Тәжікстанда кәсіпкер әйел кәсіпорынды күшпен тартып алған деген күдікке ілінді
Тәжікстанның жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қаржы бақылауы жөніндегі агенттігі "Азия-тур" компаниясының басшысы Каромат Содикованы ұстады. Тергеуден хабары бар дереккөз мәліметі бойынша, кәсіпкер әйелді 24 ақпанда қамауға алған.
Оған қарсы "аса ірі көлемде алаяқтық жасау" және "жалған құжат әзірлеу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Дереккөздің айтуынша, Содикова "Лен Ху А" компаниясының басшысы және Тәжікстандағы Қытай мәдени орталығының директоры Джен Ху Аның шағымымен ұсталған. Қытайлық кәсіпкер күдіктіні сүрме өндіретін кәсіпорынды жалған құжаттармен тартып алды деп айыптаған. Джен Ху А Соғды облысындағы кәсіпорынға 1 млн сомони құйған.
Қытайлық кәсіпкерді танитын дереккөздің мәліметіне қарағанда, ол "Азия-тур" компаниясының басшысына екі жыл бұрын шағымданған, бірақ өзі қысымға ұшырап, Тәжікстаннан кетуге мәжбүр болған.
Жәбірленуші екі жылдан бері Содиковамен соттасып жүргенін айтты. Содикова болса тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Қазір кәсіпорын жұмысы тоқтатылған, кәсіпорындағы 130 адам жұмыссыз қалды.
Abai.kz