Жексенбі, 24 Қараша 2024
Талқы 8487 21 пікір 13 Ақпан, 2018 сағат 16:16

Жазушылар одағы бюрократиялық аппарат емес, шығармашылық одақ болғаны абзал

Күні кеше ғана Қазақстан Жазушылар одағында пленум өтті. VI Пленум. 800-ге жуық мүшенің 80-ге жуығы жиналған алқа-қотан жиын тұп-тура 5 сағатқа созылды.

Пленумның қарауы тиіс қос мәселенің бірі: Жазушылар одағының кезекті құрылтайының уақытын белгілеу; екіншісі, соңғы 5 жылда одақ орындаған жұмыстарды жиынтықтау болатын.

Дегенмен, одақтағы ой талас қызып, жарыссөзге шыққан жазушылар ЖО-ны 22 жыл басқарып келген Нұрлан Оразалинге жеке араздықтарын да, оған деген жеке разылықтарын да білдіріп жатты.  Ал Нұрлан Оразалин Жазушылар одағын 22 жыл басқарғанын айта отырып, келесі сайлауға кандидатурасын ұсынбайтынын бірден айтты.

Сөйтіп, ескі одақта жаңа төраға сайланатын болды. Пленум мүшелерінің 5 сағатта бір келіскені – жалпы Құрылтайды 12-Наурызға белгіледі. Сьезд сол күні өтеді. Жаңа төраға сол күні сайланады.

Сонымен Жазушылар одағына жаңа төраға келеді. «Төраға Пәленбай болады екен, жоқ Түгенбай болады екен» деген гу-гу өсек қазір жазушы қауымның ортасында қызу талқыланып жатыр. Әркім өзінше пікірде.

Біздегі қаламгер ортада жас қаламгерлер көбіне көп аға буын қаламгерлердің тасасында қалып қоя беретіні белгілі. Олардың үніне құлақ асып жатқан кім бар дейсіз, тағы. Одақтың төңірегіндегі екі-үш жігітті айтпағанда, жағдай солай.

Десе де, біз бұл жолы сауалнаманы дәл осы орта буын мен жас буынның арасында жасағанды жөн көрдік. Бұл жаңа буынның пікірі. Кеңестік кесір идеологиядан санасы азат буынның пікірі. Ал сауал мынау: Одақ төрағалығына кім келсе де, сіз жаңа төрағадан қандай жаңалық күтесіз? Одаққа қандай реформа жасалуы керек? Одақ жайлы ойыңыз қандай?

Жазушыны өсіретін одақ емес...

Қуандық Шамахайұлы, ҚР мәдениет қайраткері, жазушы-аудармашы:

- Қазақстан Жазушылар одағының совет заманындағы дәуірін сағына еске алушылар көп. Ол жылдар шынымен де қазақ-совет жазушыларының алтын дәуірі болды. Енді, ол дәуір қайта келмес, Жазушылар одағы сақталып қалса да дәл солай «ойнап күлмес». Оны тәуелсіздік жылдарында көзбен көрдік қой. Жалпы, нарықтық экономиканың қатал заңына қаласаң да, қаламасаң да бағынуыңа тура келеді. Қазіргі оқырман кешегіден өзгеше. Себебі, таңдау көп. Әлем әдебиетінің інжу-маржандарын аударма арқылы ғана емес, түпнұсқадан тікелей оқитындардың қатары да өскен. Бұған сай талғам да биіктеп барады. Одақты желеп-жебеп келген компартия да, оның қызыл идеологиясы да құрыдымға кеткен. Сонда да дем беріп осы күнге дейін жеткізген қазіргі үкіметке жазушылар алғыс айтулары керек шығар.

Үкімет жазушылардың кітаптарын аз таралыммен болса да шығарып келді, өткен жылдан бастап қаламақы тағайындады. Енді, осыдан  артық қамқорлықты ешбір мемлекет жасай алмайды. Жасауға ықыласы да көрінбейді. Жазушылар одағы өзі секілді қоғамдық бірлестіктер саналатын Қазақстан Ассамблеясы және «Нұр отан» партиясы секілді  ұйымдармен бәсекелесе алмайды. Шынайы жағдай осындай.

Олай болса, Жазушылар одағының басшылығынан Нұрлан Оразалин кеткеннен өзгеретін дүние шамалы. «Баяғы жартас сол жартас» болып қала беретін шығар. Бұл менің субъективтік пікірім. Менің айтқаным келмей, мүлде басқаша бағыт алып кетсе әрине, қуанамын.

