Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3729 0 пікір 9 Қаңтар, 2011 сағат 23:01

Бақтыбай Айнабеков. Әзірет сұлтан кесенесін қорғау – қазақтың имандылығын қорғау

ҚР Бас прокуроры Қ. Мәми мырзаның назарына!

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Бүгінде  Түркістан - Қазақстанның рухани орталығы, рухани астанасы. Қаланы осындай абройға жеткізіп отырған қала орталығындағы әлемдік сәулет өнерінің інжу маржаны, түркі халықтарының рухани пірі, әулиелердің сұлтаны  Қожа Ахмет Ясауийге арналып ХІУ ғасыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесенесі. Бұл кесене осы күнге дейін қазақ діні мен имандылығының басты қорғаны, бүкіл исі түркі жұртының абройы болып келді.

ҚР Бас прокуроры Қ. Мәми мырзаның назарына!

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

Бүгінде  Түркістан - Қазақстанның рухани орталығы, рухани астанасы. Қаланы осындай абройға жеткізіп отырған қала орталығындағы әлемдік сәулет өнерінің інжу маржаны, түркі халықтарының рухани пірі, әулиелердің сұлтаны  Қожа Ахмет Ясауийге арналып ХІУ ғасыр соңында Әмір Темірдің бұйрығымен салынған кесенесі. Бұл кесене осы күнге дейін қазақ діні мен имандылығының басты қорғаны, бүкіл исі түркі жұртының абройы болып келді.

Өткен тарихымыздан мұра әлемдік дәрежедегі осы  қасиетті жалғыз жәдігер тәуелсіз  еліміздің тарихында тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізбесіне енгізілді.  Біздің білетініміз бұл әлемдік тізбеге жер шарындағы  878  жәдігер ғана тіркелген.   Күмбезі көк тіреген Орта Азиядағы ең көркем бұл кесене  ел мәдениетінің өткен тарихы ретінде әлем халықтарын мойындатты.  1989 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің арнайы қаулысымен Қожа Ахмет Ясауий кесенесі «Әзірет  Сұлтан» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейі» болып қайта құрылып, ережесі бекітілгеннен кейін тарихи құны жоғары 88,7 га. қараусыз жатқан көне шаһардың орыны мемлекет қарауына алынып, музейдің қорғау аймағына енгізілді. Бұған қосымша музейге тағы да 140 га. ландшафт, 167 га. құрылысты ретеу аймағы  облыстық маслихаттың 22.11.1988 ж. шешімімен бекітіліп берілді. Осылайша Заңды тұрғыда мемлекет қазынасына өткен бұл аймаққа енді сұғанақтықпен көз салып, қорықтың тарихи келбетін бұзуға ешімнің заң тұрғысында да, моральдық тұрғыда да  құқықтары жоқ.    Қорғау аймағының асты тұнып тұрған тарих...

Жинақтап айтқанда,  қасиетті кесене «Әзірет Сұлтан» еліміздің имани  асыл мұрасына айналды. Алты ғасыр бойы от пен оқтан аман сау жеткен мұндай жауһар жәдігерді көздің қарашығындай сақтап өзімізден кейінгі ұрпақтарға мүрін бұзбай дәстүр сабақтастығымен жеткізу бәрімізге сын...

Бірақ, халық қазынасына айналған осы қасиетті жәдігердің басына соңғы он-онбес жыл көлемінде  қара бұлыт шырқ айналып шықпай-ақ қойды. Даудың аяғы Астанадан асып, ЮНЕКО/ИКОСОС-қа жетті. Өткен жылы ғана бүкіл әлемді өз назарына аударып, тарихи құндылығы жоғары Эльба жотасы мен өзені үстінен  ұзындығы 653 метр болатын төрт жолақты автожол көпірін ұрықсатсыз бастағаны үшін Германияның Дрезден қаласын ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізбесінен шығаруға Қаулы алған Комитеттен 12-14 желтоқсан аралығында, белгілі маман  Рон ван Оерс мырза бастаған бізге де арнайы  комиссия келді. Сонда осы шырқ айналған шырғалаң қайдан және неден бастау алып отыр?  Бұл жерде  екі-үш мәселені қадап айтқымыз келеді.

Бәріміз білеміз, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасында үкіметаралық келісім жасалып, 1993-2000 жылдар аралығында Түркияның «Вакиф иншат»  фирмасы, түрік мемлекеті бөлген 20 миллион долларға жуық қаржыға «Казпроектрестоврация» институты жасаған құжаттарды басшылыққа алып, Қожа Ахмет Ясауий кесенесіне күрделі рестоврация, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан» демекші негізгі дау ең алдымен осы жерден бастау алған сияқты.

