Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2463 0 пікір 11 Желтоқсан, 2010 сағат 16:25

Интернет-конференция: Дихан Қамзабекұлы

Алаш ұлттық территориялық автономиясының құрылған күніне қарайластыры өткізген конференциямыздың қонағы алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы Алаш тарихы және Алаш мұратының бүгінгі күнмен байланысы турасындағы оқырмандардың саналуан сұрақтарына толық жауап беріп отыр.

«Абай-ақпарат»

- Дихан аға, біздің билік неге Тәуелсіздік мерекесіне әдейі мән бермей, Петр-1-дің туылған күні - Христиан жаңа жылына 2 ай бұрын дайындықты бастайды? Олардың осы қылығынан олардың Қазақтың емес Орыстың тарихын жақсы біліп, сол елдің ғана салт-дәстүрін құрметтеп, сол жат елдің мүддесіне ғана қызмет етуін сіз қалай бағалайсыз? Ініңіз Өзбек

- Өзбек, "Тәуелсіздік күнінің қадірін білмей жүргендер - елдің, ұлт тарихының қадірін білмей жүргендер" деу ақылға сыйымды. Сіз Иса пайғамбардың "туған күнін" жыл басы дейтіндердің алашапқыны туралы айтып отырсыз-ау деймін. Оны - "бүгінгі күнтізбелік меже" деп уақытымен атап жатса, қарсылығым жоқ. Ал, мұны Тәуелсіздікке дейін "әлем-жәлем" ету - дәстүрсіздік. Ерте ме, кеш пе бұл дарақылық түзеледі.

- Дихан аға! Шынымен Алашшыл болсаңыз айтыңызшы, З.Нұрқадыловтың өзін-өзі 3 рет атып өлгеніне, Алаштың Алтынбегін атуға тапсырыс берген қайдағы бір Өтембаев болды дегенге сенесіз бе?

Алаш ұлттық территориялық автономиясының құрылған күніне қарайластыры өткізген конференциямыздың қонағы алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы Алаш тарихы және Алаш мұратының бүгінгі күнмен байланысы турасындағы оқырмандардың саналуан сұрақтарына толық жауап беріп отыр.

«Абай-ақпарат»

- Дихан аға, біздің билік неге Тәуелсіздік мерекесіне әдейі мән бермей, Петр-1-дің туылған күні - Христиан жаңа жылына 2 ай бұрын дайындықты бастайды? Олардың осы қылығынан олардың Қазақтың емес Орыстың тарихын жақсы біліп, сол елдің ғана салт-дәстүрін құрметтеп, сол жат елдің мүддесіне ғана қызмет етуін сіз қалай бағалайсыз? Ініңіз Өзбек

- Өзбек, "Тәуелсіздік күнінің қадірін білмей жүргендер - елдің, ұлт тарихының қадірін білмей жүргендер" деу ақылға сыйымды. Сіз Иса пайғамбардың "туған күнін" жыл басы дейтіндердің алашапқыны туралы айтып отырсыз-ау деймін. Оны - "бүгінгі күнтізбелік меже" деп уақытымен атап жатса, қарсылығым жоқ. Ал, мұны Тәуелсіздікке дейін "әлем-жәлем" ету - дәстүрсіздік. Ерте ме, кеш пе бұл дарақылық түзеледі.

- Дихан аға! Шынымен Алашшыл болсаңыз айтыңызшы, З.Нұрқадыловтың өзін-өзі 3 рет атып өлгеніне, Алаштың Алтынбегін атуға тапсырыс берген қайдағы бір Өтембаев болды дегенге сенесіз бе?

- Біріншіден, шындығын бір Алла біледі.Оның ақиқатын бірыңғай интернет комменттерінен іздеу ақылға сыйымды деп ойламаймын. Мен марқұм З.Нұрқаділовті тіршілігінде таныған адам емеспін. Конференция Алашқа байланысты болған соң, мемлекет және қоғам қайраткері марқұм А.Сәрсенбайұлының осы тақырыпқа қатысын айтайын. Ол "Өркен" газетін басқарып тұрғанда және Ақпарат министрі кезінде ғалымдардан Алаш қозғалысы мен тұлғалары туралы мақала, зерттеу, түрлі жарияланым даярлауды сұрағанын жақсы білеміз. Ол ұлт тарихын бір кісідей білетін және "ақтаңдақтарды" елге жария етуге аса жанашыр қайраткер болатын.

