Әлішер Сүлейменов: «Асқар Сүлейменов - әлі толық өз деңгейінде ашылмаған тұлға»
- Сіздің әкеңіз қазақтың арда азаматтарының бірегейі - Асқар Сүлейменов. Оның тұлғасына толыққанды баға берілді, ол өз деңгейінде ашылды деп ойлайсыз ба?
- Мен әкеме баға беруден аулақпын. Әкені бағалау, әкені саралау баланың жұмысы емес. Асқар Сүлейменов - әлі толық өз деңгейінде ашылмаған тұлға. Оның айтқандары қазіргі қазақ әдебиетінің сарқылмас байлығы, ерекше құбылысы. Асқар Сүлейменовтің шығармалары бүгін де, ертең де заманның тынысын дөп басады деген сенімдемін.
- Сүлейменовті іздеген, іздеуге ықылас танытқандардың ісіне көңіліңіз тола ма?
- Әкемнің іздеушісі, Аллаға шүкір, жетеді. Оған ықылас танытқандар да бар. Бірақ олардың арасында Асқар Сүлейменов әлемін игеруге әлі ешкімнің тісі батқан жоқ.
- Асқар ағамыз бен Айтотым әжеміздің арасындағы ана мен перзентке тән сыйластықты, еркелікті жұрт аңыз етіп айтады. Тіпті Әбіш Кекілбайдың «1960 жылдары әдебиет әлеміне келген қазақ жазушыларының анасы, ел анасы еді» дегенін естігенмін.
- Сіздің әкеңіз қазақтың арда азаматтарының бірегейі - Асқар Сүлейменов. Оның тұлғасына толыққанды баға берілді, ол өз деңгейінде ашылды деп ойлайсыз ба?
- Мен әкеме баға беруден аулақпын. Әкені бағалау, әкені саралау баланың жұмысы емес. Асқар Сүлейменов - әлі толық өз деңгейінде ашылмаған тұлға. Оның айтқандары қазіргі қазақ әдебиетінің сарқылмас байлығы, ерекше құбылысы. Асқар Сүлейменовтің шығармалары бүгін де, ертең де заманның тынысын дөп басады деген сенімдемін.
- Сүлейменовті іздеген, іздеуге ықылас танытқандардың ісіне көңіліңіз тола ма?
- Әкемнің іздеушісі, Аллаға шүкір, жетеді. Оған ықылас танытқандар да бар. Бірақ олардың арасында Асқар Сүлейменов әлемін игеруге әлі ешкімнің тісі батқан жоқ.
- Асқар ағамыз бен Айтотым әжеміздің арасындағы ана мен перзентке тән сыйластықты, еркелікті жұрт аңыз етіп айтады. Тіпті Әбіш Кекілбайдың «1960 жылдары әдебиет әлеміне келген қазақ жазушыларының анасы, ел анасы еді» дегенін естігенмін.
- Еркеліктің түр-түрі болады. Бір еркелік екінші еркелікке ұқсамайды. Әкем мен әжемнің арасындағы әдемі сыйластықтың сырын білу үшін әжемнің тұлғасын тану керек. 24 жасында жесір қалды. Жалған дүниенің қызығын жалғыз ұлының бас амандығы жолында құрбандыққа шалып, бүкіл ғұмырын ұлына, сосын немерелеріне арнады. Немере-шөберелерінің көз алдында, ақ төсегінде 94 жасқа жетіп, дүниеден өтті. Ұлының достарына, замандастарына деген дастарқаны ашық болды. Біздің шаңырағымыздан дәм татпаған қазақ зиялылары кемде-кем. Қарындасым Қаракөз екеуміз солардың қолына су құйып өстік. «Ұяда не көрсең, ұшқанда сонда ілерсің» деген.
- Соңғы кездері сіздің көзқарасыңыздың философиялық астары басымдау түсіп жатқандай. Сіз «адамдардың өмірі полиэтиленмен қапталған қапшықта өтіп жатыр. Полиэтилен сырт көзге жұп-жұқа болып көрінгенмен, оны бұзып-жарып шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді» дейсіз. Сіз сол қапшықтан шыға алдыңыз ба?
