Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3195 0 пікір 15 Желтоқсан, 2010 сағат 08:16

Бақтыбай Айнабеков, Хазіретке хат жаздым, құлағдар бол, жамағат

( «Қазақстанның Құрметті муфтиі» Р. Нысанбайұлына Ашық Хат)

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Құрметті хазірет Рәтбек мырза!

Менің Сіздің атыңызға бұл хатты жазуыма себеп болып отырған, бәлкім өзіңіз де оқыған боларсыз,  «Орда-kz» (№3, 30.07.2010 ж.) газетінде «Діни басқарманы тарату керек» деген тақырыппен  жарияланған,  Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының депутаты, дәрігер Біржан Әлімбетовтың жанайқай сыр-сұхбаты.

Оқыған адамның құйқа тамыры шымырлайтын бұл  жанайқай-сұхбатта үстіміздегі жылдың 22 маусымында Ақтау қаласы маңындағы қатаң тәртіпті режимдегі түрмеден қашып шықан 21 тұтқынның құқық қорғаушыларға көрсеткен қарулы қарсылығын, бірнеше күнге созылған әбігерден кейін олардың басым бөлігінің қаза тапқанын, солардың арасында Біржанның өз ұлы Дәурен Әлімбетовтың қайдағы бір жат дін содырларының насихатына еріп  қыршын жасында тектен-текке «шаһит» болып, оққа ұшқандығын әңгімеге өзек етіпті. Әрине, жан түрігерлік аянышты да қайғылы жәит...

Тергеу орындары әлі өзінің нақтылы қорытындысын айтпай отырған осы бір қанды оқиғаға байланысты, газет тілшісінің сұрағына орай,  қайғыдан қан жұтқан әке шашыраңқылау айтса да,  өз  әңгімесінде  бұрыннан да ел біліп жүрген, бүгінгі таңда ешкімнен жасыруға болмайтын күрделі екі мәселенің басын  ашып көрсетіпті.

( «Қазақстанның Құрметті муфтиі» Р. Нысанбайұлына Ашық Хат)

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Құрметті хазірет Рәтбек мырза!

Менің Сіздің атыңызға бұл хатты жазуыма себеп болып отырған, бәлкім өзіңіз де оқыған боларсыз,  «Орда-kz» (№3, 30.07.2010 ж.) газетінде «Діни басқарманы тарату керек» деген тақырыппен  жарияланған,  Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының депутаты, дәрігер Біржан Әлімбетовтың жанайқай сыр-сұхбаты.

Оқыған адамның құйқа тамыры шымырлайтын бұл  жанайқай-сұхбатта үстіміздегі жылдың 22 маусымында Ақтау қаласы маңындағы қатаң тәртіпті режимдегі түрмеден қашып шықан 21 тұтқынның құқық қорғаушыларға көрсеткен қарулы қарсылығын, бірнеше күнге созылған әбігерден кейін олардың басым бөлігінің қаза тапқанын, солардың арасында Біржанның өз ұлы Дәурен Әлімбетовтың қайдағы бір жат дін содырларының насихатына еріп  қыршын жасында тектен-текке «шаһит» болып, оққа ұшқандығын әңгімеге өзек етіпті. Әрине, жан түрігерлік аянышты да қайғылы жәит...

Тергеу орындары әлі өзінің нақтылы қорытындысын айтпай отырған осы бір қанды оқиғаға байланысты, газет тілшісінің сұрағына орай,  қайғыдан қан жұтқан әке шашыраңқылау айтса да,  өз  әңгімесінде  бұрыннан да ел біліп жүрген, бүгінгі таңда ешкімнен жасыруға болмайтын күрделі екі мәселенің басын  ашып көрсетіпті.

Бірінші, қаралы әкенің сөзіне илансақ, баласы «Аллаһу акпарлап» өзін-өзі жарып жіберген. Өйткені, денесінің бәрі күл талқан болып шашылып кеткен. Әдетте, жәй оқ тиген адамның денесі бұлайша шашылып кетуі мүмкін емес қой. Қисынды уәж. Сонда бұл жігіт кім үшін, не үшін, қандай мақсатпен жас жанын «шаһит» құрбандыққа тігіп, өзін-өзі жарып жіберіп отыр? Бұлардың артында қандай күш, қандай саясат  тұр?..

Екінші, сұхбат тақырыбында айқайлап тұрғандай қаралы  депутат өзі діндар болмаса да, ел сенім артып келген ұйым Республика мұсылмандары діни басқармасын таратуды талап етеді. Неге?..

БІЗГЕ ЖАТ ЖҰРТТЫҚ ДІНИ АҒЫМДАР  ЕМЕС, ДӘСТҮРЛІ ӨЗ ИСЛАМЫМЫЗ КЕРЕК

Құрметті хазірет!

Әңгімені алғашқы «Аллаһу акпарлап» өзін-өзі жарып жіберген мәселеден бастайық. «Жау жоқ деме, жар астында» деген емес пе?  Біз ойлаймыз, «елімізде бәрі тыныш, жұрт жаппай мешітке барып жатыр ...» деп. Соңғы жылдары  мешіттер көптеп салынғандықтан, елдің иманы күшейіп келе жатыр деп елдің иманын мешіттің санымен, салынып жатқан құрылысымен өлшейтініміз де жасырын емес. Сонда өз жандарын көзсіздікпен құрбан еткен жастарымыздың мына «шаһит» жарылыстарын елге қалай түсіндіріп, олардың  үрейін басуға болады? Бұрын мұндай «шаһит» жарылыстар шет елдерде орын алып жататынын БАҚ-тар арқылы ғана білуші едік, енді өз елімізде, тіпті ұрықсатсыз жан баласының аяғы жете бермейтін қапастағы түрмеміздің төрінде орын алуын кім қалай  ұғынады?..