- Диқа! Ассалаумағалейкүм! Бүгінгі Алаштану ғылымының жағдайы қалай деп санайсыз? Оның дамуына, өркендеуіне не кедергі деп ойлайсыз? Алаш тақырыбы мектеп оқулықтарынан қажетті деңгейде орын таба алмай отыр. Бұның себебі неде? Мектептерде арнайы Алаштану пәнін ашу керек дегенге қалай қарайсыз?

- Алаштанудың бүгінгі жағдайы жақсаруды, өрістеуді тілейді. Мұратануда бірнеше кезең бар: іздеу, сұрыптау, жариялау, талдау т.б. Осыларды үздіксіз жүргіземіз десек, алаштану мемлекеттік бағдарлама, ғылымның басым бағыты ретінде белгіленуі керек. Өкінішке қарай, жағдай бұлай болмай тұр. Кедергі - сіз бен біздің талғам-танымымыз, содан туындайтын жауапты орындардың немқұрайлылығы.

Мектеп оқулықтарында орын таппау себебі - сол оқулықты жазатындар ЖОО бітірген, оңды-солын білетін адамдар. Бірақ ұлт тарихының сапалы кезеңін (Алаш кезеңін) білуге, білдіртуге құлықсыз. Бірақ бұл психология да бірте-бірте жылыстап кетуі тиіс. Алаштану білім жүйесіндегі пайдасыз талай курстардың пайдасыздығын көрсететін пән болар еді. Оның болуын қолдаймын!

- Дихан аға, Амансыз ба? Алаштың басты сабағы қандай деп есептейсіз? Оны білудің, оқудың қажеті неде? Біздің қоғам, билік Алаш идеясына адал ма? Соны қаншалықты деңгейде ұғынып жүр?

- Шүкір! Алаштың басты сабағы - біліммен елге қызмет ету, ұлт пайдасына жарау. Қазір бізде бірде-бір маманы, бірде-бір оқулығы жоқ салалар бар. Алаш жолымен жүріп отырсақ, бұлай болмас еді. Немесе оны шешудің тетігі ойластырар еді. Біздің қоғамның бір бөлігі Алаш идеясына адал, бір бөлігі "Ауропаны кезген" басқа идеялардың жетегінде жүр. Әлеуметтанушы болмағандықтан дәл пайызын айта алмаймын.

- Дихан амансың ба? Сенің барлық жазған-сызғандарыңды үзбей оқып жүремін. Қазақ ғалымдарының ішінде кәсібіне, таңдаған тақырыбына адал жандардың бірісің. Халыққа жасап жатқан қызметіңе ризамын. Осы райыңнан қайтпа.

Сұрағым біреу: Сен ұстазсың. Ұстаз болғандықтан шәкірт тәрбиелеу міндетің. Өзіңнің шәкірттерің ретінде кімдерді айта аласың? Топ жаратындары бар ма?

- Аманшылық, аға! Бұйырған кәсібімізді атқарып жүрміз. Ғылыми бағытта ізденуші-шәкірттерім Алаш тақырыбын қаузап жүрген жайы бар. Мысалы, Қайырбек Кемеңгер 30-жылдары қатты қуғынға түсіріп атылған Олжабай Нұралыұлының мұрасынан, Айдын Жалмырза отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиетінен, Омар Темірбек Абай,Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім мұрасындағы еңбек пен ғылым құндылығынан сәтті ғылыми жұмыстар жазды. Қазақтың "Бірлік туы", "Жас азамат" т.б. газеттері мен "Алқа" әдеби ұйымы туралы тың зерттеу жасап жатқан оқушыларым бар.

