Дәурен Қуат. Мәссаған, біз алдандық!
КТК арнасындағы балабазар бағдарламалардың бірі «Мәссаған» дейтін шоусымақта «Мәссаған, мен алдандым!» дейтін айдар бар. Әлгі айдардың тұрақты қонағы хәм тұрақты түрде алданып, күлкіге қалып жататын ашық ауыз аңғалы - Нұрлан Еспанов дейтін жігіт. «Мәссағанның» қулары Нұрланды шақырып алып алдаудан, Нұрлан алданудан әлі шаршай қойған жоқ. Біздің жағдай да сол Нұрланның басындағы тұрақты кепке ұқсайды. Осы жолы бар ғой, ес-ақылын жоғалтып жүретін Еспанов Нұрланнан да әрмен алдандық. Референдум өтпейтін болды!
КТК арнасындағы балабазар бағдарламалардың бірі «Мәссаған» дейтін шоусымақта «Мәссаған, мен алдандым!» дейтін айдар бар. Әлгі айдардың тұрақты қонағы хәм тұрақты түрде алданып, күлкіге қалып жататын ашық ауыз аңғалы - Нұрлан Еспанов дейтін жігіт. «Мәссағанның» қулары Нұрланды шақырып алып алдаудан, Нұрлан алданудан әлі шаршай қойған жоқ. Біздің жағдай да сол Нұрланның басындағы тұрақты кепке ұқсайды. Осы жолы бар ғой, ес-ақылын жоғалтып жүретін Еспанов Нұрланнан да әрмен алдандық. Референдум өтпейтін болды!
Ел іші ә дегеннен-ақ Ерлан Сыдықов дейтін екпіні қатты азаматтың «екінті мен ақшамның» арасында ойлап тапқан референдумына елең ете түскен. Елең ете түскен себебі – біздің жұрт биліктің мәртебесін ұлықтап, ғұмырын өлшеусіз ұзарту үшін ұрандап шыққан адамға алғаусыз сенеді. Неге сенбесін? 1989 жылдан бері қарай сайлаудан сайлау, референдумнан референдум. Киіп жарып бір сайлау өтеді. Жапырыла дауыс береміз. Жабыла қолдаймыз. Жарбаң-жарбаң етеміз. Осымен біткен шығар дейміз. Бітті. Көпшілік тілегін білдірді, сенімін артты, таңдауын жасады. Бастай бер, қостаймыз дейді. Бұдан артық не керек?! Жоқ, жаңылысыппыз, араға аз-маз жыл салып, «ойбай, өткенде қателесіп кетіппіз, олай емес, былай екен, қатемізді түзеудің жолы - қайтадан сайлау немесе референдум» десіп танаураймыз. Содан, ал кеп алашапқын басталады. Жапырыла дауыс беру. Жабыла қолдау. Жарыса жалбаңдау. Осымен біткен шығар дейміз ентігімізді әзер басып. Бітті. Көпшілік тілегін білдірді, сенімін артты, таңдауын жасады. Бастай бер, қостаймыз. Жоқ, жаңылысыппыз, араға аз-маз жыл салып... Қазақстандағы сайлаулар тарихы поп-музыкадағы рэп жанры сияқты: қайталана береді, қайталана береді. Қысқасы, мазмұнын жалпылама баяндап, сүйкей салған біздің жоғарыдағы сөйлемдерімізді көшіріп алып көпірте берсеңіз Қазақстандағы сайлаулар мен саяси оқиғалардың дерегі түзіледі.