Бірінші,  кесенедегі  жөндеу жұмыстары кезінде ел ішінде үлкен дау туғызғанда, белгілі жазушымыз Тынымбай Нұрмағанбетов «Ғасыр қателігі» '(Біздіңше «ғасыр наласы» еді.Б.А.) атаған әруақтар сүйегінің жатқан орындарынан бей-берекет шашылуын қайта сөз етпегеннің өзінде,   еліміздегі рестоврациялық институт басшылары бекіткен жобалар бойынша іске асырылып,  Әмір Темір сыздырған жоба талаптары  өрескел бұзылды. Әмір Темір сыздырған жобасы бойынша орта ғасыр шеберлері кесене қабырғаларының ұлтанына ұсақ мал қиын салып, үстіне ши қамыс  төсеген. Бұл материялдар екі түрлі қызмет атқарған, біріншісі - жер асты суын жоғары өткізбесе, екіншісі жер сілкінісінен сақтаған. Түрік құрылысшылары «Казпроектреставрация» институты жасаған құжаттарды басшылыққа алып, осы сақтық қабатын алып тастаған. Бұл - нағыз қылмыс! Осы жерде мына мәселені қадап айтқымыз келеді. Көрші мемлекеттерден мұндай қаржыны әкелген жақсы. Түбі бір түрік ағйындар  Елбасымыздың беделіне орай өздерінің туыстық ықыласын танытқан да шығар. Бірақ бұл - бұдан әрі елімізде жанашыр туыстарымыз өз білгендерімен жұмыс жасасын деген сөз емес қой. Жасалатын мұндай жұмысқа қашан да өз тарапымыздан қатаң бақылау болуы қажет. Ол үшін осы саланы жетік білетін сауатты мамандар қажет.  Осы жерде «Казпроектреставрация» жетекшісі Қ.Тұяқбаев мырзаның атына қатаңырақ сын айтумен бірге жауапкершілік сұрауға да тура келеді. Бізде күні бүгінге дейін арнайы дайындалған осы саланың білгір мамандары жоқ. Мамансыз тіршілік - соқыр тіршілік. Қазір де осы мекемеде жыл сайын қаншама құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр.  Араға оншақты жыл салынған соң, осы құрылыстардың сапасыздығына артынан бармақ шайнап қалып жүрмейміз бе? Осыны тексеріп, бақылап жүрген заң орындары бар ма? Мекеме кадр дайындау мәселесімен неге айналыспайды? Бұған нақтылы жауапты қазір ешкім де айта алмайды. Ал біздің бұл сөзімізге нақтылы дәлел қазір Әзірет Сұлтан кесененің қабырғалары ығалданып, құздана бастауда. Қазандық күмбезінде жарықшақтар пайда болып, жекелеген бөлме қабырғалары шытынап, түрлі-түсті сызаттар түскен. Сордың жоғары шығып кетуіне байланысты қазбеттің қаптамалары мен басқа да жобалық материялдар бұзыла бастаған. Осы кесенені салдырған көрнекті қолбасшы Әмір Тарағайдың ұлы Әмір Темір Көреген Баһадүр бабамыздың 22.05.1901 жылы «Түркістан ведомстерінде» жарияланған мұрағат-кепілдік Вакуфында; «...Вакуфты өзгертем немесе басқа игілікке алмастырам деп әуре болмасын, мұндай құ лықтыларға қатаң жаза қолданылатыны ескертілсін. Вакубтың қайсыбір шарттылықтарын ғана алмастырам деп оның хұқына тиісетіндер табыла қалса ондайларды қарғыс атсын. Алланың қаһарына, әулие, періштелердің, бүкіл елдің қарғап сілеуіне душар болсын, жаратушының мәңгілік азабына тап болсын!» деп жазылған екен. Вакуф деген сөз мұрағат, кепілдік, кейінгілерге өсиет. Сонда Вакуф не айтып отыр, біз не жасап қойғанбыз? «Әмірдің наласына іліккен Жаратқанның жазасына тартылады, қайғылы-қанды салмағы қарапайым елге артылады...». Бұл кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде өмірге келген әлемдік аңыз-нақыл. Әмір Темірдің аманаты аяққа басылып, мүрдесі ашылды. Не болды?.. Қырық миллион халықты қан жұттырған Ұлы Отан соғысы басталды... Осы тақсіреттен-ақ түсінер жан әруақтың наласы, оның ішінде, көзі тірісінде-ақ халқына көреген атанған Әмір Темірдің наласы неге соқтыратынын сезінуге болады ғой...

Бұдан шығатын қорытынды, осы көріністің өзі бұл тарихи жәдігер кесенені сақтап, күту үшін жедел түрде, арнайы ғылыми зерттеу институтын ашуды қажет етіп отыр. Ашылар институт бір ізділік пен мұрағаттарды қалыптастырар еді. Келешек жасалар реставрация жұмыстары да, бүгінгі таңдағы айтылып жүргендей, ертеңгі күні бүгінгідей орын алған кемшілікті бұрынғыларға итеріп тастамай, институт құжаттары бойынша, нақтылы қадағалаулармен ғылыми негізде жүйелі жүргізілер еді.

Қазір, жөндеу және қайта жөндеу құрылыс жұмыстары кезіндегі көтерілер тұз бен ызаға  сақтық ережелері жасалмауы салдарынан кесененің күмбездеріне дейін шығып кеткен ығал мен тұз, қаланған кірпіштердің үгітілуіне, оның сапалық құрамының нашарлап езілуіне әкеліп соғуда. Бұдан, кесене үстіндегі үлкен күмбездің құлап түсу қаупі туып отыр. Мұның алғашқы көрінісі, төбедегі бірнеше әсем оюлардың (сталакиттер) құлап түсуі. Бұл күмбезде бұрын да есеппен салынған тесіктері тұмшаланғанда осындай бір апатты жағдай орын алып, белгілі қайраткер  Ө.Жәнібеков пен этнодизайнер А.Найманбаевтың қырағылығының арқасында әзер сақталып қалғанын естігенбіз.  Қазір гипс құймаларының салмағы 300 тоннадан жоғары. Егерде күмбез құлап түсер болса, онда ішкі ауа қысымынан кесененің қандай күйге түсетінін көзге елестетудің өзі қорқынышты...

Екінші, бүгінгі таңда, кесене басына үйірілген осы дабылдан қорытынды шықпай жатқанда, кейбір қара басының жағдайын күйттеген берекесіз  «белсенділердің» бассыздығынан,  тағы да Түрік ағайындардың Бахри Фазлиоглу басқаратын  «Грин Тек Контракши» ЖШС мекемесі  Әзірет Сұлтан кесенесінен 140 метр жерден көлемі 74м Х 35м, күмбезінің биіктігі 31,5м. минареті 38,2м.   2000 орындық мешіт пен 4 пәтерлі 15 коммуналдық үйдің құрылысын  жау қуғандай  екпінмен, ұрықсатсыз асығыс бастап кеткені. Бәріміз білеміз, Қожа Ахмет Ясауий кесенесі ЮНЕСКО-ның  тізіміне енгізілген халықаралық және республикалық маңызға ие тарихи мәдени ескерткіш болғандықтан, оның қорғау аймағы көлеміне  ешқандай жаңа құрылыс ұрықсатсыз түспеуі тиіс. Бұл заңдылықты бұзуға ешкімге құзыр берілмеген. Бұған қосымша ортағасырлық Түркістан қаласының тарихи мәдени орыны болашақта дүние жүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілуі жоспарланып қойған. Осы заңдылықтарды біле тұра Түрік ағайындар  жаңа мешітті, қасақана,  ортағасырлық қаланың тарихи бөлігі болып саналатын осы рабатқа түсіріп отырғанын қалай ұғынуға болады? Түркістанның маңында қанша мешіт салса да жер жетерлік қой. Әлде біз білмейтін басқа есеп бар ма?.. Ел ішінде мұндай да әңгіме бар...

