Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2642 0 пікір 7 Маусым, 2009 сағат 19:27

Ашаршылық құрбандарын жасырып-жапқаннан не ұтамыз?

Тарихшылардың бағалауынша, 1927-1953 жылдары 40 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Тек қана 1937-38-ші жылдары республикада 100 мыңнан астам адам заңсыз сотталып, олардың 25 мыңға жуығы жазықсыз атылған. Үкімет тарихқа тиісті баға бергенде, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарын жалпылай «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп атап кетті. Бұл екеуі – мүлде екі басқа тарих.

Тарихшылардың бағалауынша, 1927-1953 жылдары 40 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Тек қана 1937-38-ші жылдары республикада 100 мыңнан астам адам заңсыз сотталып, олардың 25 мыңға жуығы жазықсыз атылған. Үкімет тарихқа тиісті баға бергенде, 1930-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарын жалпылай «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» деп атап кетті. Бұл екеуі – мүлде екі басқа тарих.
Ойлап қарасақ қазақтар кімге пана болмады? Кәрісті де, немісті де, ұйғырды да, басқасын да бауырына басты. Қоныс аударып келгендерге әрбір қазақ отбасы өздері қысылып-қымтырылса да төрінен орын берді, бәрінен айрылса да бүкіл қиындықты өз мойнына алды. Соңғы нандарын бөлісіп жеді. Ақиқатқа жүгінсек, олар қазақ елінің, халқының арқасында өсіп-өнді. Сөзіміз нанымды болу үшін демографтардың мәліметтерін мысалға алайық. Қазақстанға соғыс алдында және соғыс кезінде жер аударылған кәріс, неміс, ингуш, карачай, тағы басқалары тек жан сақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар осында тұрған 30-40 жыл аралығында саны жағынан айтарлықтай өскен. Ал қазақтардың өзі 1926 жылғы санына тек 1970 жылдың ортасына қарай ғана әрең жеткен. Мұны неге айтып отырмыз, халқымыздың басына бұрын-соңды болмаған нәубет әкелген ашаршылық жылдары әлі күнге дейін не репрессия, не зұлмат деп есептелмей келеді. Украина ашаршылық құрбандарына арнайы жыл арнады. Ал бізде 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде жарияланды да қойды. Содан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын 31-мамырда еске аламыз. Бірақ бұл атауда ашаршылық сөзі мүлде жоқ. Ашаршылық кезінде қазақ жерінде қазақтан басқа бір ұлттың қазақ сияқты аштан қырылып, босып кетпегенін еске алсақ, бұл біздің халықтығымызға сын.
Үкіметіміз ашаршылық құрбандарынан басқаларының барлығына өтемақы береді. Мысалы 1997 жылы қазақстандық кәрістер жер аударылғандарына 60 жыл толғанын атап өтті. Сол кезде Қазақстан үкіметі оларға зейнеткерлікке шыққан соң респрессия құрбандары ретінде өтемақы беруге шешім қабылдады. Нәтижесінде Ұлы Отан соғысының алдында және соғыс кезінде жер аударылған кәрістер мен тағы басқа халық өкілдері Сталин кезіндегі саяси репрессия үшін өтемақы алуда. Бірақ осы тізімге жоғарыда айтқанымыздай 1930 жылғы аштық құрбандары ілінбей қалған. Себеп, тарихшылардың бағалауынша халқымыздың тең жартысының басын жұтқан, қолдан жасалған қырғынды зұлмат деп тану туралы арнайы үкімет құжаты жоқ.
Қазақстанда еңбек Армиясында болған Германиядағы бұрынғы советтік немістердің совет режимінде зардап шеккендіктері үшін оларға өтемақыны неміс үкіметі төлейді екен. Бұл көңілге қонарлық жайт. Ал біздікі не жомарттық? Алдымен өзімізді жарылқамаймыз ба? Мұны айпағанның өзінде сол халықтар көрген зобалаңды қазақ та көрді ғой. Оның үстіне олардың жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшырауына қазақтың мысқалдай да қатысы жоқтығы адамға да, Аллаға да аян. Жасырып-жабатын түгі жоқ. Қайта қазақ бастарына күн туған қаншама халықты аман алып қалды емес пе? Осындайда атам қазақтың “Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін” деген аталы сөзі еріксіз еске түседі. Шындығында да дәл қазіргі таңда кедейшілік кебін киіп отырған қазақ отбасылары жетерлік. Көбісінің не үйі жоқ, не күйі жоқ. Алдымен осылардың мұқтажын өтейік. Содан кейін асып-төгіліп жатса өзгелерге берейік. Бұл тұрғыда келгенде өтемақы алатындардың бірі де, бірегейі де бірінші кезекте 1930 жылдың бас кезінде сұмдық аштықты бастан кешкен біздің азаматтар болуы керек еді.
Қазақ жеріндегі кеңестік зобалаңдардан жапа шекпеген қазақ отбасылары кемде-кем. Тарихшы Талас Омарбековтың айтуынша, 1930 жылдың маусымынан 1933 жылдың маусымына дейінгі аралықтағы ашаршылық құрбандарының жалпы саны 3 миллион 379 500 адамнан асып жығылады. Мұның 1 миллионнан астамы босқын есебінде көршілес елдерге кеткен. Сонда үш жыл ішіндегі нақты құрбандардың саны 2 миллион 200 мыңды  құрап, халықтың 49 пайыздық өлшемін көрсетеді. Ал 1937-1938 жылдардағы саяси құрбандар саны 40 мың шамасында екен. Ашаршылықтың қандай сұмдық зардап әкелгенін білу үшін есепке жүгінелік. 1897 жылы өткен Ресей империясындағы халық санағының ресми статистикасы бойынша, өзбектің саны 1 млн 690 мың, ал тәжіктікі 350 мың болыпты. Ал сол кезде қазақтың саны 4 млн 84 мың адам болған. Бұдан тура 100 жыл өткенде өзбектің саны 25 миллионға жуықтап, қазақтың саны 9 миллионға әзер жеткен. Аштықтың қазақ үшін қаншалықты нәубет болғанына бұдан артық қандай құжат керек. Тарих көлгірлікті кешірмейді. Әлі талай ұрпақ өсіп-өнер. Солардың бірі болмаса бірі бүгінгі біздің көпе-көрнеу елегіміз келмей отырған ашаршылық жылдарының зұлматын, аштық құрбандарының қасіретін тайға таңба басқандай әлемге паш етер. Сонда сол ұрпақ алдында ақтала алмай жер шұқып қалмайық.

 

 

Зере ЕЛҒОНДЫ, «Қазастан» апталығы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543