- Адамның материалдық өмірі сол қапшықты жарып шығуға бағышталған. Заманның соқпағынан, сезімнің отынан рух тазалығына, рух еркіндігіне ұмтыласың. Жалпы, көзі тірі адамның бірегей мақсаты сол сияқты ...
- Бірақ әкеңіз де сол қапшықты жарып шығуға ұмтылды ғой. Бірақ оны жан-жағындағылар ұқпады. Сіз де әкеңіз тәрізді жалғыздықпен бетпе-бет қаламын деп қорықпайсыз ба?
- Қоғам ішінде өмір сүрсең, одан азат бола алмайсың. Жалғыздық адамның санасында өмір сүреді. Егер жалғыздық ой-санаңды жаулап алса, сен миллион адамның ортасында да өзіңді жалғыз сезінесің. Жалғыздық ұғымына бой алдырасың. Егер жан-жағыңда өзіңді түсінер, сені қолдар және сенің ырғағыңда ойлайтын жан болса, онда жалғыздықтың ауылы сенен алыс қонады.
- Алғашқы туындыңыз «Айналайын» көпшіліктің көңілінде жып-жылы және жұп-жұмыр дүние ретінде есте қалды.
- «Айналайын» алғашқы туындым емес. Кино әлеміне 7 жасымнан бастап араластым. 1972 жылы экранға жол тартқан «Құлагердегі» Ақан серінің тұлпарының жалына жармасып жүрген мылқау баланың бейнесін сомдаған менмін. Одан кейін 3-4-сыныпта жүргенде бірлі-жарым кинода қосалқы рөлде ойнадым.
1990 жылы «Императорға арналған құрбандықта» жапонның барлаушысы мен қытайдың аспазшысы рөлін сомдадым.
- Тырнақалды туындыларыңызға әкеңіздің берген бағасы есіңізде ме? Жалпы, әкеңіз сіздің шешіміңізді қалай қабылдады?
- Қарсы болған жоқ.
- Ықпалы да тимеді ме? Өз еркіңізді өзіңізге қалдырды ма?
- Өнер - инемен құдық қазғандай еңбек. Сол еңбектің соқпағынан сақтандырғысы келді. 7-сыныпта оқып жүргенде шағын әңгімелер жаздым. Әкем сол кезде ойын ашып айтпаса да соны ұқтырғысы келді.
- Өміріңізді екі кезеңге бөліп қарайтын сияқтысыз. 33 жасқа дейін және одан кейін. Сонда Әлішер Сүлейменовтің 33 жасқа дейінгі туындысы өзін-өзі іздеуден, тіпті өзін-өзі қамшылаудан туған ізденістердің жемісі ме? Сондай қорытындыға келуіңізге не себеп болды?
- Мұны ары қарай тереңдетуге болар еді. Меніңше, табиғи, пәк өмірдің ғұмыры жеті жыл ғана. Содан кейін өзін-өзі тану, қоғамдық өмір басталады. Алланың бар екенін тану, ақиқатты сезіну түйсігін жүрекпен қабылдап алған соң ғана саналы өмірдің баспалдағын аттайсың. Мүмкін бұл кейбіреулер үшін 23 жас шығар, ал кейбіреулерге 63 жас шығар. Оны мен білмеймін. Осы сәтке дейін саналы өмірге бет бұрдым деп айту киын.
- Сол ақиқатты сезінгенде, түйсінгенде әкеңіздің қасыңызда болмағанына өкінген жоқсыз ба?
- Жоқ. Өкінген жоқпын. Себебі соның алдында әкем, әжем, тіпті ата-бабаларым түсіме еніп, аян берді. Жол сілтеді.