Қазір ғасырлар бойы қалыптасқан ортағасырлық көне Түркістан қаласының мәдени қабаттары жойылу үстінде. Ортағасырдан бері белгілі Жәудір мешітінің қалдығына  зор қауіп төніп тұр. Мешіт маңынан Арыстанбаб бағытына түсетін автокөлік жолы да осы қала рабадының тап үстімен жүргізілмек. Оның да ескі қаланың мәдени қабаттарын қирату қаупін туғызып отырғанын қала сәулетшілері  назардан тыс қалдырған.

Көз алдарында болып жатқан осындай вандализмге тосқауыл болу үшін    Түркістан қаласында «Қожа Ахмет Ясауий кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігі  құрылып, жұмысқа кірісті. Іле, осы бірлестік жұмысын белгілі ғалымдарымыз Рахманқұл Бердібай, Құлбек Ергөбек, Досан Кенжетай, Түркістан қаласының ақсақалдары Жарылқасын Әзіретберген, Елтай Бимағанбетов бастаған үлкен топ  қолдап, елді «Ясауий кесенесін аялайық, ағайын!» атты республикалық қайырымдылық акциясын өткізуге шақырған республикалық басылымдарда үндеу тастады. Ел осылайша дабыл қаға бастаған кезде тиісті министрліктер тарапынан  қаржыландырылатын басылым басшыларына қатаң ескерту-тиым жасалғанын да естідік. Қысылған шақта әуре сарсаңға түсіп Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов пен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстанның ұлттық комиссиясының төрағасы Иманғали Тасмағанбетовтерді іздеуге тура келді...

Біз әлем  мойындап отырған елміз ғой. Ел болған соң ел мүддесін, халықтың қажетін айтатын басылымдар табылды. «Қазақ  әдебиеті», «Жас қазақ үні», «Үш қиян» газеттері кеш те болса орынды дабыл көтерді.  Менің  «Қазақия» апталығында «Әбсаттардың көзжұмбайлығынан, «Қош бол, Қожа Ахмет Ясауий кесенесі» деп жүрмейік...» (№3-4, 2010 ж.) деген үлкен жанайқай мақалам жарық көрді. Әрине, журналистер жазады, бірақ соңғы кезде көпшілік  БАҚ беттерінде жарияланған сынанан қорытынды шықпай да қалып жүргені және рас қой. Әдетте, мұндай маңызды  мәселеге ел тізгінін ұстаған, «елім» деген қайраткер азаматтар араласпаса көтерілген мәселе қаншалықты маңызды болғанымен, жедел өз шешімін таба қоюы екі талай. Осы орайда біздің жабыла көтерген бұл  дабылымыздың жолы болды.

Жазылған осы мақалалар әсері ме немесе ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Ф. Бандарин мен ҚР Мәдениет министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры М.Садықбековтың өз атына жазған сұранымы ой салды ма, әлде өзінің елге таныс имани азаматтығы ма, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Астана қаласының әкімі  Иманғали Тасмағанбетов 14.06.2010 жылы ҚР Премьер Министрі К.Мәсімовтың атына «ЮНЕСО-ның қорғауындағы Қожа Ахмет Ясауий кесенесі маңындағы құрылыс туралы» шұғыл шара көруді сұрап екі беттік имани хатын жолдады. Хатта үкімет басынан осы мақалаларда айтылған жайлар түгел қамтылумен бірге, орын алып отырған заңсыздықтың және вандализмнің  жедел тоқтатылуы талап етілді. Бұл хат бойынша К.Мәсімов Мәдениет министрі М. Құл Мұхаммед, ҚР Құрылыс және тұрын үй коммуналдық шаруашылық істері агенті төрағасы С.Нокин, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзхметовке шұғыл тапсырма беріп, ЮНЕСКО қорғауындағы кесене маңынан ұрықсатсыз салынып жатқан мешіт құрылысын жедел тоқтату және істелген шаруалар туралы 25 маусымға дейін ҚР ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық қомиссиясы мен ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Кластерлік бюросына хабарлауды міндеттеді... Артынша «Қазақ әдебиеті» газетінде Мәдениет министрі Мұхтар Құл- Мұхаммедтің  заңсыз және ұрықсатсыз басталған кесене маңындағы құрылысты тоқтата тұру туралы «Жаңа мешіттің көлеңкесі кесенеге түсіп тұр» («Қазақ әдебиеті», №20, 21.05.2010 ж.) деген тақырыппен Оңтүстік Қазақстан олысының әкімі А.Мырзахметовке жауап мақаласы жарияланды. Бұған қосымша   осы мәселеге орай Елбасының «Мен Түрік ағайындарға мешіт салуға кезінде ұрықсат бергенмін. Бірақ дәл қазіргі ұрықсатсыз құрылысты бастап кеткен жерге салсын деген нақтылы тапсырыс бергенім жоқ» деген сөзін де естігенде бөркімізді көкке аттық . Бұдан соң саналы азаматтарға ел басы рұқсатынсыз заңсыз салынған құрылыс жайлы қайталап әңгіме айтудың өзі әбес қой...

