Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2005 0 пікір 15 Желтоқсан, 2010 сағат 15:11

Асхат Бекенов, мәжіліс депутаты:«Біздің қоғамды уаххабизмнен арылту үшін біріккен, үлкен бағдарлама қажет»

 

 

- Асхат Сахибеденұлы, Ақтауда қатаң режимдегі түрмеден қашқан 21 адамның атышулы оқиғасын әркім әртүрлі бағалады. Жергілікті ресми орындар оқиғаның ешқандай діни реңі жоқ деген мәлімдеме жасады. Сіз, депутаттық сауалыңызда оның діни астары барын айттыңыз. Жалпы, парламент қабырғасында бұл мәселенің айтылуына не себеп болды?
- Мен Атырау облысынан сайланған депутатпын. Біз халықпен көп араласамыз. Елге барғанда уаххабизмді қолдайтын жастардың көбейгенін көрдік. Қайталап айтайын, әсіресе жастарды «уаххабизм опиумы» улап бара жатыр. Қырық, елуден асқан, ақыл тоқтатқан адамдарды өздеріне тарта алмағандықтан, жастарға ауыз салған. Соның ішінде жоғарғы оқу орындары мен мектептерде кең етек жайып барады. Сосын мені қатты қынжылтатыны, қазіргі кезде жастарымыз ислам қағидалары, заңдары, құндылықтары мен уаххабизмнің насихатын ажырата алмай, шатастырады. Осы орайда біз ара-жігін ажыратып, ағын ақ, қарасын қара деп айтып, халықтың, жастардың арасына үлкен жұмыс жүргізуіміз керек. Ол үшін үкіметтен арнайы бағдарлама қабылдау керек. Діни экстремизмге, уаххабизмнің таратылуына қарсы іс-қимылды жүйелеу керек. Уаххабизмнің жолына түсіп, қазіргі уақытта Пәкістанда, Шешенстанда немесе басқа да жерлерде қазақтың жастары қаңғып жүр. 22-маусымда Ақтауда болған жағдайға келетін болсақ, қашқандардың дінге қатысы жоқ деп мәлімдеме жасаған Ақтау прокурорларымен тіпті келіспеймін. Фактілердің өзі айтып тұр емес пе? Қашқындарда қару-жарақ болған, ақша табылған т.б.. Бұл арнайы жасақталып, жоспарланған іс болды. Уаххабизм Қазақстанның бұрынғы дәстүрлі діни түсінігінен пайда болған діни ағым емес, ол бізге сырттан келген. Экстремистік топтардан табылған қару-жарақ, жарылғыш заттар, дискілер, аудио, бейнетаспалардың барлығы сырт жақтан келгенінің дәлелі, көрсеткіші. Дін атын жамылып уаххабизмге шақырып жүрген миссионерлер - сырттан оқып келгендер. Ақшамен қаржыландырылған олардың алдында нақты жоспарланған мақсат-мүдделер бар. Жастарды өздеріне тарту үшін сырттан келгендер немесе оқып келгендер жұмыс жасап жүр. Оны біздегі құқық қорғау органдары да, қауіпсіздік комитеті де біледі. Депутаттық сауалым үкімет басшысы мен қауіпсіздік комитетіне жолданған болатын. Неге десеңіз, қазір уаххабизмнен біздің қоғамды арылту үшін бірігіп үлкен бағдарлама қабылдамайынша, олардың жастар ортасына ықпалы күшейе береді. Ол үшін біздер дін туралы заңға өзгерістер енгізуіміз керек. Қазір көптеген материалды жан-жақтан жинап жатырмыз. Сосын үлкен жұмыс тобын құрғымыз келеді. Оның ішінде Қазақстанның діни басқармасы, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, әр түрлі діни көзқарасты, ағымдарды қолдайтын мамандар болады. Заңды өзгерту бір күннің ісі емес, оған жарты жылдай уақыт кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта сол заңға бастамашы болып өзгерістерді енгізіп, сосын үкіметтің, яғни Білім және ғылым министрлігі, құқық қорғау органдары, өзіміздің үкіметіміздің алдына мақсат қойып, бағдарламамен жұмыс жасау керек. Осы бағдарламаны жасақтауға депутаттық корпус заң жүзінде көмектесіп, жастардың қоғамдық ұйымдары, «Нұр Отан» партиясы арқылы үлкен шаралар жасағымыз келеді.