Өткен пленумда айтылған сындарға назар аударылғаны дұрыс шығар. Дегенмен, жазушылардың одаққа қарап қалған несі бар? Жазатын шығармаларын одақсыз да жазып, жасай берулеріне болады ғой. Одақтың қажеттілігі, шығармашылық орта бола алатындығы болса керек. Мұндай орта әр жазушы үшін міндетті түрде қажет. Бірақ, ол бүгінгідей әлде бір бюрократиялық аппарат емес, шын мәніндегі шығармашылық одақ болғаны абзал.

Жазушылардың сөйлеген сөздерінен, жазған мақалаларынан аңғарылатыны, одаққа мүше 800 жазушының бәрі керемет ынтымақтасып кетпегендері анық аңғарылып тұр. Осыншама көп «қошқардың басы бір қазанға сыйып» кетунің өзі мүмкін емесі анық. Жікке, топқа бөлінгендері ашық көрініп тұрады. «Анау ананы жақтайды, мынау мынаны жақтайды» дегенді сырттай қарап, көріп-біліп тұрамыз. Олай болса, сол мүдделес топтар бас қосып неге жеке одақ болып бөлініп кетпейді? Қырық пышақ болып, бір одаққа сыйыспай жүргенше оңаша отау тігіп өзара бәсекеге түсулеріне не кедергі?

Жазушыны өсіретін одақ емес, баспа ісі мен кітап сауда менеджменті  деп ойлаймын. Баспаханалардың ешбіріне  монополия берілмей шынайы бәсекелестік орта қалыптасуымен қатар кітап саудасы менеджменті жетілдірілсе, қазақ жазушыларының арасынан талайы алға суырылып шығары анық.

Одақ пролетариат жазушылардың басын біріктіріп, социализмнің идеологиясын іске асыру үшін ашылған

Айнұр Төлеу, әдебиеттанушы:

- Алдымен бізге Жазушылар Одағы не үшін керек? Одақ басында пролетариат жазушылардың басын біріктіріп, социализмнің идеологиясын іске асыру үшін ашылған деп есептеймін. Білемін, Одақтың керек екенін дәлелдейтіндер табылады. Бірі әдеби үдерістің бағыт-бағдарын біліп отыруымыз керек дейтін шығар, енді бірі жазушылардың имиджін қалыптастыратын орта болуы керек деген себепті алдыға тартатын болар. Онда осының барлығын жүзеге асыра алатын, менеджменттен хабары бар, нағыз ұйымдастырушы төрағалық етуі тиіс. Қаламгерлердің қоғамдағы орынына қатысты заманға сәйкес әрекеттер жасалуы тиіс. Жазушы деген белгілі бір жиын-тойларда әдемі сөздерді моншақ секілді тізіп беретін, жай кезде ешкімге керегі жоқ мұражайдағы экспонат секілді болмауы керек.

Әдебиетті типтік бейне деген бар ғой. Одақтың төрағасы десе, біздің ойымызға аға буын, тіпті ақсақал буын келеді. Неге? Жас қаламгерлердің әлгі атап өткен екі буынға сөзі өтпейтін болғандықтан ба?

Төраға сайлау, Жазушылар Одағы, қаламгерлер мәселесі - айта берсең, таусылмас жырдай. Бірақ қоғамға мәселе емес, нәтиже керек. Ары-бері тартқылағаннан біз мықты әдебиет жасай аламыз ба, әлде уақыт жоғалтамыз ба? Бүгінгі оқырманның талғамына сай еңбек жазып жатқан жазушылардан бәлкім оқырман бейхабар шығар. Неге Одақ мықты жазуышылардың имиджін қалыптастырып, шығармаларын трендке айналдырмайды. Күлкілі болса да, мен ендігі төрағадан осындай жаңалық күтемін.

Жас қаламгерлерді шетелге тәжірибе алмасуға жіберудің жолын қарастырса

Тілек Ырысбек, жас ақын:

- Қазақ әдебиеті не себепті әлемдік деңгейге көтеріле алмайды немесе әлем оқырмандары қазақ жазушыларының шығармаларымен не себепті таныс емес деген сынды әбден жауыр болған сауалдардың көптен бері көптің ойын мазалап жүргені  анық.  Және, қит етсе болды оған Жазушылар одаған кінәләй жөнелуді әдетке де айналдырып алғандаймыз. Әрине, бұл қайшылықтардың туындауы бір жағынан дұрыс та шығар, бірақ құдайым-ау бүгінде біз ХХІ ғасырда ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой (Және, осы тұста посткеңестік ел екенімізді тағы бір мәрте еске сала кеткім келеді), Қазақ әдебиеті не себепті дамымай отыр? Былайша айтқанда, неге біздің әдебиет әлемдік кеңістікте жоқ?