Ал енді осы жолы, оллахи-биллахи, оңбай алдандық. Бастамашыл топ, Олжастардың одалары, опаланған бет-ауыз, аспанмен астасқан теңеулер... бес миллион қол. Парламент депуттарының тегеурінді талабы. Конституцияға өзгеріс енгіземіз деп өкірештенген қалаулыларымыз Елбасының қарсылығын да қарамай «қаһарға» мінді. «Президентті депуттар мен халық тығырыққа тіреп қойды. Ол кісі амал жоқ референдумға мойын ұсынады»,- деп шалқыды шиқан бет депуттардың бірі (қайсысының айтқаны есімнен шығып кетіпті, бірақ, қайсысы айтса да бәрібір бір сөздің айналасындағы адамдар ғой). Біз де Президенттің амалы қалмағанға қапсыз сендік. Содан референдумның мәселесі Конституциялық кеңестің құзырына кетті. Конституциялық кеңес, Құдайға шүкір, көптің тілегі мен Парламенттің ұсынысын құп алады деген ойға және бекідік. «Абай.кз» ақпараттық порталының сауалнамасына қатысқан жұрт та Роговтың «ләпбай» дейтініне болжам жасаған еді (қараңыз: Сауалнама. «Констиуциялық кеңес қандай шешім қабылдайды?») Қайталап жатудың қажеті шамалы, Конституциялық кеңес референдумның Атазаңға сыйымсыздығын жария етті. Назарбаев Конституциялық кеңестің шешімімен келісе отырып, өзінен кейінгі саясаткерлердің бәрін ел заңын құрметтеп, заңға қалтқысыз бағынуға шақырып басалқы сөз айтты. Өнеге көресетті...
... деуімізге тура келіп тұр. Бұл сөзді азат жолдан бастауымыздың астарын ойлы оқырман бек түсінер деген ойдамыз. Өйткені, «амалы қалмаған» тұңғыш Президентіміз бес миллион мен парламент депуттары асыға күткен тарихи шешімді қабылдап жіберуі де мүмкін еді. Бірақ, Батыс әлемі, демократиялық құндылықтардың сақталуын қалайтын батыстық догматика, дігерлеп шыға келді. Алдымен, Қазақстандағы АҚШ елшілігі үн қатты (елшіліктің Елбасы өкілеттілігін референдум арқылы ұзартуға байланысты жасаған мәлімдемесін сайтымыздың мұрағаттар қорынан тауып алып оқырсыз). Алайда, бастамашыл топ референдумның өтетініне шүбәсіз сенімді еді. Он бір жылдан бері басы бірікпеген ЕҚҰЫ-ға мүше елдердің саммитін шақырып, ұлық жиын жасаған Астана Батыстың аузын алып қойды деп пайымдаған олар Елбасымызға енді өзіміз бір қызмет қылып жіберейік десе керек. Иә, балаңдау ой, бірақ біздің қоғамдағы қойыртпақ тірліктердің қонышынан басқан авторларына қарап әлгіндей байлам жасасақ ақиқаттан алыс кетпейміз. Оның үстіне, «күлшелі бала сүйкімді» - Қазақстан билігі қандай тығырықтан да көпвекторлы экономикалық саясатының, ғаламдық базардағы нарқы жоғары мұнайы мен уранының арқасында жол тауып жатты емес пе? Бастамашылдар бұны да есепке алуы кәдік. Әйткенменде, біз алданған сияқтымыз. Елбасы кеше Парламентке Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс жасайтынын білдірді. Ертең қос палатаның біріккен отырсында Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысы қаралады. Референдум мәселесінде меселі қайтқан Парламент енді «ерегескенде» Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді айқай ұранмен қолдап дауыс береді. Нәтижесінде, былтырдан бері 2020 жылға дейінгі бағдарламалардың бірнешеуіне қол қойып үлгерген Елбасымыз 2019 жылға дейін сайланады. Сосын тағы бір рет сайлануға қақылы. 2019-ға 8 жылды қоссаңыз ар жағында 2030-дың ауылы да алыс емес. Бұрынғылар айтпақшы, «ханда қырық кісінің айласы бар» деген – осы. Референдумдатқан бастамашыл топ «Елбасымыз бастаған ісін аяқтауға тиіс» десекен-тұғын. Иә, ол кісі бастаған ісін аяқтауға толық мүмкіндік алды. Баянды болсын.