- Ассалаумағалейкум, Дихан аға! Қазақстан ғылымы жалған ғылымға, жалған пафосқа айналып келеді. Бұдан арылу үшін қандай ұсыныстар, шешу жолдарын айтар едіңіз? Заңғар Кәрімхан.

- Уағалейкумассалам, Заңғар! "Академияны құртқан - академиктер" деген кейінгі халық нақылы бекер айтылмаған. Бүгінде Қазақстан ғылымына тұмау тиіп тұр... "Ғылым туралы" жаңа заң қабылданған жоқ. Бірақ таяуда қабылданады.Енді біздің бакалавр-магистр-РһД бағытында кеткеніміз - кеткен. Бірақ оны да дұрыс жүргізу керек қой. Мысалы, осы күнге дейін диссертацияны сараптауда жұмыстың сапасы емес, формальдық сипаттары бірінші кезекке қойылды. Айталық, біреу ғылымнан керемет жаңалық ашты делік, бірақ оппонентінің немесе сарапшысының мамандық шифрі сәйкес келмей қалса,ондай жұмыс бекітілмейтін. Бұл - формализмнің көкесі. Ұсынысым: Қазақстанда енді ғылымды өте беделді университеттерде дамытудың кезеңі келді. Ғылымның сапасын министрліктегі шенеунік емес, ғылыми орталықтар мен кафедралардағы білікті мамандар анықтау керек те, не "ғалым", не "ғалым емес" деген баға беруі қажет. Сонымен, формализмге нүкте қоюымыз керек. Ғалымдар бір-біріне сенетін уақыт жетті. Әлем тәжірибесі осындай.

 

- 2005-2006 - Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университеті оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры (Астана) деп тұр. Қазір де проректорсыз ғой. Неге олай жазылған?

- Абай кз. сәл ертерек жазылған өмірбаянымды алған екен. Мен 2008 жылдан қайта проректормын. "Алаш" институтын қоса басқарамын.

- Дихан аға! Сәлеметсіз бе? Бүгінгі студент жастарға көңіліңіз тола ма? Өзіңіз оқыған кездегі студенттермен салыстыруға келе ме? Қай жағынан болса да: кітап оқу, зеректілік, белсенділік.

Қазір кез-келген оқу орнында әсіре діншілдер қаптап кетті. Еуразия университеті қалай сол жағынан? Хиджаб әңгімесі қаптап отыр. Осыған көзқарасыңыз қалай?

Діндарлар елдегі, мектептегі заңдарды, тәртіптерді сақтауы тиіс пе? Бүгінгі жастар барған сайын радикалданып барады деген сөздер бар. Шыдамсыздау, дөрекілеу, әдепсіздеу деген де сөздерді естіп жатамыз. Осындай әңгімелер шындыққа жанаса ма?

Жастардың арасында рушылдық, жершілдік деген дерттер асқынып барады дегенге сенесіз бе? Ондай аурулармен күресу үшін не істеу қажет деп санайсыз?

- Саламат бол, Омархан! Бүгінгі студенттерге көңілім толады. Әрине, бәріне бірдей емес. Әрі ойлап-бері ойлап, менің кезімде де бүгінгідей әр түрлі (ақылды, адал, зерек, көшірімпаз, пысықай-партияшыл, озбыр, қу, өтірікші т.б.) студенттер болатынына көзім жетті. Бірақ жас азаматтың түзелетінін де, бұзылатынын да көрдік.

Рас, дінді әсіре ұстанып жүргендер бар. Мұндайлар біздің кезімізде де болды. ЕҰУ-да діндар балалар жоқ емес. Хиджап туралы ештеңе дей алмаймын. Өйткені, ол мұсылман әйелінің атрибуты. Менің білетінім, қазақ дизайнерлері иманды қыз балаларының костюмін ойлап табу керек. Мысалы, ол татарларда бар. Жалпы тым әсіреленбеу және бөлектенбеу керек. Білім жүйесінің тәртібінде жартылай жалаңаш жүр демейді...

Қоғамдағы стресс балаларға дейін беріледі. Білім жүйесіне өте білікті психологтар керек.