- Жаңа үзіліп қалған ойымызды қайта жалғастырсақ па деймін. Сіз журналиссіз, режиссерсіз, кәсіпкерсіз. Телевидениеде «Майдан», «Асар», «Атамұра» ток-шоуы арқылы үлкен жобалардың беташарын бастадыңыз. Сіз продюсер - менеджерсіз. Мемлекеттік қызметте, саясатта да біраз ат шалдырдыңыз. Осынша күш-қуатты қайдан аласыз?
- Күш, дарын, дауыс, қайсар, қуатты Алла береді.
- Сіздің кредоңыз «Алла адам баласына дарын-қабілеттің бәрін бұл фәниге келмей тұрып пешенесіне жазып қойған» дегенге саяды.
- Алланың шапағатымен бойымызға сіңген дарынды ақтау керек. Бұдан шығатын қорытынды дарыннан ешкім кенде емес, бірақ имансыздық дарынның көзін көлегейлейді.
- Бұл жерде біз тағы да ұлы Абайға жүгінеміз.
- Оған қосарым, ішіп-жеуді ғана емес, рухани деңгейіміздің «температурасын» да өлшеп отыруды ұмытпасақ екен деймін. Адам бойындағы тума дарынның көзін ашатын бірден-бір күш - оның иманы. Егер иман адам бойына қонса, дарын көзін ешкім көлегейлей алмайды.
- «Екі жұлдыз» тележобасы сізге не үшін қажет болды? Әлде жоба авторлары сіз тәрізді тұлғалар арқылы танымалдылығын арттырып, рейтингісін көтергісі келді ме?
- Сұрағыңыздың бірінші бөлігін сол жобаның жетекшілеріне қойғаныңыз абзал. Ал «жобаға неге келдіңіз? деген сауалдың құпиясы жоқ. Телеарна тарапынан ұсыныс түсті. Мен қабылдадым. Ән арқылы іште бұлқынып жатқан сезімді елге жеткізу - мен үшін қуаныш.
- Елдің көзінде және көптің сөзінде жүрген азаматсыз. Ал кез келген азаматтың екі қанаты болады. Алғашқысы - қоғамдағы орны, тіпті мансабы. Ал екіншісі - отбасы. Сіздің екі қанатыңыз тең бе? Зайыбыңыздың парасаты сізді қанағаттандыра ма?
- Ер адамға әйелден не керек? Ыстық жүрегі және бала-шағасының амандығы қажет. Әселдің парасаты ертегілердегі Қарашашқа көбірек ұқсайды. Әңгіменің түйінін сабырлылықпен, мейірімділікпен түйіндейді. Ертеде Сократ: «Үйлен. Әйелің жақсы болса, бақытты боларсың. Нашар болса, философқа айналасың» деген екен. Соған қарағанда мен бақытты философтардың қатарында сияқтымын. Әйелдің қоғамдағы орны деген өлшемдер екінші кезекте. Әркім Алла тағала жүктеген міндетін дұрыс атқарып, өз жолымен жүрсе екен деймін.
- Сіздіңше, әйелдің қоғамдағы қызметі немесе белсенділігі материалдық жағдайына тәуелді ме?
- Мен оған біржақты жауап бере алмаймын. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербету екінің бірінің маңдайына жазылған бақыт емес.
- Әйелдің қоғамдағы емес, отбасылық рөліне ғана мән бергіңіз келе ме? Мысалы, сіздің әке-шешеңіздің қоғамдағы орны бір-бірімен тең түсіп жатты. Бірін-бірі толықтырып тұратын жұптың жемісі - сізсіз. Әселдің Айтотым анамызға ұқсағанын қалайсыз ба, әлде анаңыздай болса екен дейсіз бе?
- Егер менің жарым Әсел әжемдей болса, менің әжемдей ел анасына айналса, менің арманым болмас еді. Әжеміз немере келініне - Әселге, бір емес, үш рет батасын берді. Айтотымның дүниеден өткен күні Әселдің туған күнімен сәйкес келеді. Кейде маған ол әжемнің орнына дүниеге келген жан тәрізді көрінеді.
