Есенғали Раушанов. Лох несс
Сiз қозғалсаңыз, орман да бiрге қозғалады. Жаныңыздан бiр елi қалмай жарысып отырады. Жарасып отырады.
Шекспирдiң Шотландия тағы маңында өрбитiн "Макбет" трагедиясы есiңiзде ғой, барар жер , басар тауы қалмай сарайға тығылған Макбет патшаға қара аспанды қапылтып жеткен қара жаушы "Ойбай, алдияр, сарайға қарай самсаған қалың қол емес Бирнамның ит тұмсығы батпайтын қара орманына жан бiтiп, теңселе қозғалып, үстiмiзге бастырып келедi, ендi қайттiк?" деп байбалам сала жылайтын емес пе едi? Олай дейтiн себебi Мәлкөлiм (Мальколм) ханзада Макбеттi тақтан тайдыру үшiн Англиядан күш жинап, шерулi қолымен Шотландияға қарай қозғалғанда әскерiнiң санын әдеттегiден гөрi көбiрек қып көрсеткiсi кеп "әрбiр сарбаз ағаштың бiр бұтағын кесiп алып маңдай алдына ұстап жүрсiн" деп бұйрық берген. "Қорыққанға қос көрiнедi", нәтижеде әскер емес, орман көшiп келе жатқандай әсер еткен.
Сiз қозғалсаңыз, орман да бiрге қозғалады. Жаныңыздан бiр елi қалмай жарысып отырады. Жарасып отырады.
Шекспирдiң Шотландия тағы маңында өрбитiн "Макбет" трагедиясы есiңiзде ғой, барар жер , басар тауы қалмай сарайға тығылған Макбет патшаға қара аспанды қапылтып жеткен қара жаушы "Ойбай, алдияр, сарайға қарай самсаған қалың қол емес Бирнамның ит тұмсығы батпайтын қара орманына жан бiтiп, теңселе қозғалып, үстiмiзге бастырып келедi, ендi қайттiк?" деп байбалам сала жылайтын емес пе едi? Олай дейтiн себебi Мәлкөлiм (Мальколм) ханзада Макбеттi тақтан тайдыру үшiн Англиядан күш жинап, шерулi қолымен Шотландияға қарай қозғалғанда әскерiнiң санын әдеттегiден гөрi көбiрек қып көрсеткiсi кеп "әрбiр сарбаз ағаштың бiр бұтағын кесiп алып маңдай алдына ұстап жүрсiн" деп бұйрық берген. "Қорыққанға қос көрiнедi", нәтижеде әскер емес, орман көшiп келе жатқандай әсер еткен.
Тарих қызыққа толы. Бiр рәуаятта соны жазатын Шекспир деген кiсiнiң өзi өмiрде болмаған, оны қайткен күнде де адамзаттың ағасы боламыз деп елден ерек мәртебеге ұмтылатын ағылшындардың өздерi ойлап тапқан деген де қауесет бар. Бұл қаңқуға басқа жұрттан бұрын шотландиялықтар сенуге бейiм. "Ағылшын дейтұғын ел адамзат өркениетiне пеницелиннен басқа не бердi?" дейтiн кекесiн сөздi де алғаш айтқан осы Еденбралықтар (бiзден өзге халықтың қай қайсысы да Эденбургтi осылай атайды) дейдi. Бiр ақиқат - Шотландия самсаған қалың ормандар мен санаса сан жетпейтiн айдын көлдер, асқақ таулар мекенi. Оны досы да, дұшпаны да мойындайды. Шотландияның халық ертегiлерiнде де, соңғы жазба әдебиетiнде де негiзгi оқиғалар орман арасында не көл бойында өтедi. Бүкiл адамзат баласын таңғалдырып келе жатқан Лох Несс құбыжығының өзi осы аттас көлде өмiр сүредi-мыс.
