Жұма, 22 Қараша 2024
Жалқы сұрақ 5169 8 пікір 1 Маусым, 2018 сағат 14:26

Білім министрінің баласынан Билл Гейтс шыға ма?

 

Бүгін Қазақстан Халықаралық деңгейдегі мәртебесі бар балаларды қорғау күнін атап өтіп жатыр. Биыл ғана емес, бұл күн жыл да аталып өтіледі. Жөн-ақ, әрине. Қуанса, бала қуансын.

Елімізде 5 миллион (!) бала бар екен, оның 33 мыңы ата-анасыз жетімдер көрінеді. Осы балаларымыз қуансын, шаттансын, «мәз-мәйрам, қатық-айран болсын» деп жергілікті билік барынша мерекелік көңіл күйге лайық шаралар жасауда. Мысалы, тап қазір Астанадағы үш үлкен алаңда: Астаналық саябақта, Қаржы министрлігінің алдындағы саябақта, Оқушылар сарайының қасындағы саябақта  балақайлардың салтанатты шеруі өтіп жатыр. Шеруден кейін астаналық жеткіншектерге жеткенінше балмұздақтар мен тәтті сусындар таратылады. Балмұздақ жеп жүріп балақайлар «Здраствуйте, лето» («Сәлеметсің бе, жаз») деген сауықтық бағдарламаға қатысып, флеш-моб жасайды, суреттер салады, эстрада әншілерінің концертін тамашалайды.

Алматы да Астанадан кем қалып жатқан жоқ. Алматылық ата-ана бүгін «бота-тайлағын» жетелеп саябақтарда жүр. Саябақтарда оларды сайқымазақтар, аниматорлар, алып қуыршақтар, жонглерлер қарсы алып, құрақ ұшып қызмет көрсетуде.

Өзінің бәденді мүсінін өзі қызықтап, бейнебаяндарға түсіп жүрген Мақпал Исабекова мен тар балақ шалбар киіп ән салатын Алишер Каримов балаларға арнап өнер көрсетпек. Мерекеге қатысушы балақайларды "Летняя мозаика",  "Цветочные» кепки своими руками", "Воздушные змеи" атты шеберлік-сыныптары күтіп тұр.  "Чудо-дерево" дейтін айырбас-жәрмеңкесі де бүгін өтеді. Бұл жәрмеңкеде балалар өзара кітап немесе қуыршақ айырбастауларына болады. Бүгін, сондай-ақ, алматылық балақайлардың  Ұлт аспаптар мұражайында шығармашылық көрмелер өткізіп, Жамбыл атындағы жасөспірімдерге арналған кітапханаға кіруге мүмкіндіктері бар.

Осы ретте біз  сауықшыл Қазақстанның Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтуге кеше-ақ кірісіп кеткенін айтып өткеніміз жөн шығар. Кеше бүгінгі салтанатты шеруге дайындық еліміздегі барлық үлкенді-кіші қалаларда қызу жүріп жатты.

Ал, кеше, яғни, 31-мамыр – Аштық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні еді. Алайда, мектептер мен балабақшалар да, барын бала-шағасының аузына тосатын ата-аналар да, Аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алған жоқ. Өйткені, билікке, билікті билеп-төстеп отырған әулетке жас ұрпақтың Ресейге бодан, құл болған зар-заманның ащы шындығын білгені, біліп алып отаншыл, ұлтшыл азамат болып қалыптасуы керек емес сияқты. Үш жастағы баласының тегін (ДНК-сын) АҚШ-қа апарып тексертіп, одан Билл Гейтс сияқты бизнестің данышпаны шыға ма, жоқ па деп тексертіп жүргін Бас педагогымыз Сағадиев дейтін «сар балаға» Қазақстандағы бар баланың  бесіктен белі шықпай жатып, өткен-кеткенді біліп өскені, тіпті, керек емес екені бесенеден белгілі.

Иә, өткен күндердің зобалаңы қайтып келмесін. Қазақ баласының қарыны ашып, өзегі талмасын. Қуғын-сүргін көріп, айдауда, абақтыда азап тартпасын. Тәңірім қазақтың күнін енді ешкімге қаратпасын. Бірақ, біз, үлкендер, аға және орта буын бастап, кейінгі ұрпақ, жас жеткіншектер сол бір зұлмат заман қайтып келмес үшін қайғыра да білуіміз керек қой. Ол үшін кеше тайлы-тұяғымыз қалмай Алаш арыстарының ұлттық күрес жолындағы ұлы мұраттарын ұлықтап, аштықтан баудай түскен ата-бабаларымызды еске алуымыз керек еді. Сол сұмдықтардың қай тараптан жасалғанын, не үшін болғанын ашық айтуымыз керек еді. Өкінішке қарай, шерушіл, сауықшыл Қазақстан билігі өзінен-өзі қымтанып, жасқанып 31-мамырды елеусіз өткізіп жіберуге тырысты.

Әйтсе де,  қайта оянған қазақ рухы бұл күні бір серпіліп қалды. Елдіктің, өрліктің рухын әйгіледі. Кеше. Кеше мектептер мен балабақшалар салтанатты шерулерге дайындалып, қызылтанау болып, сүрлігіп жатқанда соноу Алман елінен (Германиядан) Алматыға арнайы келген Өмірхан Алтын бауырымыз ата-анасы, ата-әжесі, туған-туысы Қытайдың концлагерлерінде тұтқында қалған балаларға сый-сияпат жасап, көңілдерін аулады. Бір Өмірханның өзі елуден астам балаға ішіне ақша салынған конверт таратты. Дүниежүзі қазақтарының былтырғы 5-ші құрылтайында қытайдың қазіргі территориясында өмір сүріп жатқан қазақтардың басындағы қиын халді ақтарып салған Батыстың азат ойлы журналисті Өмірхан Алтын мен «Атажұрт жастары» қозғалысы жан тебірентерлік іс жасады. «Атажұрт» жастары мен Өмірханның  қонағы болған балдырғандар: «Қазақстаным», «Отаным», «Ата жұртым», «Менің мемлекетім», «Тәуелсіз елім» деп сөйледі. Өлеңдер оқыды, қолдарын жүрек тұстарына қойып Қазақстанның әнұранын шырқады. Ол балақайлардың сөзінде де, көзінде де шындық тұрды. Біз олардың жәудірген жанарларынан ертеңгі отаншыл, елімшіл, ұлтшыл азаматтарды көріп қуандық. Тегінде, патриоттық тәрбие дегеніміз осылай берілсе керек. Билл Гейтс, міне, осылардың арасынан шықса керек. Ал, Білім министрінің баласынан...оны білмедік, тек тілегіміз: таудай азамат болып өссін!

Abai.kz

 

 

 

 

 

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315