тұлғалық табиғатын мәңгiлiк қалдыратын. Ұғымы ұшар биiкпен пара-пар ұстаздың бiрiнен бiздер де тәлiм алдық. Тағдыр-талайымыз солай болды. Алланың рахымы түскен шығар. Бағымыз жанған болар. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы", - дейдi бiздiң жұрт. Жақсылыққа ұмтылсақ, шығатын шыңымызды анықтап, шыңыраудан жол сiлтеген ғазиз жанның тапсырмасына тас-түйiн қарағанымыз бұл. Шәкiртiнен жерiнбейтiн ақиық ағаның сенiмiн ақтауға тырысқанымыз.

Ұстаздың даңқы естiлдi алдымен. Кешегi "Лениншiл жастың" дәлiзiнде үстел теннисi тұрады екен. Есесiн ешкiмге жiбермейтiн Нес-аға чемпиондар ауылының тұрғыны көрiнедi. Қалағын қолына алса болды, қапталында қалып қойғысы келмейтiндер намыстарын қамшылайды екен. Алайда алымдылар аз кездеседi. Тiлшiлiк жолға түсуге талпынып, журфак жағалағанда естiген ақпар осы. Тұра, тұрыңыз. Жүнiсбаев әлемiне одан ертеректе бойлаппыз.

Алқын-жұлқын жетiп келдi. Көршi бала Нұржан. Қолында кiтап, бояуы әлi кеппеген. Мұқабасына көз тастадық. "Футболмен тыныстаған Испания". Испан жерiнде кезектi мундиал аяқталғаны мәлiм, оған қазақ журналисi арнайы барып, "Лениншiл жас" бетiнде бiрнеше мақала жариялағаны да есiмiзде. Нес-ағаның қаламынан шыққан репортаждарды сүйсiне оқыдық та. КСРО құрамасы ойнаған Малага мен Севилья бұрыштарын түгел жаттап алғанбыз. Iрiктеу сындарынан iркiлмей өткендердiң тiзiмiн ұсын­ғанда да өзiмiзше пiкiр жарыстырдық. Аргентина мен Италияның және Бразилияның бiр топта өнер көрсететiнiн естiгенде демiмiздi iштен алдық. Ол кездегi оқырманның жөнi бөлек. Үлкендер де Жүнiсбаев жазған дүниенi қалт жiбермей, өзгелерге жыр етiп шертедi. "Қалай-қалай сiлтейдi, ә", - деп алып, "Лениншiл жастың" спорт бетiн қолға алғанда сiлтiдей тынатындардың талайынан газеттiң әлгi нөмiрiн әрең сұрап алатынбыз. Таумен таласатын тақырыптар ше. Есте қалыпты. "Қайрат емес, Қалмұрат ұтты" дептi бiрде. "Қайраттың" матчы кезiнде ұтысқа көлiк тiгетiн кезде. Ондаған тақырып, тiптi жүзi есiмiзде, ұтымды әрi тапқырлықпен қойылған. Бастапқы ойдан адасып қалмайық. Кiтап келдi дедiк қой. Ұстап көрейiк деймiз. "Ұстауға болады, алдымен мына бiр кереметке назар аудар". Шынында да керемет. Қазақтың баласы, ол - автор, Бразилия құрамасының жей­десiн киiп алыпты. Әлде Эдердiкi, әлде Сократестiкi, мүмкiн Фалькао сыйға тартқан киiм Нес-ағаның үстiнде. Және құйып қойғандай, екеумiз Қайратқа тарттық. Аяқдопқа ынтық досымыз да басын шайқады. Сосын былай дедi: "Мен бiлсем дүниедегi ең бақытты адам - Жүнiсбаев. Бразилия футболшысының жейдесiн көзбен көру арман, ал оны ұстап көру... ол қиялдың да қисындысы емес, автор кәдiмгiдей киiп алған... ендi ол бақыт туралы ойласа, онда бақыттың өзiнен мән кетедi. Әкелшi, кiтапты екi-үш күн тұсыма қойып қояйын, кейiн оқи жатармыз". Бәрiмiз қызғанып тұрмыз. Қайрат бiрiншi алады. Ұсынысты сол айтты. Iшiндегi мазмұннан автордың Бразилия жейдесiн кигенi керемет болып тұр қазiр. Ендi Қайрат мықты. Оның кiтап сөресiнде Бразилия құрамасының жейдесiн киген автор фотосуретi тұрады. Көремiн деушiлерге есiк ашық. Демек ауылдағы барлық фанаттар суреттi көру үшiн Қайраттың үйiне қарай ағылады. Әзiрше ешкiмнiң оқуына рұқсат жоқ. Уақытша тиым салынады. Суреттi әбден көрiп аламыз. Содан кейiн ғана бетiн парақтауға болады. Рас, бiраз күннен кейiн бәрiмiз оқып шықтық. Алған әсердi бөлiсiп, ой жарыстырдық. "Сөз жоқ, Алматыға баруымыз керек. Автордың айтуына қарағанда, жейде оның өзiнде сақтаулы. Барамыз, "Лениншiл жастың" редакциясын тауып аламыз. Н.Жүнiс­баевпен жолыққан соң жейденi ұстап көремiз". Алтыншы сынып оқушыларын Алматыға жiбер салатын ата-ана қайдан табылсын...