Еденбрадан таң сыз бере шыққан туристiк автобус шоферi жол бойғы көп әңгiмесiнiң бiрiнде мiндеттi түрде сiзге шотлан тiлiнiң құрып бара жатқаны туралы айтары хақ. Демек, елдiң ұлттық сана-сезiмi өсiп келедi деген сөз. Шотландияның күндердiң күнiнде егемендiк алып, бүгiнде "ұзаққа шабатын қайран арғымақты ұзын арқан, кең тұсауда ұстап отырған" ағылшындардан бөлек шығатыны туралы ұзақ сөзден ол жалықпайды, сiздi де жалықтырмайды. Азаттық туралы әңгiме жалықтырмайды. Және ол бозадағы бос сөз емес, дүниедегi ең қасиеттi әңгiме. Жағы сембей сөйлеп келе жатқан мына жiгiт дiнi, тiлi, жерi, елi басқа жетi қиян жер түбiндегi өзге бiр мемлекеттiң адамы емес, қазақтың қарапайым баласы секiлдi көрiнiп кетедi. Шотландияда шотлан тiлi туралы шофердан бастап кез келген зиялы айтады. "Азаулының Ыстамбұлдан несi кем?" "Бернс тiлiнiң Шекспир тiлiнен несi кем, неге оның өз жерiнде кең дамуына кедергi жасалынып отыр?" деген мәселелер жергiлiктi газет, журнал беттерiнен түспейдi. Тiл туралы әңгiме азаттық алудың алғашқы әлiппесi.
Лох Несске апаратұғын жол әрi алыс, әрi жақын. Олай болатыны кешеге дейiн алаш баласының табаны баспаған жат өлкенiң әрбiр бұралаң-бұлтарысы таңсық көрiнерi анық, бiрақ ұлт азаттығы, туған ел, туған тiл тағдыры туралы әңгiме жаныңызға соншалықты жақын. Тiл туралы әңгiменi түсiнсе қазақ түсiнсiн. Бостандық туралы сөздi айтсаң қазаққа айт. Сондықтан ба екен, мына көгiлдiр таулар мен күркiреуiк сулардан өтiп биiкке өрлеп келе жатқан күре жол тура бiздiң Қотан Қарағайдың Берелiнен шығып Рахман қайнарына баратұғын тау жолы секiлдi. Ана бiр көлденең жатқан қақпа тастың тасасынан тап қазiр Қаратайдың бiр шалы атын тебiнiп атып шыға келетiн секiлдi. Мына бiр самырсынның көлеңкесiнде бiр Қалихан Ысқақов бiр топ елдi маңына жинап алып маралды Алтайдың тұрмыс салты, жан-жануары, тарихы және заманауи супер саясаты туралы қиял Һәм ғажайып ертегiлер стилiнде әңгiмелеп тұратындай. Жиналған ел сөздi бұзбай, сенген секiлдi ыңғай танытып үнсiз тыңдай бермек. Арғы беттегi қарағайлардың етегiнде бiр Әлiбек Асқаров жанындағы астаналық достарына жаңа сапардың тезистерiн тез жүрiп, жылдам түсiндiрiп келе жататындай.
Лох Несс құбыжығының неден, қашан, қалай шыққаны туралы әңгiмелердiң iшiнде сенуге болатыны да, сенбек түгiлi тыңдауға арзымайтындары да бар. Менiңше, бұл өте ерте кезде пайда болған аңыз. Адамзат баласы алғашқы қауымдық құрылыс дәуiрiнде, тiптi одан да әрiде сана-сезiмi жетiспеген кезеңдерде қорқынышта, үрейде өмiр сүргенi рас болса, сiз бен бiз халық шығармашылығы деп ат қойып, айдар тағып жүрген әфсаналардың көбi сол кездерде пайда болды. Дiн таратушылар халық аңызын өз мақсаттарына шебер пайдалана бiлдi де, Лох Несс көлiндегi құбыжық хақындағы үрейге толы хикая әлемдi кезiп кеттi. Қай дiн де сенушiлерiнiң көп болғанын қалайды. Қай дiн де өзге дiннен басымырақ болғанды ұнатады. Дiн ол кезде билiк едi. Ол қазiр де билiкке ұмтылады.
