Желдібай болыстық кеңседен келгенде екпінімен тау құлатқандай еді. Қара құлақшынды желкеге таман баса киген; арты тілік ескі қара пәлте делегейленіп, түйме біткені ағытылып кеткен: ербиген кішкене жебесін ширатып тастапты. Көзі күлім-күлім етеді. Оң қолында сырты кірлеп, майланған, о басында ақ кенептің шумағы екені білінгендей бір дорбасы бар. Кенеп дорбадан керегінің бәрі табылады: көйлек-ыштаны да сонда, үгулі насыбайы да сонда, бірен-саран ескі газеттер де бар. Бәрінен қадірлісі, Желдібайды екпіндетіп жүргені гүбірнадан науқан өткізе келген өкілдің жазып берген мандаты; мандаттың ішінде астын сызып койған «товарыш Жындыбаев» деген сөз бар. Гүбірнелік өкіл сол мандатты беріп жатып: -Товарищ Жындыбаев, бұл серьезный науқан, мұның политический значениесі бар. Так что мен сенемін, бұл науқанды провалит» етпессіз, - деген. -Менің командировкаға шыққаным жалғыз бұл емес, талай тығыз науқандарды да дүрілдетіп орындап шыққан көкеңмін, нақа болмай бара жатса мәселені қабырғасынан қойып жіберуден де тайынбаймыз, - деп Желдібай өкілдің қолын ұстап, қысып-қысып қойғанда, өкілдің қолын сындырып жібере жаздады. «Апырым-ай, мына шіркін елге барғанда қайтеді?» -дегендей боп, өкіл аларып бір қарады да, үндемеді.
Ең көп оқылған
0 пікір
Үздік материалдар |