Бізде діни жағдай қалыпты дегендермен келіспеймін. Ақтау түрмесіне Атыраудағы танысымның баласы бір таксисті өлтіріп түскен еді. Бұрын бала ешқандай да діни ағымның ықпалына түспеген болатын, сол түрменің ішінен уахаббистік ағымды қабылдап, ақыр аяғында сол 21 жігітпен бірге қашты, өлді. Әкесі түрмеге кездесуге барған сайын, баласы «сен неге намаз оқымайсың, ананы бұлай істе, мынаны бұлай істе» деп әкесіне ақыл айтатын болған. Бала ақыр соңында түрмеден қашып, өзін-өзі жаруға дейін барды. Жиырма бестегі жас жігіттер ешқашан да өзін-өзі жарып, өлімге қимайды, өйткені оның өмірі алда. Ал, бұлардікі не? Жарылысты уаххабизмді бүкіл сана-сезіміне, сүйегіне дейін сіңдіріп алған жастар жасайды, өзін-өзі жаруға итермелеген идеология оның сана-сезіміне, сүйегіне кіріп кеткен. Ол түрмеге түскенге шейін арнайы қылмыстық топтың мүшесі, не бандит болған жоқ. Ол кәдімгі колледжде оқып жүрген қарапайым бала болатын, аяғын шалыс басып, балаларға қосылып, таксисті өлтірген еді. Ал, оны уаххабилер өздеріне тартып алып, қарумен қаруландырып, ақшасын беріп, дайындаған. Міне, осы жағдай менің депутаттық сауал жасауға себеп болды. Ал, прокуратуратың мұны қалай жоққа шығарып отырғанын түсінбедім.
- Уаххабизммен күресуді жүйелеу керек деп отырсыз. Идеологиялық жұмыстың қуаты, қайнар бастауы әлдебір қорларға байланысты екені белгілі. Олар таратып отырған діни әдебиеттерге тыйым болмай, қауіпті ұйым жұмысын тыю мүмкін емес, осы туралы не айтасыз? Сіздің сауалнамаңыздан кейін осы бағыттағы әрекеттер байқалады ма?
- Білім беру басқармалары мектептерде балалардың сондай (уаххабилік) ағымдарда жүргенін біледі. Қайдан келіп, кім уағыздайды бәрі бақылауда болуы керек. Үгіт-насихаттың нәтижесі мектеп оқушыларының хиджап киюінен көрінеді. Ал, хиджап киетіндердің саны жыл сайын артып барады. Ол білім басқармасының алдында проблема болып тұр. Құдайға қатты сенемін, ата-бабаны құрмет тұтамын. Қолымнан келгенінше діни қағидаларды, дәстүрді сақтауға тырысамын. Бірақ діни фанат адам емеспін, ішін терең түсінбеймін. Сондықтан, бұл салада жұмысты әлі де қарастырып, зертеген дұрыс.
- Хиджап немесе діннің асыл шарттарына қарсылық емес, соны киіп алып өзгеше насихат таратып жүрген жастарды қолға алу мәселесін айтасыз ғой...