Біз соңғы жылдары түрмелерде мешіттер ашып, қылмыскерлерді имандылыққа  шақырып тәрбиелейміз деп жүргенде, ондағы жатқан жанкештілер осылайша   бастарын қосып, «мақсатты сабақтарын» жетілдіріп, өз білгендерін қапаста отырып-ақ жүзеге асыруға  дайындалып жатса,  сойқанның көкесі  төбесін көрсетіп тұрғаны емес пе?  Мұны айтып отырғаным, кезінде Сіз де муфти болып тұрғаныңызда Алматы маңындағы Қарасу мешіті жанындағы өзі қаржы туып, жастарға   имани тегін тәлім білім берген   «Шәкәрім медресесінің»жетекшісі Сматулла тақсырға орынсыз тиісіп, сот шешімімен елден қудыртып тынып едіңіз. Тақсырдың сондағы  бар айыбы жай-басар діни басқарма құзырын мойынсынбай, өзіміздің мақтанышымыз Яссауийдің сопылық ағымын жаңғыртып  Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ілімдерін  діни тұрғыда тереңдетіп оқытып, жаңаша білім берудің  жарқын жүйесіне  талпыныс жасағаны болатын. Наласына қалдыңыз-ау Сіз сонда елім деп келген оралман тақсырдың...

Дегенмен, қазіргі жағдайда ойланып қарасам, осы қиянатыңыздың өзінде Сіз тарапынан болған елдегі Исламға еніп кетер ағымдарға деген қырағылық-сақтық шараларын байқауға болатын сыяқты екен. ..

Осы қырағылық сақтық шаралары дәл қазір елге өте қажет болып отыр.  2000 жылғы БАҚ-тар хабарына сенсек Сіз Бас муфтилықтан өз өтінішіңіз бойынша шеттетілдіңіз.  Содан бері «әңгімесі мол» он жыл өтті. Осы уақыт аралығында діни басқарма дәрменсіздігінен, елімізде бұрын соңды атын естімеген, жер әлемде бастары симай қуғында жүрген, діни лаңкестік қаупі бар ағымдар көбейіп кетті. Қазіргі таңда соның ең бастылары болып уахабилер, құраниттер, салафилер... тіпті таяуда Ресейде экстремистік ұйым ретінде танылып, тиым салынған «Таблиғи жамағат» діни бағытын ұстанғандар т.б. саналып отыр. Қазір қай мешітке барсаң да «сенікі бұрыс, менікі дұрыс» деп бірімен-бірі таласып, айтысып-тартысып, кейде бас жарысып  төбелесіп жатқандарды көресің.  Бұларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа болар» имамдарымыздың өздері діннен сауаты шамалы дүмшелер болып отыр. Олар бес-алта сүрені жатқа білгендері болмаса, діни ағымдар жұмысын таразыламақ түгілі Исламның осы ғасырдағы болмысынан мақұрым жандар. Осының салдарынан бетімен кеткен бұл діни ағымдар соңғы кезде , ел ішінде ылаң салудың небір айла шарғысын көрсетіп үлгерді. Мәселен, 2005 жылы А.Миронов деген біреу Атыраудың әкімшілігін, 2007 жылы енді біреулері Степагорск қаласы әкімдігін жарып жібермекші болды, ал Мақұлбеков бастаған топ тіпті Шымкенттегі Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ғимаратының күлін көкке ұшыруға тырысты. Орал қаласындағы Аймұқанбетовтың лаңкестік тобы бірнеше қарақшылық оқиғалар ұйымдастырса, 2008 жылы Маңғыстаудағы бес уахабшының ісі полиция қызметкерлерінің өлімімен аяқталды. Дәл осындай  полиция майорының қазасы таяуда Жамбыл ауданынының орталығы Ұзынағаш елді мекенінде де орын алды. Ал, топалаңы шығып жатқан  Қырғыз елімен көршілес   Жамбыл облысында Бишкектен келген «тәкпіршілер жамағаты» мен  уахабиттері қаншама уақыттан бері өз білгендерін айылдарын жинамастан  ашық жүзеге асыруда. Осы облыста  2008 жылы Қордайдағы Жанғожаевтың үйінен бірнеше «Калашников» автоматы мен түрлі жарылғыш қарулардың тәркіленуі бізге әлі күнге сабақ болмай отыр. Бұл - есте қалған үрейлі кейінгі деректер. Бұдан бұрын да  мүбарак дініміз Исламды қару етіп, "Халифат орнатамыз!"- деп елімізге алғаш ылаң алып келген  "Хизбут Тахрир"  экстремистерінің алды сотқа тартылған болатын. Қарап отырсақ қылмыс үстінде ұсталғандар сотталған, ал сол содырларды елге кіргізіп, жұмысына басшылық етіп отырған ел ішіндегі басшыларын тауып, оларды қылмысты жауапкершілікке тартуы әлі күнге қолға алынған емес. Ал осы діни саяси топтың ел үшін де, дін үшін де қаншалықты үрейлі екенін біле тұра біздің Республика мұсылмандары  діни басқармасының жұмған ауыздарын ашпай келуі, тіпті кейбірін өз қолтықтарының астына алуы әрине жақсылық емес. Осыны біле тұра Үкімет тарапынан да осы мәселеге нақтылы назар аударылмай отыр. Оған басты себеп, өз жұмыстарын осылайша қиналмай ұйымдастырып отырған, аталынған діни ағымдардың соңында олардың қолтығынан дем берер, жоғарғы орындарда қамқоршы саяси күштер мен жетекшілердің болуы. Мысалы, шетелдіктердің қаржыландыруымен жұмыс жасап отырған Құраниттер ағымын Президент Әкімшілігінің басшысы А.Мусин мырза,  салафилерді Республика Мұсылмандыры діни басқармасының төрағасы Ә. Дербісәлінің  тікелей өзі желеп-жебеп жүргенін БАҚ-тар жамырай жазуда. Таяуда дін төрағасы Ә.Дербіәлінің екі-үш Парламент Мәжілісі депутаттарын қасына ертіп Сарыағаштағы осы күнге дейін бой тасалап жұмыс жасап келген салафилік жүйедегі медіресенің салтанатты  ашылу рәсімін өткізіп қайтқанын «Асыл арна» телеарнасынан көрдік...

