Астанада автобус жүргізушілері жалақыны көбейтуді талап етеді
Астанада №1 автобус паркінің ондаған автобус жүргізушісі мен кондукторы парк алдына жиналып, жалақыны көбейтуді талап етті. Жұмысшылар еңбекақының аздығынан артық жұмыс істейтінін айтады.
Жүргізуші Әбдірахым Бейсен айына небәрі 170-200 мың теңге алатынын айтады.
"Біз айына 170-200 мың теңге көлемінде ғана жалақы аламыз. Артық жұмыс істейміз. Күніне 15-18 сағаттан жұмыс істейтін кезіміз болады. Біз автобусты алған кезден бастап оған жауапты боламыз, рейстен соң оны жудыру үшін 2-3 сағат кезекте тұрамыз", - дейді ол.
Жүргізушілер жалақысы сағатпен есептелетінін, яғни, қала ішінде жүретін үлкен автобус жүргізушілеріне сағатына төленетін ақша 820 теңге, кіші автобустардың сағаты 720-теңге, ал қала сыртына жүретін автобустардың сағаты 620 теңге екенін айтты. Олар бұл соманы кем дегенде 1000 теңгеге дейін көтеруді сұрайды.
№1 автобус паркінің директоры Сәбит Болатов болса, жүргізушілер жалақысын көтеруге қаржы тапшы екенін айтады.
Оның сөзінше, №1 автобус паркі – қаладағы мемлекетке қарайтын сегіз автобус паркінің бірі және ол қаладағы жолаушылардың 50 пайызын тасымалдайды. Болатов 2018 жылы паркке мемлекеттен субсидия бөлінетінін, жалақыны көтеру жайын сол кезде қарастыруға болатынын жеткізді.
Abai.kz