- Иә, ауылға барған сайын бет-аузын тұмшалап алған жастарды көремін. Күні кеше сенің алдыңда өскен кішкентай қыз бала, 15-16 жаста қап-қара киініп келіп тұрады... Иранда жүрген сияқты. «Ей, көкем-ау саған не болған, мынауың не?», - десем, ол: «Жоқ аға, мен үйден кетіп қалдым, әке-шешеммен араласпаймын, біздің дін осындай», - дейді. Мұнымен қоймай мектеп жасындағы қыздардың басын айналдырып, 15 жастағы бойжеткендер шал уаххабистерден бала туып отыр. Мектепке енгізіліп жатқан дінтану пәндеріне терең мән беруіміз керек. Жастарға ислам дінінің құндылықтарын, жақсылықтарын бастауыш сыныптардан бастап түсіндіріп, үйретуіміз керек. Сондықтан біз бірінші, екінші сыныптан бастап аттестациядан, аккредитациядан өткен білімді, таза, дұрыс мұғалімдерді алу керек. Оның бәрі Білім және ғылым минстрлігімен, діни басқармамен бірлесіп жасалуы қажет. Қазір мектептерде намаз оқитын бір жігітті әкеліп, «мынау намаз оқиды, дін туралы біледі» деп дінтану сабағын өткіздіріп қояды. Ондай фактілер көп. Бұл дұрыс емес. Дін істері жөніндегі комитеттен мұғалімдердің білімін, сана-сезімін, көзқарасын анықтап барып жастарды тәрбиелеуге жіберуіміз керек. Қазір дінге көңіл бөлмей отыруға болмайды. Бұл қауіпті. Уаххабизм іштей ірітіп жатыр. Шындығында, мемлекеттік құрылымдарда, облыстық әкімшіліктерге бұлар кіріп алған. Жергілікті жерлерде дінді реттеп отырған басқармалар бар. Бірақ олар, тек қана статистикалық мәліметтерді жинаумен отырады да, елді-мекендерде не жастармен, не діни басқармасымен жұмыс жасап отырған жоқ. Діни басқармамен бірігіп жүріп, жастарға исламның құндылықтарын түсіндіретін жұмыстар республика, аудан көлемінде істеліп жатқан жоқ.
- Жалпы, елдегі бірден бір діни арна «Асыл арнаны» қадағалап отырған жан бар ма?
- «Асыл арна» телеарнасынан қандай уағыздар айтылып, нені халыққа түсіндіріп жатқанын білмейміз. Біріншіден, оны теледидардан көрсетіп жатқан соң, халық мемлекеттің қойып жатқаны дұрыс екен деп, барлығын солай қабылдайды. Екіншіден, баспаға шығатын болса, үкімет рұқсат берген деп газетке басылғанды халық шын көреді. Оның құрылтайшыла-ры кім екенін, ол оппозициялық газет пе, мемлекеттің көзқарасын қолдай ма, президенттің саясатын қолдамай ма, оны айырып отыратын ешкім жоқ. Бұрынғы кеңестік кезең сияқты көп адам теледидарда айтылып, газет бетінде басылса, шын ретінде қабылдайды да, ақпаратты солай сіңіріп алады. Сондықтан үкімет тарапынан басылымдарға, теледидарлардағы бағдарламаларға бақылауды күшейту керек. Оның сапасын, қандай көлемде, қандай бағыттарға арналғанына талдау жасалуы, зерттелуі керек. Өнім содан кейін барып халыққа ұсынылсын. Бізде үкіметтің құрылымдары бар, сол сияқты діни басқарманың осындай біздің үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс істейтін құрылымы болуы керек. Олар барлық БАҚ-ты қадағалап, бақылап қана қоймай, солармен етене жұмыс жасауы керек.
Ондай байланыс жоқ! Телеарна, газетті пайдаланып, уаххабизмнің жаман екенін айту керек. «Жаяудың шаңы шықпас» дейді. Біз осы жерде шырылдап үкіметке өзгеріс енгізгенмен, ол әрі қарай іске аспаса, халық түсінбесе, оның құны бір тиын. Сондықтан, бұл арада халық, ел болып кірісу керек. Мысалы, заңға енгізілді, оны әрмен қарай іске асуы қажет. Діни басқарманың өзі қай бағытта жұмыс істейтіні, дамитыны анық көрсетілген бағдарламасы болу керек. Дін басқармасы қоғамнан бөлек кете алмайды. Қазір дінге бет бұрушылар көп. Адамдарда рухани аштық бар. Ал, сол рухани аштықты пайдаланып, жаңағылар өздеріне тартып кетіп жатыр. Өзіміз мысалы, жейтін тамағымыздың дұрыс, бұрысын біліп алып, арнайы зертханалардан тексеруден өткен, рұқсат етілген асты ішеміз ғой. Сол сияқты рухани байлығымыздың дұрыс, бұрыс екенін білуіміз керек. Оған талдау да, бақылау да қажет. Білместікпен у ішпейік!
- Діни экстремизм проблемасына қарсы тұру тетіктерінің бірі ретінде осы Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы аталады. Сол құрылым қызметіне көңіліңіз толады ма?
