Сенбі, 23 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 8239 2 пікір 16 Қаңтар, 2018 сағат 10:42

«Мен жауап беремін» жобасы һәм жауапкершілік жайлы

 

І

Қоғамды әртүрлі деңгейде ойлайтын адамдардың біріге өмір сүру ортасы деп түсінетін болсақ, сол қоғам мүшелерінің барлығына ортақ құндылықтарды насихаттау арқылы олардың басым бөлігінің көзқарасын белгілі бағытқа өзгерту мүмкіндігінің бар екендігін мойындаумыз қажет. Осы тұрғыдан алып қарағанда белгілі бір қоғамда нақты мәселеге қатысты жалпыға ортақ ұстанымдардың болуына ең алдымен мемлекеттің, ондағы билік пен ақсүйектер мен байлардың, зиялы қауымның тигізер  әсерінің мол болатыны да айқын. Қоғам мүшелерінің ой-пікірлері мен көзқарастарын белгілі бір мәселеге байланысты қалыптастыру немесе өзгерту үшін соған қатысты жоғарыда аталған топтардың нақты бір позицияны ұстануы немесе сәйкес әрекет жасауы үлкен мәнге ие. Сол мәселе турасында аталмыш субъектілер қабылданған шешім немесе айтылған ой, жасалған әрекет қоғамның өзге мүшелері үшін бағыттаушы сипатқа айнала алады. Ал, бұл өз кезегінде қоғамдық пікір қалыптастырып, қоғамның жекелеген мүшелерінің нақты бір әрекеттерді жүзеге асыруына, өздерінің өмірлік ұстанымдарын нақтылауына әсер етеді. Сондықтан да болар, көпшілік жағдайда мемлекеттік билік, ақсүйектер мен байлардың, зиялы қауымның қоғам алдындағы жауапкершілігі үлкен болады.

Осы тұста жауапкершілік сөзіне де тоқтала кету орынды болар, жауапкершілік сөзі  қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «бір іске жауаптылық, міндеттілік» (Т.Жанұзақов. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 281 бет) деп берілген. Ал, С.И.Ожеговтың жасаған орыс тілінің түсіндірме сөздігінде жауапкершілік сөзіне «өз іс-әрекеті мен жасаған қадамдары үшін біреуге есеп беру міндеті, қажеттілігі. Жауапкершілік сезімі. Бірдеме үшін жауапты болу» (С.И.Ожегов, Н.Ю.Шведова. Толковый словарь русского языка. Москва: Азбуковник, 1999. – 468 бет) деген түсіндірме беріледі. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік сөзі өз жасаған іс-әркеті мен айтқан сөзі үшін жауап беру, өз міндеттемелерін жете түсініп өзіне және өзгелерге есеп беру деген мағынаны білдіреді. Ал, осы жауапкершілік сөзінің біздің қоғамда қандай жағдайда түсінілетіндігі, қабылданатындығы жайлы сөз қозғамастан бұрын оның мемлекет пен ақсүйектер мен байлар, зиялы қауым тарапынан қабылдануына зер салған жөн болады.

Жалпы алғанда мемлекеттік биліктің жауапкершілігі, жасаған іс-әркетінің қоғамға тиімді болуы заңдармен бекітіледі. Заң бұл мәселеде мемлекеттік билік пен қоғам арасында байланыстырушы құрал ғана емес, олардың өзара жауапкершілігін қамтамасыз етуші құрал ролін де атқарады. Яғни, кез-келген мемлекеттің, оның басына келген биліктің жауапкершілігі заңмен нақтыланады. Егер олай болмаған жағдайда билеуші топтың ішкі ұят сезімі мен адамгершілігіне ғана үміт артуға тура келеді. Біздің еліміздегі биліктің жауапкершілігі ең алдымен Ата Заңда бекітілген, бірақ, негізгі заң үш рет өзгертулер мен толықтыруларға ұшыраған соң онда елдің тұңғыш президентінің жауапкершілігі толығымен алынып тасталды. Сонымен қатар, мемлекеттің  жүргізетін саясаты мен әртүрлі реформаларына бастамашы болып, оларды жүргізетін саяси қызметкерлердің сол реформалар мен бастамалардың нәтижесіне жауапты болуы әлі де болса  мемлекеттік қызмет туралы заңда көзделмей отыр.

