Cұлтан Жарқынбеков. «Жазылар естеліктер мен туралы»
Қарасаз, қара шалғын мекенде өстім,
Жыр жазсам оған, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, - деп жырлаған Мұқаң жырларын балауса бойжеткен мен бозбала да, жалындаған жас пен еңкейген қарт та жатсынбай оқуда. Қазақ жырының бір алыбы Мұқағали Мақатаев жайлы естеліктер көп. Біз бүгін ақынның көзін көрген, қазір бірі - жазушы, бірі - ақын, бірі - әнші-сазгер інілерін сөйлетіп, Мұқағали шайырдың ақындық, адамгершілік келбетін басқа қырынан кескіндемек болдық. Мұқағалидың ақындық, адамдық қасиеттері жөнінде ол өмірден өткен соң көп жазылды. «Жазылар естеліктер мен туралы» деп өзі де аңғартқан ғой. Айтыла да, жазыла да берер.
Сол сияқты Оразақын Асқардың «Ақын лабораториясына үңілгенде» атты естелігіне үңілсек, ақынның өміріндегі кейбір алып-қашпа әңгімелерге байланысты өз білгенін төмендегідей түйіндейді.
Қарасаз, қара шалғын мекенде өстім,
Жыр жазсам оған, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, - деп жырлаған Мұқаң жырларын балауса бойжеткен мен бозбала да, жалындаған жас пен еңкейген қарт та жатсынбай оқуда. Қазақ жырының бір алыбы Мұқағали Мақатаев жайлы естеліктер көп. Біз бүгін ақынның көзін көрген, қазір бірі - жазушы, бірі - ақын, бірі - әнші-сазгер інілерін сөйлетіп, Мұқағали шайырдың ақындық, адамгершілік келбетін басқа қырынан кескіндемек болдық. Мұқағалидың ақындық, адамдық қасиеттері жөнінде ол өмірден өткен соң көп жазылды. «Жазылар естеліктер мен туралы» деп өзі де аңғартқан ғой. Айтыла да, жазыла да берер.
Сол сияқты Оразақын Асқардың «Ақын лабораториясына үңілгенде» атты естелігіне үңілсек, ақынның өміріндегі кейбір алып-қашпа әңгімелерге байланысты өз білгенін төмендегідей түйіндейді.
- Білмейтін адамдарда, әсіресе, кейінгі жастарда Мұқағали туралы көп «ішкен» деген теріс түсінік қалыптасқан. Ол, негізі, мүлде басқа адам. Керемет сыпайы, ақкөңіл. «Жаным», «күнім», «қарағым» деп отыратын. Езуінен күлкі кетпейтін. Ал ішіп алса, қабағы шытылады, бойына бір күш біткендей болып, мүлде өзгеріп кетеді, «үлкен екен», «кіші екен» демейді, айтатынын айтады. Ертесіне «сен сөйттің» десең, кірерге тесік таппай ұялады. Өзің тіпті «бекер айттым ба!» деп қаласың. Талантты болғандықтан да қолпаштайтын кісі көп, ішпесіне қоятын ба еді? О баста менің өзімнің «Мұқағалиды бір көрсем» дегенім сияқты, өлеңге қызыққан әр адам оны аңсап келеді ғой. Келген соң, әрине, құрмет көрсеткісі келеді.
Екінші бір жаңсақ пікір - «Мұқағали деген Алматыға келіп, үйсіз-күйсіз қалған біреу екен ғой» дегенде саяды. Олай емес. Өлеңдері жарияланып тұрды. Өзі «Жұлдыз» сияқты маңдайалды журналда қызмет істеді. Жазушылар одағында кеңесші, жастар жөніндегі хатшы болды. Мұның бәрі бір кісіге аз нәрсе емес. Көзінің тірісінде сегіз кітабы мен таңдамалылар жинағын шығарды.
«Қаңғып жүрген біреу» болса, сөйтер ме еді?
Тағы бір нәрсе - кейбіреулер оның әйелін жамандайды, «қонақ күтпейді екен» дейді. Олай дейтіндер - «үйіне барып, таң атқанша ішіп-жемедік» дейтіндер. Қандай әйел бұған бір рет наразы болмайды? Өзі дүниеден өткеннен кейінгі барлық жинағы әйелінің жинап-теруімен, құрастыруымен шығып жатыр. Жаман болса, артында қалған мұрасына осыншама жанашыр бола ма?
Біреулер тіпті «жеңгесін алған екен» деп айтады. Олай да емес. Ауылдары қатар болған ғой. Лашын институтта сырттай оқып жүріп, мектепте мұғалім болып істейді. Мұқағалидың оныншы класта оқитын кезі. Сөйтіп, екі-үш жас үлкендігіне қарамастан, ол өзінің мұғаліміне ғашық болады. Солай үйленген. Ал отбасында не болмайды? Өлеңдеріне келсек, ақын деген не нәрсені болсын шегіне жеткізіп бергісі келеді ғой: жамандаса, ең жаман қылып, мақтаса, өсіріп, керемет қылып суреттейді. Әйел туралы жазса, «әйелімді жазып отырмын» демейді, «осындай кісіні қайту керек?» дейді. Ал шындықтың өзін ғана жазып қойса, ол өлең болмайды ғой!
Сүйсініп, сүйініп те жазғандары бар. Бірақ «көрмес - түйені де көрмес» дегендей, жұрттың көзіне тек басқа мағынадағы өлеңдері ғана түседі, десе де, ақынның жан жары Лашын жеңгеміздің ол туралы жазған естелігі ақын бойындағы кешірімділік, дархандық кім-кімді болса да бейжай қалдырмайтындығын аңғартады.
- Көбіне Мұқаңды Тоқаш келіп, әлдеқайда ертіп алып кететін. Екеуі өле-өлгенше айнымас дос болып өтті ғой. Не құпиялары болса да іштерінде кетті. Олар сол сыйластықтары арқылы достықтың биік үлгісін көрсетті. Қайда барса да бір-бірінсіз бармайтын. Отырыс-жиындарда да бірін-бірі қолдап, сырларын шертіп, күлдіріп отыратын. Бірге жүрсе көп алаң да болмайтынмын. Мұқаң балажан болды. Қызы Шолпанды мойнына салып алып, бірге ойнағанды жақсы көретін. Тұңғыш қызымыз Ләззат алты айлығында шетінеп кетті ғой. Айбары сәл тентектеу болып өсті. Ал Майгүл жайы белгілі. Ұлылығы емес пе - кең де кешірімді еді ғой. Мотоциклмен қағып, қазаға ұшыратқан орыс жігіті үйге келіп: «Менің де қызыңыздай төрт балам бар еді, сотталсам сотталайын, бірақ соларды аяңызшы?» деп қиылғанда, арыстай ақыным аза тұтып, ауыр халді басынан кешіп отырса да, әлгінің сөзін қимай:
- Сен жауызсың! Құдай берген қызымды Құдай алды деймін де, қайтейін. Әлгі балапандарың үшін кешірдім, енді келуші болма! - деп қара түндей түнеріп отырып қалып еді.
- Өлеңді қай кезде көбірек жазатын еді? - деймін мен. Майгүлі, әлде Мұқаң есіне түсіп кетті ме, мұңайып қалған жеңгемді сәл де болса сергітпек, серпілтпек оймен көңіліне қарап.
- Мені балаларымен қоса ұйықтатып тастап барып өлең жазуға кірісетін. Осылайша таңды атыратын кездері де бар. Жұмекеңнің: «Мұқаңның шамы таң атқанша сөнбейді» деп әзілдейтіні де содан. Бір жазғанда өндіріп тастайтын. Ал үлкен дүниелерге әбден әзірленіп болған соң барып отыратын. «Ильич», «Райымбек, Райымбек», «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары осылай туған. Мұндайда ұйқыны да, тамақты да ұмытатын. Бізге беймәлім бір құдіреттің әсері ме, көзінде нұр жайнап, жүзінде қан ойнап алабұртып отыратын. Ертесіне жазған өлеңін шабыттанып, мақтанып, шай үстінде ең әуелі маған оқып беретін. Сонсоң үйде отыра алмай қанаттанып, Одақ жағына асығатын. Қайсыбіреулердің осы күнгі айтып жүрген «Мұқаң қызып алып, бұрқыратып өлең жазады» дегені өтірік. Ішіп алып өлең жазушы ма еді адам?! Тұнық сезім, тұма сезім ащыны жұтқан сайын лайланып, былғанбай ма.
Өз басым өмірімде Мұқаңның мұндай күйде өлең жазғанын көрген жоқпын. Жұрт білмеген соң айтады, алып-қашты сөзге аңғал баладай иланады. Мұның бәрі шын ақынның болмысын, табиғатын, тағдырын білмегендіктен. Өкініштісі сол, қалың көпшілік өнер адамына әлі күнге дейін осындай көзбен қарайды. Мұқағали «Барлық ақын - баласы бір ананың» дегенде де Адамдықтың, Адалдықтың, Ақындықтың бірге туысатындығын аңғартып отыр. Бойында Адамдық қасиеті жоқ жан иесі ешуақытта Ақын бола алмайды.
Міне, сол ақын бойындағы асыл қасиетті КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова «Тектілігімен биік еді» естелігінде былайша өрбіткен екен.
«Әлі есімде, 1950 жылдың бас кезі. Мұқағали екеуміз Қазақ радиосында бірге жұмыс істедік. Мен - әншімін, ол - диктор. Біз секілді студенттер үшін бұл деген үлкен олжа.
Менің байқағаным, ол қашанда кеудесін тік ұстайтын. Көңіліне кір жасырмайды. Кімнің алдында болса да пікірін ашық әрі нық айтады. Бірақ шуағы мол. Әдемі қалжыңдайды. Тектілігі көрініп тұрады. Әйтеуір өзіме деген сый-құрметінен басқа бөгде қылығын көрген емеспін. Талантты, өнерді өте жоғары бағалайтын.
Жетпісінші жылдары Нұрғиса Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыма» деген әнін орындадым. Шығарманың сөзі де, сазы да керемет, бір-біріне үйлесіп, төгіліп тұр. Соның мәтінін жазған Мұқағали екен. Тіпті маған арнап «Бибігүлге» деген тамаша өлең де жазды. Бір кеште әнші қыз оны домбыраға қосып шырқап тұр. Бәрін кейін білдім. Ал Мұқағали ондай нәрсені алдыға тартып, мен мынандай жұмыстар істедім деп ешкімге міндетсінбейтін.
Табиғаты, болмысы бөлек жандар болады. Мұқағали - сондай адам. Кім біледі, арнасынан асыл-тасып, төгіліп жүрмесе, жұрттың көкейіне қонатын мынандай ғажайып жырлар, бәлкім, тумас па еді. Не десек те, нағыз ақындар - оңай шешіле бермейтін жұмбақ. Уақыт өткен сайын ашыла түсетіні сондықтан».
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов былай дейді:
- 70-жылдардың басында Мұқағали ақынмен алғаш рет дидарластым. Жаңадан комсомол сыйлығының иегері атанған кезім. Опера және балет театрында үлкен концерт болды. Соның арасында сусын ішейін деп, «Алматы» қонақүйіндегі мейрамханаға кірдім. Ту сыртымнан «Бей, әнші бауырым, аман ба?» деген тұнық, үні зор дауыс естілді.
Қарасам, тұлғасы таудай болып Мұқаң өтіп барады. Өлеңін іздеп жүріп оқитын ақынға ұшып тұрып құрмет көрсеттім. Ол кісі де мені сыртымнан едәуір біледі екен. Ағалы-інілі болып, жарасқан қалыпта әңгімелестік. Танымы, білімі бірден жаныңды баурап алды.
Кейін Мұқағали ағаның сөзіне жазылған «Сарыжайлау», «Мен сендерді іздеймін», «Сәлем бердім Жетісуға» сияқты әндерді өте сүйсініп орындадым. НұрғисаТілендиев екеуі шығармашылық үйлесімде керемет еді. Талантты талант асқақтатып, толықтырады екен. Бұл жолы мен Мұқағали ағаны екінші қырынан таныдым. Себебі әнге сөз жазу деген оңай шаруа емес.
Десек те, Мұқаңмен сапарлас болудың сәті түспеді. Егер солай болса кең отырып, бір ақтарыла сырласар едік. Реті келер деп жүре бердік қой. Өйткені ағамыз жас, небары қырықтың ішінде ғана болатын. Құйрықты жұлдыздай аспаннан ағып түсетінін кім білген.
Мен алыс гастрольде жүргенде ақын аға бақилыққа аттанды. Таныстық, білістік енді басталғанда, ол кісіге арналған тағдырдың жазуы осылай болды.
Қазір күн сайын өлеңімен сырласамын. Оның поэзиясы - өзіне қарай еріксіз тартып тұратын ғажайып поэзия.
Әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевтың сөзіне құлақ түрелік:
- Мұқағали ағамыз еш қоспасыз қазақтың біртуар ақыны болып қала береді. Мен оны сонау жас күнімнен бері сүйіп оқитынмын. Консерваторияда оқып жүргенімде бұрын-соңды шыққан бүкіл шығармасымен таныстым. Сол кездері атағы дүрілдеп тұрған Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Т.Айбергеновтердің жұп-жұқа жинақтарын шыққан бойда соңғы тиынымызға сатып алатынбыз. «Жігітті ел мақтаған қыз жақтаған» дегендей, Мұқағали өлеңдерін, оның аңғал қылықтарын ел аңыз қылып айтып жүретін.
Бірде әуежайдың кітап сөрелерінен ақынның «Соғады жүрек» деген таңдамалысын сатып алып, Жамбылға ала кеттім. Ол кезде Жамбылда жұмыс істейтінмін. Сонда жүріп тұңғыш рет ақынның «Қарасаздың шыбығын жел тербеген» өлеңіне ән жаздым. Әннің қалай шыққанын қайдам, өлең өзіме қатты әсер етті.
Қарасаздың шыбығын жел тербеген,
Жел тербеген шыбықты мен тербеп ем.
Ойласамшы сол шыбық бір кездері,
Өзегімді, өзімді өртер деген, - дейді.
Қарасаздың нәзік шыбығындай елеусіз булығып өсіп келе жатқан кішкене талдырмаш қызды еске алады. Қандай теңеу. Бұдан артық теңеу жоқ, менің ойымша. Мұқағали өлеңдеріне ән жазбай-ақ, оны тамылжытып оқып берсең де жетеді. Мен ақынның үш-төрт өлеңіне ғана ән жазыппын. Халықтың сүйікті ақынына деген құштарлығы әлі саябырлаған жоқ. Үлкен дарынның алдындағы інілік парызымды өтемек болып, «Елің сені сағынды» деген ән шығардым. Елдің мұңын, қайғы-қуанышын жырлаған өнерпаз аты өмірде ұмытылушы ма еді?
Әдебиет деген әу баста тілімізге арабтан келіп еніп, қазақшалағанда «асыл сөз» деген мағына беретін әдемі, әрлі сөз болса, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық әлемі осынау қастерлі ұғымға лайық, «қыздың жиған жүгіндей», «қырмызы кілемнің түгіндей» жанды жаратылыс екені дәлел тілемейді. Ол қысқа өмірінде нұсқа, кілең ажарлы да базарлы өлең үлгілерін қалдырып кетті. Бұл - әрине, тіршілікті үлкен жүрекпен өліп-өшіп сүйіп, біздің жүрегімізді бүкіл әлеммен табыстырып, бірге соқтыра алған шынайы таланттың ғана қолынан келетін шаруа. Бұл - әрине, халық қазынасы - дария-тілдің тұнығын терең кешіп, жауһар-маржандарын еркін сүзе алған кемел суреткердің ғана қолынан келетін іс.
Cұлтан Жарқынбеков,
Іле аудандық ішкі саясат
бөлімінің бастығы
Алматы облысы
«Ана тілі» газеті