Осындай әңгімелерден соң, бар мәселеге нүкте қойылды ғой деген оймен осы жұмыста үлкен имандылық танытқан Иманғалиға ел рахметін айтып «Иманғалидың иманды хаты болмағанда... «Қош бол Қожа Ахмет Ясауий кесенесі» деп қалар ма едік?...» деген тақырыппен үлкен мақала жазып осы газетке және соңынан интернетке жолдап едім, мақаланы көптеген басылым өз  беттерінде бірінен соң бірі көшіріп басып,  жарық көрді. Мақала соңы былай аяқталған еді;«...Осылайша бас муфти Ә.Дербісәлі мырзадан табылмаған имандылық И.Тасмағанбетовтың бойынан табылып, қаншама адамды әуре сарсаңға салып қойған Түркістандағы бір дүрбелең басылғандай болып отыр. Бұлай солқылдатып айтып отырғанымыз, осы құрылысқа қатысы бар мүдделі жақтар әлі де болса  өз үміттерін үзер емес. Әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Басқарма өзінің ресми сайтында «Мәселенің мәнісі» айдарымен «Түркістандағы салынып жатқан мешіттің көлеңкесі кесенеге түспейді. Өйткені арасы ат шаптырым» атты мақала жариялады. Ертесіне тақырып «...арасы едәуір қашық» болып өзгертілді. Одан кейін «...Өйткені ол қорғау аймағына жатпайды». деп тағы құбылды. Пәтуасыз мақала авторының атын атамай ақ қоялық, бірақ мақаланың вандалшыл Әбсаттардың айтақтауымен жазылып отырғаны түсінікті болар...   Ия, мақаламыздың соңында, қашанда өзінің иманды тірліктерімен қатарларынан көш ілгері  көрініп келген  Иманғали мырзаның тағы да  Премьер Министрдің атына жазған осы бір иманды хаты болмағанда «Қош бол, Қожа Ахмет Ясауий кесенесі» деп қала жаздағанымызды айтқан жөн сияқты. Рахмет саған, Иманғали!  Иманғалимен қоса осы жәдігерімізді қорғауда жан тәндерімен шырылдап араша сұрап жүрген осы қорықтың бұрынғы басшысы А.Сафуллин мен бүгінгі бас шырақшысы М.Садықбековтерге де рахмет айта кеткіміз келеді. Еліміздің асыл мұрасы, ауҚожа Ахмет Ясауий кесенесін көзіміздің қарашығындай сақтайық, ағайын!».

Иманғалидың имандылығына орай жазылған бұл мақала Республика Бас прокуратурасы тарапынан нақтылы қорытынды тауып, заңсыз құрылыс бастағандар жауапқа тартылуы тиіс еді, бірақ олай болмады. Тіпті осы ведомостваның  облыстық, аудандық буындары да қимыл танытпады. Жалтақтап, әліптің артын бағумен болды. Олардың орынына, бұған дейін бұғып, қара көрсетпей келген, осы құрылыстың заңсыз басталуына дәнекер болған «дөкейлер» өз жындарын бөтелкеден шығарып, солардың тапсырмасымен  мемлекетке қаншама қаржылай зиянын келтірер жапа-тармағай комиссиялар мен негізсіз тексеулерге ұласып,  Қожа Ахмет Яссауий кесенесі үшін шырылдап жүрген мекеме басшысы артынан шам алып түсушілер де табыла бастады. Сұмдық қой! Қорықты он үш жыл басқарған бұрынғы басшысы Т.Рыскелдиевтің кезінде музейдің кассасына түсетін жылдық табысы ешқан да екі миллион теңгеден  аспаса, оның орынына келген А.Сафуллин мен қазіргі басшысы М. Садықбековтер шырақшы болып келгелі  мұндай қаржы апта сайын түсіп, жылдық түсім 40-50 миллион теңгеге жеткен. Ұсталмаған- ұры емес... Бірақ аудан әкімі, музей директоры және «Түркістан-құрылыс» мекемесі арасындағы 7 700 000  теңгенің дауымен музейдің бұрынғы директоры орынынан босаған кезде, жылдар бойы осыншалықты қомақты қаржыны қонышына басып келген Т.Рыскелдиев, республикадағы біраз басылымдарды шулатып, «қала әкімі мені қолдап отыр, министрдің қызметімнен босату туралы бұйрығымен келіспеймін, соттасамын...» деп қоқаңдап, ентіккенін білеміз. ««Шырақшының» соңына шам алып түскен кім?»- деп мәселенің анық қанығына бармай-ақ республикалық басылым беттерінде орынсыз айқайлатып шу көтерген әріптес журналистеріміз де болған. Бірақ мән -жай толық ашыла бастаған кезде, біраз мырзалардың ел арасында  тығыларға тесік таппай, өз үндерін өшіргенін де көзіміз көрген болатын. Мән жайды ары қарай өзіңіз топшылай беріңіз...

Бұрын қаншама жылдар бойы осыншалықты қаржыны елден жасырып, өз қажеттеріне жаратып келген бұрынғы басшылық пен жерілікті алаяқ топтардың тіршілігі ме, әлде жаңа мешіттің құрылысын заңсыз бастатып, содан өздеріне қажетті  нәпақа алып үлгергендердің сұрқия қимылы ма, қазір осындай имансыз зобалаң туып отыр. Тіпті, осы қасиетті кесене көздеріне күйік болып көрініп, «Асыл арна» телехабарынан бетіне крест қойып жиі-жиі хабар беріп жүрген,  «бұрын шыққан құлақтан озған  кейін шыққан мүйіздей» өрістерін жая бастаған  сақалды вахабистердің қолына өткізіп жіберуге  күш салып жүргендер де баршылық көрінеді. Әрине, бұл топты  жергілікті елді мекен тұрғындары айтып жүргендей, өткен жазда  түрік президенті Гул мырзамен бірге Түркістанға соққан  ел басшысын осы мешітке апарып, өз ойларын жүзеге асырғысы келген арандатушы топтың да қолдауы мүмкін. Олар қазір үлкен күш болып отыр. Сол кезде бұл арандатуға жол бермеген Елбасына рахмет.  Бірақ осы жұмыстың басы қасында жүрген, кеше ғана елден жасырып құрылтай өткізіп, үшінші рет муфти болып сайланған  Әбсаттар бастаған арандатушы  топтан әлі де болса әрдеңіні күтуге  болды. Бұл топқа қазір қаланың өткен тарихына қиянат жасаушы жергілікті кейбір желбуаз чиновниктер де қосылып отырған сияқты.