Қазір мемлекет қызметкерлері арасында кландық топтардың қылмыстары әшкереленіп, ел іші дүрліге бастады. Әрине, мұндай  кландық кадрларды ауыздықтау заң орындары үшін пәлендей қиындыққа соқпайды. Олар билікте отырғанымен саусақпен санарлық аз. Ал діни ағымдар көзсіз сорақылыққа баратын болса, бұл ел егемендігі мен халыққа үлкен набыт алып келеді.  Осы орайда көрші Тәжікстанда өткен жылдың 8 қаңтарында  Бас прокуратураның талабымен салафизмнің ел аумағында таралуына тыйым салған Тәжікстан Жоғары Сотының шешіміне назар аудартқымыз келеді. Бізден гөрі  «дін тазалығы» жолындағы бітіспес соғыстың ащы дәмін ертерек тартқан көрші ағайынның  бұл «ілімсымақтан» өз бойларын ертерек аулаққа салуы бізге неге сабақ болмайды? Біздегі құзырлы орындар осындай лаңкес ағымдарға тоқтау салу орынына Алланың адамзат баласына сыйлаған ең ұлы кітабы - Құранның кейбір сүрелерін экстремистік бағытта деп айыптап, сот шешімімен оқуға және таратуға тыйым салып, әлем жұртшылығы алдында масқара болып отыр. Осыны көріп біле отырып не діни басқарма, не дін зиялылары ауыздарын ашқан емес. Сайып келгенде мұның өзі де  еліміздегі  дәстүрлі Ислам дініне еге болатын зиялы дін қайраткерлерінің жоқтығын көрсетеді. Дәл осы  дәрмесіздік  еліміздегі кірме діни ағымдардың көбеюіне және олардың еркін күш алуына жол ашуда. Қазір өз қатарларын  күшейткен аталынған діни кірме  ағымдар өзімен-өзі бітіспес кикілжіңге түсіп, жасаған қылмыстарын бір-біріне аударып салып, бірімен-бірі қырқысып бағуда. Осы ретте БАҚ беттерінде оқыс оқиға ретінде көрсетілген «Сенім. Білім. Өмір.» республикалық қоғамдық бірлестігі жетекшілерінің жаппай аяқ астынан  тұтқындалуы да ойландыратын жағдай. Бұл бірлестік соңғы он жыл көлемінде мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, тіпті көптеген облыстық әкімшіліктер және құқық қорғау органдарымен қоян қолтық  араласып  «Діни экстремизмнің алдын алу және оны түпкілікті жою» тақырыбында біріккен жоспарлы түрде конференциялар мен дөңгелек столдар өткізіп жүргенін бұхаралық БАҚ беттерінен талай рет оқыдық қой. Сонда бұл не «жұмбақ»? Ел ішінде жүрген экстемистік топ жетекшілерін таппаймыз, құқық қорғау органдарымен  біте қайнасып жұмыс жасап жүрген жетекшілерін тұтқында ұстаймыз. Жоқ бұл әлде республика мұсылмандарының алдағы құрылтайы алдындағы «спектакллме»?    Бұл тіршілік одан әрі жалғаса берсе, мұндай  қырқысулардың соңы ел егемендігіне қатер болып тиер қанды қырғынға ұласуы да бек мүмкін. Біздің пайымдауымызша бұл берекесіздік, Елбасымыз Н.Назарбаевтың сара саясаты ның арқасында қалыптасқан  бүгінгі өнегелі де өркенді қадамын көре алмай отырған дұшпандарымыздың қимылы. Олар  сүттей ұйыған көп ұлтты,  ел ынтымағын бұзар  соғыс отын тұтандыру үшін ештеңеден аянбайды. Елімізде дін зиялыларының жоқтығынан  кірме діни ағымдарға ерген жастарымыз қазір осыны ұғына алмай отыр. Әйтпесе «Алаһу ақпарлап» өзін-өзі жарып жіберу деген не деген сұмдық?! Елімізде бұрын-соңды мұндай сорақы жанкештілік болып па еді. Өмір - Алланың адамға берген ең басты сыйлығы. Мұны әр пенде қадірлей білуі керек.  Аллаға адамнан ештеңе керек емес. Алла алдында өтейтін бес парызымыз да Алла үшін емес, өзіміз үшін.  Біздің, күні кешеге дейін басқа діни ағыдарсыз да таңымыз атып, тауығымыз шақырған.  Сонда, тыныш елдің шырқын бұзар мұндай бұзақы  діни ағымдар кімге қажет?  Еліміз  үшін дәл қазір ешбір Ислами діни ағымның қажеті жоқ! Кірме діни ағымдарға заң жүзінде де, діни жолмен де жедел тоқтау салуымыз керек. Исламның атын жамылған мұндай жағымсыз экстремистік күштермен Үкімет те, заң орындары да қатаң күрес жүргізуі тиіс. Бұлардан да бұрын өзіміздің дәстүрлі қазақы Ислам  өзін-өзі көрсете білуі керек. Кейбір дін дүмшелері «Ислам діні ұлтқа түспеген, жалпы әлем жұртшылығына түскен» деп дінді ұлттан қашқақтатқысы келеді. Бұл дұрыс емес. Дін деген -  сенім. Ал сенімі болмаса ел бірлігі, ұлт бірлігі туралы, оның іргесінің мықтылығы туралы әңгіме де айтуға болмайды. Бұл пікірге  Ислам да  қарсы емес. Құран да; «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 - 13). деп үйретеді. Демек, жаратушымыз ұлт етіп жаратқан соң, оның дербестігі мен бірлігін сақтау әрбір ұлт азаматының ғана емес, дін иелерінің де абройлы борышы.

