Жұма, 22 Қараша 2024
«Соқыр» Фемида 12169 15 пікір 29 Мамыр, 2018 сағат 09:53

Бұл елде "әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа - Бас прокуратура. Ол қайда қарап отыр?

ҚР Бас прокуроры

Қайрат Қожамжаровтың назарына!

Күні кеше ғана редакциямызға шекаралық полиция қызметкерлері тұтқындаған Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан мырза хабарласты. Аталған іс бойынша кейбір бассыздық әрекеттер жайлы ашық айта келіп, мәлімдеме жасады. Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров мырзаға қайрыла сөйлеп, ол басқарып отырған органның өз міндеттерін мүлде атқармай отырғанын айтты.

Абзал Құспан, адвокат:

- Әуелі, Сайрагүл Сауытбайға қатысты менің тарапымнан жасалып жатқан жұмыстар туралы айта кетейін. Қазіргі таңда Президент жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияға, оның төрағасы Гүлшара Әбдіхалықованың атына хат жолданды. Сайрагүлдің адвокаты ретінде менің атымнан жолданды. Біз Сайрагүлге саяси баспана беруді сұрадық.

Екінші, Қазақстандағы өкілдіктері арқылы, БҰҰ Адам құқықтарын қорғау ұйымы комиссиясы маған қоңырау шалып, Сайрагүлдің ісі жайлы хабарлама алғанын айтты.  Еуропадан көптеген Халықаралық ұйымдар хабарласып жатыр. Бұл ұйымдардың барлығы Қазақстанның билігіне, ресми органдарына Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеу туралы өтініш жіберетіндіктерін айтты. Әуелі телефонограмма жіберіп, артынан  қағаз күйінде жібереміз деген еді, ол хаттардың барлығы кеше-ақ, түскен болуы керек.

Енді мені алаңдатып отырған бір мәселе бар. Қазір менің қорғауымдағы  Сайрагүл Сауытбай Жаркент қаласындағы аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша қамау изоляторында отыр.  

Мен өткен жұмадан бері Сайрагүлдің күйеуімен байланысты үзіп алдым.  Күйеуі Уәли Сыламға соңғы рет хабарласқанымда, сенбі күні Жаркентке барып жолығуға, оның тергеушісінің аты-жөнін білуге тапсырма берген едім. Сондан бері телефонын өшіріп тастап, менімен хабарласпай жатыр. Не жағдай болғанын білмеймін.

Өткенде, бейне үндеу жасаған Нұрболат деген жігітпен сөйлескенмін. Оның отбасына да ҰҚК, Шекара қызметінен әскери форма киген адамдар келіп, қоқан-лоқы көрсеткен екен. «Сендер бүкіл Қазақстанды шулаттыңыздар. Енді сендерді түгел отбасыларыңмен Қытайға қайтарамыз. Тума-туыстарыңды қоса қайтарамыз» деген сөздер айтылған. Енді Нұрболат өзі үйінен қашып, қонбай жүр.

Мен күйеуін таба алмаған соң, Нұрболатты іздестірдім. Хабарластым. Барған кісілер солай айтып келді. Нұрболаттың әйелі де үрейленіп отыр. «Бізге жақындамаңыздар. Нұрболаттың қайда екенін білмейміз» дейді. Сонымен қазір, не күйеуін, не Нұрболатты таба алмай қалдым.

Өткенде күйеуімен сөйлескенде, екі әскери адам келіп, қоқан-лоқы көрсетіп кеткенін айтқан.  «Сенің де үстіңнен қылмыстық іс қозғаймыз. Сені де қайтарып жібереміз» деген екен, әлгілер.

Мынадай жағдай бар, мен, әрине, бұл фактілер бойынша прокуратураға арыз жазамын. Бірақ, ол арыз ұзақ жүреді.

ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың атына мәлімдеме жасау қажет деп таптым. Қылмыстық процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес, БАҚ-та жарияланған кез келген факті бойынша прокуратура әрекет етуге міндетті.  Бұл жазылған арыз сияқты есептеледі.  Заң бойынша солай. Сол себепті, сіздер арқылы жылдамырақ болады деп, мен осындай мәлімдеме жасап отырмын.

Өткенде пресс-конференция бергенде күйеуі айтты. «Мені ұстап, қамап, бауырымнан, ішімнен ұрды» деді.  Сол факті бойынша да күні бүгінге дейін қылмыстық іс тіркелмеген. Ол бойынша  қылмыстық іс тіркелуі керек еді.  Сол айтылған сөз, көрсетіліп жатқан қысым әлі де жалғасын тауып жатыр.  Осы жағдаймен әуелі халықты, екінші Бас прокурор Қайрат Қожамжаровты хабардар еткім келеді.