Бiздiң дәуiрiмiздiң 565-жылдар шамасында Шотландия аймағына христиан дiнiн таратуға келе жатқан қасиеттi Коломба бастаған тақуалар Лох Несс көлiнен өтерде дауыл тұрып кеменi ықтыра жөнеледi. Оның алдында осы көлдегi бiр құбыжық қаншама жылдар бойы жағадағы елдiң малын малдай, жанын жандай қырып, суға жолатпай келген дейдi. Кенет судан айдаһар басты, жылан құйрықты, самұрық қанатты бiр құбыжық шыға келiп, тақуаларға тап бередi. Ержүрек дiндарлар қолда бар қарумен қарсы ұмтылып, айқаса жөнелгенiмен, құбыжық кемедегiлердiң зәре құтын алып, әлемтапырақ дауыс шығарып, бiрде шыңғырып, бiрде күркiреп әл бермей әлек салады. Сол кезде дiн басы Иса пайғамбардың кер ағашқа керiлген суретi бар бойтұмарын дереу мойнынан жұлып алып, әлгi албастының көз алдына тоса қояды. Сол-ақ екен, жаңа ғана қаһарына мiнiп, аузынан жалын атып тұрған құбыжық жынын алдырған бақсыдай кiлт тоқтап, керi шегiне бастайды. Толқын басылып, көл бетi тынши қалады. Тақуалар екi таудың арасын жаңғыртып дұға оқып, Иса жарықтықтың суретiн көкке көтере түседi. Иса көтерiлген сайын құбыжық суға бата бередi. Ақырында кiшiрейiп-кiшiрейiп барып, ақыры тереңге шым батып жоғалады. Содан бастап көл жағасындағы ел христиан дiнiнiң құдiретiнiне сенiп, Исаның үмбеттерiне айналады. Шiркеу салынып, жұрт дiнге кiредi. Ел алда-жалда Иса жолынан ауытқып жаман жолға түсе бастаса көл түбiндегi құбыжық қайта көрiнетiн көрiнедi.
Қарапайым ғана ертегi. Мұндай ертегiлер әр елде де бар. Мұндай насихат қай дiнде де бар. Рас, әсiресе, христиан дiнiнде неше түрлi жанды-жансыз қорқынышты субстациялар, албасты, дуахан, көзалдаушы, сиқыршы, дию, перi, құбыжықтар туралы өте-мөте көп айтылады. Шекспир шығармаларына бажайлап бiр көз салыңызшы, мұнда не жоқ дейсiз, әдiлдi жолдан тайдыратын сайтан, адамның аза бойын қаза ететiн елес, аруақтар, жұртты жаман жолға салуға ұмтылатын перiлер, Құдай-ау, не деген толып жатқан тылсым күштер?! Шотлан әдебиетi де бұл жерде ерекше емес. "Пысық тiгiншi", "Алтын ағаш пен күмiс ағаш ", "Көгiлдiр таулардың көркем ханымы", "Ирланд патшасының ұлы", "Итбалық әйел" деген секiлдi халық ертегiлерiн оқып отырсаңыз, Лох Несс көлiндегi құбыжық туралы аңызға таңғалудың түк те ретi жоқ. Құбыжық тек Лох Нессте ғана емес, қатар жатқан Лох Тей, Лох Морад көлдерiнде де "бар". Бiрақ бәрi бiрдей жалпы халыққа жария емес. "Аттан қалма, байталым" "құбыжықтар дәуiрi" басталғанда Канада, көршi Ирландия, Румыния, мұхиттың арғы бетiндегi Америкада да "өз құбыжықтары" пайда болды. Лох Несстiң құбыжығының аты - Несси. Осы Несси туралы әңгiменiң өрбуiне жергiлiктi елдiң аңыздары емес, Р.Уилсон деген лондондық дәрiгердiң "көлден түсiрiп алдым" деп жариялаған бiр суретi себеп болған секiлдi. Түрiкпен аруанасының ұзын мойыны секiлдi бiрдеңенiң судан шығып сорайып тұрған осы суретiн көшiрiп жарияламаған басылым кемде-кем. Қазақ жастарының "Бiлiм және еңбек" журналында да кезiнде осы суретпен бiрге көлемдi мақалалар шықты. Р.Уилсонның 1934 жылғы 14 сәуiрде жарық көрген әлгi суретiнен соң көлдi көргiсi келетiндер көбейдi. "Несси" деген осындай екен деп түсiнген бiрнеше ұрпақ қалыптасты. Арада алпыс шақты жыл өтiп, Уилсон қартайып, төсек тартып жатып қалады. Бiр күнi жақын-жұрағаттарын шақырып алып: "Мен о дүниеге аттанғалы жатырмын. Мойнымда күнә көп, ел менi кешiрсiн, баяғы "Несси" құбыжықтың суретi деп жариялағаным ойдан шығарылып, қолмен құрастырылған әшейiн бiр фотомонтаж болатын " деп кешiрiм сұрап, көз жұмған көрiнедi. Тағы бiр алып-қашпа сөзде "тұңғыш рет өтiрiк суреттi монтаждап түсiрген Кристофер Сперлинг деген кiсi едi, жасы тоқсаннан асып қайтыс болар алдында жалғандыққа барғанын мойындап, қызық болсын деп, баланың ойыншық кемесiне ойыншық мойын жасап түсiрiп едiм" деп кешiрiм сұраған деседi. Бiрақ екеуiне де құлақ асқан ел аз. Халыққа өтiрiк керек. Ол жақсы өтiрiк болуға тиiс, сұлу өтiрiк, сүйкiмдi өтiрiк! Жыл сайын көлге 500 мыңға жуық турист келiп-кетедi. Жағалауда құбыжыққа арналған мұражай бар. Оның иесi Ронни Бремер деген кiсi. 25 миллион фунт табыс тауып, баяғыда-ақ мультимиллионерге айналған .
