Сенбі, 9 Қараша 2024
Анық 6281 25 пікір 8 Желтоқсан, 2017 сағат 15:03

Допинг дауы: Қазақстан Ресейге қарайламайды

ХОК атқарушы комитеті Швейцарияның Лозаннасында өткен арнайы отырыстың қорытындысын шығарды. Сөйтіп, 2018 жылдың 9-28 ақпанда Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарынан Ресей құрамасын шеттетті.

Ресей құрамасын Олимпиададан шеттетудің себебі – допинг дауы. Кремль өз спортшыларының допинг қолданғанын жоққа шығарып отыр. Тіпті, халықаралық жанжалдың саяси астары бар деп те келеді.

Не десек те енді Ресей спортшылары нейтралды тудың аясында ғана Олимпиадаға қатысу құқығына ие болмақ. Демек, 2018 жылғы әлемдік спорт додасында Ресейдің Туы көтерілмейді, әнұраны шырқалмайды. Бітті.

Қазір Кремлдегі көп шендінің бас қатырып отырған жалғыз мәселесі – нейтралды тудың астында өнер көрсетіп, ұятқа қалу ма, әлде мүлде байкот жасап, тағы да ұятқа қалу ма? Ұятқа қалу демекші, 2014 жылы Сочиде қысқа Олимпиада өтті. Ресей өзі өткізген бұл додада орыстың 20-дан астам спортшысы допинг қолданып, ұсталды. Тіпті, ұйымдастырушылар сынамаларды өзгертіп, допингі бар дегендердің орнына басқа сынымаларды көрсетіп, қулық жасаған. Қысқаша айтқанда – аферизм.  Мұны біліп қойған ХОК Ресейді Олимпиададан шеттету туралы шешім шығарды.

Милионовтың миға қонбайтын ұсынысы

Бұл тұста Ресей Думасының дүмше депутаты Виталий Милионов дейтін білгіш былай деп мәлімдеме жасапты.

Қазақстан, Қырғызстан мен Белоруссия байкот жасап, Ресейді жақтап, Олимпиадаға қатыспауы керек-мыс.

«Сіздерге ұсынысым, егер Ресей құрамасын шеттететін болса, бізге қарайласып, Олипиада ойындарына қатысудан бас тартыңыздар. ХОК тарапынан Ресей Федерациясына қарсы жұыс жасалып атқанын көріп отырмыз. Мұның саяси сипаты бар екені де белгілі. Бізідң елімізге Халықаралық ұйымдар тарапынан қысым көбейіп келеді. Мысалы, Еуропа мен Американың салған санкциялары оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл да саяси қысым», - депті жаңағы Милонов.

Естеріңізде болса, басқа-басқа емес, дәл осы Милионов дейтін Думаның депутаты Қазақстанның латын қаріпіне өтуіне өре-түрегеліп, наразылық көрсеткен.

«Біз қандай да бір шешім қабылдауымыз керек. Қазақстанның латынға көшуі кириллицадан ғана емес, жалпы Ресейден іргесін аулақ салуы.  Біз Дума шеңберінде хат жазайық. Алаңдаушылық білдірейік», - деген болатын Милионовымыз.

Жә, Милионов шовнистік пиғылдағы, про-империалистік сенімдегі саржағал саясаткерсымақ. Кремльді төңіректеген мұндайлардың талай көрдік.

Арыстанбек Мұхамадиұлы: Қазақстан Олимпиадаға қатысады

Дейтұрғанмен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы бұл мәселенің нүктесін қойды. Қазақстан 2018 жылғы қысқа Олимпиада ойындарына қатысады.

«Бұл бір адамның пікірі. Және кез келген адам пікір айта алады. Ал енді біз әркімнің сөзіне жауап беріп жатсақ, бұл дұрыс емес. Мемлекеттік позиция бар. Біз соны ұстанамыз. Қазақстандық спортшылар қызу дайындық үстінді. Қазіргі таңда біздің қоржынымызда 17 лицения бар. Біздің мақсатымыз осы лицензияның санын арттыру және Олимипиадада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу», - деді Министр.

Министрдің дегендерін тәпсірлеп жатудың өзі артық болар. Қысқасы, Милионов секілділердің сөзіне назар аударудың өзі дұрыс емес. Және Қазақстан құрамасы Олимипиадаға қатысады. Бітті.

Кәрісүйек комунистің көксегені – Сәбет одағын құру

Айтпақшы, Ресей Думасының пенсионер депутаты, кәрісүйек коммунист Геннадий Зюганов «Россия 1» арнасындағы 60 минут дейтін бағдарламаға қатысып, Сәбет одағының спартакиядасын өткізейік депті.

«Сәбет одағы қазір болғанда бізді ешқашан ешкім Олимпиададан қумайтын еді. Бұл не бассыздық? 15 адам жиналып, Ресейге қарсы дауыс берді. Бізде өз жауабымызды беруіміз керек. Мен кеше Думада бастама көтердім. КСРО халықтарының спартакиядасын өткізейік. Ресейдің құрамындағы халықтар қатыссын. Көршілеріміз қатыссын. Маған сеніңіздер, бұл анау Пхенчхандағы Олимпиададан гөрі күшті болады», - дейді Зюганов.

Қызық болғанда, Халықаралық комитет Ресей құрамасын Олимпиададан шеттетсе, депутат Зюганов бұрынғы Сәбеттің спартакиядасын өткізейік, Олимпиаданың алтернативасын жасайық депті. Сондағы Зюгановтың амбициясы күлі көкке ұшқан Сәбетті қайта тірілту ме?

Допинг ішкіштердің рейтингі

2016 жылы «Fox Sports» телеарнасы 2008-2012 жылғы Олимпиада ойындарында допинг дауына ілінген елдердің рейтингін жасап еді. Онда 9 бірдей Олимпиада медалінен айырылған Қазақстан әлем бойынша екінші  орында болған.

Ол кезде допинг ішкен спортшылардың көшін Ресей бастады. 19 спортшысы медалдерін қайтарып берген болатын. Ал үштікте Беларуссия болды. Олар 7 медалді қайтарды.

Биыл ше? Биыл жаңа рейтин бар. Жеңіл атлетика федерациясының Халықаралық Ассосациясы рейтинг жасапты.  Допинг қолданды деген күдікке ілінген 62 елдің 316 атлетін спорттан шеттеткен екен. Бұл тізімде көш бастап тұрған тағы да Ресей.  Ресейдің 58 жеңіл атлеті допингпен ұсталған.  316 атлеттің ішінде 2 қазақстандық бар.

Шешем қатал. 7 спортшы 2 жылдан кем уақыт спорттан шеттетілсе, 144 спортшы тұп-тура 2 жыл жарыстарға қатыу құқынан айырылған.  95 спортшы 3-5 жылға, 34 спортшы 6-10 жылға спорттан аластатылған. Ең сорақысы 36 спортшы өмір бойына үлкен спорттан қуылып, Халықаралық жарыстарға қатыспайтын болды.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1149
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2553
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2573