Жалпы алғанда, мемлекеттік аппарат қоғам мүшелері арқылы толығып отыратындығын ескерсек онда орын алған сыбйалас жемқорлықтың деңгейінің жоғарылауы қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жағымды пікір қалыптастырды. Бұл өз кезегінде кез-келген адамның мемлекеттік қызметті табыс көзі ретінде ғана қарастырып, онда қызмет етуді  ең алдымен өз жеке мүддеңді қамтамасыз ету мүмкіндігі ретінде түсінуіне алып келді. Яғни, жеке адамның санасынан мемлекеттік қызметке кіру арқылы қоғамға, мемлекетке қызмет етіп, сол мақсатқа жету үшін барын салу қажеттігі өшіріліп тасталды. Ендігі жерде биліктің барлық тармақтарында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер үшін жоғарыдан түскен нұсқауды орындау мемлекеттік қызметтің негізгі мәніне айналды. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметшілердің арасындағы өз қызметіне қатысты жауапкершіліксіздік жалпылама сипатқа енді.

Қоғамға мысал болып, бекзаттықтан үлгі көрсетерлік ақсүйек, ұзақ уақыт бойы байлықта өмір сүрген отбасылардың болмауы жекешелендіру арқылы көп пайдаға кенелген жаңаша ақшалы топтың ұлттық құндылықтарды басшылыққа алмай шет елдік ақшалылардың жүріс-тұрысына еліктеуіне себеп болды. Елдегі бизнестің тек «бірден табыс табу» қағидасына негізделіп тек алып-сатарлықтың маңынан алыс кетпеуі, отандық өндірістің дамымауы мен мемлекеттің экономикалық саясатында дұрыс стратегиясының болмауы, банктердің несие ставкаларының жоғарылығы немесе АҚШ долларымен несие беруге ұзақ уақыт бойы шек қойылмауы қарапайым халық пен  байлардың арасын алшақтата түсті.

Зиялы қауымның қоғам алдында беделінің көтерілуіне оның жекелеген мүшелерінің нақты қоғамды мазалаған сұрақтарға батыл жауап беріп, өз пікірін биліктен жасқанбай ашық айта білуі, тіпті, кей мәселелерде қоғам мүддесі жолында биліктің қабылдаған шешімдеріне қарсы шығып, оны қайта өзгертуге мұрындық бола білуі тікелей әсер ете алады. Зиялы қауым ретінде тек оқыған-тоқыған, білімді адамдарды емес, халық үшін қандай мәселеде де өз ұстанымын өзгертпейтін, билік пен өзге де ықпалды топтардың іс-әрекетіне әділ баға бере білетін көреген адамдарды танитын болсақ, соңғы жылдары ондай адамдардың санының өте аз екендігіне көз жеткізудеміз. Көпшілік танымал шығармашылық адамдарының мақтау мен мадақтау, дәріптеу сипатындағы туындылары мен іс-әрекеттері олардың қоғам алдындағы беделіне үлкен нұқсан келтіріп, зиялы қауымға қатысты теріс пікірлердің қалыптасуына әсер етті.

Жоғары атап өткеніміздей, мемлекеттің басшысының да, елдегі саяси мемлекеттік қызметшілердің де өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылу мәселесі заңмен айқындалмағандықтан, бизнес өкілдеріне сенімнің болмауынан, зиялы қауымның қоғам алдындағы беделінің жоғалуынан жауапкершілік мәселесіне қатысты қоғам да өздігінше ұстанымдарын қалыптастыруда. Қоғам сан мыңдаған жеке тұлғалардан тұратындықтан олардың жауапкершілік турасында көзқарастары біртіндеп бір арнаға тоғысуда. Қазіргі қазақстандық қоғамдағы жауапкершілікке қатысты ұстанымдар мейлінше кері, шектеулі сипатқа енді. Яғни, адамдар жауапкершіліктен бас тартып, өздерінің міндеттерінен бастарын алып қашып, тек өз басына ғана жауап берумен шектеліп, тіпті кей кездері өз жақындары, отбасы, тіпті, өмірі үшін жауапкершіліктен бас тартуда.  Өмірден баз кешу, суицид бойынша Қазақстан дүние жүзі елдері арасында көшбасшыға айналды, кейбір мамандар суицидтің қоғамдық дертке айналуын адамдардың тек жауапкершіліктен құтылу ғана емес өз наразылықтарын сыртқа шығара алу мүкіндіктерінің жоқтығымен де байланыстырады. Адамдардың кейінгі кездері өздеріне қол салу актісінің жария сипатта болуына барынша күш салуы осыны аңғартса керек (шатырдан секіру, өзін-өзі өртеу және т.б.).