Нес-ағаны алғаш көргенде әлгi оқиға еске түстi. Жейденi сұрауға жүрексiндiк. Оған дейiн де, одан кейiн де бiрнеше кiтаптар жазды ғой. Бiрақ бiздер үшiн "Футболмен тыныстаған Испания" ерекше едi. "84 жылдың теңдессiз 16 күнiн" де үлкен зейiнмен оқыдық. "Мексикадағы футбол тойын" жаттап алдық. Дегенмен... кереметтердiң бола салатынына күмәнмен қарайтын кездегi анау сурет арман бiткеннiң биiгiнен қол бұлғайтын. Тек фото ғана емес, фото суреттiң астындағы сөздерде сиқыр бар болатын. "Ойын соңынан футболшылар мен жанкүйерлер арасында жейде ауыстыру дәстүрi бар.. ..Бразилия құрамасының бiр жейдесi бiзге бұйырды",- дейдi автор.

Алғаш көргенiмiз дедiк қой. Себепкер болған тағы бiр тарлан журналист Бауыржан аға Омаров. Бағымызға орай арнайы курстан дәрiс оқыды, сонда түстiк көзiне. "Мынау дұрыс екен,- дедi Бауыржан аға, - сенi үйiрiңе қосайын. Ертең "Лениншiл жасқа" келе ғой. Нес-ағаға алып барамын". Өзi жай ғана айта салды. Ал бiздер үшiн... Оны бүгiнгiнiң адамы түсiне бермейдi.. Айтқанға оңай. Әбден терледiк, талайға арман "Лениншiл жастың" есiгiн қалай ашамыз. Рәсiмiн көрудiң өзi бақыт секiлденген аяқдоп журналистикасының саңылағына сәлем беруге жараймыз ба. Не айтылады, не айтамыз. Қысқасы қырық құбылып, көк базардың қарсы алдындағы зәулiм ғимаратқа әрең жеттiк. Бауыржан аға алып кiрдi. Сосын... сосын жетiншi қабатта орналасқан редакцияға көтерiлдiк. Машбюро қарсысындағы спорт бөлiмiне бас сұқтық. Бiз суретiн ғана көрiп жүрген Нес-аға кәдiмгi адам секiлдi. Күледi. Ия, күлiп қарсы алды. Әрине, Бауыржан ағаны бар ықыласымен қарсы алды, бiз сәлем бергенде де күлкiсi жүзiнде тұрды. Сол сәт елдi ойладық. Қайрат пен Нұржанға дереу телефон соғар ма едiк деп армандадық. Пелемен бiрге жүрiп, Сократеспен қол алысқан, Теле Сантананың әңгiмесiн тыңдап, Румменигенiң ойынын көрген ағамен бөлiсер сыр әлдеқайда көп болатын, сауалдарды қарша боратуға бар едiк. Алайда бiздiң тарапымыздан бiрде-бiр сұрақ қойылған жоқ. Нес-ағаның өзi жөн сұрады. Артынша тапсырма бердi. "Допқа қалайсың", - дедi. Тәуiр көрушi едiк. "Қазақ баласы доп теуiп үйренуi керек. Ол спорт шығар, бiрақ фут­бол­ға шамасы келетiн ел әр салада озып шығады. Доп ойнаған тозбайды". Тәулiктiң әр секундын тiрлiгiне бөлiп тастаған аға бiрден тапсырмаға көштi. "Жаз, - дедi, - шамаң келсе футболды жаз". Жазу ойда болған, бiрақ қалай жазамыз. Нес-аға және жарты минутын қиып, қалай жазу жөнiнде де нұсқау бердi. "Уәделi күн келесi аптаның сәрсенбiсi, iсiң сәтiмен болсын, батыр". Алғашқы жүздесу нүктесi солай қойылды. Тапсырма алдық, тақырып белгiлендi. Бағыт айқындалды. Ендi жазу керек.

