Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 10349 40 пікір 30 Қаңтар, 2018 сағат 17:19

"Алашшыл" Әбдірахманов "Ақорданың жобасы" ма?

 

Қазақстанда жаңа саяси партия құрылмақшы. Партия «Алаш» Халықтық Социалды-Демократиялық партиясы деп аталады екен. Оны құратын жігіт – Сырым Әбдірахманов. Танымал блогер. Биліктің монополист партиясы атанып үлгерген «Нұр Отанның» экс-мүшесі. Өткенде ғана жарияға жар салып, «Мен Нұр Отаннан» кеттім дегенде, Тәуелсіздіктің 27-жылында «Нұр Отаннан» осқырынып кеткен осы жалғыз Сәкең шығар деп едік. Сөйтсек, Сәкең партия құрмақшы екен.

Ол жайлы орыс ақпараты орашолақ ойларын, сал-құлаш саясатын кірістіріп, «Қазақстанның болашақ Президенті үшін саяси жобалар әзірленіп жатыр» деді. Сөйтіп, Әбдірахмановтың әлі құрылмаған партиясы жайлы про-кремльдік пропоганда "шеберлері" шимай-шатпақ бірдеңе жазған болды.

Сөз жүзінде бар, бірақ әлі ресми тіркелмеген ХСДП жайлы қазақ қоғамында да қызу пікір-талас жүріп жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары мен қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен саясаттанушылар  Әбдрахмановтың партиясы жайлы әртүрлі пікірде. Бірі, қолдап жатса, енді бірі керісінше, Әбдірахманов «Ақорданың жобасы» дегенге келтіруде.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыстығын болашақ көрсете жатар, дегенмен, жұрт жата кеп сөз еткен мәселе - болашақ парт-председатель Сырым Әбдірахмановтың саясаткер Әміржан Қосанов, саясаттанушы Айдос Сарым мен «Дат» газетінің бас оқырманы, аға журналист Ермұрат Бапи мырзаларды сөзбен түйреп өткендігі болды.

Әміржан Қосановты да, Айдос Сарымды да, Ермұрат Бапиді де мына жұртқа таныстырып жатудың өзі орынсыз.

Сырекең бұл азаматтарға неге шүйлікті? Қазақстанның ақпарат кеңістігінде ойып тұрып орын алатын, онысы Ақордаға жақпай қалып, қит етсе қудаланып, сотқа сүйрелетін сұрапыл «Дат»  газетінің сол бір санында не айтылды?

Әуелі Сырым Әбдірахмановтың әлеуметтік желідегі жазбаларына бір тоқтала кетейік. Сырым Әбдірахманов Әміржан Қосанов пен Ермұрат Бапи жайлы былай деп жазды:

«Биліктің жобасы деп "ОСДП"-мен Қосановты айт»!

«Досы Ермұрат Бапидің 11 қаңтарда шыққан "Дат" басылымында "Алаш" Халықтық Социал-Демократиялық партиясының биліктің жобасымен құрылып жатқандығы туралы көпірген "ОСДП" партиясының серкесі Әміржан Қосановтың өзі биліктің жобасы екенін ұмытқан болар!

Жармаxан Тұяқбаймен ауыз жаласқан Әміржан Қосановқа мүмкін "ОСДП"-ның қалай құрылғанын есіне салу керек шығар?!

Елдің бұлыңғыр болашағына көне алмай, "Алаш" ұранын көтерген жастарды жау қылып алған өздері! Айтылған сөз, атылған оққа тең! Есіне мұздатып салып берейік!

2004 жылы, Әміржан Қосановтың қазіргі кураторы және сол кездегі Қазақстанның Парламент Мәжілісінің Спикері, әрі "Отан" партиясының бірден бір басшысы Жармаxан Тұяқбай баспасөз мәжіліске шығып, оппозицияға кететінін мәлімдеді! Ең басты қызығы - Жармаxан Тұяқбайдың мәлімдемесін Үкіметке қарасты "Хабар" Ұлттық арнасы кешкі жаңалықтардан ашықтан ашық көрсетті!

Әй, Әміржан, Президент Әкімшілігінен бұйрық болмаса оппозицияны "Хабар" қай уақытта көрсеткен еді? Ол бір!

Әміржан Қосановпен қоса "ОСДП" партиясының биліктің қуыршағы екені оның бірден тіркеуден өткені!

"ОСДП"-ның құрылуының алдында Жармаxан Тұяқбай Елбасымен кездесіп, 2006 жылдың 10 қыркүйегінде құрылтай съезін өткізе салысымен 3 айдың ішінде, яғни Жаңа 2007 жылдың 25 қаңтарында тіркеуден өтті!