Еліміздің басты лозунгына айналған «әркім өзі үшін өмір сүрсін» ұраны ендігі жерде адамдардың ең алдымен өз қарақан басының қамы үшін күресуіне негіз болуда. Ендігі жерде жеке адам қоғамдық ортақ мүдде үшін бас қатырмауды әдетке айналдырды, нәтижесінде қоғамдық игіліктер, ортақ мүдде үшін жауапкершіліксіздік қалыпты жағдайға айналды.

ІІ

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерді қолданушылардың санының артуына байланысты онда көпшілікке тиімді ойларын ортаға салу арқылы танылып, белгілі бір мөлшерде қоғамдық пікір қалыптастыра алатын адамдар қалыптасты. Олар қоғамда орын алып жатқан жағдайларға, өзгерістерге, мемлекеттік биліктің қабылдаған шешімдеріне, ұлт болашағы мен мемлекеттің ертеңіне қатысты тұщымды ойларын әлеуметтік желілерде жариялау арқылы адамдардың басын біріктіріп, азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруға әсерін тигізе алуда. Қоғамдағы жауапкершілікке қатысты  жаңа идеялардың бірін белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбаев 28 тамыз 2015 жылы  фейсбуктағы өз парақшасына жариялаған еді. Ол өзінің жаңа бастамасы жайлы келесідей баяндаған еді: «Отандық өндірушілерді қолдау саясаты аясында, сонымен қатар ДСҰ-ға кірумен байланыстағы экономикалық жағдайдың ушығуына орай «Мен жауап беремін» еріктілік бағдарламасы туралы хабарлаймын. Бағдарламаның мағынасы неде жатыр? Біріншіден, отандық өндірушілерге арналған өте көп әр түрлі рейтингілер, марапаттаулар мен сыйақылар бар. Алайда көптеген кездейсоқ компаниялардың өлшемдері, қазылар алқасының коммерциялық мүдделері түсініксіз болып жатады. Екіншіден, тұтынушылар барлық осы рейтингілерге, сыйақыларға және тағы басқаларға сенбейді. Тіпті «Халал» брендінің өзі қателік жібереді. Мұның мәні өзінің беделі мен қара басының қамын бәске қоймауында жатыр. Бұған да бірнеше себептер бар. Үшіншіден, Фейсбуктегі және басқа да әлеуметтік желілердегі аудитория өсімінің шаралары бойынша сарафанды/фейсбукті радио мағынасы бел алып келеді. Адамдар ақысына әр түрлі фирманың тауарларын жарнамалай отырып, осыдан ақша жасап отыр.Мен басқаша жасау керек деп шештім. Маған тауар жарнамасы және ұсынысы үшін ақша қажет емес, сапалы қазақстандық өндірушілер тауарларын қолдай отырып, тұтынушыларға сапалы тауар таңдау барысында көмек жасағым келеді. Келесі өлшемдерде өзімнің пікірім бойынша қазақстандық компанияларды табамын немесе оларды Сіздер ұсынатын боласыздар: 1. Өнім сапасы; 2. Өнім сапасының тұрақтылығы; 3.Қолданылатын ингридиенттер мен шикізат сапасы; 4. Өндірістік үдерістің сапасы мен бір қалыптылығы; 5. Қаржылық ауқаттылық. Егер несие алған болса, онда мұндай өндіруші сапаны ұзақ ұстап тұра алмайды; 6. Меншік иесінің сапаны қолдау бойынша жеке міндеттемелері; 7. Өнімнің экологиялылығы.

Менің міндеттемелерім: Мен барлығын өзім тексеремін. Үміткер «Мен жауап беремін» белгісін алуға жоғарыда көрсетілген барлық өлшемдерді қанағаттандырғаннан кейін, оларды барлық жерде және үнемі еске салуға және олардың өнімдерін тұтынушыларға, банктер мен мемлекеттік органдарға ұсынуға міндеттенемін, тіпті өзімнің барлық мүмкіндіктерімді пайдалана отырып, шешеуніктердің басқынынан мұндай компанияларды барынша қорғайтын боламын».