- Қоғам болған соң жақсы да, жаман да азаматтар кездеседі. Жұмыс істеген соң олқылықтары да бар. Имамдар халықтың ортасында жүреді, уағыз айтады. Бізден гөрі имамдар ел арасында көп болады. Біз сайлаушыларымызбен бес күннен артық кездесе алмаймыз. Ал, олар күнде халықпен бірге, өлімнің ортасында да, басқа да жиындарда да жүріп, халыққа уағыз айтады. Халық оны дін басқармасының өкілі ретінде дұрыс деп қабылдайды да, айтқанын жұтып алады. Сондықтан олардағы аттестацияны күшейту керек, шарттар мен талаптар қою керек. Үкіметтің, қоғамның құндылығын сақтауға насихаттайтын уағыздар айтылуы керек. Осы стандарттарды діни басқарма ескеріп, имамдарға үйретсе, барлық имамдар тек соны уағыздайтын болса, елде бірлік пайда болады, ортақ идеология қалыптасады. Бір имам ананы айтады, бірі басқа бір уағызды айтады, жалпылама алғанда идеология ала-құла болып барады.
Кейде халыққа рухани күш беру үшін, біздің бас имамымыз беделді адам болу керек деп ойлаймын. Ол халықтың ортасынан қайнап шыққан беделді, халықты артына ертетін, ақ-қараны ажырататын көшбасшы болуы керек. Әбекең (Әбсаттар Дербісәлі, - ред.) оқымысты, ғалым болар, бірақ ол халықты бірлікке жұмылдырып, үкіметпен бірге жұмыс жасай түссе жақсы болар еді.
- Діни басқарма жүйесінде бірнеше медресе бар екені белгілі. Кейбіреуі ашыла салып, заңсыздықтары білініп, жабылып жатады. Олардағы оқу тәртібі қандай болуы керек, сосын, оны бақылауды да қолға алу керек шығар. Жалпы онда, онда нені оқыту керек? Неге бұрынғыдай халыққа сыйлы, медресе тауысқан ілімді адам дейтіндей имамдар шықпай жатыр? Медресе оқып келді деген имамның сыйқы мынау ма деген әңгіме бар ел арасында бар.
- Олардың қаншалықты сапалы, қаншалықты терең нені оқытып жатқандарын көрген жоқпын. Бірақ, олар жөнінде ақпарат сұратып жатырмын. «Сендер қазір не оқып жатырсыңдар? Сендерден оқып шыққан мамандар қазір қайда? Қоғамға қандай пайдалы қызмет жасап жатыр? Онда қазақи дүниетанымнан алыс жастар тәрбиеленіп жатқан сияқты. Ауылдағы дәстүрлі исламға қарсы шығып, ауыл ақсақалдарымен қарсыласып қалып жатқан оқиғалар бар.
Тағы да айта кету керек. Медресе бітірген шәкірт бір жерге имам болып келді ме, оның қолында үкіметпен бірлесіп жасалған діни басқарманың бағдарламасы болуы керек. Қайткен күнде де, діни басқарма үкіметпен, жалпы бір-бірімен жұмыс жасайтындай жүйе құруы керек. Бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет. Үкіметтің нақты құрылымы бар сияқты діни басқарманың да үкіметпен бірге жұмыс жасайтын өзінің құрылымы болуы керек. Жыл сайын діни басқармадан мысалы 100-200 студент бітіреді, олар осындай орындарға барып жұмыс жасайды, уаххабизмге қарсы уағыздар айтады, осылайша ұлтымызды сауықтырамыз, сол балалар арқылы жат идеологияның әрекетіне тойтарыс береміз деген сияқты жоспары болуы тиіс. Медресені бітірген кейбір балалар уаххабизмге кетіп қалып жатыр. Бұл олардың сапасыз оқу оқығанын көрсетеді. Ол бала мешіт, медресені бітіріп, жат ағымға түсіп, қоғамға неге қарсы қимыл жасауы керек?
Сонымен қатар, шетелде, араб елдерінде оқып жатқан балалар-дың не оқып жатқанын тексеру керек. Себебі, Діни басқарма арқылы шетелге оқуға кетіп жатқан жастар елге оралғанда басқа көзқараспен келеді дегенді жиі естимін.
- Асхат аға, сізді басқа депуттаттар қолдады ма?