Мұны айтып отырғанымыз жергілікті чиновниктер тарапынынан мұндай заңсыздықтар бұрын да орын алған, оны көріп кезінде арашасы болғанымыз да бар. Реті келіп тұрғанда оны да алға тарта кетсек артықтығы болмас. Алаяқтардан қулық артылған ба, осында зиялы болып жүрген жылмақайдың бірі, әулиенің қасиетінен айыл жимай, аталынған қор аумағындағы жерден алдымен Тәу ету орталығына айналдырамыз деп, қайырымдылық қорына тегін жер үлесін алдырып, соңынан әдемілеп құжаттарын жасап, сол жерді жеке адамдардың есебіне сату туралы аудан әкімшілігінің 22.06.2005 жылы №1938 санды қаулысын шығартқан. Бұл қаулы бойынша Н.Төреқұлов көшесінен тоғыз адамға 9000 шаршы метр қорықтық жер бөлініп берілген. Масқара емес пе?

Берілген жерді  аралап көргенбіз. Тоғыз жердің біріне салынған үйге мүйізі қарағайдай сол кездегі қалалық жер қатынастары бөлімінің меңгерушісі Құлажан Қошқаровтың өзі кіріп алыпты. Бұл азамат міз бақпастан әлі күнге сол үйінде отыр.  Әдетте, қорыққа жапсарлас аймаққа үй салынбауы тиіс. Солай бола тұра біздің байқауымызша осы кесене жеріне жапсарлас аумаққа да он-онбес үй бой көтеріп қойыпты. Салынған сол үйлердің астында қалған қорықтың қашыртқы су жүйелері істен шығып жатса, ертеңгі күні оған не шара жасамақ?. Бұған қосымша қаладағы университет коллективі де қорыққа тиесілі біраз жерді қоршап өздеріне иемденіп алыпты. Қып-қызыл қылмыс!  Осы жағдайларды, кезінде «Заң газеті» бетінде «Мұны айтпауа бола ма!»  айдарымен  «Әмір Темір аманатына қиянат жасаушылар неге жауапқа тартылмайды?» («Заң газеті» 04.12.2007 ж.) деген тақырыппен мәселе етіп  көтергенбіз де . Біз ашып берген сол қылмысты да жергілікті прокуратура жауып жібергенде, әлі-ақ әділдік өз жолын табар деп қойғанбыз.

Иманғалидың имандылығы жайлы алғашқы мақаламызды жазғанда  осы жағдайға байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл- Мұхамедтің тапсырмасымен осы министрлікке қарасты Мәдениет комитетінің  26 ақпанындағы №46 бұйрығымен келген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи қорық мұражайының қорғау аймағы маңындағы жер телімін пайдаланудың жай күйін тексеру мақсатында министрліктің тарихи мәдени мұра басқармасының сарапшысы Ғалымжан Өтелбайұлы жетекешілік еткен, құрамы алты адамнан тұратын арнайы жұмыс комиссиясы өз жұмысын  аяқтап, Комиссия Түркістан қаласы рабадындағы құрылыс жұмыстарымен танысып,   уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатынсыз басталып кеткен жаңа мешіт құрылысы мен 4 пәтерлі 3 үйдің құрылысын жедел тоқтатуға, Түрік ағайындар қажет деп тапса,  жаңа мешіт құрылысын басқа жерден салуға ұсыныс жасаған қорытындысын көрген едік. Олардың аталарына рахмет!.. Бұл әділ қорытынды болатын. Осы қорытындымен тоқтау керек еді. Олай болмай шықты. Бұрын жалынып шақырса келмейтін құзырлы комиссия қазір апталап, айлап  Түркістаннан шықпайтын болып алды. 25 тамызда Президент әкімшілігінде болған отырыстан кейінгі  ҚР Мәдениет Вице- министрі Г.Т.Телебаев пен осы министрлікке қарасты Дін комитетінің төрағасы А.Досжан   бастаған осындай тексерудің бірі 12-13 қыркүйек күні тағы да өткізілді. Біз бұл комиссияның жұмысын да Түркістандағы «Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестігі мүшелері арқылы хабарласып біліп отырдық.