ЕЛДІ, ДІНДІ ДІНСІЗДЕРДІҢ БАСҚАРҒАНЫ ШАРШАТТЫ

Құрметті хазірет!

Енді республика мұсылмандары діни басқармасы таратылуы тиіс деген одағайлау естілер екінші мәселеге ойысайық. Әрине, өзіңіз алғаш негізін қалаған діни басқарманы жою туралы талапты есту Сізге де оңай емес. Мен бұл орайдағы әңгімені өзім кеш біліп қалған, Сізді муфтилықтан шеттету кезіндегі заңсыздықтан бастағым келіп отыр. Біз әлем мойындаған құқықтық мемлекетпіз.  Республика мұсылмандары діни басқармасының 23 мамыр 1996 жылы Әділет министрлігіне тіркелген Жарғысының 9 тарау 4-ші тармағында «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти жоғары діни білімі бар, араб тілін жетік білетін және дін басқару жұмысында кемінде 10 жылдық тәжірибесі бар, денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін адам болуы қажет» деп жазылған. Солай бола тұра  2000 жылғы маусым айында өткізілген Құрылтайға    сол кездегі Республика Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев мырза қатынасып, Жарғы талаптарын белден басып, бірнеше қайтара сөз сөйлеп, Елбасының ұсыныс-аманатын алға тартып, басқарма төрағалығына  жоғары діни түгілі, арнайы орта білімі де жоқ, діни басқару жұмысында он жыл түгілі, он күн де жұмыс жасамаған, (денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін-келмейтінін айтпай-ақ қояйын, «сай емес деп» айтамын деп діни басқарманың бұрынғы тексету комиссиясының төрағасы С.Жаңабаев деген азамат жазықсыз сотты болып, аяғында сол сот әділетсіздігінен сырқатқа ұшырап, марқұм болып кетті) діни ортаға бейтаныс, өзінің коммунистігін қасақана жасырған - атейст, филолог-ғалым Ә.Дербісәліні  зорлағандай етіп сайлаттырғанын көзіңізбен көрдіңіз. Бұл - әрі заңсыздық, әрі дініміздің өркендеуін он жылға тұралатқан үлкен қателік болды және  мұндай әділетсіздік еш уақытта ешкімге аброй берген емес. Артынша-ақ діннен құқ етпейтін  жаңа дінбасы  айт,  жұма намаздарын өткізе алмай діннің де, елдің де абройын түсіргені жалпақ жұртқа жария болды. Тірінің намазана, өлгеннің жаназасына иелік ете алмаған жаңа дінбасының бұл діни сауатсыздығына ашынған республиканың он екі имамы "Жаңа Төраға жағдайды жақсартты ма? Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға Ашық хат", "Қазақ Елі" №7, 2001 жыл/ деген мақала жариялап, Мұсылмандар діни басқармасында орын алып отырған осы олқылықты Елбасы назарына салғанынан өзіңіз де хабардар боларсыз. Бұл мақаладан кейін дін түгілі кеудесінде иманы бар адам бұл орында отырмақ түгілі, діни ортадан кешірім сұрап, әлде қашан өз жөнін тапқан болар еді. Бірақ, имансыз жанға шара бар ма?...  Дүбірлі дабыл аяқсыз қалды. Қысқасын айтқанда, құдайдан қорықпаған "құдай жолында" қалып, құдай деген «арызқой имамдар» қуғынға ұшырап, имамдық қызметтерімен қоштасты. Ислам діні жолындағы діндарларды дінсіздер айдың, күннің аманында осылайша дегеніне көндірді. Дініміз тұралады. Діндарларымыз дәрменсіз болып шықты...

Бұл сұмдықтың басы ғана екен. Тереңірек зерттеп қарасақ дін төрағасы Ә. Дербісәлі болмысынан Исламның дұшпаны болғандығы анықталды. Бұған  жауапты Әбсаттардың  1982 жылы "Мектеп" баспасынан жарық көрген "Араб әдебиеті" кітабынан табуға болады. Кітаптан үзінді келтірелік;

"...Ислам негізін салушы Мұхаммед алланың әмірін, тілегін жердегі  адамдарға жеткізуші пайғамбар деп есептелінеді. Жалпы ислам оқуы бойынша адамзат тарихында Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса, Мұхаммед сияқты алты  пайғамбар болған. (Құрандағы аты аталған пайғамбарлардың да санын білмегені ме? Б.А.). Ал  енді осы пайғамбарлардың оқуы мен ісін жалғастырушы екінші кезектегі (Ол қандай және кім шығарған кезек? А.Б.).  пайғамбарлар қатарына Мұхаммед Библияның кейіпкерлері Лұт, Айиуб, Қарун, Дауд, Сүлейман, Иляс, Исхақ, Иакуб, Иунис, Идрис,Иусуф, Закария, Иахия, Мариямды(?) (124 мың пайғамбардың ішінде әйелден пайғамбар болған емес. Б.А.) жатқызған. Өзін ұлы пайғамбарлардың кішісі әрі соңғысы деп жариялаған..."(?)

...Құран суралары төрт топқа бөлінеді. Біріншісіне Мухаммедтың өзі құрастырып (?!), құдай сөзі деп жариялаған(?!) суралар (Мына сөзімен таза кәпір болды емес пе?.. Пайғамбарымыз бірде-бір сүрені ойдан құрастырған емес. Автор пайғамбар өтірік айтады деп отыр. Астапыр Алла! Бұл туралы "Нақыл" сүресінің 36 аятында "Жердің жүзін кезіңдер де Пайғамбарды өтірікке шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер"-деп ескерту жасайды. Өйткені, ол елге өте ауыр зілзала әкелуі мүмкін. Б.А.)  екіншісі жаңа дін насихаттала бастаған тұстағы, үшіншісі болашақ өмірді суреттеуге арналған, ал соңғысы медициналық кезеңге жататын суралар кіреді...

