Сенбі, 23 Қараша 2024
Даңғыл 3726 5 пікір 16 Қаңтар, 2018 сағат 10:13

Өнеркәсіптік революция - болашаққа бағдар  

Қандай да елдің дамуының негізгі тетігі экономика екендігіне ешкім де дау айта қоймас. Оның қарқынды да серпінді дамуы біздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуымыздың айқын кепілі. Міне, сондықтан да жақында Елбасымыздың өзінің Жолдауын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп атауы да осы мақсатты көздеп отыр. Ал енді өнеркәсіптік революцияның ойдағыдай жүзеге асуы үшін алдымен елімізге шетелден көптеп инвестиция тартып, оны жаңа өнеркәсіптер ашып, ел игілігіне қызмет етуге бағыттау дегенге келіп тіреледі. Осы орайда біздің Қостанай облысында біраз игілікті істер тындырылып отыр десек, артық айтқан болмас.

Бұл жұмысты жүйелі де табанды түрде жүргізу үшін облыс әкімінің инвестиция тартумен айналысатын арнайы орынбасары тағайындалды. Мұның өзі дұрыс қадам еді. Өйткені инвестиция секілді аса күрделі, шешуі қиын түйіні көп мәселеге белгілі бір адам жауап берсе ғана, бір нәтиже шықпақ және мұның өзі үкіметіміз қабылдаған инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегияның талаптарына толық сай келеді. Қазір еліміздің барлық аймақтарында да осындай инвестиция ісін аса жетік білетін, шетел тілдеріне жетік, білікті мамандар жіберіліп отыр. Қанша дегенмен инвестиция тарту оңай шаруа емес, егер сен сол инвесторды мықты дәлел мен бұлтартпас факті арқылы ғана сендіре алсаң. Ал құр уәдеге ешкім де алданбайды.

Облысымыз инвестиция тартуды ең бір түйінді мәселеден бастады. Бізде көптен бері Қарабалық ауданы орталығында құс фабрикасының берекесі кетіп, кім болса, соның қолына түсіп, азып-тозуға айналған еді, Кезінде облысты ғана емес, бүкіл елімізді құс етімен қамтамасыз етіп, аты дүркіреп тұрған зауыттың қазіргі жағдайы адам аярлықтай. Оған жан бітіру үшін талай қадам жасалды. Мұнда алдымен Қазақстан-Венгрия қоры мен жергілікті белгілі кәсіпкер «Жас қанат 2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Майышев шақырылды. Қайрат кәсіпорынды аралап шыққаннан кейін мұндағы құрал-жабдықтардың барлығының да әбден ескіргендігін, оларды түбірімен жаңарту керек екендігін айтып, бұл ұсыныстан бірден бас тартты. Алайда облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтың тікелей араласуымен  «Шаңырақ» компаниясының басқарушысы Александр Лоренцпен ортақ тіл таптық. Компанияның құс шаруашылығындағы тәжірибесі мол. Оның өзінде ғана бес құс фабрикасы бар. Алайда бұл оңайлықпен бола қойған іс емес. Онымен өткен жылдың қараша айында Астанада еліміздің премьер-министрі, ауыл шаруашылығы министрінің басшылығымен бірлесе отырып, арнайы мәжіліс өткізілді. Оған Казагро мен Казагрофинанстың өкілдері қатысты. Ақыры кеңесе келе, жұмыс істемей тұрған әлгі зауытты «Шаңырақ» компаниясына беру жөнінде шешім қабылданды. Осыған орай кәсіпорынды іске қосу жөніндегі аса тәптіштелген жол картасы жасалды. Енді осы жобаға сәйкес осы жылдың төртінші тоқсанында Қарабалық құс зауыты іске қосылып, алғашқы өнімдерін бере бастайды.

Ендігі кезек еліміздегі аса ірі майэкстракті зауытына қатысты болып отыр. Алайда мұны іске қосудың өзі үлкен проблемаға айналып отыр. Өкінішке қарай оған лайықты инвестор табу оңайлыққа түспей тұр. Дегенмен «Еуразия-Фудс» компаниясы оның техникалық-экономикалық негіздемесін мұқият жасап қойды. Қазақстанның даму банкісінен кредит алуға тапсырыс та берілді. Алайда займның пайыздық ставкасы жайлы келісімге келу қиынға соғып тұр. Егер қаржы институтарының бірімен келісімге келсек, бұл жоба осы жылдың өзінде-ақ қолға алынады. Аталмыш зауыт үшін арнайы жер телімі бөлініп қойылды. Егер шикізат мәселесіне келер болсақ, «Еуразия-Фудс» компаниясы шетелдік маман-сарапшылардан қорытынды алды. Олар зауыттың өз өнімі облысты толық қамтамасыз ететіндігін анықтап берді. Бұл ең алдымен Елбасы алға қойған егістік алқаптарды толық диверсификациялауға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев жақында елмізде үкіметтің атынан шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізетін жалғыз ұйым - «Қазақинвест» басқармасының төрағасымен кездесті. Орынбасар мәселенің оңды шешілетіндігіне сенімді болып қайтты.

Тағы бір мәселе - облысымыздың Арқалық қаласында ет ұқсату өндірісін іске қосу болып отыр. Мұның өзі өңіріміздің Торғай секілді өңірінде мал шаруашылығын қарқынды түрде дамытуға зор мүмкіндік  берері сөзсіз. Бұл жоба осы жылдың алғашқы жарты жылдығында-ақ жүзеге асады. Польшадан әкелінген өнімділігі жоғары жаңа жабдықтар орнатылады. Қуаттылығы күніне 10 тоннадан асып жығылады. Кәсіпорында ет қана емес, сондай-ақ шұжық секілді басқа да өнімдер шығарылады. Мұның өзі қосымша құннан пайда табуға болады деген сөз. Ең бастысы мұнда 120 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал негізгі мақсат - ет өнімдерінің сапасын арттырып, бәсеге қабілетті болып, экспортка жол ашу. Осы орайда Елбасының Жолдауындағы "Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет" - деген сөз бұл істердің дұрыс бағытта жүріп жатқандығын білдірсе керек..

Былтырғы жылы біздің облыстың беделді делегациясы біраз елдерді аралап қайтты. Мақсат - қайткенде де инвестицияны көбірек тартып, шетелдіктерді біздің өнеркәсіпті дамытуға қаржылық көмек көрсетуі. Мәселен, Қытайда жергілікті бірқатар ірі компаниялармен келіссөз жүргізілді. Қытайдың трансұлттық компаниясы Қостанайда автомобиль өнірісімен айналысатын «Аллюр компания тобы» капиталына кіреді. Олармен келіссөз барысында Қытай инвесторлары келешектегі он жыл ішінде автоөнеркәсібімізге барлығы 1.2 миллиард доллар салатын болды. Бұл айтуға ғана жеңіл аса қомақты сома.

Облыс делегациясы Польшада да болып қайтты. Еуропада бұл ел аграралық сектор жақсы дамығандығымен аса танымал. Бұл бағытта бірнеше бірлескен жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде құрылыс индустриясына да ерекше көңіл бөлінбек.

Мінекей, қысқаша айтқанда облысымыздың Елбасының Жолдауына жүзгеге асыруға бағытталған шараларының бірқатары осындай. Өмір тоқтап қалмайды. Инвестиция тарту, сөйтіп өнеркәсіптік революцияның ойдағыдай жүзгеге асуына үлес қосу қостанайлықтардың маңызды міндеттерінің бірі болып қала бермек.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

 

 

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525