Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 16767 0 пікір 12 Желтоқсан, 2010 сағат 22:40

Салафилер нені көздейді?

Қазіргі таңда Қазақ жұртына мазхабы жоқ деген ұғыммен қарайтын салафилер деп аталатын ағым бар. Олар бұрынғылар талқыға салып аражігін айқындап қойған кебір тақырыптарды бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналдырып, діни сауаты төмен, қарапайым халықтың басын қатырып, мешіттің құтын қашырып жүр. Олар өздерін «салафтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» дейді. Салафтар дегеніміз кімдер? Өздерін салафилерміз деп жүргендер шынымен салафтар ма? Сонда олардың ғана жолы дұрыс болғаны ма?

Салафилер ұлы ғалымдарды мойындамайды

Қазіргі таңда Қазақ жұртына мазхабы жоқ деген ұғыммен қарайтын салафилер деп аталатын ағым бар. Олар бұрынғылар талқыға салып аражігін айқындап қойған кебір тақырыптарды бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналдырып, діни сауаты төмен, қарапайым халықтың басын қатырып, мешіттің құтын қашырып жүр. Олар өздерін «салафтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» дейді. Салафтар дегеніміз кімдер? Өздерін салафилерміз деп жүргендер шынымен салафтар ма? Сонда олардың ғана жолы дұрыс болғаны ма?

Салафилер ұлы ғалымдарды мойындамайды

Cалафи сөзі көбінше, «реформа» және «жаңалану» деген сөздермен синоним ретінде қолданылып кеткен термин. Әрі бұл сөз Ислам дінінің алғашқы ғасырлардағы өмір сүрген ғұламалардың көзқарастарын білдіреді.
Соңғы кезде, салафи деп, Жамал ад-Дин әл-Ауғаний (1839-1897) мен Мұхаммед Әдбуһ (1849-1905) негізін қалаған қозғалысқа айтылды. Олардың негізгі мақсаты - дінді бұрынғылардың түсінігі бойынша тіктеу. Діни білімдерді негізгі қайнар көзіне қайтару. Мұсылмандардың рухани, мәдени және саяси ұстанымдарын реформалау. Батыс отарлаушыларына мәдени сіңіп кетуге қарсы тұру еді.
Араб мемлекеттерінде отарлаушыларға қарсы көтерілген халықтың басында осы қозғалыс өкілдері жүрді. 1930 жылдарда «салафия» отарлаушыларға қарсы белсенді қозғалыс боп саналды. Мысалы, Алжирде ибн Бадис француздардың өктем саясатына, ұлттық негіздерін сақтау және сопылық тариқаттарына қарсы ұстанымға бел буып, Алжир ғұламалар ұйымын құрып, тәуелсіздік үшін күресте негізгі орынды иеленді.
Салафи қозғалысы мұсылман әлемінің дерлік бәрінде де пайда болып, түрлі мемлекеттерде түрлі бағыттарда бой көрсеткен қозғалыс.
Салаф сөзі «бұрынғылар» деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінің алғашқы үш ғасырына жататын ғұламалар тобы «салафтар» деп аталған. Бұл таласы жоқ шаруа. Хадис шәріпте қайырлы, ең жақсы дәуір (хойрул қурун) деп аталып өткен осы үш ғасыр. Яғни, осы үш ғасырдың ішінде өмір сүрген ғұламалардың діни наным-сенімдері, діни шешімдері мен ұстанымдары ең сенімді әрі олармен санасу керек деген мағынаны білдірген.
Төрт мазхабтың жетекші имамдары Имам Әбу Ханифа (80-150 һ.ж), Имам Малик (94-179 һ.ж), Имам Шафиғий (150-204 һ.ж), Имам Ахмад ибн Ханбал (164-241 һ.ж) (рахматуллаһи аләйһим) Ислам дінінің алғашқы дәуірлерінде өмір сүрген. Сондықтан да төртеуін де «салаф әс-солих» имамдар дейміз. Исламның алғашқы дәуірлерінен бері бұл төрт мазхаб Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.а.с) пен оның саңлақ сахабаларының ұстанымдарына негізделгендіктен - «әһл әс-сұнна уәл-жамағат» деп танылған.
Ал бүгінгі салафилерміз деп жүргендер осы мазхаб жетекшілерін, алғашқы үш ғасырда өткен ғұламаларды құрметтейміз, солардың жолын ұстанамыз деп жатса, онда әңгіме басқа. Алайда салафилер олардың ешқайсысын мо-йындамайды және мазхаб имамдарының бірінің де жолын ұстанбайды.