М.Сейсембаевтың посты жарияланған сәттен бастап фейсбук қолданушылары арасында қызу талқыға түсті және үлкен қолдауға ие болды. Сол күннен бастап фейсбук әлеуметтік желісінде жобаны ашық қолдауға шақырған көптеген посттар жарияланып, елдегі жекелеген саясаткерлер, журналистер, кәсіпкерлер, азаматтық белсенділер, тіпті әншілер де  «Мен жауап беремін» жобасына қатысты жылы лебіздерін білдіріп жобаға әріптес болатындықтарын өз парақшаларында жариялап жатты. «Мен жауап беремін» жобасының басты идеясының халықтың үлкен қолдауына ие болуы ондағы жауапкершілік туралы ойлардың онсыз да мемлекеттің экономикалық саясатына көңілі толмайтын көпшіліктің көңілінен шығуында болды. Бірақ, осылайша жобаның халықтық сипат алып, оның арты саяси талаптардың орын алуына алып келіп, жеке басының қуғындалуынан қауіптенген жоба авторы өзінің ешқандай саяси мақсаты жоқтығын айтып әу-бастан ақталумен болды. «Мен жауап беремін» жобасына байланысты жобаның елде радикалды саяси өзгерістер жасауға бағытталмағанын айқындау мақсатында автор 4 қыркүйек 2015 жылы  келесі мәтіндегі пост жариялады. Онда ол елде орын алған жағдайды аварияға ұшыраған ұшақпен салыстыра келе болашақта елімізде эволюциялық жолмен өзгерістер жасаудың алғышарттарын ұсынады: «Достар, мен кез-келген агрессивті құбылыстардың жақтасы емеспін. Украина бізге мысал емес пе?! Осыған орай барлығын келесі жағдайларды басшылыққа ала отырып, ақырын өзгертуге болатынына сенімім мол: 1. Біз көп болуымыз керек; 2. Тізе қосуымыз, бірігуіміз керек; 3. Белсенді болуымыз керек; 4. Бір идеяға сенуіміз керек; 5. Алдымыздан бір ғана соқпақ жол немесе жол картасын көруіміз керек. Осы жағдайлардың орындалуы өзіміздің-ақ қолымызда. Егер біз осы жоғарыда көрсетілген бес бөлімді орындайтын болсақ, бізбен осы елдегі кез-келген адам санасатын болады. Біз сонда ғана реформаны алға жылжытып, жақсы жағына өзгерте алар едік». Осылайша, ең алдымен қоғамдық сананы өзгерту арқылы біртіндеп мемлекетті де өзгеріске ұшыратуға болатынын басшылыққа алған автор өзгелерді айқын мақсат жолында біріге әрекет жасауға шақырды. Әркімді ең алдымен өзін, өзінің жауапкершіліктеріне қатынасын өзгерте отырып, өзгелердің де жақсы жаққа қарай өзгеруіне ықпал етуі қажеттілігін түсіндіруге тырысты.

Ал, 5 қыркүйек 2015  М.Сейсембаев «Саясат және "Кепіл берем" жобасы» тақырыбында пост жариялады. Онда ол  «Мен жауап беремін» жобасындағы өзінің айқындамасы мен идеологиясын түсіндіруге тырысады. Автор өзінің елде төңкеріс жасауға қарсы екендігін тағы да айта келе ол үшін негізгі жол  айналада күн сайынғы позитивті өзгерістеріне бағытталған сатылы даму жолы екендігін баса айтады. Жобаның мақсаты туралы ол «Біз барлығын бірден түзетпек емеспіз. Біз қарапайым, түсінікті, нақты қадамдардан бастаймыз. Алайда, күн сайын. Біз қазақстандық өндірушілердің сапалы өнімін назарға аламыз, солардың болашағына жұмыламыз. Өндірушіден тұтынушыға дейін тауарлар қозғалысының жолындағы бөгеттерді алып  тастамақпыз. Сапалы өнім өндіруші кәсіпорындарды қаржыландыру жүйесін жақсартпақпыз. Тұтынушыны қорғаймыз. Күнделікті өмірге әр сөзбен іс үшін жауапкершілік қағидаттарын енгіземіз.Өз ісімізге өзіміз жауап береміз. Саяси бағыттылыққа тәуелсіз түрде сындарлы және жасампаздықпен барлығына серіктестік көмек жасаймыз» деп жобаның саясаттан ада екендігін түсіндіреді.