Жауабын өзімнің субъектитвті пікіріммен білдіретін болсам оның жауабы қарапайым ғана, яғни бізде ондай жазушы жоқ! Және, алдағы уақытта осы жүйені бетке алып  кете беретін болсақ пайда болуы да екіталай! Себебі, бізде әдеби агенттіктер әлі қалыптаспаған. Сондықтан, Жазушылар одағына мың жерден бастық келсе де, әдеби агенттіктер қашан жұмысын бастамайынша, оған жарнама жұмысы жасалмайынша, жазушыларымыз журналист болғаны болған. Сондықтан, алдағы уақытта одақты өз тізігініне алар, айналып кетейін құрметті болашақ «төраға» егерде ғаламтордан хабарыңыз болып, осыны оқып отырсаңыз сізге мына бір өтінішімді айта кеткім келеді. Тым болмағанда жылына бір мәрте кеудесінде сәулесі бар-ау деп топшалаған талантты жастарды шет елге білім асырып, тәжірибе алмасуға жіберіп отырудың амалын қарастырсаңыз.

Себебі, американдық ақын Томас Стернз Элиот «әрбір жаңа буын өзінің әдеби сынын қалыптастыру керек немесе әрбір ұрпақ өнерге өз тұрғысынан келеді, оған өз талаптарын қояды және жаңа міндеттер жүктейді»,- деген ойын алға тартқан болатын. Менің нені меңзеп отырғанымды жақсы түсінген боларсыз деп үміттенемін.  Егер де сол жас қаламгерлердің ішінде шын мәнінде талантты әдебиетші шығатын болса, сол жақтың қаламгерлері оны өздері ақ өз тілдеріне аударып алары сөзсіз.

Тағы бір айта кететіні, бүгінде әлемдік деңгейдегі даңқты көзі тірі жазушыларды, атап айтқанда Марио Варгас Льосаны, Орхан Памукты, Патрик Модиноны, Гюнтер Грассты, Казуо Ишигуроны, Харуку Муракамиді және т.б сол секілді әлем назарын аударта алатын тұлғаларды үкімет араласуымен, қаламгерлерімізбен байланыс орнатудың  жолын қолға алсаңыздар. Онсыз да, пайдасыз іс-шаралар мен өнімсіз мүшәйраларға кетіп жатқан ақша ғой. Одан да, аударма мәселесін жүйелі қолға алып, алдағы әдебиетіміздің дамуына жаңа серпін берсеңіз біз сізге шексіз ризашылығымызды білдіретін едік.

Жазушылар Одағына Жазушы емес, Финансист керек!

Еділбек Дүйсен, жас ақын:

- Алдымен айтарым, Қазақстан Жазушылар Одағында менің алты аласым-бес бересім жоқ. Олар Мені, Мен Оларды неге іздеуіміз керек? Әрбірден соң, бағыт-бағдарынан айырылып қалған Одақтан Ұлы Әдебиетке қосылар үлесті күтудің өзі бекершілік. Ауыл арасындағы той-томалақтарды ұйымдастырушы ұйым десеңіз, ол енді бөлек әңгіме. Мен көзінің нұры өшіп, айбаты қашып, сүреңсіз, тым сорақы күйге түскен Одақты «Ардагерлер үйі» деп қабылдаймын. Өйткені, оның сахнасынан, сахнасы тұрмақ ғимарат алдынан біз ести қалған топтасқан жас ақын-жазушылардың бірін де көрмеймін. Бес саусағыңызды толтыра да алмайсыз. Бәлкім, мен қателесіп отырмын: Одақ үшін «жас ақын-жазушылардың» жас мөлшерін есептеу өлшемі мүлдем бөлек те болар. Кешегі пленумдағы сөздер сыңайынан Одақтың емес, ғимараттың ғана керектігін аңғардым.

Маған десеңіз, ендігі, Жазушылар Одағын түрлі-түрлі кішігірім клубтарға үлестіріп, таратып тыну керек. Онсыз да ол, ағаларымыздың аз абыройының өзін төгіп болды. Ал, жаңа басшы жайлы ештеңе айта алмаймын. Бір ағам айтады «Жазушылар Одағына Жазушы емес, Финансист керек!» деп. Соныкі дұрыс!

Пікірлерді әзірлеген Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552