Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 4862 1 пікір 14 Ақпан, 2018 сағат 10:30

Әкімге жанашырлық жат сезім бе?

Балалар болашағымыз екендігін айтып жатудың өзі артық шығар. Олардың дендерінің сау, өздерінің ақылды болып өсуіне олардың ата-аналары ғана емес, ең алдымен қоғам мүдделі. Өйткені бұлар болашақ ел қорғаушылар, адам емшілері, тәрбие мен білім берушілер. Демек, қоғамның жан-жақты дамуы осылардың денсаулығына қаншалықты көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетіп отыруына тікелей байланысты. Алайда елімізде ол мәселеге қаншалықты көңіл бөлініп отыр? Әсіресе өңірлердегі жағдай қалай? Мұны сараптап, бұл проблеманың ішкі жағдайына мұқият үңіліп, қорытынды жасап отырған үкіметті көре алмадық. Сондықтан, бәрі де осындағы облыс әкімдеріне келіп тіреледі. Егер әлгіндей мықтының бойында өзі басқарып отырған өңірдің халқына деген жанашырлық сезімі, тіпті қарапайым азаматтық парызы болса, онда бұл түйіннің шешілуіне көп қиындық жоқ. Ал егер тек экономикалық көрсеткіштерді ғана көлекейлеп, денсаулық, әсіресе балалар денсаулығы секілді дүниеге жүрдім-бардым қараса, онда бәрі қараң қалды деп есептей бер.

Біздегі, Қостанайдағы жағдай дәл осындай. Өзге жерді қайдам, бізде кейінгі кезде балалардың туа біткен сал ауруы (медицина тілінде айтсақ ДЦП) секілді сырқат тым көбейіп кетті. Емделуі өте қиын бұл сырқатты еш ата-ананың басына бермесін. Сауығып кетуінің тым ұзаққа, тіпті өмір бойына дейін созылатын бұл сырқатты оңалту процесі  ата-аналарға тым қымбатқа түседі. Рас, біздің қалада осындай оңалту орталығы бар. Алайда бар деген аты ғана. Оның өзі құстың ұясындай ғана, қалалық балалар ауруханасының аядай ғана бөлмесіне  орналасқан. Ол жылына небәрі 450 баланы ғана қабылдайды, ал төсекке таңылып, өз кезегін күткен нәрестелердің саны бұдан төрт есе көп. Ата-аналар оның өзін де айлап емес, жылдап күтеді. Ал мұндай ауруды дөп кезінде емдемесе, кейін тым кеш болады. Міне, сондықтан да сорлы ат-аналар жұртқа алақан жайып, көмек сұрап, әзер деп тапқан ақшасын алып, көршіміз Ресейдің Челябі қаласындағы оңалту орталығына ағылады. Оңалту сеансы бір рет емес, бірнеше рет жүргізіледі. Ол ең кемінде өз ақшамызға шаққанда миллионнан асып түседі. Міне осыншама қомақты сома айлап қана емес, жылдап көрші елге, оның медицинасының дамуына септігін тигізіп жатыр.

Ал енді осыншама қаржыны далаға жібермей өзімізде қалдыруға болмай ма?

-Әбден болады,-дейді осы мәселемен ондаған жылдар бойы айналысып келе жатқан мүгедек балалар шешелерінің қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Колоскова ханым, -Ол үшін осы өзімізде қолайлы да кең, үлкен бір оңалту орталығын ашу керек. Бұған тіпті көп қаржы да керек емес. Осындағы соған аса ыңғайлы «Дельфин» балалар үйі секілді зәулім ғимарат қазір қаңырап бос қалды десе де болады. Неге соны орталыққа бермеске? Сонда ауру балалардың ата-аналарын да қол жайғызып қоймас едік, қомақты қаржы да шет аспас еді. Әлде бізде балалардың денсаулығынан гөрі Мұз сарайы секілді аса қымбатқа түсетін дүниелерге  керек пе?

Дәл осы проблеманы Колоскова ханым жақында Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов халыққа есеп беру кездесуінде де дәл қабырғасына қойған. Алайда оған мардымды жауап ала алмады. Қала әкімі «бұл мәселені тексеріп көререміз» деген жалпылама жауаппен құтылса, облыс әкімі өйтіп сылап-сипаған жоқ.