Саясат туралы және оған өзінің қатынасы жайлы сөз қозғаған ол өзінің саясаткер болғысы келетін бизнесмен емес,  Азамат болғысы келетін бизнесмен екенідігін алға тартады және өзінің бір сәтке де серіктестерін, еріктілерін, қызметтестерін, туысқандары мен жақындарын естен шығармайтындығын айтып. Автор бұл жолы да радикалды, агрессивті шешімді қолдамайтындығын қайталап жеткізеді. Осы тұста біз автордың экономикалық мәселелердің шешімін іздеудің бір кездері бәрібір саясатқа ұласатынын түсініп, қозғалыстың біртіндеп саяси күшке айналуына қарсы ұстанымда екендігін жеткізгісі келетінін байқаймыз. Бұлай жасауына оның елімізде әзірге демократия қағидаттары аясында қандай да бір саяси ұйым құрудың мүмкін еместігіне көз жеткізгендігі себеп болды деп тұжырымдауға болады.

Дәл сол күні, яғни, 5 қыркүйек 2015 жылы М.Сейсембаев «Мен жауап беремін» жобасының барлық адамдарға түсінікті болуы үшін жоба жайлы тағы да қосымша пост жариялады. Ол «Мен жауап беремін» жобасының  қоғамдық қозғалыс екендігін, оның келесідей мақсаттары бар екендігін ортаға салды: Біріншіден, бизнесмендер, саудагерлер, банкирлер мен өндірушілер өздерінің өнімдері мен көрсететін қызметтерінің сапасына жауап беруді бастауы үшін. Екіншіден, біздің айналамыздағылардың бәрі өздерінің сөздері мен іс-әрекеттеріне жауап беруді бастаулары үшін. Үшіншіден, сіз бен біз өз сөзімізге және өз әрекетімізге жауап беруді бастауымыз үшін.

Жобаның қоғам үшін соншалықты қызықты болуы ендігі жерде көптеген жлба серіктестері мен жоба қолдаушыларының тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, олардың жүзеге асырыла бастауымен де ерекшеленді. Жоба авторының фейсбуктегі достарының саны тез арада 5000-дық лимитке жетіп, жазылушыларының да саны артқандықтан ол өзіне жаңа көмекшіні де таңдап алып, жобаның қосымша фейсбук парақшасы іске қосылды, жобаның логотипі де көпшілік талқылауынан өтті. Көптеген қазақ және орыс тілді ақпарат құралдары М. Сейсембаевтың жоба жайлы ойлары мен идеяларын жарыса жариялады, телевизиялық бағдарламаларда жоба авторының қатысуымен түрлі пікірталастар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жоба авторы «Мен жауап беремін» жобасы аясында кәсіпкерлікке қызығушыларға арнап семинарлар да ұйымдастыра бастады. Жобаның  ауқымды шаралар жоспары жасалып, жоба аясында нақты өндірісті тексеру жұмыстары да жүргізілді (ЖШС «Шалабай Ет»  және ЖШС «KazBeef»). Әу бастан-ақ жоба авторы  өзінің идея жолында және өзіне сенетін адамдармен жұмыс істегісі келетінін мәлімдеді, тіпті, өзінің басынан өткен жайттарды да жасырмай ортаға салды, сонымен қатар, ол жобада ешқандай лидер болмайтындығын да жариялады. Дегенмен, жобаның жетістікке жетуіне өзінің жеке басының әсері де бар екендігін түсініп, жетекші ретінде жоба бойынша барлық жауапкершілікті мойнына алды. «Маған көзсіз сенуге шақырмаймын. Егер идея ұнаса, мақұлдаңыздар/ мақұлдамаңыздар. Адамдардың істеп отырған істерін саналы түрде жасағандарын және өз әрекетіне жауап бергендерін қалаймын. Сондықтан егер әлдекімге жөргегінен бастап барлық жағынан таза, репутациясында бір мін жоқ адам керек болса, бұл маған қатысты емес. Өзіңізге пайғамбар іздеңіз» (М.Оңғарова.Марғұлан Сейсембаев өз репутациясы жайлы айтты. 05.09.2015ж. Massaget.kz)