Қазақта рушылдық болған емес және болмайды да. Оны айтып жүргендердікі - бос сөз. Сіз үлкен өмірге араласқанда байқайсыз: көп жағдайда ауылдасыңыздан гөрі қиырдағы қандасыңыздың жақсылығын молынан көресіз.

- Дыха, "Елу жылда ел жаңаға" сілтегеніңіз жарамады және Желтоқсан мәселесін ең алдымен ғалымдар емес, заң орындары тексеріп, анық бағасын беруге тиіс еді, өйтуге "бас желтоқсаншы" келіспеді де, құрылған комиссия (М.Шаханов) аузын жапты. Желтоқсандықтар он шақты қозғалыс, ұйымға бөлініп, берекесіз болып кетті. Қанды оқиғаның себебі "кері тарих" болып жатыр.Сол күндер туралы мақала, кітап жазушылар ақиқатты аяқасты етіп жүр.

- Әрине, 50 жыл - шартты меже. Бірақ "оқиғадан соң біраз уақыт өту керек" деген - байыптылық үшін қажет нәрсе. Мәселен, бәріміз қаһарман Қайрат Ырысқұлбек рухының алдында бас иеміз. Идеализацияның да өз жөні бар. Айталық, сол 80-жылдардың аяғында Қайрат атынан шығарылған қазақ ақындары өлеңдерінің көбі бүгінде "Қ.Рысқұлбековтің өлеңдері" болып жүр ғой. Бұған не дейміз? Ақиқатын айту керек емес пе? Ақын Қадыр Мырзәлиді де, қайраткер Мұхтар Шаханды да Желтоқсанға байланысты орынсыз кінәлау байыптылыққа жатпайды. Қазір БАҚ-та жүрген қызба пікірлерге орынды баға беретін кез келеді. Мысалы, мен ғалым ретінде айтар едім: сол көтерілісті бастан кешкендер, азабын тартқандар бүгін ерінбей күнделік, естелік жазса, кейінгі ғылыми байыптауларға үлкен олжа салар еді. Қазір біз кеңестік қиын жылдардың бір бет естелігін оқуға зәруміз ғой...

- Алаш арыстарының ұлтқа деген адалдығын көріп таң қаласың.  Ал, бүгінгі билік басындағылардың түгелге жуығында ондай қасиеттің жұрнағы да жоқ. Бұл не сонда, биліктің рухани азғындануы ма?

Қазақ мүддесінің қорғалуы үшін халық не істеу керек, атқамінерлер не істеуі керек?

- Сабырбай мырза! Біз бүгінгі Қазақстан билігін бір бейнеде, бір сипатта көрсетуге қарсымыз. Себебі, билік те халық секілді біркелкі емес. Билік басында түрлі адамдар бар. Рас, бойында Алаштың жұрнағы да жоқтар шашетектен. Сонымен бірге елшіл азаматтар да аз емес. Сондықтан тәуелсіз мемлекет билігінде 19 жылдың ары-берісінде қызмет істеп жатқан атқамінерлер халық алдындағы беделі елшілдігімен өлшенетінін түсінетін уақыт жетті. Тоғышарлар, жемқорлар, біліксіздер адамзаттың даму заңына қайшы "элемент" ретінде өз бағасын екі дүниеде алатынын сезінетін де мезгіл келді.

Қазақ мүддесінің қорғалуы үшін халықтың қоғамдық белсенділігі мықты болуы керек. Бірақ мен бұл белсенділіктің құр даурықпадан гөрі сауатты, болашаққа арнап құрылғандай қалыптасқаны дұрыс деп есептеймін. Кеңес тұсында улатпай-шулатпай-ақ ұлтқа қатысты бірсыпыра істер атқарылды. Біз соны ескеруіміз керек. Атқамінерлер адамдық абыройын ойласа, тарихтың айнасына қарап отыруы тиіс.

- Жақында бір әріптесім сіздің еркіңізге салса, күнтізбеге қандай мерекені енгізер едіңіз деп сұрап еді. Ойланып қалдым. Көкейімде Алаштың туған күні деген сөздер тұрды. Сіз қалай ойлайсыз, осындай мереке бізге керек пе? Қызылжардың қазағы.