-Мұз сарайын біз мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі ретінде бірігіп салып жатырмыз,-дейді ол салғаннан-ақ, бұл сауалды ұнатпайтындығын білдіріп. Жалпы биліктің керек нәрсенің бәрін істеп беруге мұмкіндігі жоқ. Оңалту орталығы керек шығар. Олай болса өздерің оны салатын инвесторлар іздеңдер,-деп бір-ақ кесті. Екінші сөзбен айтқанда әкімнің көкейінде тұрған «сендердің оңалту орталығыңның маған қажеті шамалы, өздеріңе қажет пе, өздерің айнасыңдар» деген ойды аңғару қиын емес. Демек, Архимед Бегежанұлынан үміт шамалы болды.

Шынын айтқанда. әкіміміздің бұл жауабынан еш қисын таба алмадық. Сонда қалай, инвесторды билік емес, Колоскова секілді қарапайым жандар іздеуі керек пе? Оларды кім тыңдайды? Беретін кепілдігі жоқ немесе билік дегеннен де жұрдай адаммен кім сөйлеседі? Еш ойланбастан мол қаржыны бере салатын ақымақ инвесторды қайдан кездестірдіңіз? Олар ең алдымен салған ақшасын неше еселеп қайтатындығын есептей алмайтын сорлы ма еді? Осыдан кейін әкіміміздің жауабын жұртты мазақ ету деп түсінгеннен басқа амал қалмағандай. Инвесторды қолында облыстың ондаған ғана емес, жүздеген миллиард теңге бюджеті бар, бүкіл билікті уысында ұстаған әкім іздемесе, қай инвестор мұнда өзі келеді. Тіпті бұл әкіміміздің тікелей міндеті емес пе? Мұны Елбасымыздың өзі де талай рет қадап айтқандығын қайда қоямыз? Сонда Архимед өзіне жүктелген ауыр міндетті Колоскова секілді қарапайым жұртқа итере салғысы келе ме? Қызық позиция екен.Екіншіден, оңалту орталығына әбден лайық, жақсы ғимарат тұрғанда инвестор іздеп, байлардың алдына жығылудың қаншалықты қажеті бар еді? Бұл ғимаратты қимауының астарында қандай ой жатыр? Әкімнің «жарайды, егер жағдай дәл осындай болса, шешіледі ол мәселе» деп, бұл түйінді бірден тарқата салуына не кедергі? Ал мұны енді тек Архимедтің өзінен басқа ешкім де білмейді.

Ал, әзірге төсек тартып жатып, көздері боталаған баларына қаржы іздеген ата-аналардың амалы таусылуға айналған. Оларға жергілікті биліктің оларға көмектеспейтіндігіне көздері әбден жеткен  қаламыздағы «Костанайские новости» мен «Наша газета» деп аталатын екі басылым «Нужны деньги» және «Жизнь на ладони» деген жобалар ашып, халықтан тиын-тебендеп қаржы жинап, әлгіндей жандарға қол ұшын беріп жүргендігі, үлкен сауап екендігі айқын. Олар жүгіріп жүріп қайырымдылық концерттерін ұйымдастырады, әртүрлі қолөнер көрмесін ашып, осылардан түскен қаржыны ауру баланың есепшотына аударады. Болмаса қалталылардан көмек сұраудан да қысылмайды.

Асылы, мұндай жағдайды облыс әкімінің түсіне қоюы екіталай дүние.Өзі әркімге алақан жайып, аяғына жығылғандай күй кешудің не екендігін білмегеннен кейін бірдеңе деп айту да қиын шығар. Сөзіміз жалаң болмасын, сал ауру дегеннің қандай батпандай жүк екендігін, оны қара нардай қайыспай, қабағын шытпай көтеріп жүрген жандардың бірінің ауыр халы жайлы бірер факті келтіре кетелік. Бәлкім, бұл әкімнің облымыздың тек экономикалық ахуалына ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жағдайына жауапты екендігін бір сәт есіне салар.