Ағылшындар мен жергiлiктi елдiң арасы, әлбетте керемет емес. Керемет болуы мүмкiн де емес. Бiрi күштi, бiрi күштiнiң айтқанын iстеп, айдағанына көнiп келе жатқан аз санды ұлт. Бұл тоқтамға келiсетiндер де, келiспейтiндер де бар. Қалай болғанда да, шотландықтардың егемендiк туралы көбiрек айта бастауы ресми Лондонның алаңдаушылығын туғызып отырғаны өтiрiк емес. Ресми Лондон дегеннен шығады, Лох Несс көлiндегi құбыжық туралы адам айтса сенгiсiз әңгiменi шотландықтар әдейi ойлап тапқан деген де жорамал бар. Шотлан жерiне ежелден көз алартушылар көп болған. Солардың зәре-құтын алу үшiн немесе жат жерлiктердiң жөндi-жөнсiз қаптап кетуiне тосқауыл болу үшiн осындай да тәсiл қолдануға болатыны қисынды ма, жоқ па деген сауалға шотландықтар жоқ деп жауап бередi. "Бұл да ағылшындардың бiздi қаралау үшiн ойлап тапқан қаңқуы" дегенге саяды. Қаралау - саясат құралы.
"Ағылшындар бiздi жақсы көргендiктен бауырына басып, алысқа жiбермей отырған жоқ", - дейдi шотландықтар, - оларға керегi - бiздiң жер асты байлықтарымыз".
"Бiздер, ағылшындар, ежелден қалыптасқан салт-дәстүрлер елiмiз, шотландықтармен бiрге өмiр сүру - баяғыдан келе жатқан салт, оны өзгертуге бола ма?" - дейдi ағылшындар. Ағылшындардың тағы бiр уәжi шотландықтардың көп бөлiгi егемендiктi қаламайды, оларға Элизавета патшайымның қол астында өмiр сүрген пайдалы һәм тиiмдi.
Лох Несс көлi туралы көп айтылады, бiрақ құбыжықты көзiмен көргендер аз. Бүгiнде көл жағасындағы дүкен-дүңгiршектердiң бәрiнде де сувенир "құбыжық" сатылады. Айлақтың өкпе тұсында тот баспас темiрден оның бейнесi тоқылған. Алыстан мен мұндалап сорайып тұрады. Мына сурет - соның суретi. Әр сағат сайын туристер арнаулы кемелер немесе кiшкене қайықтарға отырып, көлде жүзедi. Көл бетi көбiнше тыныш. Шотландияның барлық жерiндегiдей жиi-жиi жаңбыр жауады, жиi-жиi тұман түсiп, жиi-жиi бұлт көшедi. Таудан түсiп келе жатсаңыз, шүйке бұлттар аяғыңыздың астында оратылып жатуы түк те таң емес. Күн бiр сәт жарқ етiп ашыла қалғанда ел көл ортасына қарайды, тура осы сәт құбыжық атып шығып, ақырып барып қайта тереңге сүңгiп жоғалатындай. Мұнда да жарнамашы фирмалар иен тегiн табыстың астында. Ал аулақта маралын бағып, сиырын сауып, қойын қоздатып, балығын аулап, вискиiн қайнатып жүрген қарапайым шотландыққа осының бәрi түсiнiксiз. Мынау не қылған шұбырған халық, не iстеп жүр, ақшасы сонша көп болса, марал бақпай ма, не үй салмай ма? Мұнда да жергiлiктi халық бай емес, мұнда да жергiлiктi басшылар жат жерлiктермен бiрiгiп ақша табады. Елдiң, жердiң иесi үйреншiктi кәсiбiмен барға мәзiр, жоққа әзiр жүрiп жатыр. Мак Дональд елi тамақ пiсiрудiң қыр-сырын жақсы бiледi. Бiрақ бәрi бiрдей тоқ емес. Олар да өз үкiметiне сенбейдi. Олар Құдайға сенедi. Құдайын жоғалтпаған елдiң болашағы зор.