- Идеяңыз өте дұрыс. Жалпы 13-16 желтоқсан арасын "Алаш күндері" ретінде атап өтудің жөні бар. Себібі, 1991 жылы жарияланған Тәуелсіздіктің елеулі бір негізі - 1917 жылы жарияланған Ұлт кеңесі - Алаш Орда.

- Дихан Қамзабекович! Алаш көсемдері туралы жақсы айтасыз, разымыз. Бірақ, ісіңіз сөзіңіздей бола ала ма? Сіздің кейбір ісіңіздің Алаш идеясына өте қайшы келетінін студент кезімде байқаған едім. Жершілсіз, рушылдығыңыз бар. Ағаңыз Дархан Мыңбайға арқа сүйеп тым асып кеткен кездеріңіз де болды, оны өзіңізге ескерткенмін. Алаштан өз басыңыз неге үлгі алмадыңыз? Шернияз Найманбаев

- Әкемнің атын осы уақытқа дейін еш қазақ "ович" демеп еді... Бізде ұжымға сыймаған бір жігіт болды. Өзі орысша "әліпті таяқ деп білмейді". Сол ізін жасыру үшін оңды-солды лақап атпен жазатын домалақ арыздарына бір-екі орыс сөзін қосып қоятын. Сондай пысықайларға айтатыным:"Шернияз Найманбаев" деген адам маған ешқандай ескерту жасаған емес. Ағам Дархан Мыңбайдың өз жолы, менің өз жолым бар. Алаштың бүгінгі ұрпағы екеуміздің ағайындығымыздан немесе екі түрлі кәсібімізден жаманшылық көрмейтініне иманым кәміл.

 

- Дихан! Алаш көсемдері сыншыл болуды бізге ұлағат етті, өздері де сыншылдығымен халыққа жақты. Ал, сен өз басың қаншалықты сыншылсың? Алаштан жеке басыңа қандай қасиеттерін дарыттың? Алтайшы

- Алаш көсемдері сыншылдығымен емес, парасатымен, елшілдігімен халыққа жақты. Мен сыншыл емеспін. Менің үлкен парызым - өзім қолжазбаларынан, архив материалдарынан таныған Алаш парасатын, рухын шәкірттеріме, оқырманға жеткізу. Мына заманда мұның өзі бір қадам алға жылжу болып тұр ғой.

- Қазақ құлдық санадан шығу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Жүрген ортама қарап қарным ашады. Тек дүние қуу, ақша жасау, кредитке дүние алып, қазағым соған мәз. Дүниеде керек қой, бірақ аран ашылып кеткен. Қалай адамдарды ғылым, білім керек екенін үйретуге болады. Мен келе жатқан ұрпақтан қорқамын. Аз жақсылары бар, көбі қатыгез, білімсіз, әзір түзелер емес. Бір нәрсе істеу керек қой. Билік бұл туралы ойлай алмайды, себебі күнделікті күйбің тірлікпен жүр. Не істеу керек деп ойлайсыз?

- Сіз түңілмеңіз. "Сом темірге балға бар, сұмсынғанға Алла бар" деген қазақ атаңыз. Жақсылықты, білікті істерді өз отбасыңыздан, сенімді ортаңыздан бастасаңыз - үлкен жеңіс. Сіз айтқан жамандықтар Алаш тұсында да болған. Бірақ зиялылар ұлттың жақсаруынан үмітті еді ғой. Рас, осы жолда біреу жазықсыз күйер, арманына жете алмас, алайда олардың ниеті, орнықты іс-әрекеті Жаратқанның амал дәптеріне жазылып, ұрпағының алдынан шығар...

- Ассалаумағалейкүм Дихан мырза сіз шыныменде Алаш тұлғалары туралы көп біледі деп сенемін, жоғарыда бір мырза айтқандай солардан неге өз басыңыз үлгі алып басқаларға үлгі көрсетпейсіз, Мысалы, аты-жөніңізді ауыстырудан бастасаңыз...