Арада күндер өтiп, сәрсенбi күнi "Лениншiл жасқа" қайта келдiк. Нес-ағаны тауып алып, жазып келгенiмiздi ұсындық. "Өзiң оқы", - дедi. Оқып жаттық. Тұрған орнынан қисайып барып, қатып қалды. Көзiмiз шарасынан шығып, қарап тұрмыз. Қисайып тұрған бетте өзi сөйледi, "ау-батыр, бiр жаққа аунатып қана тоқтадың ғой, ағаңды құлата алмадың. Сенiң мақалаңды оқып тұрған жұрт құлап түссе, жақсы жiгiт болғаның. Бiрақ бүгiн құлата алмайсың, қисайтып қойдың, оның өзi табыс. Менi құлата жаздағаны жазу шеберлiгiң емес, әрине. Ұлт футболын iздегiң келiптi. Соған ғана қисайдым, әйтпесе тiк тұрып тыңдай салушы едiм. Ендi тағы iзден. "Қайраттың" жаттығуын көр, көп iзден. Сонда ғана бiрдеңе шығады, уәделi күн сәрсенбi. Жолың болсын". Не деген тактика. Өзгелер мың жылда құя алмайтын дәрiстi екi-үш минуттың iшiнде лақ еткiздi. Бес академиктiң лекциясын бiр мезетте тыңдағандай әсерде едiк. Жүрiп келемiз, ойланып келемiз. Ендiгi өмiрдегi ең басты талап айқын. Ел құлайтындай материал дайындау. Бiреудi құлату түгiлi орнынан қозғалту мүмкiн бе. Құлауда да көп қисын бар, құлай сүйетiндер бар да, "құлап қала жаздадым", - дейтiндер бар.

Сәрсенбiде тағы келдiк. Нес-ағамен дәлiзде кездесiп қалдық. "Оқы", - дедi. Айнала толы жұрт. Жұрт болғанда қандай, кiлең қазақ журналистикасының саңлақтары, олар күлiп жүрмей ме. Күлмейдi екен, оқып жатырмыз. Ағам күлдi. "Құлай жаздадым". Сосын бөлмесiне өттiк. Тақырыпты сызып тастады да, өзi қойды. "Қайраттың" обалы кiмге". Жымиып күлдi де, машбюроға жол сiлтедi. Кәмшат қыз демде басты. Өмiрде таңғажайып оқиғаларға орын бар ғой, көп ұзамай "Лениншiл жас" газетiнiң сейсенбiлiк спорт бетiнде бiздiң мақала шықты. Сол сәттен бастап Нес-ағаның шәкiртi болып шыға келдiк.

