20 000 жұмысшы жол жиегіне қажеттерін өтеcе, «Сасықкөлге» айналмаймыз ба?
Бүгін «мұнайдың қара шаңырағы» аталған Қосшағыл елді мекеніне барып қайттым. Бұл жерде де түйіні шешілмеген мәселелер бастан асады екен. 800 дей түтін түтеткен кішігірім қазақы ауылда балалар ойнайтын бір түйір ойын алаңы жоқ. Яғни, ересек балаларымыз бен кішкентай балаларымызға өте обал, аса қиянат жасап отырған ел екенбіз. Әлде үкімет жоғарыға «Қосшағылдың әйелдері түгел бедеу» деген ақпарат таратты ма екен?
Бүгін біз ұрпағымызды ойлай алмасақ, онда ол ұрпақтан ертеңгі күні үміт те күтпей-ақ қояйық! Қосшағыл көшелері тастай қараңғы! Әрине сосын көр қараңғы тас түнекте шайтан есіреді. Қосшағыл көшелеріне аспалы жарық шамдар қондырып қоюға болмас па екен? Қосшағылда жарты сағат отырып демалып алатын бір түйір саябақ жоқ екен. Сонда бұл елді мекеннің адамдары демалуды білмейтіндей кронамен жасайтын сағат секілді ме екен? Әлде Қосшағыл тұрғындары бұл нәрселердің біреуіне де лайық емес пе? Бұл жерге міндетті түрде ересек балаларға арналған «футбол алаңдары» мен кішкентай сәбилерімізге арналған «мултиойын алаңдары» салыну керек! Тас жолдары жөнделіп көшелері жарықтану керек!
Айтпақшы, кездейсоқ Қосшағыл әкімшілігінің артқы жағынан сырты қоршалған, ішінде 70-тің үстінде терегі бар бір бақты көріп қалып сәл ойланып қалдым да бір идея қосуды жөн деп таптым. Мынау бір үкіметке таптырмайтын оңай тәсіл болайын деп тұрған сыңайлы. Дәл осы бақтың ішіне брушәткі тас төсеп, ішіне балалар ойнайтын әткеншектер мен түрлі хайуанаттардың мүсіндерін қойдырып, аяқ суытып арқайын демалып отыратын арқалы, тербелмелі орындықтар қондырып, ішіне дыбыскүшейткіштер арқылы "Қазақ Радиосы" мен "Шалқар" радиосын қосып қойса, мынауың бір Қосшағылдың «Саяжан» паркіне айналып шыға келер еді.
Және бір айта кететін жайт, Қосшағылдың өз қарабасына бекітілген бір түйір спец көліктері, тракторлары жоқ. Біреудің жазатайым су құбыры жарылса, қыста қар басып қалса, т.с.с келеңсіздіктер орын алса, ауыл әкімі аудандағылардың артынан қалмай жүріп тракторларды сонау Құлсарыдан тарттырып алуы бір түрлі екен. Мысалы, Қосшағылдан бір үй өртенді делік, өрт сөндіргіш көлік Құлсарыдан шығатын болса, ол көлік пойыздың өтуіне, «бөгетбаумның» жабылып тұрғанына байланысты переезде іркіліп тұрып қалса не болады? Әрине Құдай басқа бермесін, дегенмен де жаңағыдай кедергілерден көлік өртенген үйдің адамдары әбден кәуәп болып пісіп қалғанша жете алмайтын болса, одан не қайыр? Осыны да бір естен шығармаған жөн! Сондықтан да, Қосшағыл секілді шалғайдағы ауылдық жерлерге үкіметтен спец көліктердің бөлінгенін тәуір көреміз!
* * *
Ал енді Қосшағылға жас әкім Саян Жұмабекұлы келгелі ел іші жәймен тазара бастады. Бұрын трактор тіркемесімен бір рейс қоқыс төгілсе, бүгінгі таңда күніге 3 рейс қоқыс тазаланып төгілуде. «Жылой тазалықпен» келісімшартқа отырмаған кей тұрғындар көзді ала бере қоқыстарын көшеге шашып елді ластауларын әліде қояр емес. Оның үстіне ауыл әкімі өзіне тиесілі болмаса да шамадан тыс қызмет атқарып ауыл төңірегіндегі асфалть маңын өтінішпен еріксіз тазалатып жүр. Бүгін соның бір куәсі болдым. Атырау мен ТШО-ға қатынайтын, зауытқа жұмысшылар тасымалдайтын үлкен автобустар экологиясынан бөлек жол жиегіне үлкен зардаптарын тигізіп келеді екен. Құлсарыдан бастап Жаңа-Қаратон, Бүркіттің тұсы, Қосшағыл, көпір маңдарына автобустар тоқтап адамдарын бір сергітіп алады екен. Сергітіп емес, сидіріп алады деп айтсақ турасы сол болар! Автобустан түскен жұмысшылар темекілерін шегіп, сыраларын ішіп, бүкіл қоқыстарын тұрған жерлеріне лақтырып кетеді. Салафан, темекі қаптары, босаған шөлмектер, т.с.с лас қоқыстардан асфалть жиегі тұнып тұр. «Біреудің бапалары» кішкентай балалар құсап жол жиегіне ұялмастан әпшулерін ұстап шаптырып тұрады. Кейін сол қолдарымен самсаларын жеп мұрындарын шұқиды. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан автокөліктерден тіптен именбейді. Жолаушылар ішінде қыздар да, өзге де әйел адамдардың бары қуықтары жарылып келе жатқан джентельмендерді қызықтырмайды. Сырттан қарап тұрғандарға өте ұят, жабайы көрініс! Қысқасы, ардан безген жұмысшылар жол жиектерін әбден сасытып болды. Біз сонда сасық елдің перзенттеріміз бе?
ТШО басшыларына қатаң ескерту! Ұятты жерлерінің резбілері ұстамайтын жұмысшыларыңа үлкендер памперісіне қосалқы ақша бөліңдер немесе жұмысшыларыңды ішінде биодәретханасы бар заманауи автобустармен тасымалдаңдар! Оған лаж болмаса кемпинг дейме, бір бәле қылып дәретхана тіркемесін сүйретіп жүріңдер! Теңіз кенішінде жұмыс жасайтын 20 000 жұмысшы жол жиегіне қажеттерін өтеп кетсе «Сасықкөл» елді мекеніне айналмаймыз ба? Ал әкімдерге айтарымыз, кез-келген жерге тоқтап дәрет сындырғыштарға үлкен мөлшерде айыппұл салдыртып, көліктерін айыптұраққа қаматыңдар! Осыны қатаң бақылауға жолға патрульдік қызметкерлерді жұмылдырыңдар! Осылардан қалған қоқысты ауыл мәртебесі үшін Қосшағылдың әкімдері тазалап жүр. Бұл деген үлкен ұят қой! Біз мына түрмен 50 елдің қатарына қалай қосылмақшымыз? Қосылсақ та, бұты су ұстамайтын шыжың ретінде тіркелетін болармыз!
Тұрар Шапқара
Abai.kz