Бұған бір тоқтау бола ма, жоқ па?  Бұл елде «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» бар ма, жоқ па? Бұл елде «әй дейтін әже де, қой дейтін қожа» да – ол Прокуратура. Жоғарғы қадағалау органы.  Прокуратура өз міндетіне кірісе ме, жоқ па? Себебі, қазіргі таңда прокурарутаның әрекетсіздігін көріп отырмын. Біз бір ғана әйел адамның құқығын қорғап жатырмыз. Соған бола қаншама адамды үйінен тентіретіп жіберген. Осы жағдайды мен ашық түрде мәлімдеймін.

Естеріңізге сала кетейік, 24-мамыр күні «Abai.kz» ақпараттық порталына Асан Нұрболат есімді азамат бас сұғып, жеңгесі Сайрагүл Сауытбайды шекаралық полиция (ҰҚК) өкілдері келіп, алып кеткенін хабарлады. Артынша Нұрболаттың  айтуы бойынша, «Шекаралық полиция өкілдері «Қытай сұратып жатыр» деп жеңгемді алып кетті»  атты мақала жария болды. Қоғам белсенділерімен кездескен Асан Нұрболат бейнеүндеу жасап, әлеуметтік желіге шығарды.

Сол күні «Қамшы.кз» сайты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми жауабын жариялады.

«Abai.kz» көтерген мәселеге және «Қамшы.кз» сайтында жарияланған ҰҚК жауабына орай, белгілі адвокат Абзал Құспан өз пікірін жазып, поштамызға жолдады. Біз жарияладық.

Кейін, Алматыда бір топ белсенді баспасөз жиынын өткізіп, оған Сайрагүлдің күйеуі Уәли Сылам мен екі баласы келіп қатысты. Алматыдағы Адам құқығын қорғау бюросының мәслихат залына жиылған жұртқа Сайрагүлдің әм оның отбасының басына түскен жайт жайлы кеңінен баяндалды.

Сол күні белгілі заңгер Абзал Құспан Сайрагүлдің адвокаты болуға әзір екені айтып, көмек қолын созды. Сөйтіп, Уәли Сыламның атынан Абзал Құспанға сенімхат жасалды.

Қазіргі таңда «qazaquni.kz» сайтының редакторы, ақын Қазыбек Исаның анықтаған аз-кем ақпаратын бөліскенді жөн көрдік.

Сайрагүл Сауытбай Алматы облысы, Панфилов аудандық ІІД, тергеу изоляторында қамауда отыр. Оны ұстауға, 2 айға санкция берілген.

Сайрагүлдің мәселесін, 20/88 әскери бөлімнің тергеуге дейін анықтау бөлімі бастығы міндетін атқарушы Влад Антонов қарап жатыр. Оның көмекшісі – сержант Серік Рахметжанов.

Түйін. «Abai.kz» ақпараттық порталы бұл істі өз бақылауында ұстайтын болады. Қытайдағы аз ұлттарға жасалып жатқан қысым жайлы соңғы кездері ақпар жиіледі. Біз де бірнеше фактіні жарияладық.

Расында, Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға жасап жатқан саяси репрессиясы бүгінде толық дәлелденді. Ши шырғалаңының салқыны екі арадағы ағайынға тиіп жатқаны да жасырын емес. Әсіресе, Қазақстанға келіп-кетіп жүрген қазақтар қазір қылмыскер қатарлы саяси оқыту лагерлері мен түрмелерге тоғытылыап жатқаны біз түгілі әлемдік ақпаратты алаңдатып отыр. Саяси сүргіннің салқыны тиіп, нақақ қамалғандардың қатарында толыққанды Қазақстан азаматтары да бар. ҚР Сыртқы істер министрлігнің араласуымен, араша түсуімен еге оралған азаматтардың сүргенде көргендері жайлы  «Abai.kz» ақпараттық порталы толық қамтып жазып келеді.

Енді міне, осындай алағай да, бұлағай кезеңде Қытайдағы қысымға шыдамай, арғы беттен Атамекенін аңсап, өзінің отбасын, жары мен екі баласын  бір көруге шекараны кесіп өтіп жеткен қазақ әйелін Қазақстанның шекарашылары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қытай сұрап жатыр» деген желеумен кері қайтармақ.

Қытайдағы қазірге дейін жалғасып келе жатқан сүргінді көре-біле отырып, Сайрагүлдің шекараның арғы бетіне өткенде көретіні азап, түрме. Оның ақыры ажал болатынына ішіміз қан жылайды.

«Сайрагүл Сауытбайдың өзі әзірге Қазақстанның азаматы емес шығар, бірақ ол бірінші кезекте АДАМ!. Әншейінде, боқтан өзгенің бәріне араласатын, ал қазақ мәселесіне келгенде жұмған аузын ашпайтын омбудсменнің біз үшін пайдасы бар ма, жоқ па сыналатын кезі келді.

Сайрагүлдің туыстарының мойнына артып қоймай бүкіл ел болып, қоғам болып көтеруіміз қажет! Сонда ғана нәтиже болуы мүмкін! Сонда ғана қандасымызды АЖАЛдан аман алып қала алуымыз мүмкін...», деп еді белгілі адокат Абзал Құспан бір сөзінде. Біздің де айтарымыз осы!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5271