- Амалсыз кеңес жағына шыққан Алаш зиялылары 1924 жылы Орынборда Білімпаздар съезін өткізген. Сонда ұлттық фамилияға байланысты да қаулы қабылданған. Ол бойынша ерлер "ұлы", әйел балалар "қызы" қосымшасын алатын болып шешілген. Менің фамилиям 1995 жылға дейін - Мыңбаев, 1995 жылдан кейін - Қамзабекұлы. Ресми түрде! Мұны Алаш жолын ұғынудағы парызым деп білдім.

- Диха, Әлихан Бөкейханның масондармен болған байланысын таратып берсеңіз. Триумвиратты құраған үш тұлғаның әрқайсысының жеке жеке дінге теген көзқарасын талдап берсеңіз. Рахмет, Әлім.

-  Әлім, Ә.Бөкейханның масонға қатысы туралы ғалым Сұлтанхан Аққұлыұлының / Жүсіп/ мақалаларын оқуға кеңес беремін. Әрине, қым-қуыт кезеңде ол қазақтың саяси тағдыры үшін әлгі ұйымға кірді. 2. Бұл қай "триумвират"? Егер сіз Әлихан, Ахмет, Міржақып бірлігін айтсаңыз, мен Алаштың пікірлестер тобын 3-ке апарып тіремей, 300-ге жеткізер едім. Олар діннің ағартушылық бағытын, нақты айтсақ жәдитшілдікті қолдады. Ә.Бөкейхан Л.Толстой франыстан аударған "Дін таласын" қазақшаға тәржімеледі. Ондағы "Жаратқанды бөле-жармай бар күйінде қабылдау керек" деген гуманизм - Алаштың дінге деген көзқарасының негізі.

- Кейінгі кезде дендеп енген уахабиттер ой-жоспарларын ашық айта бастады. Халықтың сан ғасырлық салт-дәстүріне, мұраларына қол сұға бастағаны белгілі. Діни экстремизмге қарсы тиімді күресті қалай жүргізген дұрыс деп санайсыз. Рахматұлла

- Рахметұлла! Біз - "мұсылман", "сунит", "Имам ағзам" деген ұғымдарды жүрекке жақын ұстайтын ұлт өкіліміз. Қазақ ұстанған ислам - Абай мен Шәкәрім, Алаш зиялылары, С.Ғылмани мен А.Машани ақыл-парасаты көрігінен өткен ислам болуы керек деп есептеймін. Қазақ - араб емес, араб - қазақ емес. Бірақ екеуі де - Аллаға қараған ұлт. Ал, экстремизм т.б. "изм" - бейбітшілік, үйлесім деген мағына беретін ислам құндылығына мүлде жат нәрсе.

- Ассаламағалейкүм, Дихан бауырым! Ұлттық ойлау қабілеті жоғары азамат және ғалым ретінде 2 сұраққа жауап берсеңіз: Адамның бақытты өмір сүруі үшін қажетті нәрсенің бәрін қазақ тілінде ҮЙРЕНУГЕ және ҮЙРЕТУГЕ бола ма, және ол үшін Қазақ Елі (өкіметі, үкіметі, азаматтық қоғамы)мемлекетінде 19 жылда не істелінді? Егер ""университеті өз жұмысын қазақ тілінде жүргізсе, мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтар ма еді, әлде төмендер ме еді? Және неге? Ізгі ниетпен, Болат Нәукенұлы Бөтеев.

- Уағалейкумассалам, Болат мырза! Әлемде 14 миллионға жеткен қазақ атты ұлт өз тілінде іңгәлай алатын болғандықтан да, оң мен солын танығандықтан да, өнерін һәм ақыл-парасатын жеткізе алғандықтан да ел ретінде, ұлт ретінде 21 ғасырға аяқ басып отыр. Қазақстан үкіметі осыны білмейді деп айта алмаймын. Бірақ дамытуға келгенде тиімді тетігін әлі таба алмай келеді. Осы жолда қай үкімет шешімді, оңтайлы жол табады - сол үкімет ұлт тарихында қалады.