Кәнiгi бапкер екен, кәдiмгiдей баулыды. Дауыс көтерген жоқ, қабақ түйген жоқ. "Аманжан", деп қана бастайды. Этика, эстетика, талғам, таным, ең аяғы есiктi қалай ашып, қалай жабу керектiгiн де үйреттi. "Лениншi жас" есiгiнен енген бетте, ағаларға сәлем беруiм пысықталды. Мiндеттi түрде Бағдат атаға бару керек. Ақсақал ерекше мейiрiммен қарсы алатын. Кейде мен жеткенше бөлмелердiң бiрiне кiрiп кетiп, есiгiн жауып алады. Намаз оқиды. Оқып болғанша күтiп тұрамыз. Сәлем берген соң ғана өзге шаруаға кiрiсе аласың. Нес-ағаның әрбiр дәрiсi жеке кiтапқа жүк. Алған өнегем өмiрiме азық болды. Атадан мұндай жақсы туғандарды тiрлiкте аз жолықтырасың. Мұстафаны тапқанда қалай шаттанды. Жүзi ерекше нұрланып, күнi-түнi дамыл таппаса да қуанышты құшағынан шығармады, өзi кейiн жазды ғой, "Елiн аралаған елiк баланы". Мұстафа марқұм да Нес-ағаны ерекше қадiрледi. "Нағыз қазақ кiм дегенде Несiп ағаны көрсетсең тура түсесiң", - дейтiн таэквондо саңлағы. Өзi де тереңнен қозғайтын, әдептен әсте озбайтын, қазақы салт-дәстүрдiң бiлгiрi Мұстафа Өзтүрiк Нес-ағаны нағыз қазақ санаса онда өзгелердiң әлгi бағаға күмәнмен қарауы күнә сияқтанады. Мұстафаның "тiлiн" бiлетiндер тым аз едi. Онымен сөйлесуге өресi жететiндер жоқтың қасы-тын. Нес-ағаның болғаны қандай керемет. Астарлы ойын сәтiнде түсiнiп, баяғының шешендерi секiлденген екеудiң әңгiмесiн сырттай тыңдаудың өзi керемет. Жақында Жәнiбек Кәрменовтiң кiтабы жарық көрдi. "Махаббат әнi". Жәкең Ғабит Мүсiреповтiң әндi қай деңгейде түсiнгенiн айтады. Ғабиден Мұстафиннiң күйдi қалай қабылдайтынын суреттейдi. Өнердiң өзiн өремен түсiнетiндер туралы сыр шертедi. Кәрменов белгiлi бiр додаға әншi ретiнде түскен шақта күй жарысын Жүнiсбаев қыздырып жатады, екеуi байқаудың екi түрi бойынша топ жарады. Күйшiлiкке де бiрталай бойлаған ұстазымның өнер мен мәдениет жайлы дәрiстерiне қанықпыз.

Нес-аға 1991 жылдың қаңтарында республикалық "Спорт" газетiнiң бас редакторы болып тағайындалды. Құшақ-құшақ қағаздарын көтерiсiп, жетiншi қабаттан төртiншi қабатқа түстiк. Ендi редактор Жүнiсбаев дәуiрi басталды. Идеясы көп. Бiрде тоғызқұмалақтан халықаралық жарыс ұйымдастыруға бел байлады. Қаржының тапшы кезi. Алтайдан ойыншылар алдырмақ. Моңғол жерiндегi қандастарға шақырту жiберiп қойыпты. Оларды Барнаулдан қарсы алу керек. Таңдау бiзге түстi. Билеттi алып бердi, iс-сапарға шығарып салды. Крайком басшыларына хабарлап қойған. Нес-ағаны олар да бiледi екен, үлкен құрметпен қарсы алып, Моңғолиядан келген қонақтарды шекарадан өз көлiктерiмен күтiп тұрды. Бауырлар құжатын рәсiмдеп берi өткенде қазақ жерiне қатынайтын пойызға отырғызып жiбердi. Жүнiсбаев беделiнiң мықты екенiн сезiнген моңғолиялық тоғызқұмалақшылары "ұйымдастыру комитетiнде ноян отыр екен-ау", - десiп, риза болыс­ты.

