Жүрсінге
Соңғы уақта айтысқа қатысты әртүрлі әңгімелердің шеті шығып жүр.Ақын, айтыстың көшін қырық жыл сүйреген Жүрсін Ерманның "Жас Алаш" гәзетіне шыққан сұхбатынан кейін қоғам айтысты әлде бір діни топпен байланысы барлар айналшықтап жүр екен деген сөз тарады. Қызу талқы болды.
Ал бүгін рекдакциямызға айтыскер ақын, Қазақстанның Халық ақыны Әселхан Қалыбекованың Жүрсін Ерманға жазған үшбу хаты келіп түсті.
Жүрсінге
Жалған деген жын ұрған,
Жаңылдырды халықты.
Бөренедей ғұмырдан,
Бөденедей қалыпты.
Уақыт бәрін тездетті,
Не бар енді қоймайтын.
Айтыс емес кез жетті,
Ақыретті ойлайтын.
Көкірегінен Мән кетсе,
Желмая да желмейді.
Сіз бен біздер өлсек те,
Айтыс енді өлмейді.
Дәнін егіп балдарға,
Қанағат пен ақылдың.
Айтыс деген орманға,
Шыбық шаншып жатырмын.
Болады олар жан-жақты,
Рухани тұлға самғайтын.
Ақша деген албасты,
Айналдыра алмайтын.
Нәпсі деген бұзықты,
Сындыратын сызғыштай.
Құмарлық пен қызықты,
Қорымайтын қызғыштай.
Ар-намысын тұлғаның,
Аяқ-асты етпейтін.
Тары шашқан мырзаның,
Тауығы боп кетпейтін.
Тапсаң да аттың басындай,
Алтынға жерік бұл жалған.
Байымапты ақын Шашубай,
Жүзді беріп мыңды алған.
Әлемге ашып терезе,
Шын жұлдыздар жанады.
Шен шекпен, байлық дәреже,
Өздері іздеп табады.
Жолын байлап қасаң саз,
Тұрмайды олар сый тілеп.
Әуелден-ақ жасампаз,
Жан азығы хикмет.
Шәкірттерім ержетіп,
Қайратты таза рухты.
Домбырамен тербетіп,
Ұлықтайды ұлтты.
Алма ағаштай гүлі көп,
Мен солармен біргемін.
Көк тиындық құны жоқ,
Үлде менен бүлденің.
Ай Жүрсін-ай, Жүрсін-ай,
Бір кездегі досымның.
Дау-дамайды тыншымай,
Қолдан жасап отырсың.
-Айт, айт десең үретін,
Қайт, қайт десең қайтатын.
Меншігіңе кіретін,
Мықтыларға айт ақыл.
Өзгерді өмір жай түстен,
Өткеннің бәсі төленген.
Қоштассаң да айтыспен,
Қоштаспайсың өлеңмен!
Әселхан Қалыбекова
Қазақстанның халық ақыны
Abai.kz