... Құранда композициялық тұтастық жоқ(?!). (Құран - мұғжиза. Мұғжизаға қандай композиция қажет? Б.А.). Мұхаммедтың уағыздары, діни жарлықтар, дұғалар және күнделікті тірлікке байланысты заңдар жүйесіз орналастырылған. Сондай-ақ мұндағы сан салалы және түрлі материялдардың ішінде иуда, християндық парыздар (?!)  мен мұсылмандық праволар және  арабтың фольклорына (?!)  да көп орын берілген..."

Кітап осылай кете береді...

Міне, хазірет, Сіз негізін қалаған Мұсылмандар діни басқармасы қандай «ғұламаның» және кімнің қолына өтіп кеткен. Бұл  деген сұмдық емес пе! Осыны біле тұра,  қазіргі имамдарымыз нәпақа етіп отырған қызметінен айырылып қалмауы үшін Алладан бұрын Әбсаттардың атын ұлықтайтын дәрежеге жетті.  Дінде бұдан артық бейшаралық болушы ма еді. Өте аянышты жәит!..

Әлбетте, діни басшысы осындай елде, дінді еріккеннің ермегі жасағысы келетін, атағын шығару үшін еш нәрседен тайынбайтын, иманы әлсіз жалақорлар мен мұнафықтардың бой көрсетпей қалуы мүмкін емес. Сондайлардың бірі, алпыстан асқан жасында алжасып Мұхаммед пайғамбарымыз туралы хикаят жазған жазушымыз Дүкенбай Досжанов. Ол өзі жазған хикаятында күллі мұсылман қауымына қастерлі есім - Айша анамыздың (Ғайша хазіретінің) есімін қорлап, оны өзінің нәпсісі мен сезіміне ие бола алмайтын жеңілтек, ұшқалақ әйел етіп көрсетті. Осыған орай бір топ қайраткерлер Дін басына емес Елбасы атына Ашық Хат жариялады. "Жас Алаш", "Қазақ әдебиеті","Түркістан", "Ана тілі" тағы басқа газеттерде дінтанушыларымыздың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің Ашық хаттары мен ашулы, ызалы пікірлері жарық көрді. Одан әріге баруға ол пақырлардың да діни сенімдері әлсіз болды. Осы хаттарға орай Дүкенбай Досжан баспасөз бетінде өзінің артық кеткенін мойындап, күллі мұсылман бауырларынан кешірім өтініп, Айша анамыздың рухынан кешірім сұрады.

Артынша ҚМДБ-нің төрағасы Әбсаттар Дербісәлінің көсемсініп "Дүкенбай бауырымыздың қателігі өзгелерге ғибрат болса екен дейміз"- деген тақырыппен айтыс-тартысты тоқтатуға бәтуаға шақырған бір-екі басылымда төрелігі жарияланды. Ол өз төрелігінде, "...жазушы Дүкенбай Досжан өзі біле бермейтін тақырыпқа барып (Әбсаттардың өзі дінді  білсе жоғарыдағыдай еңбек жаза ма? Б.А.), нәтижеде от басып, опық жеді"- деп өкінген болып, бұдан әрі, "...бұл күндері, жасырып жабары жоқ, тисе терекке, тимесе бұтаққа дейтін кейбір жазғыштар діни сауатының шамалы екеніне қарамастан, дінімізге қатысты өзі озық деп ойлайтын мешеу ойларын тықпалап, мақаласымақтарын жазып жатыр. Өкінішке қарай, мұнысы керісінше шығып, өзін ғана ұятқа қалдырумен қоймай, дінімізге "пайдасы" емес, зияны көбірек тиеді. Осы жайтты мұсылман буырларымыз, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мықтап ескерсе". ("Жас Алаш" №82, 12.10.2006 ж.)- деп сыпайылап БАҚ- тарға тапсырма береді.

Дін төрағасы мұнымен не айтпақ болды екен? Мен осы сөзді соңғы уақытта діни тақырыпта ащырақ сын жазып, "Аллаға сенеміз бе, әлде Әбсаттарға сенеміз бе?"-деп ашық мәселе көтеріп  жүрген журналист ретінде ең алдымен өзімнің атыма қабылдадым.  Рас, мен алып бара жатқан діндар жан емеспін, тек атадан өзімізге өнеге болып қалған дәстүрлі дініміздің жанашыры, қарапайым намазхан ретінде өткен жылы осы ойларымды таразылап, алдымен "Аллаға сенеміз бе, әлде Әбсаттарға сенеміз бе?..." деген тақырыпта мақала жазып "Заң газетіне" бастырдым.

Осы мақаламды оқыған қарапайым намазхан оқырман түгілі, "дін жанашырымыз" деп көкірегіне нан пісіп жүрген діндарлардың өзі  жұмған ауыздарын ашпады. Өйткені қазір елімізде  "Аллаһ!"- деудің орнына алдымен аузына Әбсаттар түсетін, дін атын жамылып, дінді саудаға  салып жүрген дүмшелер, дін билігін өз қолдарында ұстап отыр.  Сондықтан жоғарыда аталынған  мақаламның негізінде  "Дін - халыққа қажет" және "Аллаға сенеміз бе, әлде Әбсаттарға сенеміз бе?.."  атты үлкен екі тараудан тұратын "Есігіңді аш, Өкімет пен Үкімет, дін келіп тұр.  Елбасы Н.Назарбаевтың пайымдауына"- деген атпен 180 беттік кітап жазып, оның алғашқы даналарын  Елбасына, Сенат пен Мәжіліс Төрағаларына, Үкімет басшысына тапсырысты хатпен жолдадым. Осы мақалам мен кітабымды оқыса, кеудесінде иманы болса Әбсаттар Дербісәлі - бүкіл намазхандар мен  қазақ халқының алдында жауап беруі керек еді ғой... Жауап орынына

республика жастарының сүйікті басылымы "Жас Алаш" газетінің 19 сәуір 2001 жылғы санында "Мен мұнда дінімізді көркейту үшін келдім"- деген тақырыппен жарияланған сұхбатында;