Имам Ағзамға қарсы тұру мүмкін емес

Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Егер хадис сахих яғни, дұрыс болса, сол менің мазхабым», «Менің сөзіме қайшы келген хадистің сахихтығы (сенімділігі) мәлім болса, хадиске амал қылыңдар, менің сөзімді тастаңдар», - деп айтқан. Мұндай мағыналы сөзді имамдардың төртеуі де айтқан. Осы сөзді мазхаб ұстанғысы келмейтін салафилер жиі қолданады. Дегенмен, салафилер бұл сөздің мағынасын түсінбейді де, мазхаб жетекшілерінің осы сөздерімен мазхаб ұстануды түкке тұрғысыз етуге тырысады.
Мәшһур, өзі мұж-тахид ғалым болса да, мазхаб ұстанған ғұлама Имам Науауий (631 һ.ж туылған) бұл пікірді: «Имам Әбу Ханифа немесе имам Шафиғий солай дегенін естіп, кімде-кім бір сахих хадисті оқи сала, имам Шафиғийдің немесе имам Әбу Ханифаның ғылыми тұжырымын, пәтуасын тастап, мазхабын қажетсіз етіп, сахих хадиске амал қыла бер, дегенді білдірмейді», - деп түсіндіреді.
Әуелі, бұл сөз жай адамдарға емес, білім сатысында үлкен дәрежелерді бағындырған ғұламаларға, ғұлама болғанда да ижтихад қылуға дәрежесі жеткен мұжтахид ғалымдарға қатысты айтылған. Бірақ, ғалым үшін де мазхаб имамның пәтуасына, шешіміне амал етпей, хадиске амал ету үшін бір шарт бар. Бұл шарт, имам Шафиғий немесе имам Әбу Ханифа дәл сол хадисті білмегендігіне көзін жеткізу немесе сол хадистің сахихтығынан, яғни дұрыс екеніне имамдардың хабары жоқтығына әлгі ғалымның сенімі кәміл болуы керек. Ол үшін имам Шафиғий мен имам Әбу Ханифаның барлық кітаптарын оқып шығуы тиіс. Тіпті ол имамдардың шәкірттерінің кітаптарымен де танысуы қажет. Көріп тұрғаныңыздай бұл бір қиын, мүшкіл шарт. Бұл шартқа екінің бірі жауап бере алмайтыны айдан анық.
Демек, жоғарыдағы әңгімелер мұжтахид ғалымдардың, жоғары білімі бар ғұламалар арасында ғана айтылатын, қолданылатын сөз. Ал, бұл әңгімелерді енді ғана намаз оқып, ораза ұстауды игере бастағандарға айтып бастарын қатырып жүргендерді бүгінгі жамағат ішінде салафилер деп атайды. Бүгінгі салафилер мазхабсыздыққа, өздерінің мазхаб еткісі келетін ағымдарына тартып дүмше молда, дін бұзар болып жүр.
Шариғат мәселелерін мұжтахид ғалымдар күшті талқыға, тәртіпке салып әбден шыңдаған. Шариғатты шатастыруға ұрынған сектанттар шатақ шығаруды армандамаса да болады.

