Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 6250 18 пікір 24 Қаңтар, 2018 сағат 17:55

Қос дипломды жұмыссыздар неге көп?

Қара жұмысшы қажет! Еліміздің  еңбек нарығындағы жағдай осы. Деректерге сүйенсек, үдемелі-индустриалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін 30 мыңнан астам маман керек екен. Бұдан бөлек, қызмет көрсету секторы да маман тапшылығынан тұралап тұр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, жұмыс күшіне деген жалпы сұраныс көлемі 700 мың адамға жеткен.  Жыл сайын отандық кәсіптік білім беру мекемелерінен бітіріп шығатын мыңдаған маманнан өзге алыс-жақын шетелден ағылатын еңбек күші тағы бар.  Соған қарамастан,  қазақстандық еңбек нарығы жұмысшы күшіне зәру. Неге? Статистика бойынша еліміздегі жастардың жалпы саны – 4,3 миллион, оның ішінде қала жастары 2,4 миллион, ауыл жастары – 1,9 миллион. Жастардың 2,2 миллионы жұмыс істесе, 1,9 миллионы оқиды. Қалған 100 мыңнан астамы не анда, не мұнда жоқ жұмыссыздардың қатарында.  Бұл жағдай жұмыс іздеуші емес, жұмыс берушіге ауыр тиіп отыр. Қаражаттан қиналған адам кез келген жұмысты істейді. Бірақ жастардың көбі әке-шешесіне арқа сүйеп, әлдекімнен «жұмыстың» хабарын күтіп жата бергенді жөн санайтын көрінеді. Өйткені даяшы немесе сантехник болу –ардың  ісі.

Мемлекет басшысының өзі үнемі жастарды кәсіптік-техникалық білім алып, қарапайым жұмысшы мамандығын игеруге шақырып, бұл саланың мемлекет үшін маңыздылығын жиі айтады.

«Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды. Біздің айналамыздағы нәрсенің бәрі жұмысшылардың қолымен жасалған. Осыны ешқашан естен шығармаңдар. Мысалы, тамақ жейтін қолдарыңдағы қасық пен шанышқыны жұмысшылар жасаған. Ол үшін металды балқытты. Сендер тұратын үйді, көлікпен жүретін жолды салған жұмысшылар. Сендерді тамақтандыратын асханадағы аспаз да жұмысшы мамандығына жатады. Айналамыздағының бәрі жұмысшылардың алтын қолымен жасалған. Сондықтан мен еңбек адамына арнайы орден тағайындадым. Өйткені біз еңбек адамының даңқын арттыруымыз керек», – деген болатын Елбасы.

  Қоғамдық сұраныстың көркін қыздыратын мамандықтар             

Сарапшылар бүгінде Қазақстанға геолог мамандары, тау-кен инженері, автоматтандыру және басқару саласының мамандары, қауіпсіздік техникасы инженерлері, электрслесарьлар, мұнайшы-операторлар тапшы екенін айтады. Ал келер бес жылда  көлік жүргізушілеріне деген сұраныс бірнеше есеге арта түспек.  Бұл – 30 мыңнан астам адам. Ол кезде экономикаға 18,5 мың локомотив машинисі мен алты мыңға жақын жұмысшы мамандар керек болады. Құрылысшыларға деген сұраныс та артады: 26 мың құрылысшы-монтаждаушы, құрылыс және жөндеу-құрылыс жұмыстарына 24 мыңнан астам әрлеуші, сонымен қатар 20 мыңға жуық біліктілігі жоқ жұмыс күші қажет етіледі. Қазақстанға 11 мың шамасында сәулетші және сонша инженер қажет болады. Мұндай орта буын маман дайындауда кәсіптік-техникалық бағдар беретін колледждерге артылар міндет үлкен. Сондықтан да, кәсіптік- техникалық білім беруді көздейтін стандарттарға соңғы кезде  мұқият зер салып, көңіл бөліне бастады.

Дуальді оқыту дегеніміз не?

Мәселен, Европа, Америка Құрама Штаттарында кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі жақсы дамыған.  Германия да  модульдік жүйе бойынша оқытылады. Ал Қазақстандық бұл білім жүйесі сингапурлық модельге негізделген. Бұл дегеніміз колледжде оқу мен тәжірибе қатар жүреді. Өйткені, ірі инвесторлар дипломы болғанымен, тәжірибесіз қызметкерді жұмысқа алуға мүдделі емес. Осыны ескере келіп, біздің де кәсіптік колледжер оқытудың дуальді жүйесін қабылдауда. Оның артықшылығы неде? Стандартты білім беру колледждерінде бірінші басымдық лекцияға беріледі. Өндірістік практика уақыты аз. Ал дуальді оқыту бағдарламасы бойынша, студент оқу жылының 60 пайызын өндірісте өткізеді, 40 пайызы оқуға кетеді. Оның өзінде мұғалім лекция оқушы емес, жетекші болып қана жүреді.

Қазіргі күні елімізде техникалық бағытта білім беретін 800-ден астам колледж бар. Соңғы жылдары бұл оқу орындарына да сұраныс артты. Оған себеп: жұмысшы маман болуға деген ынта емес. Мектеп бітірушілердің басым бөлігі Ұлттық Бірыңғай тестілеуге қатысқысы келмей, 9- сыныптан соң колледж жағалайтыны жасырын емес. Және кәсіпті колледжді аяқтаған соң, дені мамандығы бойынша жұмыс істеуден бас тартып, ЖОО таңдайтын көрінеді.

Бұрын қорасындағы жалғыз сиырын сатса да баласын оқытуды армандайтын қазақ ұрпағын сот, заңгер, тіпті болмағанда қарапайым кеңсе маманы болса дейтін. Кәсіптік-техникалық мамандықты «қара жұмысқа» балайтын. Ал, бүгінгі еңбек нарығында  экономист пен заңгер, программист пен қаржыгерге сұраныс жоқ. Кәсіптік –техникалық білім берудің сапасын арттыру, жұмысшы мамандарын даярлау, еңбек нарығындағы ұсыныс пен  сұраныс арасындағы  қайшылық - әлемдік тенденция.  Әлемде он мыңдаған  мамандық болса, оның жетпіс пайыздан астамы жұмысшы мамандығының санатында екен.

Зарина Әділбек

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371