Әділбек Болат қаламызда  әке-шешесі мен үлкен апасымен бірге тұрады.Жасы екіге таяп қалды.Сал деген пәле оған сегіз айында жабысты. Алғашқы оңалту курсын Челябі қаласында өткізді. Екінші курстан кейін Әділбек ептеп еңбектеуге жарап қалды. Челябінің бұдан әрі әлі келмеді.Енді Әділбектің ата-аналары жер-жерге шапқылап жүріп, сонау Украинада Козявкин деген профессор мұндай баланы емдеп шығара алатындығын естиді. Бірақ оған уақыт оздырмай тез әкелу керек. Ал бұл ем біздіңше 994 мың теңге тұратын көрінеді. Жаны қалмай шырылған ата-ана көпшлік жұрттан көмек іздейді. Құдайға шүкір, мейірімді жандар аз емес екен, олардан 650 мың теңге түседі. Бұл да болса әлгі «Нужные деньги» жобасының жанашырларының көмегініің арқасында ғана. Енді тек қана 240 теңге ғана қалды. Міне, ең қиыны осында. Осынша ақшаны жинау енді тіпті мүмкін еместей.

-Менің бармаған жерім жоқ,-дейді Әділбектің шешесі Айжан Мырзахметова, -талай-талай қайырымдылық қорларының есігін қақтым. Еститінім: «біздің көмектесумізге еш мүмкіндігіміз жоқ» деген жауап қана. Салым суға кетті, енді ешбір үміт қалмады.

Отбасының шынында да қазіргі халі тым мүшкіл. Енді есептей беріңіз. Әділбектің анасы жұмыс істемеуге мүмкіндігі жоқ. Әкесінің айлығы небәрі 64 мың теңге ғана. Онысы шайлығына да жетпейтіндігі белгілі. Үш жастағы үлкен қызы бар. Оның бала бақшасына деп айына 12 мың теңге тағы кетеді. Жас отбасының өз баспанасы да жоқ. Пәтер жалдап тұрады. Оған да ай сайын 30 мың теңгені тауып беру қажет. Сонда не қалады?  Сөнуге айналған жалғыз үміт қана қалады. Егер Әділбекті дәл қазір емдемесе оның өмірбақи мүгедек болуы әбден мүмкін. Әділбекке араша түсіп, қолын ұшын берер кім бар? Ол шынымен өзге балалардай ойнақтап шауып, ойнай алмай, терезеден қарап, төсекке таңылып өмір өткізе ме? Тағдыр не деген қатал еді? Әлде біз бе безбүйрек?

Сонда дейміз-ау, дайын ғимаратты қимаса, шынымен оңалту орталығын салуға облыста көк тиын қалмаған ба? Оған сену де қиын. Бюджеттен неше түрлі ешкімге қажетсіз жобаларға кететін мол қаржыны ешкім де ойына алмайды. Өткенде біздің әкімдіктің облыстың имиджін көтеретін бренд жасаймыз деп 2 миллион теңге бөліп, не ақша жоқ, не имидж жоқ болып, күлкіге қалғанымыз бар. Ал облыс әкімінің қаланың орталығын Мәскеудің Қызыл алаңына айналдырамын деп бөлген 40 миллион теңгені қайда қоямыз? Тіпті болмаса кім болса содан жеңіліп, онысымен қоймай өзге командамен төбелесіп жүрген, негізінен шетелден шақырылған ойыншылардан тұратын «Тобол» командасына бюджеттен бөлінетін миллиардаған теңге шектен шыққан мырзалық емес пе? Әлде балалардың денсаулығынан гөрі көш соңында салпақтап жүрген «Тоболдың» түкке тұрмайтын ойынсымағы артық па?

Айтпақшы біздің облыстың әкімінің «Тобол» командасы қалай көш соңында әзер ілесіп жүрсе, «Sayasat.org» порталының зерттеуінің қортыныдысы бойынша Архимедіміздің өзі облыс әкімдерінің арасындағы рейтингі көрсеткіші жөнінен үнемі ең соңындағы орындардың бірінен жоғары көтерілген емес. Бұл оның беделінің қаншалықты екендігіні тайға таңба басқандай етіп көрсетсе керек. Ал біз болсақ, осы әкіміміз сол тізімнен де түсіп қалып, облысымыздың абыройы айрандай төгілмес пе  екен деп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдық. Тек «Үмітсіз сайтан» дегенді үміт етеміз-дағы.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5490