Ханафилерді бекерге айыптайды

Әрбір мазхаб жетекшісі мұжтахид ғалым. Олардан фиқһ ғылымы яғни, шариғатта Құран мен сүннеттен жан-жақты ізденіп барып, қажетті үкімдер алу арқылы күнделікті тіршіліктегі әрекеттердің ислам шариғатына сай болуын қамтамасыз ететін аса құнды ғылым, үлкен мұра қалған. Олардың зерттеу нәтижелерінен пайда болған пәтуаларды пайдаланушыны муқаллид, тақлид етуші дейді. Муқаллид - мужтахид ғалым дәрежесіне жетпеген кісі. Біздер баршамыз муқаллид болып саналамыз. Салафисымақтар муқаллид сөзін «соқыр ілесуші» деп түсіндіріп жүр. Бұл жансақ түсінік. Муқаллид болу үшін де білім қажет. Муқаллидтің еншісіндегі дүние мужтахид ғұламаның пәтуасымен жүру. Муқаллид боп қатып қал деген ешкім жоқ. Қолыңнан келсе, мұжтахид ғалым бол.
Салафи сөзін өздеріне жекешелеп алғандар пір тұтатын һижра жылының 661 жылы дүниеге келген ибн Таймийя мен 691 жылы туған ибн Қайюм (мұны салафилар ашық айтпаса да, екі сөзінің бірінде сол имамдарды тілге алады) Имам Ағзам Әбу Ханифадан (р.а.) алты жүз жыл кейін өмір сүрген ғалымдар. Осы, салаф ағымының екі имамын шын салафтардан алты ғасырлық қашықтық ажыратып тұр. Салафтар - алғашқы үш ғасырдағы ғұламалар.
Салафий сөзін жекешелеп, өтірік салаф боп жүргендердің басқалардан ажырап тұратын тұсы «салаф ас-салих» боп табылатын төрт мазхабқа да тоңмойындық танытуларында. Такаппарлық дертіне шалдыққан олар, төрт мазхабтың жетекші имамдарының «қателіктерін» тауып, түзеп қойғандай. Сонда мың жылдан астам уақыттан бергі мазхаб ұстап өткендер қателесіп жүргені ме? Төрт мазхабтың жетекші имамдарының қателіктерін осы он екі ғасырдың ішінде ешкім көрмей, білмей қалған ба? Бұл ақылға қонбайтын шаруа. Мұны «Атың шықпаса жер өрте», дегеннен басқаға жорымаймыз. Мысалы, ханафи мазхабында қолды намазда бір рет қана көтеру керек болса, олар намаз ішінде қолды әрқайсысы әрқалай, әрі бірнеше рет көтереді. Әрине, Шафиғий және Ханбалий мазхабтарында да осылай қолды көтеру бар. Дегенмен, салифилар сол мазхабты ұстанушымын десе, бір басқа. Олар ол мазхабтарды ұстанғаннан емес, өздеріне көңіл аудару үшін мұны жасайды.

Төртеу түгел болса...