20 қыркүйек 2015 жылы М.Сейсембаев «Мен жауап беремін» қоғамдық қозғалысының декларациясын өз фейсбук парақшасында жариялады. Декларацияның кіріспе бөлімінде қоғамдық қозғалыстың құрылуының негізгі себептері айқындалады. Онда автор қоғамдағы жағдайды «бізде ешкім ештеңеге жауап бермейді, соның арқасында ешкім ешкімге сенбейді, ешкім ештеңе істемейді, нәтижесінде барлығымыз бір жерде тоқыраудамыз» деп сипаттайды. Саясаткерлердің өз уәделерін орындамайтындығын, тарихи фактілердің өзгертілуін, өнерде суррогат пен халтураның орын алуын, білім беруде ақымақшылықтың, медицинада бизнестің, бизнесте көз бояушылық пен төмен сапаның орын алуын алға тарта келе елімізде екіжүзділік пен әртүрлі стандарттардың орын алғанын, озық ойлы, кәсіби мамандардың шет елге кетіп жатқанын немесе болып жатқан жағдайға немқұрайлы қарайтындығын ашына баяндады. Осындай жағдайды айта отыра ол революциялық жолмен билікті ауыстырғанша біртіндеп халықтың ой-санасын өзгерту арқылы жалпы қоғамда өзгеріс әкелудің дұрыстығына назар аударады. Декларацияда қоғамдық қозғалыстың мақсаттары мен міндеттерін айқындай келе автор оның артықшылықтарын келесідей белгілейді: 1. Біз көппіз; 2. Біз бір идеяны қолдаймыз; 3. Біз заңдарды бұзбаймыз; 4. Бізге тіркеу мен рұқсаттың керегі жоқ, себебі, біз бейформал қозғалыспыз; 5. Бізге есепшот керек емес, себебі, біз ешкімді қаржыландырмаймыз және бізді ешкім де қаржыландырмайды; 6. Бізге партия керек емес, себебі, біз билікке таласпаймыз; 7. Бізге БАҚ пен газет қажет емес, себебі, әрқайсысымыз репост және коммент арқылы БАҚ-тың қызметін атқарады; 8. Бізге бір көшбасшы қажет емес, себебі, бізге оны бастаушы емес идеяның өзі керек.

Қоғамдық қозғалыс ретінде айқындалғанымен бейформалдық сипатты жөн көретін, саясатқа мүлде қатысы жоқ ұйымның негізгі мақсаты қоғамдық сананы өзгерту болғандықтан, сонымен қатар, ең басты міндеті жалпыға ортақ жауаптылықты қамтамасыз ету болып айқындалғандықтан бұл ұйымның қоғамдық пікір қалыптастырып, оның арты қоғам мүшелерінің мемлекеттен жауаптылықты талап етуіне ұласу мүмкіндігінен қорыққандықтан болар кешікпей жоба авторына мемлекеттік билік өкілдері тарапынан нақты қысым көрсетіле бастады. Осы декларация мәтіні жарияланған соң дәл  10 күннен кейін 1 қазан күні М.Сейсембаев өз фейсбук парақшасында өзінің «ескі» қылмыстық істеріне қатысты материалдарға Бас Прокуратура сұрау жіберіп жатқанын және өзіне қатысты ақпараттық кеңістікте жағымсыз ақпарат таратуға кейбір блогер мен PR мамандардың тапсырыс алғандығын хабарлады.

Ал, 3 қазан 2015 жылы М.Сейсембаев сенбі күні екендігіне қарамастан өзінің сотта болғандығын, онда өзіне қатысты іс бойынша жауап алынғанын мәлімдей келе өзінің «Мен жауап беремін» жобасынан бас тартатындығын мәлімдеді. Жобаның дәл осылайша жоғарыдан болған қысым салдарынан жабылуына қатысты ол екі себепті атап көрсетті, оның біріншісі, жобаның халықтың көп қолдауына ие болып, аз уақытта кең таралуы болса, екіншісі, жоба авторының қозғалыс декларациясына қайшы әрекетке барып, үкіметтің қызметіне қатысты екі сыни бағыттағы пост жариялағандығы. Осылайша, айналасы бір айдан астам уақыт ішінде қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіріп, жауапкершілікке қатысты қоғамдық пікір тудыра білген «Мен жауап беремін» жобасы жабылды.