- Жаңа жобаларыңыз жөнінде айта кетсеңіз...
- Басты жаңалық - жаңа әндеріммен толықтырылған екі музыкалық альбомым жарыққа шығады. Алғашқысы «Love you» «ALA - Musiс» студиясында жазылды. Ондағы әндердің тынысы 1990 жылдардың әуеніне көбірек келеді, айтылу үлгісі - қазіргі талғаммен өңделген.
- Осыдан біраз бұрын «Белое киноны» түсірдіңіз, «Ақ альбомды» жаздыңыз. Және «АҚ кітап» деген кітабыңыз жарық көрді.
- Мұның бәрі - ән, әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамдарым.
- Ал «Белый альбом» туралы нақты айтыңызшы.
- Алғашқы әндер жинағымды достарыма арнадым. Ол кезде әндер топтамасының басын қосып, жариялауға деген ықыласым да болмады. Ал альбомым да, кітабым да оқырмандар тарапынан қызу қолдауға ие болды. Менің ән, әдебиет әлеміндегі алғашқы талпынысым осылай басталды. Ал күні ертең көрермендерімнің қолына тигелі отырған «I Love you» - менің шығармашылық ізденісімнің жемісі. Бұл туындым ән әлеміндегілерге қанат бітіретіндігіне, жанамын деген жүректерге от беретініне сенім артамын. Ал «I Love you»-ден кейінгі екінші альбом «REMAKE» деп аталады.
- Әндеріңізді қай елде жаздыңыз?
- «REMAKE» Батырхан Шүкеновтың студиясында жазылып жатыр. Алғашқысы Лондонның «Metropolis» студиясында жазылды.
- Альбомыңыз орыс тіліндегі әндерден тұрады екен. Бірақ атауын ағылшын тілінде айшықтапсыз. Неге?
- Себебі түсінікті. Ағылшын тілді әлем қазақ әлемінің табалдырығынан аттап қана қоймай, жерсіне бастады.
- Сіздің жазған әндеріңіз қай жанрға жатады?
- Екі дискі де 20 композициядан тұрады. Алғашқы альбомым лирикалық әндер болса, екіншісі мүлдем бөлек әуендер. RnB және hip-hor-дың элементтері бар.
Екі альбомымды алдағы уақытта жазылатын әндерім мен өлеңдеріме бастайтын өтпелі форма деуге де болар.
- Алғашқы әндер жинағыңызға «сатылымға түспейді» деп белгі қойып, тек достарыңызға арнағаныңызды, оған өкінетініңізді айттыңыз. Сонда сіздіңше өнер туындысы коммерциялық сипат немесе шедевр болып бөліне ме? Екеуінің аражігінде айқындылық бар ма?
- Мен сізді түсініп отырмын. Бірақ екеуін бір-бірінен бөлу шарт емес.
- Бірақ сіз бөліп тұрсыз ғой. Және «сатылуға түспейді» деп үкілеуді де ұмытпадыңыз.
- Оған жауабым дайын. Біреулер ахалтекені таңдап, енді берулер жабыны таңдап, алысқа шапқысы келеді. Меніңше, коммерциялық және шынайы өнер туындысының аражігін айқындайтын - ой. Автордың сол ойға деген көзқарасы. Коммерциялық дүниелерде терең ой жатыр деп айта алмаймыз. Ал нағыз терең ой шынайы өнер туындысында жатыр.
- Сіз ағылшын тілді әлем қазақ әлеміне сіңіп бара жатыр дейсіз. Ал қазақ әлемін Батысқа, сол ағылшын тілді ортаға таныстыратын кез келді ғой. Мысалы, «Ұлытауды» алыңыз. Қобыз бен скрипканы қалай синтездей алды. Олжас ақынның тілімен айтқанда, «қобызды аласартып, скрипканы асқақтатқан жоқ». Дәл осы үрдісті жалғастырып алып кетуге сіздің қабілетіңіз жетер еді.