Не шықса да өзімізен шығады ғой, осы комиссия мәжілісінде  комиссия құрамына облыстық әкімшіліктің ұйғарымымен облыс көлемінен қосылған Б.Әшірбеков, Қ.Молдасейтов, Б.Жалмұрзаев, Б.Байтанаев, Е.Үрістемовтер басталған мешіт құрылсының аяқталуын талап етіп сөйлегенін хаттама жобасынан көргенде, төбе шашымыз шымырлады. Осылардың арасында өз жұмыс саласында тәжірибесі мол,  облыстық сәулет басқармасының бастығы Бақытжан Әшірбековты жақсы танушы едім. Өзіндік пікірі бар азамат болатын. Көп жыл қызметтен шеттеп қалып еді, сол әсер етті ме екен... Пендешілік пікіріне жаным ашыды. Хаттамаға түспегенмен осы отырыста мешіт жанашырларына көздерін алартып, тістерін қайраған комиссия жетекшілерінің сөздері мен пікірлері де біздің жағамызды ұстатты. Бар заңды алға тартып даулы жерге құрылыс жұмысын бастауға сонау 2003 жылдан бері кеңшілік бермей келе жатқан министр М.Құл-Мұхамбет (Екі хатының көшірмесі бізде. Б.А) не дейді, комиссия құрамында барған қарамағындағы жауапты адамдар не дейді? Комиссия - үкіметтің заңды құжаттары негізінде қорытынды пікір беретін арнайы топ. Осы топтың екінші күнгі отырысына облыс әкімінің орынбасары Ә.Бектаев мырзаның заңсыз қатысып, Түркістанның өзі білетін қарияларын шақыртып,  мешіт құрылысын аяқтатуға үгіттеуін қалай түсінуге болады?.. Бұл аздай облыс әкімінің орынбасарлары Б. Оспанов пен Ә.Бектаев мырзалардың бірінен соң бірі қолдан ұйымдастырылған арызды беттеріне көлегейлеп  ҚР Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед мырзаның атына хат жазып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директры М.Садықбековтың  жауапкершілігін қарауыңызды сұраймын» деп кезектесіп хат жазғанша, шама-шарқынша иманды тірлік жасап жатқан жас кадрға қолдау көрсеткені мақұл еді ғой. Бұл жерде  ЮНЕСКО мен ИСЕСКО атынан сөйлеген Н.Төреқұлова, Ә.Өтегенова, Н.Иманжанов пен министріктегі осы саланың көп жылдан бергі жетекшісі Базарбай Алтаевтарға рахмет. Олар өз сөздерінде халықаралық талаптар негізінде жаңа мешіттің құрылысын қайта жалғастыруға болмайтындығын, ондай болған жағдайда дауға ЮНЕСКО халықаралық ұйымы араласып, көздің қарашығындай сақталуға тиісті маңдайымызға біткен жалғыз жәдігерімізді өз тізімдерінен шығарып тастайтынын мәлімдеген. Бізді ойландыратын жағдай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі әлдекімдердің сөзіне малданып, сазға отырғандарын қалай білмей отыр? Егер Ясауий кесенесі ЮНЕСКО қорғауынан айырылса оған кінәлі кім болмақ? Әрине, алдымен облыстық әкимат, сонан соң біздің Үкіметіміз ғой. Cонда бұл құзырлы орын басшылары осыны да білмей отыр ма? Біле отырып бассыздыққа баруын қалай ұғуға болады. Біз осы мәселелерді тұжырымдап, «Иманғалидың иманды хаты, имансыздардың «жынын бөтелкеден шығаруда...»деген тақырыппен «Үш қоңыр» (№13 01 10 2010) газетіне мақала жазып, соңынан осы мақаланың интернетке өтуімен тағы да біраз газеттер көшіріп басты. Ойым осы мақаладан соң тоқтау болар деп күткенмін. Бетпақтарға дауа болмады.  Еш негізсіз, шынымен-ақ бөтелкеден шыққан жындай ендігі жерде  иманды тірлік жасап жүрген қазақтың Иманғалиының бетін тырнауға көшті. Елді алатайдай бұзушылар; «Тасмағанбетов Түркістандағы мешіт құрылысын тоқтатып тастады. «Енді ол бір жолата бұзылмаса болғаны» деп ел қауіптеніп отыр... Сіз жаңадан салынып, құрылысы бітуге таянған зәулім мешіттің тас-талқанын шығарып қиратуға, жермен жексен етіп құлатып тастауға құлшынып отырған құдайдан безгендер (Қарғыстары қара бастарынан аспасын. Б.А.) бар дегенге сенесіз бе?.. Мәдениет министрлігі мен Мәжіліс депутаттары да мәселе етіп көтерген байбайламның нүктесін қойып, нақты нәтижиелі тірлік тындырған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов болды. Әрине, айдаладағы Астана әкімінің Түркістандағы мешіттің тірлігіне араласуына ешбір құқығының жоқтығы да, құзырының жүрмейтіні белгілі...» деп республикалық басылым   беттерінің бірінде, әділ құқықтың не төрелік айтатыны әлі күнге санасына жетпеген бір «жазғыш» бауырымыз, аптал азаматтың  беделін белінен басып, жерден алып жерге салып, қарғап сілеп, тіпті, оны бүгінде түрмеде отырған «исматуллашылармен» тығыз байланыстырып,  арасынан қыл өтпес құрметтісі етіп қойса, екінші бір облыстық басылымда «Алла үйін (Діни сауатсыздық, мешіт -мүлік, алланы еске алатын үй.Б.А.) бұзып, абырой таппасымыз анық» деп қариялықтан гөрі жасы ұлғайған сайын қарабасына қажетті пәнделік абройдан басқаны ойламайтын, діннен мақұрым, екі-үш азаматтың қолдан ұйымдастырылған хатын алға тартып байбайламға басса, үшінші бір басылым кіші жүздің көсемі, президенттің тағын басып алушы топ жетекшісі  етіп көсетіп елге үрей тастап бақты.  Құдайым-ау, осындай ұшқалақ пікірді жазып, ел арсына таратпас бұрын, жұмыр басты пенде өз қаушағына салып ел үшін Иманғали кім, өзгелер кім екенін неге таразыға салмайды? Иманғали бұл жұмысқа араласса осы құрылысты өз қадағалауына алған ЮНЕСКО-ның қазақ еліндегі Ұлттық комиссия жетекшісі ретінде араласты ғой. Бұл оның міндеті емес пе?  Неге біз өзіндік айтар пікірі бар  осындай нағыз аптал азаматтарымызды әспетеу орынына, күстаналауға, табалауға  құмар болып барамыз. Абройды ешкім сатып ала-алмайды, бірақ бұл мұңлық нағыз азаматтың  соңынан өзі де бір елі қалмайды ғой.  Иманғали бүгігі таңдағы Елбасының қазақ елін басқарғалы бергі кездегі ең сенімді ізбасары екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Ол Үкімет басында отырғанда да, Атырау, Алматы, Астананы басқарғанда да қажырлы еңбегімен Елбасы сеніміне, ел құрметіне бөленді. Әр барған жерінде  өз ізін қалдырды. Тіпті, өткен жылы өзге бір елге барып, көшесіне Елбасы Н.Назарбаевтың есімін бергізіп, екінші бір туыс елде ескерткішін қойдырып  жүрген де осы Иманғали емес пе? Тіпті осы араласып отырған жұмысының өзі, келер жылдан бастап әлемнің азулы елдерінен де артық  қаржы жұмсап, туризм өндірісін дамытуға ден қойып отырған Елбасы тапсырмасын қолдау емес пе?  ЮНЕСКО-дан шу шықса осы Елбасы жоспарының күлі көкке ұшпай ма. Ел бюджетінен келер жылға туризм өндірісіне бөліп отырған қаржымыздың қасында Түрік ағайындардың бір мешітке бөлген қаржысы неге тұрады?..   Неге шыққыр көзіміз осындай жақсылықты көрмейді. Қазіргі мемлекет қайраткерлері арасында Елбасы жанында жүріп қазақтың абройын асқақтатқан, тілі мен дініне жанашыр бола білген бірден-бір қаны бар қазақ осы Иманғали емес пе?. Оны кешегі саммиттен соң Елбасымыз асыл азаматтың еңбегіне орай өз қолымен төсіне орден тағып, есімін ерекше асқақтатып баға бергенінен де байқауға болады. Сонда осындай өсекті бықсытып, ел құлаған көтеру біздің журналист әріптестерімізге не үшін қажет болып отыр? Бүйтіп асыл азаматтарымызды жамандап, рушылдық пен жершілдіктің түтінін бықсытқанша, «Айналайын, Иманғали! Құдай ЮНЕСКО-дағы абройыңа баяндылық берсін. Беделің жоғары, қолың ұзын ғой, осы кесенеде 1942 жылға дейін сақталған жүздеген, мыңдаған заттар  қолды болды, жеті ғасыр  сақталған қолжазба қоры 1943 жылы вагонға тиеліп әкетіліпті. Сол күйі ізім қайым жоқ. Соны табуға және Париждегі Лувр, Ленинградтағы Эрмитаж мұражайындағы шырағданды  ЮНЕСКО-ның араласуымен өз орынына қайтаруға жұмыс жасауыңзды сұраймыз...» деп өтініш жасап жатса,немесе қазақты Күлтегінімен қауыштырған  белгілі ғалымы ретінде, күні бүгінге дейін жасалмаған Яссауий хикметтерінің  академиялық нұсқасының жарық көруіне бас көз болуын, ғұламаға ескерткіш салдыруын сұрап жатса талай игілікті тірліктер жасалар ма еді?...