ІІІ

Азаматтық қоғамның басты мақсаты қоғам мүшелерінің белгілі бір мәселеде басын біріктіріп билікпен конструктивті диалог жүргізу болып табылады. «Мен жауап беремін» жобасының  да экономикалық мәселелерді негізге алып біртіндеп биліктің экономикалық саясатына қатысты өз ұстанымдарын айқындап, өз тарапынан билікпен нақты қордаланған мәселелер бойынша пікірталастар жүргізуге тырысатыны айқын болатын. Себебі, экономиканың өзі тікелей мемлекеттің экономикалық функциясы аясындағы экономикалық саясатына байланысты болғандықтан бизнестің дамып, өз ісіне «жауап беруі» үшін оның дамуына қолайлы климат тудыру үшін қозғалыстың мемлекеттік саясатқа араласуы табиғи қажеттілік болып табылады. Сондықтан бастапқы уақытта бейформалды, саясаттан тыс қозғалыс болып құрылған бейтарап ұйымның болашақта үлкен саяси күшке айналуынан қорқып, оның жетекшісіне қысым жасалыну мүмкіндігі әу-бастан айқын болған еді.

Жекелеген адамдарды күнделікті өмірде өз сөзі мен ісі үшін жауап беруге үйретіп, сол арқылы жалпы қоғамда қоғам, ел үшін жалпы жауапкершілік сезімін өрбіту арқылы біртіндеп бейбіт жолмен мемлекеттің де қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейтін бұл жоба әбден бейберекетсіздікке ұшыраған қазақстандық қоғам үшін үлкен жаңалық болды. Жобаның басты идеясы «әркімнің өз ісіне жауап беруі» болғандықтан қоғам мүшелері арасында кең таралған идея біртіндеп олардың арасында биліктің де өз ісіне жауап беруіне қатысты ойдың туындауына алып келері сөзсіз болатын. Бұл өз кезегінде әлі де болса қоғамды әртүрлі уәделер мен әдемі ұрандар, жоспарлар, реформалар, бағдарламалар, жолдаулар, тұжырымдамалар мен лозунгтар арқылы басқарып,  нақты әрекетінің нәтижесі үшін жауап беруден бас тартып отырған билік үшін үлкен қатер еді. Дегенмен, «Мен жауап беремін» жобасы елімізде жауапкершілік турасында қоғамдық пікір қалыптастырып, адамдардың жауапкершілік мәселесіне қатысты ойлануына ықпал ете алды. Сонымен қатар, жоба жетекшісі әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өзінің өзін қоршаған орта, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін басты орынға қойғанда ғана қоғамның да, мемлекеттің де дамып, үлкен жетістіктерге жететіндігін насихаттады. «Әркім өз ісіне жауап берсін» деген тек жеке адамдарға ғана емес, әртүрлі нысандағы заңды тұлғаларға және мемлекеттік билікке, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға да тасталған ұран болды. Жауапкершіліксіздіктен шаршаған қоғам мүшелері бұл ұранды жылы ықыласпен қабылдап, өз істеріне жауапкершілікпен қарауға бет бұрды, ал, мемлекеттік билік оны қабылдай алмады...

Жалпы алғанда «Мен жауап беремін» жобасы арқылы қазақстандық қоғамның әлі де болса нақты, көңілге қонымды идея арқылы бірігіп, үлкен күшке айнала алатындығын, елде азаматтық қоғам қалыптастыру мүмкіндігінің бар екендігін дәлелденді. Яғни, тәуелсіздік жылдарында ешқандай ресми идеологияның болмауы да, адамдардың әртүрлі діни секталардың жетегінде кетіп, діни тұрғыда қоғамда бытыраңқылықтың орын алуы да, қоғамдағы байлар мен кедейлердің арасының алшақтауы да, қазақ қоғамының қазақ тілді, орыс тілді болып бөлінуі де, тіпті қоғамды жайлап алған жаппай жауапкершіліксіздік те қоғамның әлі де болса «жалпыға ортақ жауапкершілік» бойынша бірігіп, жауаптылыққа қатысты нақты әрекетке бара алатындығын көрсетті.  Осы арқылы қазақстандық қоғамда прогрессивті идеяларға деген қажеттіліктің бар екендігі және оларды жүзеге асыру потенциалы барлығы дәлелденді. Аз ғана уақыт ішінде қоғамдық пікір тудырып, халықтың кең қолдауына ие болған Марғұлан Сейсембаевтың «Мен жауап беремін» жобасы тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық ілімдері тарихында өз орнын иеленіп, уақыты келгенде жаңа прогрессивті ойлардың негізіне айналары сөзсіз.

Есбол Өміржанов

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338