- Дін тақырыбына жазған еңбегіңіз бар ма?- деген тілші сауалына;

- 1978 жылы "Көгілдір күмбездің көне жазулары" атты үлкен зерттеуім жарияланды. Бұл Құл Қожа Ахмет Иассауи бабамызға байланысты ізденіс еді. Содан кейін "Араб әдебиеті" деп аталатын еңбегімде "Құран - Араб әдкебиетінің жазба ескерткіші"- деген тарау бар"- деп төсін ұрғылап, айылын жимаған қалпы жауап бергенін көрдік.  Сонда автордың кітабындағы мұсылман баласы кешіруге болмайтын осындай сорақы діни қылмыстарын айтқанымыз үшін, біз "мешеу ойларымызды тықпыштаған", "діни сауатымыз кем", "өзіміз білмейтін тақырыпты қаузаған жан" болып шығамыз ба?!...

Міне, Сізден кейін біз кімді дәріптеп, кімді дін қайраткері тұтып жүрміз.

Дүние жүзі  мұсылмандарының ашу ызасын тудырған, содан бергі жиырма екі жыл (1988ж.) көлемінде өзі де өң мен түс, өлі мен тірінің ортасында күн кешіп келе жатқан   "Сайтани жырлар" атты  тексіздіктен туған аты шулы романның авторы, тегі үнділік жазушы Салман Рушдидтің  кітабы жарық көргеннен соң, бір жылдан кейін 1989 жылдың 14 ақпанында Иран Ислам Республикасының рухани басшысы Аятолла Хомейни "фатуа" жариялап, Англияға жасырынған жазушының сыртынан өлім жазасын кесіп, басын бес миллион АҚШ долларын бағалаған еді. Осылайша өз басына өлім тілеп алған жазушы өз романында  Құдай ілімін түсіндіріп кеткен пайғамбарымызға жала жауып, "мүміндердің анасы" атанған Айша, Зейнеб, Мария т.б. аналарымыздың аттарын өзгертпей «Джаһилия шаһарының жезөкшелері» деген ат таңады. Бұл кітабтың толық мазмұнын айтудың өзі тәрбиесіздік болар. Дегенмен, жазушының өлімге кесілгендегі басты кінасы осы -жалған  жаласы. Аты өшкір сол Салман Рушдидке осындай діни жаза қолданылған кезде, сол жазушыдан бес жыл бұрын дәл сондай пікірмен кітап жазып, оны ширек ғасыр бойы жоғары оқу орындарында оқытуға ұсынып келген Әбсаттарды да діни жауапқа тарту орынына, Республика Мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы етіп ұстап отыру қай ақылға саяды? Әбсаттардан да діни жауапкершілік сұрап, кітабын ел алдына шығарып масқаралап өртеуіміз керек емес пе? Бәлкім, Иран Ислам Республикасының рухани басшысы Аятолла Хомени мырзадан бізге де фатуа сұрау қажет болар.

Осы оймен таяуда «Иран Ислам Республикасының рухани басшысы Аятолла Хомейниге хат. Елбасы Н.Назарбаевтың пайымдауына» деген 210 беттік кітабымды шығарып, Елбасы мен осы елдің еліміздегі елшілігі арқылы Иранның рухани көсемі атына жолдауға тура келді. Кітапта дүние жүзі мұсылмандарының ашу ызасын тудырған  «Сайтани жырлар» атты аты шулы кітабына орай сыртынан фәтуа шығарылып,  өлім жазасына кесілген Салман Рушдидтен бес жыл бұрын, одан да зор күнәға батқан, еліміздегі  Республика мұсылмандары діни басқармасына кездейсоқ төраға болап сайланып алған мұнапық Әбсаттар Дербісәліге де мүбарак дініміз Исламға қарсы жазған еңбектері үшін  фәтуа жаза шығарып беруі талап етілді...

Ойланайықшы, мұндай сорақы кітап жазған адамнан ендігі жерде дәстүлі дінімізге жанашырлық  күтуге бола ма. Әрине болмайды. Соның нақтылы дәлелі қазір оның басшылығындағы Сіз құрған Республика мұсылмандары діни басқармасы басылым беттерінде айтылып жүргендей уахабилер мен салафилердің шаңырағына айналды. Осыны көріп біліп жүрген                                         біздің діндәрларымыз бен зиялырымыз, діни бірлестіктеріміз бен дін ғұламаларымыз  неге дәрменсіздік танытып отыр?  Жасыратын дәнеңе де жоқ, қазіргі таңда елімізде атадан қалған дәстүрлі Ислам діні бұрын соңды болмаған мүсәпір халді басынан кешуде.  Бұл  жұмысқа жетекшілік етер Республика мұсылмандары діни басқармасы ел-елде бизнесмен бауырларымыз  өз туған жерлеріне салдырған жаңа мешіттерін тіркеттіріп, егелік еткеннен басқа, исламды өркендетуде ештеңе де тындырып отырғаны байқалмайды. Қазір, бетін аулақ етсін, жер-жердегі имамдардың біразы  мешіттен жаназаны бөле қалса, құттықана мешітті тастап, жаназа маңына ойысып кетіп қалатын  қайыршыларға айналған. Діндарларымыздың осы дүмше дәрменсіздігінен елдегі  Исламның өзі өз ішінде бірнеше секталар мен ұйымдарға бөлінумен қатар, кейбір мешіттер мен бірлестіктер Республика мұсылмандары діни басқармасы құрамына енуден ашықтан-ашық бас тартуда. Осы алауыздықтан   қазір әлемде жоқ жасанды діндер біздің елімізде емін еркін  тіркеліп, өз жұмыстарын өрбітумен бірге дін билігіне ұмтыл бастады. Мұндай аты мен заты  белгісіз есепсіз діни ағымдарды үкімет еш уақытта тоқтата алмайды.  Дінді -  дін ғана тоқтатады. Ол үшін еліміздегі дәстүрлі дін Ислам күшті де, қуатты болуы керек. Біздегі қазіргі Ислам осы қуатынан айырылған. Елді дінді дінсіздердің басқарғаны әбден шаршатып отыр.