- Біз елімізді танытқымыз келсе, алдымен сол Батыстың тілінде сөйлесейік олармен. Батыстың Шығыс әлеміне деген ықыласы енді-енді ғана оянып келе жатыр. Маған «Magic of Nomads» өнері «Ұлытаудан» жақынырақ. Шетелде жүрген Марат Бисенғалиев, Жанар Байдаралиндардың шығармашылығы жақын. Олар Батысқа қазақты батыстың тілімен табыстырып жүр. Мен сізге бір сырымды ашқым келіп тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, менің ән жинақтарымның атауы ағылшынша да, іші орысша. Бірақ алдағы бірер жылда тек қазақ тіліндегі әндерден тұратын альбом жазсам ба деймін. Оның ішінде қазақтың халық әндері бар. Одан бөлек қазақ тыңдарманына арналған күйтабақ шығару да жоспарда бар. Қазір қай түрде, қай ырғақта және қай әдіспен беру керектігі талқыланып жатыр.
- Жоғары билікте отырғандармен байланысыңыз қалай? Сөзіңізді өткізе аласыз ба?
- Шыңда тұрғандар тау бөктерінде жүргендерді жиі кезіктірмейді.
- Өйтіп наз айтуға құқыңыз жоқ қой. Сол биікте сіз де болдыңыз. Сол биліктің дәмін сіз де таттыңыз.
- Билікте жүрдім деп айта алмаймын. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен атқардым. Және тиянақты орындаушы болдым деп айта аламын. Билік жүйесінде жүргендермен қарым-қатынасым бейбіт қатар өмір сүріп жатқан көршілер тәрізді. Соған тәубе деймін.
- Тағы да айтамын. Философияға көбірек ден қоясыз. Журналистерге берген сұхбатыңызда «ең зәмзам ішімдік - жұтым таза су, ең тәтті тамақ - ақ дастарқандағы бір үзім нан және ғаламшардың Гүриясы мен Дүриясы - жаның қалап қосылған жан-жарың. Адам баласына одан өзгенің қажеті жоқ» депсіз. Қолдағы барына қанағаттанбай, көкейдегісін көктен іздеп жүрген замандастарыңыз жайлы не айтасыз?
- Әркім өз ойын өзі тұжырымдайды. Менің әзірге жеткен ойым осы болды. Осы түсінікпен өмірім ырғақты және түсінікті өтіп жатыр.
- Қазақ режиссерлері арасында кімнің аяқ алысы сізді қуантады?
- Ұмтылыстар, талпыныстар бар. Маған өзімнің қырғыз досым Ахтан Арынқұбаттың туындысы ұнады. Қалғаны туралы пікір айту қиын.
- «Көшпенділер» ше?
- «Көшпенділер» көңілімнен шықпады. Ол екі жанрдың қақ ортасында, үзеңгіге аяғы ілініп қалған туынды сияқты. Әупірімдеп шауып келе жатқан кинотуынды. Бұған да шүкір. Бұл жанрдың ашылғанына, қазақ деген сөздің ғаламдық деңгейде айтылғанына шүкір.
- 2010 жылдан күткен үмітіңіз ақталды ма?
- Қазақтың мәдени бағдарламасының Жаңа Тұжырымдамасы дайындалса деген үлкен үмітім бар. Сол жобаның бел ортасынан табылуға, білек сыбана қатысуға дайынмын. Бүгінге дейін дайындалғаны және аяғынан тік тұрғызып жатқанымыз - БАЗИС. Түсініп отырсыз ба? Егер базисті «экономика» деп есептесек, қондырмамыз - Мәдениет. Ал мәдениеттің күре тамырына қан жүгіртетін - экономика және керісінше, экономиканың шырайын әрлендіретін - мәдениет. Мәдениет пен экономика - бізді алысқа бастайтын құстың қос қанаты.
Сұхбаттасқан
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
«Айқын» газеті
Түпнұсқадағы тақырып: «Ең тәтті тамақ - дастарқандағы бір үзім нан»