Түркістанда ғибадат үйін салу үшін жер жетіп айырылады. Түрік ағайындар неге ғана осы қасиетті жерге қасарысып жабысып отыр. Тереңірек ойланатын мәселе... Мешіт деген мұндай қуыс жерге емес, намазхандардың келіп кетуіне қолайлы, күре жолдың бойына немесе халық көбірек жиылатын базарлар маңына салынбаушы ма еді?  Осы жағдайды көре біле отырып зиялы санап жүрген қариялардікі не байбалам? ЮНЕСКО-ның бұл жерге құрылыс салдырмайтыны, ескі тарихи орынды сақтаумен бірге ортағасырлық жәдігердің құндылығын сақтау, оған нұқсан келтірмеу екенін неге ұғынбаймыз? Бізге дәл осы жерде бүгінгінің құрылыс материалдарымен салынатын зәулім мешіт емес, ортағасырлық жәдігер Әзірет Сұлтан кесенесінің аман есен тұрғаны құнды.  Күмбез қасынан мешіт үйін салу жәдігердің тарихи қалыптасқан сәулеттілік келбетінің құнын түсіреді. Ал Жаңа мешітті осы жерге осынша тықпыштап салушылардың  негізгі мақсаты - арандату. Олар түбі Қожа Ахмет Яссауийді жермен жексен етіп жер бетінен жоюды көздеп отырғандар.  Мұны  ұйымдастырып отырғандар қаншама жасырынғанымен, ақыр соңы бәрібір әшкере болары анық.

Біз бұрын көріп жүрсек те, түріктер заңсыз салып жатқан мешіттің дауымен шектеліп жүр едік, қалалық және облыстық әкімшіліктің орынсыз сұғанақтығынан соң,  бүгін екінші бір сорақылықтың да бетін ашып көрсете кеткенді мақұл көріп отырмыз. Таяуда,  тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында облыс әкімі А.Мырзахметов мырза, облыс бюджетінен бөлінген  құны 747 млн. теңге тұратын «Отаустрой» компаниясы салған тарихи мәдени этнографиялық  музейдің ашылу лентасын қиып, осы жұмысқа  ат салысқан азаматтарды арнайы сертификаттармен марапаттады. «Күллі ТМД елдерінде теңдесі жоқ орталық»- деп жұртты сендірген болды. Бүгінде бұл құрылыстың да  облыс әкімі Асқар Исабекұлының атына жазылған «...Аталынған тарихи-мәдени зтнографиялық орталықтың орналасу орыны «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның 19 бабының 8 тармағына орай, министрлікпен уақтылы келісілмегенін хабарлаймыз. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның талаптары бойынша Дүниежүзілік Мәдни және Табиғи мұра тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғау және табиғи ландшаф аймағына жаңадан құрылыс түспеуі қажет. Орталықтың құрылысы салынған жағдайда Қожа Ахмет Иассауи кесенесін дүниежүзілік мұра тізімінен алып тастау қаупі туындайды...» деген министрдің міндетін атқарушы Ж.Құрманғалиеваның   26.03.2010 жылғы жауап ескертпе хатына қарамастан заңсыз салынғаны анықталып отыр. Хатта біріншіден, Орталық  ғимаратының көне қаланың жасыл аумағына орналасқандығы, екіншіден, ғимарат кесенесі  қорғау аймағынан 20 м. қашықтықта, яғни, құрылысты салуға реттейтін аймаққа орналасатындығын, ол аймаққа бір қабаттан асатын ғимарат салуға тиым салынғандығын, үшіншіден, жоба бойынша Орталықтың құрылысы кезінде қазіргі заманғы құрылыс материалдарының (әйнек, бетон, пластик) қоладнылуы кесененің тарихи қалыптасқан сәулеттілік келбетіне үйлеспейтінін соқырға таяқ ұстатқандай ескерткен. Бірақ ойына келгенді істеуге дағдыланып алған оңтүстіктік әкім-қаралар мен соқыр сәулетшілер әлем жұртшылығына ортақ заң мен ескертуді белден басқан.

