Құдайдың құдіреті шексіз...
Бала күнімде ауылда көп жыл әкім болған Ақберді Исаев деген рулас атамыз, тіпті біздің облыстың атынан депутатта болған беделді кісі өмір сүрді. 1996 жылы зейнеткерлікке шыққан Ақберді ата екі ай бойы төсек тартып ауырып қалған соң, менің әкем інісі ретінде көңілін сұрауға барыпты. Үйінде туған-туыстар мен ағайындары ортасында төсекте жатыр екен.
Әкем амандасып болған соң, «денсаулығыңыз жақсы ма, аға?» деп сұрағанда, «е, несін айтасың, Кеңес Құдайдың өзінің маған күші жетпей жатыр», - деп күледі. Қасындағылар да жағымпазданып тарқылдап күлген екен, сонда әкем «Ақа, олай демеңіз, әлі Алла жазса жазылып кетесіз?», - деп жарты сағаттай әңгімелесіп отырып, үйінен шығып кеткен. Содан Ақберді атамыз сол түні таңға дейін жетпей, бұл дүниемен қоштасыпты.
1912 жылы әлемге әйгілі өз заманның алып кемесі «Титаникті» жасаған «Харленд энд Вулф» компаниясының инженері мен сол кеменің капитаны Эдвард Смиттен тілшілер сұрапты. «Мына кемеңіз қаншалықты қауіпсіз?», - деген сұрағына, «Адамзаттың тарихында мұндай кеме бұрын-соңды болмаған, сондықтан бұл кемені батыруға, тіпті құдайдың да күші жетпейді», - деген екен. Сол «Титаниктің» не болғанынан бүкіл әлем хабардар.
2008 жылы Алматыда Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдиновтен сұхбат алғанымда ол кісі маған «Мен cоғыста немістердің ұшақтарымен қабаттасып 305 рет ұшақпен көкке көтерілдім, әрбір көтерілгенімде әкемнің маған үйреткен құран сүрелерін дауыстап айтатынмын». Бір мезет «Құдайды естен шығарған емеспін, Ля Иллаһу Иллаллаһ Мухаммаду Расул Аллаһ» деп жүремін ішімнен» деген еді жарықтық.
1985 жылы Бразилиядағы Президент сайлауында 75 жастағы үміткер Танкреду ди Алмейда Невис «Егер мен өз партиямның атынан 500 мың қол жинасам, Президент болуыма құдайдың өзі кедергі келтіре алмайды», - депті, әрине 500 мың қол жинаған, бірақ Президент болуына бірақ күн қалғанда, ауырып қайтыс болған.
1962 жылы 3 тамыз әлемге танымал актриса, әнші 36 жасқа келген Мэрилин Монро «Менің танималдығым соншалықты, тіпті Иссус Христос түгіл, құдайдың өзі маған керек емес», - депті. Екі күннен кейін қонақ үйдің бірінен Мэрилиннің мәйіті табылған.
Төрткүл дүние танитын бокс королы Мохаммед Али шын аты —Кассиус Марселлус Клей 1964 жылы өз атын өзгертіп, мұсылман дінін қабылдағаннан бастап, 61 рет шаршы алаңға шыққан, соның 56-сын жеңген 37 рет ұрып құратқан, 5 рет тең түскен. Сол жеңістердің бәрінде намаз үстінде қарсыласын жеңуін бір Алладан жалбарынып сұрағанын қайтыс болар алдында 2016 жылы мойындаған.
2009 жылы Бішкекте жаздың шуақты күндердің бірінде үш жігіт үш қыз бір көлікпен қаланың сыртына дем алуға шығады. Сонда бір қыздың анасы «Қызым, құдай деп жолда абайлап жүріңдер», - деп ескертеді. Әлгі қызы «Анашым, біздің көлікте құдайға орын жоқ, құдай артқы багажда отырсын», - деп күліп кетеді. Арадан екі сағат өткер өтпес МАИ қызметкерлері әлгі қыздың анасына хабарласып былай «Сіздің қызыңыз отырған көлік жол апатына ұшырады, үш жігіт үш қыз тіл тартпай кетті, багаждағы отыз жұмыртқа жарылмапты да», - дегенде не істерін білмей сіресіп қапты.
Осындай мысалдар мыңдап саналады. Сондықтан мұсылман қауымы үшін, әсіресе қазақ халқы үшін киелі де қасиетті болып саналатын Ислам дініндегі Шариғатқа бас иіп ата-бабаларымыз ұстанған жолымен жүрсек, еш қателеспейміз. Арзымаған атақ пен байлыққа немесе лауазым мен мансапқа бола, құдіреті күшті Алланы естен шығарып қойып жатқан жайымыз бар.
Жуырда Семейлік ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Бесінші маусым жұпары» атты кітабы жарық көрді. Сол кітап туралы Маралтай Райымбекұлы Ыбыраев «Аспаннан бесінші кітап түсті» деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпты. Ұят емес пе? Осылай пікір айтуға бола ма екен.
Қазақта «Ауырмаған адамның Құдаймен ісі жоқ» немесе «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген өсиет қалған. Жүрегінде иманы жоқ пенде, кез келген жерде білгенін істейтінін Құдайдың құтты күні телеарнадан немесе әлеуметтік желілерден көріп және естіп жатырмыз. Өйткені, Құдайдан қорықпаған адам сан-алуан түрлі жауыздыққа баратынын бабалар білген. Сондықтан ондай адамнан сақ болуға шақырған.
Алланың сыйы деп білем, сөздің құдірет жүйесі,
Он сегіз мың ғаламның бір Алла болар иесі.
Тәуекелге бел бусаң, Алланың болар киесі,
Кеудеміздегі жанымыз Жаратқанға тиесі, - деп Балқы Базар айтқанынан сабақ алмаймыз. Ақпа жырау Серәлі Еруәліұлы болса:
Дүние сұлу қыздай бұраңдадың,
Қуа алмай қызыққан соң тұра алмадым.
Басыңды қанша жерге соқсаң-дағы,
Дегені болады екен бір Алланың, - дейді.
Бұқар жырау болса: «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» десе, Хакім Абай: «Алланың сөзі де рас, өзі де рас, рас сөз ешқашан жалған болмас» деген.
Ыбырай Алтынсарин: «Бір Аллаға сыйынып
Кел балалар оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық» деп жазылған түпнұсқада. КСРО уақытында бұрмаланып бастапқы жол алынып тасталған. Біз оқығанда бірден «Кел балалар оқылық» деп басталып кететін. Керемет шайыр Әбубәкір Кердері Шоқанұлы болса, «Бисмилласыз басталған істің ақыры қайыр болмайды» деген. Кез келген ата-бабамыздың сөз тіркестерін оқып отырсаң, Аллаға бас иіп, оразасын ұстаған, бес мезгіл намазын тастамағанына көз жеткіземіз. Ал біз болсақ, жаһандану дейміз немесе заман дейміз, әйтеуір бір сылтау тауып қашқалақтаймыз.
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz