Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4389 0 пікір 3 Ақпан, 2011 сағат 23:02

Нұрғали Жүсіпбай. Рухани шизофренияға шалдыққан ұлттық элитаның сыйқы

Шіркін асқақ қиял ұлттық элитаны қоғамды саналық-рухани «мәңгүрттік» секілді дерттерден аман алып қалып емдейтін, емге келмесе қорықпай, азаматтық  қайсар мінез танытып «скальпелдің алмаз жүзімен» радикалды шешім қабылдайтын «рухани дәрігерлерге» теңегісі-ақ келіп тұрады ғой, бірақ,  кейде сол ұлттық элитамыз «емдемек» былай тұрсын, дер кезінде ауруды алдын-алмаған дәрігерлердің кесірінен ауруын әбден асқындырып, өті жарылып өлім аузына келгенде «Ей адамар, емдейтін кім бар?» деп аласұратын, барлық жақындарын «өліп қалар мекен?» деп ойбайлатып, сары уайымға салатын науқас кебінін кисе, енді бірде, асқынған аурудың ызғары мен қаһарынан қорқып «ауруың асқынғанда келерсің» деп өз-өздерін алдайтын сауатсыз, салғырт, қорқақ дәрігерлер секілді ынжықтық мінез көрсетіп жатады.

«Ұлттық элита «ұлттық» болғандықтан ең бірінші кезекте ұлтты саналық  һәм рухани кеселдің инфекциясынан сақтап, алдын-алудың, сақтанудың жолдарын көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отыру керек» деп қанша зарласаңыз да, дәл қазіргі күні, «шизофренияға» шалдыққан науқас секілді ақиқаттың аулынан адасқан жақсыларымыз бен жайсандарымыз көрген галюцинациясынан оянып, сөзіңізді тыңдар, мәнін ұғына қояр мекен?

***

Шіркін асқақ қиял ұлттық элитаны қоғамды саналық-рухани «мәңгүрттік» секілді дерттерден аман алып қалып емдейтін, емге келмесе қорықпай, азаматтық  қайсар мінез танытып «скальпелдің алмаз жүзімен» радикалды шешім қабылдайтын «рухани дәрігерлерге» теңегісі-ақ келіп тұрады ғой, бірақ,  кейде сол ұлттық элитамыз «емдемек» былай тұрсын, дер кезінде ауруды алдын-алмаған дәрігерлердің кесірінен ауруын әбден асқындырып, өті жарылып өлім аузына келгенде «Ей адамар, емдейтін кім бар?» деп аласұратын, барлық жақындарын «өліп қалар мекен?» деп ойбайлатып, сары уайымға салатын науқас кебінін кисе, енді бірде, асқынған аурудың ызғары мен қаһарынан қорқып «ауруың асқынғанда келерсің» деп өз-өздерін алдайтын сауатсыз, салғырт, қорқақ дәрігерлер секілді ынжықтық мінез көрсетіп жатады.

«Ұлттық элита «ұлттық» болғандықтан ең бірінші кезекте ұлтты саналық  һәм рухани кеселдің инфекциясынан сақтап, алдын-алудың, сақтанудың жолдарын көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отыру керек» деп қанша зарласаңыз да, дәл қазіргі күні, «шизофренияға» шалдыққан науқас секілді ақиқаттың аулынан адасқан жақсыларымыз бен жайсандарымыз көрген галюцинациясынан оянып, сөзіңізді тыңдар, мәнін ұғына қояр мекен?

***

Таяуда қазақтың көрнекті академигінің ұлымен танысу бақытына ие болдым. Әкесінің еңбектері, ұлтқа қатысты көтерген мәселелері турасында сұхбаттасқым келіп еді, жүздеген ғалымдарды тәрбиелеген зиялының зиясы  ұлына қазақша үйретуге қауқары жетпеген екен. Өкінішті-ақ... Оның қасында Нұр-Кәрім мырзаны «нағыз қазақ» деп қаласың. Әйтеуір, теледидардан мұртының астынан айтқан қазақша тіркестері жағымды естіледі құлаққа.

Теледидар демекші, Азиядаға орай Kсell-дің жарнамасын ел-жұрт болып жаттап алдық:

Ақсақал қаладағы немересіне «Айналайын балам, Азиядаға барғанда «Алға Қазақстан!» деп айт айғайла!» десе, немересі арғы жақтан «Алга Казакстан!» дейді».

Бұл да қазақи уақиға, қазақ қоғамының кіршіксіз келбеті. Нақтырақ айтсақ,  мәңгүрттігі асқынып біткен қазақ  қоғамының шынайы эпикризі.

Осыдан кейін кімге ренжисің, кімге барып шеріңді тарқатарсың, (теледидардағы Нұр-Кәрімді есептемегенде) академигіміздің баласы да мәңгүрт, шопанның немересі де мәңгүрт: шала қазақ, шала адам, шала тірі, шала жан.

Бауырға түскен құртты да, іші тасқа толып адамның өміріне қауіп төндіретін өтті де хирургиялық жолмен алып тастауға болады, ал рух пен санаға біткен кеселді радикалды жолмен алып тастауға болады ма?

Мұны кесіп айта алмасақ та, «Қазақстандық ұлт» бағдарламасы секілді асқынған «созылмалы мәңгүрттік кеселінің» бір ғана симптомын уақытша тоқтатуға болатындығын М.Шаханов  «қоғамның емдеуші дәрігері» ретінде дәлелдеп шықты. Десек те, «ұлттық сана мен рух шизофрениясы»  «Қазақстандық ұлттан» да жойқын түрде сананы сандалттып жіберді. Алаңдататыны осы...

***

Шизофрения - сананың адасуы, ал, галюцинация - осы аурумен шалдыққан науқастың көретін және ақиқат ретінде қабылдайтын қиял-ғажайып елесі, шындықтан адасуы. Мұндай кеселге шалдыққандар өздерін науқас ретінде мүлдем санамайды екен.

Астана «астана» атанғалы күллі әлемге атымыз бен затымызды паш етіп келген ұлттық элитамыздың жеңісі мен жаңалығы - шизофренияның рухтық өлшемде эпидемиологиялық режимде жаппай түрде бола алтындығын әлемге  тағы бір рет дәлелдеуінде болды. Түсініктірек болсын деген мақсатта  ұлттық рух пен сана дәрігерінің терминологиясымен айтсақ «ТЖ-лықтың» салдарынан ұлттық сана мен рух шизофрениясына шалдыққандардың «анамнезінен», яғни, М. Шахановтың «Қырғыз Эвересі немесе мәңгүрттенудің егеуқұрықтық тәсілі  (Аға-дос Ш.Айтматов туралы эсселер) (Алматы-2010)» атты  шығармасынан үзінді келтірейік:

 

«Жауына жебе боп та қадалатын

Абыздан азамат ер бата алатын.

Алланың тоқсан тоғыз есімі бар:

Бірі - Нұр, бірі - Сұлтан аталатын.

Көгінен Ай туғанда қияқтанып,

Көңілден отырғаны күй ақтарып.

Ол кейде көрінеді

Жерде жүрген

Алланың көлеңкесі сияқтанып».

Рафаэль Ниязбек

(«Айбозым менің» (Елбасы жайлы өлең-роман),

Астана, «Күлтегін» баспасы, 2006 ж.)

«...Мен Нұрсұлтанды өзім азамат тарихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын Мұсылман жұртының ардақты перзенті Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын».

Фариза Оңғарсынова

(«Шыққан күндей жарқ етіп...»,

«Егемен Қазақстан», 6 шілде, 2010 ж.)

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап Қазақстанды сонау 90-шы жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды...»

Шерхан Мұртаза,

халық жазушысы

(«Көбеймесек, көсегеміз көгермейді»,

«Алматы ақшамы», 22 қазан, 2009 ж.)

«Елбасының есімі періште дәптерінің ең төбесінде тұруға лайық» (114-бет)...

«Періште үнсіз».

Осы кезде елбасымыз қалың ұйқыға кетеді. Әлден уақытта періште қайта оралып, президентке тіл қатады.

«- Пендем... мана, әлгіде, өзің ұйықтап жатқан кезіңде жазбаларымды Жаратқан Иеге көрсетіп алайын деп асығыс аспанға ұшпаймын ба? Жаратқан Иенің алды бос емес. Ығысып, есебін тауып жүріп, алдына жетіп, дәптерімді ашып көрсетпеймін бе? Жаратқан Ие тізімге көз салып отырып, дәптер жиегіндегі сенің есіміңе назар салғаны... Жаратқан Ие терең ойланып, отырып-отырып былай деді: «Ендеше осы пендемнің есімін ең төбесіне жаз...»

Дүкенбай Досжан

(«Ақ Орда» романынан,

«Жазушы жазбаларындағы Жаратушы немесе

Дүкенбай Досжанның діни сауаты қаншалықты»,

Ұлағат Ханзада,  «Жас Алаш», 19 наурыз, 2009 ж.)

«...мен сөйлесем Сіздің ел үшін етіп келе жатқан ерен еңбек, қажырлы қызметіңізді жақтап сөйлеймін.

...Бірақ, менің ондай сөзімді кейбір атақ-абыройлы, құрметті інілерім ұнатпайды екен. Алғашында сол інілеріме ренжіп, бұл жолы үндемей отырайын десем де, көптен бері көріспеген Сізбен дидарласатын болғандықтан бір ауыз сөз сөйлемей кетуді жөн көрмедім.

...Ең соңында айтарым, ардақты Нұреке, мен Өзіңіз қалыптастырған жаңа қазақ мемлекетін бойдағы күш-қуатыңыз сарқылғанша Сіз басқарсаңыз екен деп тілеймін. Конрад Аденауэр 91 жасына дейін ел басқарды. Уинстон Черчилль де ұзақ отырды. Мен қазақ Назарбаевтың ел басқару ақыл-парасаты неміс Аденауэр мен ағылшын Черчилльден бір мысқал да кем деп есептемеймін...»

Әзілхан Нұршайықов

(«Өнер мен әдебиет - халықтың жаны»,

«Егемен Қазақстан», 5 ақпан, 2010 ж.)

«Өз елінің, адамзаттың күндіз-түні қамын ойлаған, таныған оны бар ғалам, құрмет тұтқан қазақтың әр кәрісі, әр жасы - Назарбаев Нұрсұлтан атты Елбасы. Осы Елбасымыз нағыз үш қанатты хас қыран! Оның үш қанаты - өз елінің және әлемнің Өткені мен Бүгіні, алаулаған Ертеңі! Ол қандай құрметке, қандай сыйлыққа болсын лайық! Осы сөздің терең мәнін ұғайық!

Арқалаған дүние жайлы бұла мұң, жүрегіне жағып Прометейдің от-шырағын, жастарды қалғытпай, қарттарды алжытпай, сананы сілкіп, түйсікті түртіп дабыл қаққан, көкіректің көзін ашқан, өнердің өрінде өскен, философия патшалығында өмір кешкен, адамзаттың қамын жеген, адам үшін құрбан жаным деген, заманға заңғар мұзарттан қараған, айтқан сөзі әлемге тараған менің гимн-ұраным, даңғыл-дауылпаз үш қанатты қыраным!... Әлемді шарлап, ақыл-ойыңмен барлап шарықтап шалқып ұша бер талмай, рухы текті, үш жүректі, құдіретті үш қанатты, Құраным!»

Әубәкір Нәлібаев,

Үндістанның Халықаралық Падма Шри

сыйлығының лауреаты, Пәкістанның,

Икбалдың Алтын Ескерткіші сыйлығының иегері,

(«Үш қанат» (философиялық поэма),

«Айқын», 1 мамыр, 2010 ж.)

«...Данышпан деп атау үшін Сократтың түсіндіріп кеткеніндей адамзат баласы ең алдымен үлкен тұйыққа тірелуі керек, сонан соң содан шығатын жолды табуы тиіс. Сонда ғана ол тұлғаны замандастары мен кейінгілер данышпан деп айтуға құқылы.

...Олай болса, Н.Ә.Назарбаев ұлттық көшбасшы ғана емес, сонымен бірге қазақтың маңдайына біткен данышпан перзенті. Мұны мен емес, Сократ айтты деп ойлаңыздар».

Төрегелді Шарманов,

медицина ғылымдарының докторы, академик,

Қазақ Тағамтану институтының президенті

(«Данышпандық жол»,

«Дала мен қала», 9 тамыз, 2010 ж.)

«Ұлы істерден тапқан дәйім мұратын,

Бар өмірі ірілік пен ерліктерден тұратын.

Сіз, Нұреке - халқымыздың бақыты

Тәуелсіздік сәулеткері - ұлы ақын!»

Сәбит Досанов

(«Егемен Қазақстан», 14 желтоқсан, 2008 ж.)

«...Елордамыз Астана әлемдік гуманизмнің кіндік төріне айналып бара жатыр. «Дағдарыс жайлы толғаныс» деген өлеңімде:

...Кілт біреу өмір сүретін,

Достасып әлем жаңылмас.

Назарбаевтай еркін білетін,

Әзірше дана табылмас, - дегенім де бүгінгі өмірдің бір көрінісі...

Назарбаевтың елді барынша ұзақ басқаруына қай жағынан да жағдай жасау арқылы біз Қазақстанның кемел келешегіне, берік болашағына жағдай жасаймыз, әрқайсымыздың еңселі ертеңімізге негіз қалаймыз. Тіпті, әйтеуір сайлау өткізу керек қой дей бермей, елді әуре-сарсаңға салмай Елбасының өкілеттілігін ұзартудың заң шеңберіндегі қандай жолдарын болса да қарастырудың артықтығы жоқ дер едім...»

Кәкімбек Салықов

(«Елорда - Елбасының еренғайып ерлігі»,

«Егемен Қазақстан», 17 маусым, 2009 ж.)

«Адамзат өзі жаратылғаннан бері қиындықтан құтқарушысын, жарылқаушысын іздеп келеді...

Айталық, «ұрланған Күннің» орнына өз жүрегін жұлып алып, адамзатқа нұр шашқан Прометей осы қиындықтан құтқарушыны, жарылқаушыны іздеудің мифологиялық бір мысалы...

Мәселен, қиындыққа тап болған елін құтқару үшін жайлы жер іздеп Мұса (Мойсей) қырық жылғы ғұмырын сарп етіп, ақыр аяғында Исрайл балаларының жарылқаушысына айналған. Ааврамизм деп аталатын дін бастауында тұрған Тәуратта (Тора) осылай делінеді. Онан соң халқының бар азабын өз мойнына алған Иса (Иусус) өмірге келеді...

Мұнан соң әбден азап шеккен және азғын жолға түскен арабтардың жарылқаушысы ретінде Мұхаммед тарих сахнасына шығады...

Ал мен болсам ғасырлар тоғысында ірі қайраткер ретінде тарих сахнасына Н.Ә.Назарбаевтай дана тұлға шыққан адамзат бақытты дер едім... Ол - адамзаттың бүкіл тарихында бірде-бір мемлекет басшысы қолға алмаған жасампаз идеялардың бастамашысы ғана емес сонымен бірге жүзеге асырушысы бола жүріп аңыздың емес ақиқаттың Прометейіне айналды».

Сағындық Cатыбалдин,

экономика ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазМУ-нің профессоры

(«Прометей. Аңыз бен ақиқат»,

«Дала мен қала» 19 шілде, 2010 ж.)

«...Қоғамдағы талдайсыз әр ізді Сіз,

Ел алдында ұғынып парызды Сіз.

Қазақ ұлтын топаннан сақтап қалу,

Жолын білер Нұх пайғамбар тәріздісіз...

...Жасай берсін Нұрсұлтан Назарбаев,

Ұрпақ берер есімі - Атақазақ!»

Айтуар Өтегенов,

ақын, еңбек ардагері

(«Атақазақ», «Егемен Қазақстан»,

23 маусым, 2010 ж.)

«Мен әрдайым Елбасының атасының арыстан боп туған батырлығына, анасының данышпан болып туған ақылдылығына қайран қаламын...

Әлемдік тарихта Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев орны Ресейді өркениетке жетелеген І Петр, Ұлыбританияны аяғынан тұрғызған Уинстон Черчилль, Американың негізін қалаған... Джорд Вашингтон, Түркияны іргелі ел еткен Ататүрік секілді тұлғалармен қатар тұрады деп жұрт жаза бастады. Бүгінде Назарбаев заманына сай олардың да істей алмағанын істеп отыр десе де болады...

Бүгінде жер бетіндегі адамзатты толғандырған мәселелерді Назарбаевсыз талқылау, Назарбаевсыз шешу мүмкін емес жағдайға жетті.

Мырзатай Жолдасбеков,

«Егемен Қазақстан»

«Бақыт бағалағанның ғана басында тұрады»,

18 қараша, 2010 ж.

«Бұл Алланың бізге берген бақыты, Алла бізге Нұрағаң сияқты кемеңгер басшы берді. ...Мың шүкірлік, мың тәуба дейік, ағайын!

...Әлемдегі 7 кереметтің қатарына қосылар 8-інші кереметіміз құтты болсын ағайын».

Мағзұмбек Машайықұлы,

Ұлытау ауданының құрметті азаматы

(«Сегізінші кереметіміз құтты болғай»,

«Егемен Қазақстан», 25 қараша, 2009 ж.)

 

Қазіргі қазақ элитасының галюцинациялық көрініске бай ұлттық-рухани  шизофренияның нақты эпикризі мен анамнезі міне осындай. Галюцинация көруші науқастарымыздың барлығы да өзге ұлт өкілдері емес, кілең қазақтардың жақсылары мен жайсаңдарынан құралғаннан соң «ұлттық» демегенде не дейсің?

***

Бір кездері кеңестік қоғам осы ауруға шалдығып, қарапайым адамдарды ғарыштық дәрежеде ұлықтаған еді. Санаға ендірілген атеизмдік блокада нақты Жаратушыға теңеуге тосқауыл болса да, тәжірибеде, құдай деп саналған перғауын секілді «күн көсемді» мумиялап, теологиялық тұрғыдан болмаса да идеологиялық тұрғыдан табынды. Кітаптары теологиялық тұрғыдан киелі саналмаса да, идеологиялық тұрғыдан негізгі доктрина болды.  Ақырында осы дерттің нәтижесі «СССР» деп аталын алып та (т)ірі организмді өлтіріп тынды...

Бұған ұқсас эпидемиологиялық дертке бір кездері Түркіменстан шалдыққан-тын. Олар да адамды тәңірге теңеді. Алтыннан пұттар тұрғызып, шартарапқа алып портретері ілінді.

Айта кету керек, тағдарлас мемлекеттердің ішінде мұндай дерттен дер кезінде тазалануды тек қырғыз қоғамы ғана жүзеге асыра алды. Ал ұлттық элитасы сандырақтап, елес көріп жүрген қазақ қоғамы үшін дәл қазіргі сәтте «ұлттық сана мен рухани шизофрениядан» тазару әзірге мүмкін емес секілді.

Өйткені біздің ұлттық элита өкілдерінің басым көпшілігі Аллаға сәжде етіп ғибадат етсе де, бір кісіге бас ұра табынып, оның бұл пәнидегі салтанатын мәңгілік етуден; Алланың жіберген қасиетті кітабын хақ екенін ауызбен айтсада, құлшылық қылатын тұлғаның «кітабын» ұлықтаудан; пайғамбарлар секілді ерекше метафизикалық кереметтердің иесі етуден; діни топтардың әр түрлі деңгейдегі диалогтары арқылы әзіздер мен әулиелер қатарына көтеруден;  қиялының шама-шарқы жеткенше оның есімімен жаңа дүниеге келген сәбилерді, университеттерді, саяси партияны, фирмаларды, қалаларды, ауылдарды, мекемелерді атап зікір етуден әзірге  айығар емес.

Ия, іші түтін болса да сырты бүтін, жылтырақтармен безендіріліп, сырт көзге бір үйдің тату балаларындай, яки де, бір отардың моп-момақан қараларындай болып көрінетін, сонысымен  ерекеше «бірлігі жарасқан!» ұлттық сана мен рухани шизофринияға шалдыққан транспареннті де толерантты ұлттық элитаның дәл қазіргі сиқы осы!

Бірақ, сонда да,  уақыт сәті жетіп, сол бір сәт келгенде қазіргі ұлттық элитаның бірнеше жылдар бойы тер төгіп атқарған және өзінің мағнауи құндылығымен қазақ тарихында өшпес те қайталанбас туындылар ретінде мәңгіге сақталатын «ыждаһатты» еңбектерінен науқанды түрде «тәубә, жаңылыппыз ойбай!» деп базкешіп, ес жинап, шалдыққан дерттерінен құлан таза сауыға кететіне кәміл сенемін.

***

Ал әзірге - санаға түскен «мәңгүрттік» инфекциясы бастапқы кезде «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі болған Ұлы Түркістанды шағын бір-ақ қала шеңберіне сыйдырып жібергеннен соң, «созылмалы мәңгүрттік» дәрежесіне асқынып, ендігі шақта «рухани шизофрения» айналып эпидемиялық-төтенше  жағдайда кең етек ала бастағаны соншалық, неге екені беймәлім, әйтеуір, үйреншікті түрде, жыл сайын Тәуелсіздік күнінде «1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы биыл тағы да қайтаналар мекен?» деп өз-өзімізден жалтақтап, әлденеден үркумен «тойлап» келеміз, әр жаңа жыл кешінде даусы жоқ әншінің опера ариясын аса ыждаһаттылық һәм аса толерантты сабырмен тыңдап, соңында, ерекше ризалықппен шапалақтап қол соғып келеміз, бүкіл ел болып адамның тапаншамен өз өзіне үш рет оқ атып (үшіншісін өз басына)  өз жанын өзі қия алатынына сенімізмізді үзбей келеміз, арқа сүйеудің орнына алып портреттердің астын паналап жол торитын, қылмысқа емес қалтаңның қалыңдығы мен тереңдігіне аса үлкен мән беретін, елдің «жалғызы мен жалмауызы» өз полициямыздан қорқып, азаматтық  құқықымызға қауышу үшін мемлекеттік қызметкерлермен амалсыз «келісіп» келеміз, статистикалық көрсеткіштер  аса қарқынды дамып келе жатқанымызды мың рет дәлелдесе де, табиғи байлыққа белшеден батып тұрсақ та қарыздарымыздан құтыла алмай жылап келеміз, амалсыз тістеніп шыдап келеміз, түс пе, өң бе, беймәлім, әйтеуір құз басынан құлап келеміз...

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371