Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 9174 14 пікір 12 Желтоқсан, 2017 сағат 14:43

Тарақан жегіш директор қытайлықтарға "торт жеуді" үйретпек

"Қытайлықтар торт жеуді білмейсіңдер", "мен тарақанды да жеп қоямын!" Бұл Қоянды орта мектебінің жаңа директоры Бақытжан Саттарұлы Сатбаевтің сөзі.

Астананың іргесіне орналасқан Қоянды ауылында екі мың бала оқитын бір ғана мектеп бар. Аталған мектеп өткен 3-4 жыл ішінде атағы аспандап, жақсы жағынан көзге түсіп келген еді. Соңғы бір жыл ішінде бұл мектепке бірнеше директордың ауыс-күйісі орын алды. Осы жылдың сәуір айында келген директор бір екі ай ғана жұмыс істеп, «жабулы қазан жабулы күйінде» жұмыснан тайып тұрған. Бір қызымнан бір қызым сорақы демекші ендігі келген дироктор да сорақы әрекетерге барып жатқанын ауыл тұрғындары ашына әңгімелуде.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, бұл шудың шығуы жаңа директордың ата-аналармен болған жиналысында басталған көрінеді.

Жоспарлы түрде өтіп отыратын ата-аналар мен мектеп басшыларының жиналысында бір ата-ана:

– Мерекелерде, балалардың туған күнінде мектепте оқушылардың торт жеуіне бола ма? – деп сұрақ қойыпты.

Қойылған өтінішке директор:

– Мектепте оқушылардың туған күнін өткізбейміз. Қала мектебінде туған күнді мектепте атап өткізіледі. Себебі, қаланың жағдайы және санасы бар. Қояндыда жағдай жоқ, сана да жоқ. Сол жағдайға, санаға жету үшін 10 жыл керек. Себебі, Қоянды халқы Қытайдан, Моңғолдан, Өзбекстаннан, Шымкенттен жан-жақтан келгендер. Торт жеудің мәдениеті болады. Қытайлықтар торт жеуді білмейді, мәдениеті жоқ! – деп жауап беріпті. Мұнда қытайлықтар деп отырғаны сол ауылға қытайдан көшіп келген қандас бауырларымызды меңзегені екен.

Аталған жиналыста мектеп мұғалімдерінің бірі мектеп асханасынан ішіп отырған кампотынан тарақан шыққанын айтып, директорға асхана тазалығын қадағалауды айтқан екен.

Бұл өтінішке директор:

– Тарақан шықса не болыпты. Қытайдан келгендер Қытайдың заңын айтпасын маған, бізде былай, Сіздерде мұндай деп. Қытайдан келгендер Қазақстан заңдарын білмейді, заңды сендерге біз үйретуіміз керек! – деп дүрсе қоя беріпті.

Бұл жауапқа ызаланған бір ата-ана:

– Егер сол тарақан сіз ішіп отырған астан шықса не істер едіңіз? – депті.

Сонда директор:

–  Шайнап-шайнап жұта салар едім! – деген екен.

Қарап отырсақ, бұл диалог құрдастар арасындағы арзан әзіл-қалжың сияқты. Алайда бұл білдей бір мектепті басқармақшы болып келіп отырған директордың сөзі. Сонда, жаңа келген директор Қазақстан Республикасы әділет министрлігіне мемлекеттік қызметкерлерге арналған Этика кодексін білмей ме? Жоқ әлде Қазақстан Республикасы Президентінің қолы қойылып арнайы жарлығымен жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары деген заң жобасын көзге ілмей ме?

Бұл –  бұл ма!? Бұдан да сорақысы мектеп асханасынан тарақан шықты деп шағымданған мұғалімге директор: «ата-аналардың алдында мектептің ішкі құпиясын шаштың. Саған сөгіс жариялаймын» деп шүйлігіпті. Ізінше сөгіс жариялатып қана қоймай, өзінен кешірім сұрауға мәжбүрлеген екен.

Істің аяғы шуға айнала бастағанда директор өзінің орынбасарларын «мына пәледен құтқаруға шақырған» көрінеді. Сөйтсе, орынбасарларының бірі жазбаша түсініктеме жазып: «сетптиіктің суы асханадан күнде көтеріліп кететіндіктен асханада дымнан болатын қырқаяқтар өріп жүреді», «мектепте болған жағдайды телефонға түсіріп таратуға болмайды, егер құпиямызды ашқандар болса жазаланады деді» – деген секілді пәтуәсіз сөздермен ақтаған екен. Мынасы «ақтады» дегеннен көрі «айпарадай ашты» деуге лайық сияқты.

Ата-аналар шулап, ұстаздарды дүрліктірген бұл оқиғаны жоғары-төмен көрсе де көрмеске салып, «көз жұма» қарап отырған сыңайлы. Директор да басқаны кеудесімен соғып, «қырам-жоям» деп ұстаздардың аузына қақпақ қойып отыр екен.

«Мұндай мектепке, анадай басшыға балаларымызды қалай сеніп тапсырамыз» деген ата-аналар алаңдап, «бүйте берсе тарақанды емес, балаларымызды қоса жеп қойып жүрмесін!» дейтін күбір-сыбырын бізге жеткізді. Араша кімнен, әділдік кімнен? Дел-сал болған ата-аналар жоғарғы жаққа жалтақтайды.

Бұл Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды орта мектебіне жаңадан келген директор – Бақытжан Саттарұлы Сатбаевтың алғашқы хикаясы. Жалғасын кейін тағы да айта жатармыз!

Жеңіс Рүстемұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395