Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 5054 3 пікір 16 Ақпан, 2018 сағат 08:53

Жас ұрпағымыздың санасын улап жатқан жат ағымдарға тосқауыл қоятын кез келді

Көрнекі сурет

2017 жылы ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрлігінің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы  қалың бұқара назарына ұсынылғаны белгілі. Бұл Заң жобасы білім беру саласын да айналып өтпеді. Қазіргі кезеңде республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Себебі,  білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогресспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғарғы құндылық.

Дегенмен, білім нәріне, әсіресе діни білімге құштар болған, үлкен өмір жолына жаңа қадам басқан, еліктеу мен қызығушылығы мол жастарды өз торларына түсіруді көздейтін теріс ағымдар қаншама қаракөз жастарымызды өз шырмауына оңайлықпен түсіріп жатқанының куәсі болып отырмыз.  Сондықтан, Заңға енгізілетін толықтырулар еліміздің жарқын болашағын қалаушы  жас ұрпағымыздың санасын улап жатқан жат ағымдарға тосқауыл қоятын шараларға маңызды үлес қосары сөзсіз.

Заң жобасының негізінде ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 6-тармағы бойынша «Дінді оқып-үйрену діни бірлестіктердің ғибадат ғимараттарында (құрылыс жайларында), үй-жайларында, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында олардың жарғыларына сәйкес ұйымдастырылады және жүзеге асырылады. Өзге жағдайларда дінді оқып-үйрену облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ұйымдастырылады және жүзеге асырылады». Яғни, радикалды ағымдардың мектеп қабырғасында, білім беру мекемелерінде өздерінің теріс әрі дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін сан алуан пікірлері мен ұстанымдарын  уағыздауға шектеу қойылады. Мұндай тәжірибені көршілес ТМД мемлекеттерінен де байқауға болады. Мысалы, Тәжікстан Республикасының «Ар ұждан және діни бірлестіктер туралы» Заңы 23-бабының 3-тармағына сәйкес мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептерде, сондай-ақ азаматтардың үйлері мен пәтерлерінде діни ұйымдардың ағартушылық және насихат жұмыстарына  тыйым салынады.

Шет елдерде діни білім алу мәселесінің заңнамада реттелуіне келсек, көп жағдайда дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиялық бастауын шетелдік діни оқу орындарынан алатындығын ескере отырып, әзірлену үстіндегі заңда Қазақстан Республикасының азаматтарына діни білімді шет елдерде алуға тек жоғарғы діни білімді елімізде алғаннан кейін ғана жол берілмек.   Себебі, дәстүрлі негіздегі жоғары діни білім мен қалыптасқан азаматтық тұрғыға ие болғаннан кейін отандастарымыздың білімін әрі қарай жетілдіруі үшін шет елдерге баруы қауіпті салдарларға соқтырмайды деп сенуге негіз бар.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінде аталмыш Заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев: «Азаматтарымыз шетелде, оның ішінде күмәнді діни оқу орындарында оқып, деструктивті идеология ықпалына түсіп жатыр. Астыртын түрлі мектептер мен курстарда білім алып, елге біздің құндылықтарымызға жат әрі радикалдық көзқарасымен оралып жатыр. Осыған байланысты заң жобасында Қазақстанда базалық діни жоғары білім алмағандарды шетке шығаруды шектеу ұсынылып отыр», - деп Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алу мәселесін реттеу маңыздылығын атап өтті.

Яғни, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетел мемлекеттерінде рухани (діни) білім алуына Қазақстан Республикасында жоғарғы рухани (діни) білім алғаннан кейін ғана жол берілетін болады. Ал халықаралық шарт (келісім) негізінде, сондай-ақ тіркелген діни бірлестіктердің Қазақстанда рухани (діни) білім беру ұйымдары болмаған жағдайларда ғана шетелде оқып-үйренуге болады. Алайда, рухани (діни) білім беру ұйымдары өз қызметтерін оқу, ғылыми-зерттеу және қаржылық қызметі туралы қоғамды хабардар ете отырып, ашық түрде жүзеге асыруы тиіс. Осы норма Қазақстан азаматтарының шет елдерде рухани (діни) білім алу тәртібін реттеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, білім беру туралы құжаттарды тану және нострификациялау  заң жүзінде қатаң   қолға алынады. Білім туралы құжаттарды нострификациялау –  халықаралық немесе шетелдік оқу орындарында білім алған тұлғалардың құжаттарының баламалылығын анықтау мақсатында, білім туралы құжаттарды тану туралы аталған мемлекетпен халықаралық шарт болмаған жағдайларда жүргізілетін рәсім. Бұл өз кезегінде шетелдегі қазақстандық студенттердің білімін бақылау үшін маңызды қадам болмақ. Қазір мемлекеттік органдармен шетелдік оқу орнына рұқсатнама негізінде қабылдау туралы келісімдер жасау жұмыстары жүргізілуде.

Осыдан бірнеше жыл бұрын да шетел асуға құмар, бағытын жат ағымдардан іздеген жастарды елге қайтару туралы ҚМДБ дабыл қаққан болатын. Діни білім алу мақсатымен шетел асқан жастарымыз дін атын жамылған жат ағымдардың идеологиясына арбалып, шетін көзқарас ниетінде кетіп жатқан мысалдары да бар. Сондықтан, алдағы өзгертулер мен толықтырулар жастарымызды барынша сақтандырудың кепілі болады деп үміттенеміз.

Елубай Қайрат Мендібайұлы – «Қаһарман ұрпақ» ҚҚ төрағасы

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450