Ал "Алаш" партиясының құрылуына түрткі болған Халықаралық Жемқорлыққа қарсы Бюросын тіркете алмай жүргенімізге жарты жылдан астам уақыт өтті! Соның өзінде, биліктің қуыршағы Қосанов бізді биліктің жобасы деп мұртынан жарылып отыр!

Мінекей ағайын, дос, бауырлар! Биліктің нағыз жобасы деп "ОСДП"-мен Қосановты айт

Ал Сырым Әбдірахмановтың әлеуметтік желідегі әлгі пікіріне саясаткер Әміржан Қосанов та жауап қатып, үшбу хат жолдады.

 Неге «Нұр Отанды» дебатқа шақырмайсыз?

«Сізді танымайды екенмін. Бірақ бірнеше күн бойына осы ФБ-да Сіздің маған қатысты сыни пікіріңіз талқыланып жатыр. Сондықтан өз пікірімді білдірейін.

Бауырым! Мен 20 жыл оппозицияда жүрген қазақпын. Осы уақыт ішінде ешқашан да биліктің жобасы боп көрмеппін.

Соны білгейсіз! ЖСДП-да да жүріп те халықтың сөзін сөйлегенімді Сіз байқамасаңыз, ел біледі. Ал 2012-жылдан бері мен ол партияның басшылығында жоқпын.

Өзіңізге айтарым мынау:

Және ол туралы мен өзіңіз қаралап отырған "Дат" газетіне берген сұқбатымда айттым.

Біріншіден, мен партиялардың көп болғанын қалаймын. Сондықтан да шынымен де халықтың, ұлттың жоғын жоқтайтын, биліктің көзін шұқып тұрып, сын айта алатын ұйым құратын ойыңыз болса, іске сәт. Ондай ұйым болса, өзім де қолдауға дайынмын. Бірақ Сіздің Елбасын мақтап жазуыңызға қарағанда, мен ондай оппозициялық потенциал байқап отырған жоқпын. Қателессем, түзетерсіз. Ал егер де ол билікті сылап-сипап қана тірлік жасайтын және билікке наразы қауымның бір бөлігін өзіне тарту үшін ғана құрылатын партия болса, әрине, мен ондай жобаны сынаймын, әшкерелеймін.

Екіншіден, қоғамдық өмірге белсенді араласуды осы уақыт бойына демократиялық күштер қатарында келе жатқан азаматтарды қаралаудан бастамаған жөн, бір сәтте қолдаушылардың біраз бөлігінен айырылып қаласыз. Және де мәдениетті адамға «көпірген», «ауыз жаласқан», «жау қылып алған», «биліктің қуыршағы» деген әсіре сөздер келіңкіремейтін сияқты.

«Қосановтың кураторы» деп, мені кемсіткіңіз келіпті. Менің кураторым – көзі тірі анам мен маған осы жылдар бойына қолдау көрсетіп келе жатқан халқым!

«Әй, Әміржан!», - деп мен секілді Өзіңізден жасы үлкен адамға әкіреңдеу де болашақ партия лидеріне ғана емес, көргенді де әдепті қазақ баласына жараса қоймас.

Халықтың сеніміне тек қана халықшыл бағдарлама мен нақты істер арқылы ие болуға болады. Бізді сынайтындар Сізсіз де жетеді.

Үшіншіден, бұрын да билік санатта бар оппозициялық партияларға қарсы әртүрлі құйтырқылықтар жасаған. Мәселен, сол партиялардың атына ұқсас ұйымдар тіркеп, жұрттың басын қатырған. Сіз де ондайдан аулақ болыңыз. Қазір, жақсы ма, жаман ба, ЖСДП партиясы бар, енді оған ұқсас атпен ХСДП партиясын құру сондай жоба емес пе деген ой да жоқ емес. Сондықтан жаңа партия құрсаңыз, мүлдем жаңа, ешкімдікіне ұқсамайтын атау табыңыз, Құдайға шүкір, қазақ тілі бай, ондай атаулар баршылық.

Басқа не айтайын?

Менімен дебатқа шығамын депсіз. Ол да дұрыс болар. Бірақ, жақсылап ойланыңыз. Ол маған керек емес, Сізге керек пе? Талаптанып жатқан Сізге кесірім тиіп кетпесін деп мен де алаңдап отырмын. Оппозициялық ойыңыз болса, неге билік партиясы «Нұр Отанды», оның басшысы Назарбаевты дебатқа шақырмайсыз?».

Бұл - Әміржан Қосанов пен Сырым Әбдірахмановтың әлеуметтік желідегі сөз тартысы. Осы екі пікірді қолпаштай ала жөнелген көптің аузындағы пікір сөз өрши берген соң, біз Әміржан Қосанов пен Сырым Әбдірахмановқа хабарласып, бір-бір ауыз пікір сұрадық.