Елімізге ислам діні келгеніне мың екі жүз елу жылдай болыпты. Қазақ елі иманға бет бұрғаннан бастап мұсылманшылықты ханафи мазхаб негізінде таныған, амалда ғибадат, құлшылықтарын осы ханафи мазхабымен атқарған, шариғат үкімдерін де осы мазхабпен талқылап келген яғни, он екі ғасырдан бері біздің ел ханафи мазхабын ұстанып келеді. Сондықтан болса керек, еліміз мұсылмандары үшін ханафи мазхаб Ислам дінінің дәл негізіндей қайнар көзі сияқты болып кеткен. Бірақ, ханафи мазхабы дініміздің қайнар көзі саналмайды, дініміздің негізі қасиетті Құран мен хазреті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) сүннеті. Ал мазхабымыз осы Құран мен сүннетке негізделген. Мазхаб - Құран мен сүннеттердегі үкімдерден туындайтын іс. Мазхабтың мақсаты мұсылман баласына Құран және хадисті дұрыс, байыппен түсіндіру. Төрт мазхабтағы айырмашылықтар тек абзал және дұрыс деген сөзде ғана. Яғни, өзіміздің имам Ағзам мазхабымыздағы діни шешімді абзал санаймыз, ал қалған үш мазхабтағын дұрыс деп білеміз.
Осы төрт мазхабтың біріне халық жұмылу арқылы ғасырлар бойы ислам әлемінде мұсылмандар ынтымақ, бірлікте ғұмыр кешіп келеді. Қашан жаңадан бір ағым пайда бола қалса, ғұламалар осы төрт мазхабтың бірін ұстауға халықты уағыздап келген. Он төрт ғасырдан бері нендей үлкен ғұламалар өтседағы осы бір мазхабтың өкілі ретінде өтті. Әсіресе, біздің мына бұқаралық ақпарат құралдары дамыған заманда мазхаб аса маңызды, өте қажет. Ал, ауызбіршілік ауадай керек. Ал, алауыздыққа жол берсек арам пиғылды жымысқы ағымдарға «оңай олжа» боларымыз анық. Осы жағдайды арыдан ойлаған дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлінің «бір дін, бір мазхаб» деген жанайқайына бейжай қарамасақ-еді.
Еліміздегі мұсылмандардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі үшін қандай да бір діни мәселеде «бас-басына би болу емес» жүгінетін орын - Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы немесе діни басқармасының жергілікті жердегі өкілетті имамы бар. Сондықтан ешқандай да салафизмге және де басқа діни «измдерге» Қазақстанда қажеттілік жоқ.
Қорытынды. Қазіргі кезде мешітке келушілердің бәрін әртүрлі жамағаттарда деп айтуға болмайды. Жайнамазға табандары жаңадан тие бастаған бауырларымыз көбіне-көп діни білімі шамалы болғандықтан шаңыраққа қарамай бейәдептілік әрекеттер көрсетіп жатады. Ондай қылықтардың бағзылары дөрекіліктен, ал көбі білместіктен. Сондықтан, мешітке келгенінің құрметі үшін тәубе, деп қоямыз. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады. Қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады», деп айтылмай ма? Қазіргі кезде мешіттердің басым көпшілігі өз ата-баба дәстүріне лайық бағыттағы діни түсінікті ұстанған жастарға толы. Мұның 90 пайызы - ханафиттік бағыттағы мешіт жамағаттары. Ел бойынша, мешіттердің ұстанған бағыты осы мазхаб болғандықтан, халық та соны таңдайды. Халыққа иманның негіздерін үйрететін имамдар да баршылық. Сондықтан халықтың «қайсысы дұрыс?» деп алаңдауына ешқандай негіз жоқ.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ, Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мешіттің бас имамы

Имам Валерия ПОРОХОВА:
- Салафизмнің дұрыс атауы - ваххабизм. Кейінгі кезде осы ваххабизм сөзі жиі қолданылып жүр. Ваххабизм араб әлемінде он сегізінші ғасырдың соңында пайда болды. Ол біздің менталитетімізге де, біздің уақытымызға да сай келмейді. Ваххабизм - Құран исламынан ауытқушылық. Шейх Мұхаммед Абдул Ваххабтың миссиясы арабтардың азып-тозып, бұзық жолға түсуіне байланысты шыққан. Оның идеологиясы жақсы болғанымен, сол идеологияны жүзеге асырған стратегиясы қанға толы еді. Ол адамдарды түзу жолға қандай тәсілмен болса да салу керек деп шешкен. Күні өткен діни доктринаны бүгінгі менталитетке, бүгінгі мәдениетке әкеліп таңу өте шолақтық. Сондықтан ваххабизмді көптеген елдер атымен қабылдамайды.

www.egemen.kz

Оңғар қажы ӨМIРБЕК:
- Салафилiктi бетке ұстаған уахабилердiң зияндығын Діни басқарманың уағыз және оқу-ағарту бөлiмiнiң меңгерушiсi Әбдімүтәліп Дәуренбеков бүге-шiгесiне дейiн талдап берді. Оның тәуелсіз елiмiздiң бүгiнi мен ертеңіне тигізер зияны шаш етектен. Нақтылап айтқанда 70 жыл бодандықтың салдарынан өз дiнi мен тарихынан қол үзіп қалған мұсылман қауымының бiрлiгiн бұзып, арасына алауыздық туғызу үшін өздерін шынайы діндар салафиттердiң жолын жаңғыртушы ретінде көрсетуге жанын салуда. Қай-қайдағы қисынсыз дәлелдермен жастарды адастырып, Ханафи мәзһабын сан ғасыр бойы ұстанып келген ата-бабаларымыздың жолын мансұқтап, надандыққа шығаруда.

www.turkystan.kz

«Нұр Астана» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566