Мысалы, Еуразия ұлттық университетінде ғылыми кеңестер, жиындар мемлекеттік тілде жүреді. Әзірше мұндай бастамалар ректорлардың парасатына байланысты болып тұр. Ректорымыз Б.Ж.Әбдірайымның парасаты ел тілін қолдау бағытында. Ал, ә дегеннен шүлдірлейтін басқа ректорларды немесе мекеме басшыларына "қой" дейтін бізде заңдық талап жоқ.

- Дихан аға Тұрсын Жұртбай ағамыздың мына сөздеріне қандай баға бересіз? Т.Ж.: "Ең көп сұрақ-жауапқа алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған". Осы айтылған сөздерден кейін екіұдай ойда жүрмін. Айтылған тұлғалар сатқын ба? Тергеушілерге не деген?

- Нұрбек! Сен айтып отырған Тұрсын Жұртбай - өте талантты, батыл азамат. Жазушылығы да айрықша. Бірақ мен ол кісінің бар ойымен келісе бермеймін. Жалпы 30-жылдардағы репессия аппаратының сұрақ-жауабына толық сене беруге болмайды. Өйткені, оның көбі ойдан шығарылған... Соққы мен зорлаудың "нәтижесі" айқын көрініп тұрады.

- "Ректорымыз Б.Ж.Әбдірайымның парасаты ел тілін қолдау бағытында. Ал, ә дегеннен шүлдірлейтін басқа ректорларды немесе мекеме басшыларына "қой" дейтін бізде заңдық талап жоқ". Шіркін, неткен жағымпаздық! Алаштан алған тәлімінің түрі осы болса...

-Барды "бар" деп айтсам, оның несі жағымпаздық? Бақытжан Әбдірайым - 1986 жылы Желтоқсанда заңгер-студент ретінде пікірлестерінің хатын орысша жүйелеп, Мәскеуге өз қолымен апарған азамат. Осының өзі біраз нәрсені аңғартса керек. "Жағымпаздық" деп жазып отырған қу, сен сол кезде қайда жүр едің?..

- Дихан інім! Бізде қазақ халқының қамын ойлайтын қазақ қанды билік қашан болады деп ойлайсыз? Қазіргі билік туралы еш нәрсе айтпай-ақ қойсаңыз да болады.

- «Қанды»  емес, "қаны бар билік" шығар? Санымыз 63 пайыздан 73 пайызға жетіп, сан сапаға айналғанда болады. Қазақ тілінде бірде-бір ән-күй тыңдамаған, бірде-бір кітап оқымаған биліктің жас "перілерінде" қан қайдан болсын?..

- Дихан інім! Оралда болмақшы болып жатқан "Батыс аймағы қазақтарының 1-ші құрылтайы" (Орал, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Ақтөбе) туралы не айтасыз? Ұйымдастырушыларды қолдайсың ба, әлде қорлайсың ба?

- Ондай құрылтай туралы естімеппін. Егер ол қазақтың тұтастығы мен елшілдігіне қызмет істеп жатса қолдаймын. Ал, шектеушілікке барса, өзімен кетсін. Бірақ мына заманда кері кетуге ешқандай жол жоқ деп ойлаймын. Әлгі 5 облыстағы мықты азаматтар жамандыққа жол бермес.

- Дихан, бауырым!

Сөздері үшін біреулердің белгісіз,

Мені меңзеп кінәлапсың негізсіз.

Баяғыда жазып ем ғой, бүкпесіз,

Жүрейікші, күдік пенен күмәнсіз!

Жемісті болсын, зерттеуің,

Алашты тану еңбегің!

"Қайырлы болсын, сендерге,

Бізден қалған" Еуразия!

Сәлеммен,

Қазақстанда тумаған,

құлдықпен уланбаған жан.

-  Комментті құрау болды ма бұрау біреуге?

"Белгісіз" автор ұстынға келмес тіреуге.

Еуразияда өткен "айбынды" күнің есте боп,

Кие бер тонды оқалы, бәлки кіреуке.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543