"Сиясы қаламының спорт бол­ған". Самайынан идея саулап жүретiн Нес-аға спорт тақырыбына өлең жазатындардың бәйгесiн ұйымдастыруды қолға алды бiрде. "Спорт" газетiнiң бетiнде. Айтулы ақындармен қатар спортты өнер деп танитын әуесқойлар да араласып кеттi. Бас редактор редакция қоржынына түскен дүниелердi түгел қарап, талдау жасағаны есiмiзде қалыпты. Нес-ағаның өлеңнiң тереңiне бойлайтын өрелiгi өз алдына, баяғының ыңғай төкпелерiн түгел жаттап алғаны тағы да таңдай қақтырды. Өзi де өнерлi. Айттық қой, домбыраны қолына ерте алғанын, жарыс барып, олжа салғанын. Жарысқа түссе топ жару қасиетi сонау бала кезiнен қалыптасыпты. Еске түскеннен кейiн термеледiк. Ал, айтқымыз келгенi әлгi бастамасы. Спортқа қалам тербейтiндер азайып кеткен соң соны қадамға барды, бас редактор. Айдарды қалай тауып қойды. Сиясы қаламының спорт болса. Тапқырлығына талайлар сүйсiндi, сүйсiнiп келедi, сүйсiне де бермек.

Жақында Қостанайдың "Тобылы" футбол бiрiншiлiгiнде чемпион атанды. Команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиевты тiлшiлер әңгiмеге тартыпты. Ол былай дейдi: "Менiң ойыншы ретiнде, тiптi адам ретiнде қалыптасуыма белгiлi спорт журналисi Несiп Жүнiсбаев себепкер болды. Несiп ағай алтыншы сыныпта Алматыға алдырды. "Намыс" командасының сапында доп тептiк. Шамалғанда оқыдық. Науқан аға жаттықтырды. Несiп аға футболды өте терең түсiнедi. Рухани құндылықтар жайында да үнемi әңгiме айтатын. Бәрiмiз тыңдадық. Мен ғана емес. Әлiбек Бөлешев пен Айдар Күмiсбеков, Мұрат Тiлешев пен Қайрат Әшiрбеков және өзгелер. Бәрiмiз жақсы жiгiт болып өстiк. Бiрiмiз сұрмерген, екiншiмiз тасқамал қорғаушы дегендей. Ұлттық құрама команда жейдесiн кидiк. Футболдан еншiмiздi алдық. Менiң және әрiптестерiмнiң спортшы атануына бағыт сiлтеп, жол ашқан Несiп ағаға алғысымды айтсам деймiн. Мiне, Қазақстан чемпионы атандым, бұл сiздiң еңбектiң өтелгенi Несiп аға". Бұған не алып, не қосасыз.

Нес-аға бiз үшiн биiк шың. Шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрiк журналистiң шеберлiгi жайында сөз қозғауға құқығымыз жоқ. Өйткенi оның өресiмен шендесе алмаймыз. Бiр мақтаныш бар. Нес-аға - бiздiң ұстаз. Ұстазы жақсының ұстамын қазақ айтты. Күнi бүгiнге шейiн жаз­ғанымыз, айтқанымыз ұстаздың ойынан шықты ма деп, алаңдаймыз. Тiке телефон соғуға жүрек дауаламайды. Сарытабақтан қайтар сар­қыт секiлденген Нес-ағамның өз шығармашылығы сарқылмақ түгiлi ортай­ған да жоқ. Тiптi туған күндi үлкен додаға айналдырып жiбе­ретiнi, ауылда олимпиада ұйымдастыратыны - оның тағы бiр қыры, қарымы, қабiлетi. Бiр атаның балаларын жинап, доп тептiргенi - жұмыр жер ойлап таба алмаған әлеуметтiк және саяси шара. Осы ерлiгi үшiн де ең үлкен марапаттарға лайық дер едiк. Ата балалары араздасып қала беретiн заманда бiр арағайынның жүретiнi қандай абзал. Елiнiң намысын ойлайтын, бәрiнен де соны жоғары қоятын Азаматтың басынан не өтпедi? Қазақ спортын өрге сүй­реуiне өршелене ұмтылған Нес-ағаны әлдекiмдердiң бiраз уақыт шетке қаққаны қынжылтады. Жанашырлықпен айтқан жанайқайын ұғудың орнына ұртоқпақты ала жүгiретiнiмiз жаман-ақ. Бұдан кiм ұтты, кiм ұтылды? Әрине, көсегесiн көгертсек дейтiн қазақ спорты ұтылды. Әлi де тындыратын шаруаңыз шаш етектен, Нес-аға. Қаламыңыз­ға да, қарымыңызға сын сағаты төндi деп есептеңiз, ендеше.

«Жас Алаш» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536