Мынаған назар аударалықшы,  кесене орналасқан тарихи құны жоғары 88,7 гектар аймақта бүгінге дейін 8 тарихи ескерткіш музейлендіріліп халыққа қызмет көрсетіп отыр. Олар; Қожа Ахмет Яссауий кесенесі музейі, Қылует жер асты мешіті музейі, Жұма мешіті музейі, Шығыс монша музейі, Түркістан тарихи музейі, Археология және этнография музейі, Рабия Сұлтан бегім кесенесі музейі,Түркістан көшесі музейі деп аталады.  Осы келтірілген деректен көрінетін заңдылық, музей белгілі бір тарихи құндылыққа негізделіп ашылуы тиіс. Осы заңдылық тұрғысынан  бұл жаңа музейдің не мақсатпен салынғанын да түсінбедік.  Экспозициялық алаңдарға не қойылып, не көрсетілмек,  қойылатын жәдігер бар ма? Әлде баз бір мектептегідей оқушылар жинаған экспонаттардың жиынтық көрінісі ғана бола ма?.. Түсінбеген соң бұл сауалымызды осы музейге дизайн жұмыстарын жасау үшін арнайы келіп жұмыс жасап жатқан, республикаға танымалы белгілі  маман А. Найманбаевқа қойғанда да нақтылы жауап ала-алмадық. Жарияланған тендірді жеңіп алған соң, бөлінген қаржыны игеруге келген дәрменсіз топ сияқты. Сонда заңсыз салынған бұл музейдің міндеті не? Министрліктің келісімінсіз салынған соң музейге қажетті штат бірлігі де  қаралмай отыр. Орталық ашылды да, артынша аузына қара құлып салынды. Мұны кім  қалай ұғындырады? Сонда тиісті заң орындары бұл бассыздықты осы күнге дейін неге  көрмей отыр? Бұлай деп қатты айтып отырғанымыз, жаңадан бой көтерген Орталық музей  заңсыздыққа тосқауыл қоятын бірден-бір құзырлы орын аудандық прокуратураның тура қарсы алдында тұр. «Көрмес түйені де көрмес» деген осы болар...

Біздің пайымдауымызша, қорық алаңынан жаңа мешіт салынатын болса, сол мешіт пен күре темір жол аралығындағы жазықтық пышақ үсті  тағы да саудаға түскелі тұр. Түркістанның соңғы кеткен үш әкімі де өздері қызметтерінен ауысқанша, жер сату дауынан бастары ажырамаған еді. Қазіргі әкім Қайрат Молдасейтов мырза бизнес ортасынан келгенімен,  соңғы уақытта заңсыз жерлерге өкім шығара бастауына қарағанда, бұрынғы әріптестерінің жолын қуып, мешіттің маңындағы біз айтып отырған құйқалы жерге  тәбеті ашылып келе ме деген жаман ой келеді... Жалпы, соңғы он жылдықта Түркістан қаласы осы қаланың тарихи тағдырын терең түсіне отырып, кемел келешегін ойлап жұмыс жасайтын, өзіндік дербес терең ойы бар әкімге жарымай-ақ қоймады. Келгендер келімсектіктен аспады. Соның нақтылы көрінісі қазір таңда шалғайдағы екі ауылдың біріне жетіп жатқан газ осы әлем мойындаған Түркістанға әлі күнге жетпей-ақ қойды. Түркістаннның атынан ұялсақ та осы қаланы қара түтінге тұншықтырмай, мәселені күні бүгінге дейін шешіп қоюға болар еді ғой. Нағыз іскер әкім  қаланы Туристік инфроқұрылым негізінде дамытып, жергілікті қол өнершілер өндірген  өнімдермен-ақ  гүлдендіріп жіберер еді. Бірақ мұндай өрелі де іскер әкім әзір қала пешенесіне жазылмай отыр...

Осы жағдайлармен қанық болған соң,  болған мән жайды толық түсіндірмек болып, тағы да ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстанның ұлттық комиссиясының төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовке хабарлассақ, оның Францияда іс сапармен жүргенін естідік. Бастаған ісін қашан да табандылықпен аяғына дейін жеткізетін азамат Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тағдырын бас кеңсесі Парижде орналасқан ЮНЕСКО арқылы түбегейлі шешіп келетін шығар деген үміт болған. Бәлкім, желтоқсандатып  ЮНЕСКО/ИКОСОС-тан келген комисия соның қорытындысы болар.  Олай болса, тағы да саған құдай қуат берсін, қазақтың иманды азаматы Иманғали дегіміз келеді.

Мақала соңында айтарымыз, Түркістан мен  Қожа Ахмет Яссауий салған жолдың қазақ халқының тарихи тағдырында атқарған ролі зор. Сондықтан да халық Түркістанды ардақтап «Әзіреті Түркістан», Қожа Ахмет Яссауийді «Әзірет Сұлтан» атаған. Түркістан мен Яссауий аты қазақ халқының иман бірлігінің негізі. Иман бірлігі мықты халық еш қашан да еш бір жауға дес бермейді. Сондықтан да  Қожа Ахмет Яссауий  кесенесін қорғау - қазақтың имандылығын қорғау екенін ұмытпайық ағайын?...

Бақтыбай Айнабеков

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы.

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1542
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6087