Бүгiнде шотландықтардың арасында (соңғы әлеуметтiк зерттеулер бойынша) құбыжыққа сенетiндерден гөрi сенбейтiндердiң саны анағұрлым басым бола тұрса да, көл маңынан адам аяғы үзiлмейдi. Мiне, бiз де келiп тұрмыз. Бiр қарағанда бiздiң Көлсайға ұқсайтын әдемi көл. Мұқағали ақынның өлеңi еске түседi: "Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай. Қалай бiткен мына көл тау басына". Бәлкiм, бiз көрмеген, бәлкiм, ендi ешқашан көрмейтiн бiр кездегi Есiк көлi осындай болған шығар. Бүгiнгi Есiк айдынынан ерекшелiгi - енi де, ұзындығы да ересен үлкен.
Жағасында шағын ғана ауыл бар. Көлдiң оң жағалауы елсiз, сол жағасында туристiк базалар. Қаптай өскен қарағайлар тағы да Қотан Қарағайды еске түсiредi. Шотлан қарағайы, шынында, кiсi таңғаларлық қасиетке ие. Оны зерттеушiлер бұл ағаштың ешқашан, ешқандай ауруға шалдықпайтын асыл тұқымды қарағай екенiн жазады. Бiрақ оған қарап жатқан халық жоқ. Елдiң есiл-дертi көлде. Көлдiң ұзындығы 36-39 шақырым, тереңдiгi көп бөлiгiнде 150-200 метр шамасында. Ең терең жерi 230 метр делiнедi. Сол тереңдiкте жерге бауырын төсеп әлгi құбыжық ұйықтайды-мыс. Көлге Оик деген өзен құяды. Құс атаулыдан шағала және шақшақай жиi кездеседi. Англияның барлық демалыс орындары секiлдi Элизавета патшайымның суретiнен бастап уақ-түйек, майда-шүйде, көр-жер сатқан дүңгiршектер, iрiлi-ұсақты асханалар, автобус аялдамасы, қонақүйлерден өзге Шотландияның барлық елдiмекендерi секiлдi егемендiкке ұмтылған елдiң өз парламентi, өз дiнбасы барын айтатын жарнамалар, атақты шотланд сиырлары, түрлi ыдыстардағы түрлi-түрлi виски сорттары, күрең қызыл, кейде жасыл күрең шақпақ матадан тiзесiне жетер жетпес юбка (килт) киген еркектер...
Шотландықтардың баскиiмi де ерекше. Өздерi бонет деп атайтын телпегi еуропалықтардың шекеге киетiн беретiне ұқсайды. Туристер мұның қай-қайсына да назар аудармастан, көлiктен түсе сала көлге ұмтылады. Соңғы кезде (бәлкiм бұрын да) сирек көрiнетiн құбыжық тура бiз келгенде айқай салып алдымыздан шыға келетiн секiлдi. Неге бiздiң өтiрiкке сенгiмiз келiп тұрады екен, тоба!
"Сексен көл Көкшетаудың саясында" демекшi, Шотландиядағы санаса сан жетпейтiн көлдердiң арасына құбыжық туралы әңгiмеге келгендегi таңдау неге нақ осы көлге түстi екен деген сауалдың да жауабы бар секiлдi. Лох Несс - елдiң шетiндегi көл. Лох (шотлан фонетикасында "Лоһ") деген сөздiң өзi шотланша көл деген ұғымды бiлдiредi екен. Демек дiн насихатшылары бiр шеттен бастап, iшке қарай бiрсiн-бiрсiн кiре берудi мақсат тұтқандай.
Жоғарыда айтылғандай 565 жылдан бастап оны "көзiмiзбен көрдiк" дейтiндердiң саны көбеймесе азайған жоқ. 1933 жылы Э.Маунтердiң құрған тобы 5 аптаның iшiнде 15 рет көрiптi.
1943 жылы көлдiң үстiмен ұшып өткен Б.Фэррел деген әскери ұшқыш та бастықтарына "анық көрдiм" деп ақпар берген деседi.
