Ислам Каримовтің немересі Ұлыбританиядан саяси баспана сұрады
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен немересі, Гүлнәр Каримованың ұлы, 25 жастағы Ислам Каримов Ұлыбритания үкіметінен саяси баспана сұрады. Бұл жөнінде BBC өзбек қызметі кіші Ислам Каримовтің адвокатына сілтеме жасап хабарлады.
Өмірден өткен бірінші президенттің немересі саяси баспананы бір ай бұрын сұраған. Кіші Ислам Каримов қазір Лондонда тұрып жатыр. Оның анасы Гүлнәр Каримова Өзбекстанда тұтқында отыр.
Былтыр Өзбекстанның бас прокуратурасы 2015 жылдың тамыз айында Каримоваға қатысты сот болғанын, сот шешімімен салықтан жалтарды, мемлекет қаржысын ұрлады және оффшорлы компаниялардағы құжаттарды жойып жіберді деген айыптармен 5 жылға бостандығы шектелді деп хабарлған.
Кейін Гүлнәр Каримоваға қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратура мәліметі бойынша, бұл жолы оған алаяқтық жасады, көлеңкелі табысты заңдастырды, шетел валютасын жасырды деген айыптар тағылған.
Abai.kz