- Мені депутаттық корпустың тең жартысы қолдайды. Бұдан елде жастар арасында болып жатқан қауіпті құбылыс екенін байқадым. Яғни, бәрі діни ахуалдан хабардар. Бірінің баласы, бірінің туысқаны сол ағымға кіріп кеткен деген сияқты. Бұрын осындай ахуалды тек батыс өңірден көретін едім, ондай Алматыда да, Астанада да, Шымкентте де бар екен. Көптеген журналистермен кездесіп айттым, біздің бірінші жұмысымыз - заңға өзгерістер енгізу. Келіп жатқан әр діни ағымды тіркелгенінен бастап, қатаң тексеру керек. Содан кейін барып бағдарлама ұсынғымыз келеді.
- Сізге уағыз айтса, уаххабист болып кетуіңіз мүмкін бе еді? Мені қызықтырып отырғаны, бойыңыздан осы «дертке» қарсы иммунитетті қалай таптыңыз? Жастар емес, беделді жасамыстардың арасында да уаххабист болып кеткендер көп қой.
- Әуелі адамның өзінің тәрбиесіне, сосын қоғамға байланысты. Менің күш-жігерім мықты деп айта алмаймын. Егер 15-16 жаста менің қоғамымда, мені жолдастарым жат ағымға тартып кетсе, менің де кіріп кетуім мүмкін еді. Неге десем, ол жерде көп фактор әсер етеді, ата-ананың, мектептің, қоғамның тәрбиесі, қоғамда болып жатқан өзгерістер бар. Тіпті, біз жас кезде уаххабизм дегенді естімеппіз. Соған қуанамын. Кеңестік уақытта дінге қандай көзғарас болғанын да білесіз ғой. Егемендік алғаннан кейін, еркіндік берілді, дінге көзқарас өзгерді.
Қоғамдық жұмыстарға көп араласқандықтан, бизнеспен айналысқандықтан қоғамда болып жатқан өзгерістерге сергек қарадым. Дінмен айналысуға уақытым да болған жоқ. Діннің түбіне жетем деген де мақсатым болған жоқ. Менің ойым жұмыс жасау, еліме қызмет ету, отбасымды асырау, балаларымды жетілдіру болды. Мен отбасымды жетілдіргенім - қоғамды жетілдіргенім.
Адамның өзіне байланысты және қоғам өмірінде үкіметтің рөлі көп екенін айту керек. Егер біз қатерлі діни әдебиеттерге, діни экстремизмге тосқауыл қоймасақ, кеш болады. Бұл ештеңе емес, үрдіске айналып бара жатқаны қорқынышты, жастар лаңкестерге қосылып барады. Бес-алты бала болып, Шешенстанға, Дағыстанға барып соғысуға кететінді шығарды. Оларға не жетпейді? Еліне қызмет етіп, отбасына көмектесудің орнына, қолына қару алып, соғысқа қатысып, өз-өзін жару деген сұмдық қой. Бәрі сыртқы факторлардың әсерінен, соларды жою үшін үкімет тарапынан көп жұмыс атқарылу керек.
Идеологияның дұрыс емес жақтарын қолдайтын кейбіреулер биліктің сатыларына да жеткен. Оның түрін түстеп жатпайық. Олардың заңға деген ықпал етуін жібермеуіміз керек. Интернетті де талдау керек. Сол арқылы да көп келеді. Күні кеше Атырауда үлкен мекемелерге қарулы шабуыл жасап, солардың ақшаларын алып, тонап, кісі өлтірген. Міне, бұл олардың жаңа сатыға көшкенін көрсетеді. Бұрын айтумен, таратумен болса, қазір олар қолдарына қару ала бастады. Жақында 2-3 адам ұсталды, сырттағы содырлар Атыраудағы «бауырларына» «осындай сумма тап» деген тапсырма беретін көрінеді. Олар оны қандай да болсын әрекетпен тауып шет елдерге жібереді. Бұлардың жұмысы қазір басқа деңгейде. "Проблема жоқ!" деп көзді жұма беруге болмайды. Сақ болуымыз керек!
- Асхат аға, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға көп-көп рахмет.

Сұхбаттасқан Алмас Қуанбай

«Үш қиян» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543