Дінімізде орын алып отырған мұндай келеңсіздіктерге ендігі жерде еш келісуге болмайды.  Бір ұлттың әлденеше дін мен сектаға бөлінуі аса ауыр қасірет. Тарихқа үңілсек, мұндай жағдай ұлттың да, мемлекеттің де тұтастығын жойып, түбіне жетіп тынған. Сондықтан жақын арада кезектен тыс  құрылтай шақырып, еліміздегі Ислам жұмысына баға беріп,  дінімізді өз атымен атап, Республика   Ислам діни басқармасы етіп қайта құрумыз керек сияқты. Ол үшін Бас муфтиден бұрын муфтият құрамы сайланып, оның құрамына дін қайраткерлері мен зиялыларын тарта білу шараларын қарастыру керек. Бас муфти мен оның сайлану мерзімін және құқықтарын Елбасы мен осы муфтият келісіп белгілегені мақұл.  Бұл жұмыста таза дін жанашырлары мен зиялылары өздерін көрсете білулері керек. Олай болмаған жағдайда дініміз тағы да бір алаяқ топтардың қолында кетуі ғажап емес.

Қазір «құранның бір сүресін толық жатқа білмейтін Әбсаттар он жыл дінді басқарғанда он-он бес сүрені жатқа білетін біз неге муфти болмаймыз?» деген діннің не екенін білмейтін оншақты атаққұмар «діндарлар» бас муфти болуға шімірікпестен жоғары жақтың есігін жағалап жүргенін байқап отырмыз. Олар;  " мен осы орынға сайлануға ылайықтымын ба, діни білімім, ұйымдастыру қабілетім жете ме, құдайдан қорқайын-ау?"- деп ойлана да бермейтін Жаратушының ісіне араласып Әбсаттар сияқты өзін өзі қажы атап жүрген дүмшелерден шыққан шолақ белсенділер.  Бүкіл діндарлар болып сақтанатын үрейлі қозғалыс!   Бұл сайлауда тура жолдан жаңылсақ дәстүрлі дінімізден түпкілікті айырыламыз...

Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньятаның «Миссионерлер Африкаға келгенде, біздің жеріміз бар еді, ал олардың «Інжілі» болды. Олар біздің көзімізді жұмып қойып табынуға көндірді. Ақырында көзімізді ашқан кезде біздің жеріміз олардың иелігінде, ал «Інжіл» бізде қалды» деген сөзі біздің де басымызға төніп келеді. «Дін басшысы» Әбсаттардың сөзіне сенсек қазірдің өзінде жарты миллион қазақ Ислам ағымдарынан басқа діннің ықпалында кетіпті. Әрине, бұл жалған дерек. Алла бетін аулақ қылсын..

Ислам бірлігі - ел бірлігі. Қазіргідей қазақ халқы ұлт болып бірігіп жатқан кезде елімізде Әділет министрлігіне тіркеліп жұмыс жасап жатқан барлық Ислам діни бірлестіктері де өзара бірлікке келіп, Елбасымыз Н.Назарбаев ұстап отырған еліміздің біртұтастығын сақтап қалу жөнінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел тағдырын шешуде Елбасымен ынтымақтасып жұмыс жасауға күш біріктірулері керек. Бұл орайда бізге жыл сайын Меккеде өтетін қажылықтағы әлем мұсылмандарының намазда құбылаға бірігіп бір кісідей сап түзеп,  бет бұрған сұлу ынтымақтастығы өнеге болса жарасар еді. Біздің діндарлар бұдан бұрынғы құрылтайда опық жеп қалды. Енді сол кемшіліктен сақ болғаны жөн. Өз дініңе өзің еге бол, ей мұсылман қазақ бауырым. Көзіңді аш. Ислам дініңнің тазалығы мен абройы үшін күрес. Өйткені, ендігі жерде ел болып қалуың, ең алдымен дәстүрлі дініңнің тазалығы мен қуаттылығына байланысты.

СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

Құрметті Хазірет!

Мақала соңында мен бұл хатты неге Сіздің атыңызға жазғаныма тоқтала кеткім келіп отыр. Жоғарыда айтылған әңгімелер Сіздің муфтиятқа басшылық еткен кезіңізде  кемшілік болмады дегенге саймаса керек. Кемшілігіңіз болмаса муфтилықтан босауыңызға құрылтайға қатынасқан имамдар да мүмкіндік бермес еді. Сіз дін-хазіреті бола тұрып өз кезіңізде діни басшылыққа  әйеліңізді арластырдыңыз. Дінді жаназаның маңынан ұзатпадыңыз. Діндегі заманауи прогресске өз дәрежесінде ден қоймадыңыз. Ұйымның жанды организм екенін ұғынғыңыз келмеді. Қаншама жыл қасыңызда жүрген Хамза қажы сол құрылтайда, барлық істі ешкіммен ақылдаспай өзіңіз шешетініңізді, мінезіңізде мұсылмандық көркемдік жетіспейтінін ашық айтты. Дін кадрларын тәрбиелеуде дәрменсіздігіңіз сөз болды.  Бұл пікірдің нақтылы дәлелі - Сіз муфтилық қызметтен кеткелі артыңыздан бірде-бір шәкіртіңіздің осы күнге дейін  іздеу салмауы. Дінде саналы шәкіртке ата -анадан кейінгі ең жақын жан өзіне білім берген ұстазы болмаушы ма еді. Өз кезіңізде таза діндарлар тәрбиелесеңіз бүгінге дейін солардың арасынан Сіздің іздеушілеріңіз шығуы тиіс еді. Олай болмай отыр. Қазіргі Есіктегі имамдық жұмысыңызға да бес жыл үйіңізде жұмыссыз отырып қалған соң, «Халық қаһарманы» Роза Бағланова әнші апамыз сияқты дінге еш қатысы жоқ,  зиялылар Елбасына хат жазып жүріп, әрең орналастырғаны өзіңізге аян... Бұл туралы кезінде мен өз пікірімді газетке мақала етіп жазғанмын...

