Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 6995 17 пікір 20 Ақпан, 2018 сағат 13:37

Сенатор Үкіметтен ұрыларды тыюды талап етті

Ұры көбейді. Жемқорлықпен күрес күшейіп, құлқынның құлы болғандарды құрықтаймыз деп жатқанда «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалатын» ұрылар қатары көбейіп, шаруаға жан таптырар емес. Неше жыл азаптанып, қаражатын шығын етіп, күш қуатын жұмсап баққан малын бір түнде үйірімен қуып кетеді. Ел ішінде жиі болатын депутаттар шаруаның осы қынжылысын жоғары деңгейде қарауды, шара қолдануды талап етті. Нақтырақ айтқанда, аймақтағы халықтың жағдайымен танысып қайтқан сенатор С. Еңсегенов Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап қоғамда қылмыстың кейбір түрлеріне қатысты алаңдаушылық күшейіп, заңнның әділдігіне деген сенім азайып отырғанын ашық айтты. Депутаттық сауалдың мазмұны төмендегідей.

«Соңғы үш  2015 - 2017 жылдарда 65 мыңнан астам мал ұрланған. Осы мерзімде мал ұрлығын жасағаны үшін ұсталған 50 мыңнан астам адамның жартысына жуығы  (43,3 пайызы)  бұрын ұрлық жасағандар. Осыған қарамастан, қылмыстық істі қарау кезінде ақталмайтын негіздер және тараптардың татуласуы бойынша 20158 қылмыстық іс немесе 40 пайызға жуығы тоқтатылған.

Адамдар қылмыстың бұл түріне қатысты құқық қорғау органдарының іс әрекеттері мен сот актілерінің тиімділігі, пәрменділігі төмен дейді. Олардың пікірінше бұндай жағдай қолданыстағы қылымыстық заңнаманың әлсіздігінде. Сондықтан, ҚР Қылмыстық кодексінің ұрлыққа қатысты 188-ші бабтың мал ұрлығына байланысты бөлігін саралап, жазаны күшейту бағытында өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп есептейді.

Қоғамда мал ұрлығын жасағандардың тергеу кезінде бостандықта жүруі, оларға бас бостандығынан айырудан өзге жеңіл жазаның тағайындалуы мал ұрлығына тосқауыл бола алмайды деген ой қалыптасқан.

Қылмыскердің жәбірленушіге келтірген залалды өтеу арқылы жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату нормасының көлеңкелі тұстары бар. Түгелдей болмағанымен көп жағдайда татуласу тікелей немесе жанама түрдегі қорқытып-үркіту, жәбірленуші үшін маңызды факторлаға қысым жасау арқылы жүреді. Малмен күн көріп отырған ауыл адамына әңгіме арасындағы «шапқан пішенің немесе мал қораң өртеніп кетуі мүмкін» - деген немесе осы сияқты сөз шаруалардың басым көпшілігін келісімге баруға мәжбүрлейді.

Залал көп жағдайда ұрланған малды сатудан түскен қаржы есебінен төленетінін ескерсек, ұры үшін бұл экономикалық ауыртпалық емес.

Аудан орталықтарынан шет, шалғайда орналасқан ауылдардағы адамдар тергеу және сот процесіне бірнеше рет келіп кету қиындығынан қашып бірер бас мал ұрлығы туралы арыз бермейтіндіктерін айтты. Олар бұл әрекеттері қылмысты жасыруға себепкер болатынын біле тұрсада, қылмыскер жеңіл жазамен бостандыққа шығатын болғандықтан арыз беру машақаты көп, уақытты босқа жіберу деген ойда.

Ауыл, әсіресе шалғайда орналасқан елді мекендер тұрғындары үшін – мал дәулет пен байлықтың белгісі емес. Бұл адамдар үшін мал - өмір сүрудің, күн көрістің, тіршілік жасаудың жалғыз көзі. Бұл бүгінгі күннің ақиқаты. Сондықтан түйе, жылқы, сиыр сияқты ірі қара малын айтпағанның өзінде бір-екі бас қойының қолды болуы адамдар үшін үлкен материалдық шығын және зор психологиялық салмақ.

Мал ұрлығы - кәсібін мал шаруашылығымен байланыстырған кәсіпкерлер үшін де үлкен мәселе. Бұл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың толық жүруіне зиян келтіретін қасақана әрекет. Осы тұрғыдан алғанда мал ұрлығы қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыс.

Сондықтан, мал ұрлығының алдын алу, осы саладағы қылмыстың қайталануын болдыртпау, жазаның әлеуметтік әділеттілігін қамтамасыз ету мақсатында мал ұрлығын ауыр қылмыстар санатына жатқызған дұрыс.

Осы бағыттағы таяу және алыс шет елдердегі қылмыстық заңнаманы зерделеп, олардың тәжірибелерін ескеру оң нәтиже берері сөзсіз. Мысалға, Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы жеке бап ретінде қаралған».

Сенаторлар С.Еңсегенов, Б.Еламанов, М.Көбенов, А.Мұсаханов Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа ауылдағы шаруаның мазасын қашырған мәселені жеткізе отырып, тиісті мемлекеттік органдарға мал ұрлығына байланысты қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы тапсырма беруді және осы депутаттық сауал бойынша не шара қолданылғаны туралы  белгіленген мерзімде хабарлауды сұрады.

Адамның және азаматтың құқықтары, заңды мүдделері мен меншігі қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қорғалуға тиіс.

Әділбек Қаба

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401