1957 жылы 117 кiсiнiң әңгiмелерiн топтастырған жеке жинақ жарияланды.
1960 жылы Тим Динсдейл деген инженер аэронавт "көл бетiмен жүзiп бара жатқан алып мақлұқатты" суретке түсiрген.
Лох Несс құбыжығы туралы алып-қашты әңгiмелерге нүкте қою үшiн Британ парламентi кезiнде арнайы мәселе де қараған, ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, су асты зерттеулерi де жүргiзiлген. Құбыжықты қайткенде де табу үшiн арнайы дайындалған дельфиндер су астына жiберiлген, нәтиже ойдағыдай болмаған. Содан доктор Дж.Макэндрюстiң басшылығымен 1992 жылы ғылыми топ гидролокаторларды пайдалана отырып, көл түбiн түгел шолып шыққанда тереңде жатқан 5 бiрдей алып динозаврларды көредi. Бұған не деуге болады? Динозавр болғанда да, бұдан 700 миллион жылдай бұрын тұқымы құрып кеткен плезиозаврлар екен деген тоқтамға келедi. Кейiн лазер аппаратының көмегiмен өз зерттеуiн жүргiзген Я.Бузер деген ғалым да осы тоқтамды "шындыққа жақын" деп табады.
Бiрақ құбыжық жоқ. Өлi құбыжық та, тiрi құбыжық та жоқ. Қаңқу-қауесет көп, "Несси " жоқ.
Бiр қызығы, қанша жылдан берi айтылып келе жатқан "Шындық бiреу, мұның бәрi көл түбiндегi тектоникалық өзгерiстерден туып отыр" деп, қысқа қайырған заманауи ғылыми тұжырымдамаларға ешкiмнiң тоқтағысы келмейдi.
Қатар жатқан елдердiң әзiл- қалжыңы көп болатыны мәлiм. Ағылшындар шотландықтардың кессе қан шықпайтын сараңдығын келекелесе, шотландықтар аналардың өктемдiгiн, қатыгездiгiн әзiлдеп болса да бетiне басады. Оның үстiне шотландықтар, әлбетте, осы аймақтағы өркениеттiң ошағы секiлдi Еденбраның Лондоннан анағұрлым әдемi екенiн, шотланд вискиiнiң сонау он бесiншi ғасырда-ақ жер-жаһанды таңғалдырғанын, әр жыл сайын жетi жүз миллионнан астам бөтелке вискидiң шет жұртқа сатылатынын, Лох Несс көлiн көне құрылықтан бастап Африкадағы меңiреу елдерге дейiн бiлетiнiн мақтан тұтады. Ағылшындар мен екi арадағы бiр анекдотта былай дейдi: "Лох Несс көлiн көруге келiп шала бурыл тартып, қызып алған бiр ағылшын жентельмен бармен шотландыққа тиiсiп тұр дейдi. "Өзiң айтшы, сендерде кiсi қызығарлық не бар, мына бiр Лох Несс пен ана бiр Хайланд тауларын, мына қарғыс атқыр вискидi жер жұтып кеттi делiк, сонда Шотландияға не қалады, а?" Шотландық бармен сонда аспай-саспай: "Онда бiзге Англия қалады, достым, Англия қалады", - дейтiн көрiнедi. Тағы бiр анекдотта өзара мақтанып отырған екi шотландықтың сөздерi айтылады. Бiрiншi жентельмен "Англия дегенiң Шотландияның қасында немене, түк те емес қой" десе, екiншiсi "Соны айтамын да, ең болмаса құбыжығы да жоқ елдi қалай ел деуге болады?" деп қоштайтын көрiнедi (Әзiлдер "Scottish jokes" атты кiтаптан алынды).
"Қорқынышты" жерлер әр елде де бар. Жақын барсаң, жер тартып кететiн аймақтар, жазатайым түнеп қалсаң, ауыз-басыңды терiс қаратып қисайтып кететiн "сайтанды" жерлер, неше түрлi зиянкес жан-жануарлар, ұзын жыландар, алып айдаһарлар туралы хикаяларды естiп те, оқып та жүрмiз. Адамзат санасы әлi де өсу, даму, жетiлу үстiнде. Классик қалай деушi едi: "Кiм бiледi, Әлем дегенiмiздiң өзi Құдай тағаланың ерiккеннен жасай салған бiр әзiлi болар! ".
«Жас Алаш» газеті