Сырым Әбдірахманов:

- Мәселенің тоқетері былай. Ермұрат Бапи ағамыздың "Дат" басылымына берген көлемді сұхбатымен бірге газеттің сол нөмірінде Әміржан Қосановтың да материалы басылыпты. Оны мен бірнеше күн өткеннен кейін ғана көрдім. Тартысты Әміржан ағамыздың өзі бастап кетті! Онда, «Жаңадан құрылып жатқан «Алаш» Халықтық Социал-Демократиялық партиясы Ақорданың жобасы» деген сыңайдағы айып тағылды. Әуелде, мән берген жоқпын. Кейін, жігіттер хабарласып, «бұл қалай» деген соң, мен өз пікірімді жаздым. Мүмкін артықтау кеткен де шығармын. Дегенмен, мына бір мәселені айтқанды жөн деп есептеймін.

Нұреке, мен "Нұр Отан" партиясынан өз еркіммен шығып, елдің болашағына немқұрайлы қарай алмайтын жастармен бірігіп, партия құрып, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне араласып жатсақ, неге біз міндетті түрде Ақорданың немесе басқа біреудің жобасы болуымыз керек?! Мен "Нұр Отаннан" шығып, осы бастаманы іске асыра бастағаннан кейін-ақ, Құл-Мұхаммед те, Әбдіраимов та, қоғам да оянды. Түрлі шаралар өткізіп, кеше өздеріңіз көргендей билік бейресми кездесулер ұйымдастырып, белсенді жұмыс режиміне көше бастады. Демек, ол бәсекелестіктің жоқтығын білдіреді және біз оны тудыруымыз қажет. Халықтың оған әбден көзі жетті. Себебі, саяси бәсекелестік болса, xалықтың мұң-мұқтажының шешілуіне нақты шешімдер қабылданар еді. Мұнайы тасыған елде жанар-жағармайдың тапшы болуы, көмір кені қыруар Қазақстанда көмірдің жетіспеушілігі не деген масқара?! Шахтадағы кеншілердің жағдайы ол бар. Қытайдың 51 компаниясын елге әкелмекші, ол тағы бар. Халықтың ақшасы талан-таражға түсіп, жемқорлық өршуде. Ауылдағы қазақ амалсыздың  күнін кешуде. Осы секілді қыруар проблемалық мәселелер көп. Сондықтан, Тәуелсіздігіміздің тұғырлығына қауіп төніп тұрған соң, біз "Алаш" ұранымен бас көтеруге бел будық. Біз жастар партиясы, «Алаш» партиясы бүгінгі Қазақстанның саяси-қоғамдық өміріне белсене араласуымыз керек. Онсыз болмайды.

Біздің «Алаш» бүгінгі «Алаш». Біз Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін жұмыс жасаймыз. Мен, бұрын жалғыз Сырым едім. Қазір менің жанымда, партияның құрылымында оның жарғысын әзірлеп жұмыстар жасап жүрген жүздеген адам бар. Біз осы бағытта жұмыс жасаймыз.

Нұреке, мынаған назар аударсаңыз, мен Қазақстанда саяси партиялардың неғұрлым көп болғанын қолдаймын. Осыны көпті көрген, қоғамда жүрген азаматтарымыз да бірінші сапта қолдауы қажет. Мейлі, 50-100 партия болсын. Көптік етпейді. Тек, әрқайсысы нақты жұмыс жасасын.

Мен, Әміржан Қосановқа да, Айдос Сарымға да, Ермұрат Бапиге де сын айтқаныммен оларды бүгінгі интелегенция, қазақтың бетке шығар қаймақтары деген позициядан айныған жоқпын. Тек, ұлттық мүддеде жұмыла жұмыс істеу қажеттігін айтпақпын.

Біз секілді, жастар партия құрып, қадам жасап жатса, Әміржан, Айдос, Ермұрат ағаларымыз қол-аяққа кісен салмай, қайта қолдау білдіруі керек. Тіпті, бірігіп жұмыс жасауға да дайынмын. Осы -  менің пікірім!

Сырым Әбдірахмановтан кейін Әміржан Қосановқа хабарласып едік, ол кісі жоғарыдағы өз пікіріне алып-қосары жоқтығын айтты да:

«Мен не айтамын, халықтық, ұлттық мүддеге жұмыс жасайтын кез келген жасты қолдаймын. Нұргелдіжан, ертең сен де партия құрамын десең, мен сені де қолдаймын. Мен өз пікірімді жаздым, жарияладым. Оны қайта-қайта айта берген де дұрыс емес қой.  Әрі қарай, бұл дауды қоздырғым жоқ. Дұрыс, жұмыс жасасын, істесін. Бәрін уақытында көре жатармыз», - деп сөзін қысқа қайырды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321