Осы жәттарды біле тұрасам да, бүгінгі хаттың жазылуына «Ақылды тақтағы емес, тағынан түскен патшадан сұра.  Тағынан түскен патша сабасына түсіп, сабырға келеді. Терең ойға барып, ақылыңа ақыл қосады» деген ескіліктен жеткен ұлағатты әңгіме дәнекер болып отыр. Қазір еліміздегі тіршілік ана сүтіндей ақ, ана тілегіндей таза болып тұрған жоқ. Діни басқармадан кеткен  он жыл Сізге де сабақ болған шығар. Оның үстіне елдегі қазіргі діни  жағдай Сізді де бей жай күйде қалдыра қоймас. Қазір еліміздегі ішкі діни ақуал ел егемендігін барынша қауіпті жағдайға әкеліп тіреп отыр. Бұл жағдайды қазір кім жөнге сала алады, мұнымен түпкілікті кім айналысуы тиіс?.. Бізге дәл қазір сөз емес, нақтылы іс қажет.

Сізге 24 маусым 2000 жылы Алматыда өткен, сол кездегі Президент Аппаратының басшысы Сарыбай Қалмырзаев, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев және Үкімет жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс Кеңесі Төрағасының орынбасары Тельман Сауранбеков мырзалар қатынасқан  Қазақстан мұсылмандары ІІІ Құрылтайында, қазақстанның тұңғыш муфтиі ретінде, бір ауыздан «Қазақстанның Құрметті муфтиі» мәртебесі  берілген. Бұл мәртебеңізге сол жиынға қатысқан 138 делегат бір ауыздан дауыс берген. Бұған қосымша осы құрылтай алдында өзіңізді Ел Президенті Н.Назарбаев қабылдап, республика көлемінде шешімін таппай отырған діни мәселелер жайлы кең көлемде жеке әңгімелесіп, талап-тілектеріңізге құлақ асқан болатын. Елдегі діннің проблемалары туралы біраз ортақ пікірге тоқтасқансыздар.

Міне, осы мәртебеңіз бен абыройыңыз, дәл қазір Сізге еліміздегі діннің бүгінгі жағдайына байланысты ел алдына шығуға да, Елбасымен жолығып пікірлесуге де  моральдық құқық береді.  Бұған қосымша бүгінгі таңда әлемдегі діни ынтымақтастық туралы ықпалды жұмыс жасап жүрген Елбасымыз Сіздің еліміздегі Ислам дініне сіңірген мол еңбегіңізді жақсы біледі және  құрметтейді. Сондықтан ендігі жерде өзіңіз негізін қалаған Республика мұсылмандары діни басқармасының қазіргі бетімен кеткен жайына,  республикадағы бірден-бір зиялы дін қайраткері, дін хазіреті ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызға тура келеді. Еліңіз бен дініңізге жаныңыз ашыса, үлкен сілкініспен қайрат жігер шақырып, Елбасы алдына нақтылы ұсыныспен шығуыңыз керек.

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» демекші, кезінде Үкімет діни басқарма Жарғысы талаптарын бұза отырып, бұл діни ұйымға дінсіз адамды басшы етіп қойып, қазір соның барынша зардабын тартып отырғанын  өздері де  сезіп  отыр.  Бұған қосымша жоғарыда айтып кеткеніміздей дәл қазір, шолақ ойлы оншақты дін дүмшелері таныс-тамырларын салып Елбасы маңын орағытып жүргенін де көзіміз көріп отыр. Дінді саясатқа айналдырғысы келетін бұл «белсенділердің» екі-үшеуінің шет елден қаржыланып отырғанын БАҚ беттері күн құрғатпай сөз етуде. Мен білетін бұл «белсенділердің» ішінде дәстүрлі Ислам дінінің қамын жан-тәнімен ұғынатын жан байқалмайды. Бірі Құдайдан қорықпай, жай ғана Әбсаттар құсап  атақ қуаласа, екіншісі дінді бизнес көзіне айналдырып, байығысы келетін діннен мүлдем сауатсыз мұнапықтар.  Дін - Алланың ісі, саясат - адамның ісі. Саясат - сағат сайын өзгеруі мүмкін, дін - мәңгілік. Осылардың арқасында бұрын үш жүзге, руға бөлінсек, енді түрлі дін мен ағымға бөліне бастадық.   Дін мен саясатты қосқысы келіп  жүргендердің бұл мақсаты үрей тудырады. Бұл өте қатерлі қадам, қате пікір. Қоғамға бүлік салады. Мұндай қауіп қатерді көре біле тұра үнсіз қалсақ, Алла алдында да, Отан алдында да қылмыс болып саналады. Бұл ретте көрші қырғыз, өзбек елдерінде орын алған қанды қырғын оқиғалардан сабақ алуымыз керек.

Құрметті «Қазақстанның Құрметті муфтиі»  хазірет Рәтбек мырза!

Алла елімізде Сізге бәрімізден артық діни білім берді. Ол білімді қара басыңызға емес еліңіздің, халқыңыздың, дініңіздің игілігіне жарату үшін берген болар.  Ендігі жерде еліміздегі дін хазіреті, әрі зиялысы есебінде өзіңіз негізін қалған діни басқарма жұмысына жанашырлық танытады деген оймен осы хатты өз атыңызға жазып отырмын. Артық әбес сөзім кетсе кешіріммен қарарсыз. Алла Сіздің имани қадамыңызға сәттілік берсін. Атадан қалған дәстүрлі Исламымызға құдай қуат берсін.

Сәлеммен, ініңіз Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы.

07.10.2010 жыл

«Абай-ақпарат»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552